Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Арашіріндінің түзілуі



Топырақ құрамындағы органикалық заттардың басым бөлігі ерекше органикалық қосылыс – қарашірінді болып келеді. Орташа есеппен оның мөлшері барлық органикалық заттардың 85% құрайды. Ал органикалық заттар құрамына кіретін әлі толық ыдырамаған, көзге көрінетін өсімдіктер мен жәндіктердің қалдықтары оның 10% құраса, тірі ағзалар шамамен 5% құрайды.

Қарашірінді – пайда болу тегінің, кейбір жалпы қасиеттері мен құрыламының, құрылысының ұқсастығына байланысты топтастырылған, бірақ әрқайсысының қасиеттері мен құрамының, құрылысының өзгешелігі бар жоғары молекулалы азотты органикалық заттардың қосылысы. Қарашіріндінің құрамына кіретін заттарды екі топқа ажыратады. Бірінші топқа ерекше емес органикалық қосылыстар (аминоқышқылдар, ақуыз, органикалық негіздер мен қышқылдар, сахароза) жатады. Олардың мөлшері қарашірінді құрамында аз – бірнеше % қана. Ал оның екінші, негізгі бөлігін ерекше қарашірінді қосылыстары құрайды.

Қарашірінді қосылыстары ерігіштігіне ажыратып, бөлініп алуына қарай келесі топтарға бөлінеді: фульвоқышқылдар, гумин қышқылдары және гуминдер.

Фульвоқышқылдар – жылжымалы, ерігіш қасиеттері жақсы, гумин қышқылдарымен салыстырғанда молекулалық массасы және құрамында көміртегі азырақ болатын қарашірінді құрамындағы заттар тобы. Қышқылдық қасиеті айқын сақталған. Күлгін, сұр және қызыл топырақтар құрамында мол болады.

Гумин қышқылдары – суда аз еритін минералды және органикалық қышқылдарда ерімейтін заттар тобы. Молекулалық массасы жоғары, құрамында көміртегі молырақ, қышқылдық қасиеттері аса байқалмайды. Сілтілерде ериді. Гумин қышқылдары қара, қоңыр топырақ типтерінің қарашіріндісінде мол болады.

Гумин – ерімейтін, топырақтағы қосылыстардан бөлініп алынбайтын қарашірінді құрамындағы заттар тобы. Олар топырақтың минералды бөлігімен тығыз байланысқан гумин және фульвоқышқылдарынан, өсімдік қалдықтарының баяу ыдырайтын қосылыстарынан тұрады.

Топырақтағы және биосферадағы органикалық заттардың алғашқы көзі автотрофты ағзалар. Олар минералды қосылыстардан өздері органикалық зат түзіп синтездейді. Жер бетіндегі экосистемаларда алғашқы органикалық заттардың басым көлемі жасыл өсімдіктер арқылы шоғырланады. Сонымен бірге микроағзалар, жәнедіктер, жануарлардың қалдықтары да топырақтың органикалық бөлігінің түзілуіне қатысады. Жылына әр гектар топыраққа 100-200 кг жәндіктер мен жануарлар қалдықтары түседі.

Топыраққа түскен органикалық қалдықтар түрлі биохимиялық, физико-химиялық өзгерістерге ұшырайды. Оның басым бөлігі минералды заттар – көмірқышқыл газы, су және қарапайым тұздарға, ал біраз бөлігі күрделі өзгерістерден өтіп қарашіріндіге айналады.

Қарашірінді құралу құбылысының ұзақтығы, сипаты топыраққа түсетін өсімдік қалдықтарының құрамына, мөлшеріне, ылғалдылыққа, ауамен қамтамасыз етілуіне, ортаның реакциясына, микробиологиялық ерекшеліктерге, топырақтың химиялық, минералды, механикалық құрамына байланысты болып келеді.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 1554 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.006 с)...