Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Минералды және азотты тыңайтқыштар



Минералды қоректену дегеніміз - өсімдіктердің минералдық тұздарды өз бойына сіңіру процесі. Бұл процессіз өсімдіктер бойында органикалық қосындылардың пайда болуы, яғни олардың өсіп-дамуы мүмкін емес.

Өнімнің сапасын арттыру үшін өсімдіктер өсіп-дамуының әр кезеңіндегі ерекшеліктерді еске алып, оларды қажетті қоректік заттармен тиісті мөлшерде әрі мерзімді қамтамасыз етеді.

Дақылдарды қоректік заттармен қамтамасыз етуде ескеретін жайттар:

- дақылдардың өсіп-дамуы кезінде қандай қоректерді қажет ететіндігі;

- өсімдіктердің сыртқы түр пішініне қарай берілген қоректік заттардың өсімдік қажетін өтей алмайтынын анықтай білу;

- өсімдіктің өнім құруына қолайлы жағдай жасау, оған қажетті қоректік заттарды керекті кезеңінде беру.

Азотты тыңайтқыштар – құрамында өсімдікке керек болатын азоты бар органикалық (көң, шымтезек және т.б.) және минералдық заттар.

Азотты минерал тыңайтқыштарының көп тараған түрі: аммиак селитрасы, аммоний сульфаты, мочевина, азотты сұйық тыңайтқыштар.

Тыңайтқыштардың әрқайсысының өздерінің өндірілу ерекшеліктеріне сәйкес әр түрлі өзгешеліктері, түрлі қасиеттері бар. Оларды нақтылы білу – тыңайтқыштарды егіншілікте тиімді пайдалануға көмектеседі.

Аммиак селитрасы – жоғары концентрациялы азот тыңайтқышы. Құрамында 35% азот бар, ақ түсті, түйірші түрінде болады. Ол суда өте жақсы еритіндіктен өсімдіктер бойына тез сіңіреді. Аммиак селитрасы құрамындағы азотты көбінее нитратты, ал аз мөлшерде аммиакты түрде болады. Бұл тыңайтқышты күздікті ерте көктемде үстеп қоректендіру үшін, басқа дақылдарды өсіп-өну кезеңдерінде қоректендіру үшін паййдаланған дұрыс.

Аммоний сульфаты немесе күкіртқышқылды аммоний – құрамында 20% азот бар, ақ немесе сұр түсті, кристалды ұнтақ, ылғалды онша тартпайды, құрғақьай жақсы себіледі. Бұл – физиологиялық қышқылды тыңайтқыш, өйткені оның күкіртқышқылды қалдығымен қатар 0,025-0,50% шамасында таза қышқылы бар. Суда тез ериді, топыраққа сіңгіш және топырақта аз жылжиды. Жауын суына көп шайылмайды. Бұл тыңайтқышты осы қасиеттеріне байланысты негізгі тыңайтқыш ретінде сүдігерге сіңіруге болады.

Мочевина немесе карбамид – кристалды ақ ұнтақ, құрамында 46% азот бар түйіршікті тыңайтқыш, суда тез ериді. Мочевинаның физикалық қасиеттері жақсы, ол ылғалды аз тартады, көп жабыспайды, сондықтан да егіске механикаландыру арқылы қолдануға қолайлы. Мочевинаны топырақ қабатына енгізгенде оны топырақпен араластырады, әйтпесе оның бойындағы азот газ күйіне ауысып, ауаға ұшып кетеді. Мочевинаны барлық топырақтарда қолдануға және кез келген мезгілде сіңіруге болады. Мочевина барлық дақыл үшін жақсы тыңайтқыш, әсіресе өсімдікті тамырдан тыс қоректендіруде өте пайдалы.

Азотты сұйық тыңайтқыштарға аммиак мен аммиакаттар жатады, ал аммиактың құрамында 82%, амммиакатта 30-45% азот бар. Бұл тыңайтқыштар арнайы өсімдік қоректендіргіш культиваторлармен енгізіледі. Сұйық азот тыңайтқышының топырақпен жақсы араласуын қадағалайды, өйткені олардың азоты ауаға ұшып кетеді.

Азот барлық өсімдіктер мүшелеріндегі негізгі белоктың құрамына енеді. Белоктың құрамында азот мөлшері өте үлкен, ол белок салмағының 16-18%-не тең. Азот фотосинтез жүргізуші хлорофилл құрамына, протоплазма мен клеткалар ядросының аса маңызды бөлігі – нукдейн қышқылының құрамына енеді.

Топырақта азотты қоректің көп жиналуына бұршақ тұқымдас өсімдіктер үлкен әсер етеді, өйткені бұл өсімдіктер түйнек бактериялы арқылы ауадағы бос азотты пайдаланып, басқа өсімдіктер үшін сіңімді қосылысқа айналады.

Топырақта азот тапшы болса, өсімдіктің өсуі бөгеледі, жапырағының жасыл бояуы өзгереді, биохимиялық процестер бұзылады, түсім кемиді. Егер өсімдікте азот қорегі шамадан тыс көп болып, фосфор жеткіліксіз болса, ол өсімдікке кері әсер етеді, өсімдіктің пісуі кешеуілдейді және бәрі біртегіс піспейді, өсімдік сабағы әлсіз өсіп, жығылуға бейім болады, ауа райының қолайсыз жағдайына төзімділігі кемиді.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 3225 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.005 с)...