Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

РКСФР Қылмыстық Кодексінің 58 – бабы



Кеңес өкіметінің азаматтарды жазалау процесін заңдастыруы алғашқы күндерден-ақ күн тәртібінде тұрды. Заңдастыру бастамасында 1917 жылғы 19 желтоқсандағы Әділет халық комиссариатының «Революциялық трибунал туралы» нұсқауы т.б. Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінің 1918 жылғы 5-қаңтардағы «Мемлекеттік өкіметтің функциясын алу үшін жасалған қадамдарды контрреволюциялық әрекеттер ретінде тану туралы» қаулысы, 1918 жылғы 5-қыркүйектегі Халық Комиссарлар Кеңесі «Қызыл террор туралы» қаулысы және т.б. тұр. Бұлардағы айтылған мәселелердің барлығы контрреволюциялық әрекеттер мен күреске арналған еді. Мәселен, «Революциялық трибунал туралы» нұсқауда алғаш рет «халық жауы» деген термин қолданылды, «Мемлекеттік өкіметтің функциясын алу үшін жасалған қадамдарды контрреволюциялық әрекеттер ретінде тану туралы» қаулыда «контрреволюциялық әрекет» жөнінде, ал «Қызыл террор туралы» қаулыда «контрреволюциялық лагерьлер» және «ату жазасы» туралы айтылды.

Жылғы РКФСР Қылмыстық Кодексінің алғаш қабылдануы кеңестік әрбір азаматтың құқығын шектеді. Себебі жазалаудың ең жоғары шарасы- ату жазасы Қылмыстық Кодекс арқылы заңдастырылды. Кодексте басты назар «мемлекеттік қылмысқа», оның ішінде «контрреволюциялық қылмыс туралы» бөліміне аударылды.

Кодексте 58- бап ерекше көрінді. Басқа баптар онымен тікелей байланысты еді. РКСФР Қылмыстық Кодексінің 58-бабы – КСРО-дағы «үлкен террордың» басты тетігі деп атауға болады. Кеңестік тарихнамада Қылмыстық Кодекс айтылмайтын. «Айыптау үкімі», «үкім», «айыптау қорытындысы» секілді құжаттарда аталған баптың бөлімдері анық көрінеді. Ал шындығында, бұл баптың артында бүкіл кеңестік репрессиялау саясаты тұрды.

Большевиктік басшылық қолын ешқандай заңмен байлаған жоқ, революциялық құқықтық сана жазалау саясатының құрамына айналды. Жазалау органдарының әрекетіндегі жүгенсіздік, террорды тұрғындардың тұтас әлеуметтік топтарын жою үшін пайдалану, бар және әлеуметті қарсыластарды физикалық тұрғыда жою, шектеу заңдарының болмауы адамдарды қорлаудың Ресейдің революцияға дейінгі болмаған әрекеттеріне апарды.

Осы заңдардың бастысы – 58-бап еді. Бұдан большевиктердің халыққа қарсы революциялық әрекеттерінің аяқталмағанын, керісінше, жылдар өте күшейіп келе жатырғанын көре аламыз. 58-бапта былай көрсетілді: «Контрреволюциялық мақсатта қарулы көтерілістерді ұйымдастыру немесе кеңес территориясына қарулы отрядтар мен бандылардың басып кіруі, сонымен қатар орталықта және жергілікті жерлерде өкіметті басып алу мақсатында қандай да әрекетке қатысу немесе РКФСР-дан оның қандай болсын территориясын зорлап тартып алу немесе оның жасаған келісімін бұзу - жазалаудың ең жоғары шарасы және барлық мүлігін тәркілеуге кесіледі, жеңілдетілген жағдайда жазалауды қатаң оқшаулап және барлық мүлкін тәркілеп бес жылдан кем емес мерзімге еркінен айыруға дейін жазалауды төмендетуге жол беріледі».

58 – баптағы жазалау шарасы яғни ату жазасы 59, 60, 61, 62, 63, 64, 65, 66, 67 баптарда негізге алынды. Бұдан көретініміз, 58- бап Қылмыстық Кодекстің басты бабына айналды. Бірақ, 1922 жылғы Қылмыстық Кодекс толыққанды жүзеге асқан жоқ және қолданылмады.

1926 жылы РКФСР Қылмыстық Кодексі (1,22) кеңейтіліп, қайта шығарылды. Онда 58- бап 18- бөліктен тұрды. Бұл бапқа ерекше мән берілгенін көрсетеді. Неге Қылмыстық Кодекске өзгерістер енгізіп кеңейтілді? Себебі, Кеңестер Одағының басшылығы «үлкен террорға» даярланып жатты. Мыңдаған азаматтарды айыптауға бір бөліктен тұратын бап аздық етті. Кең көлемді бап тармақтары атылатындарға жан-жақты, бірі-бірі байланысты айыптаулар жасауға мүмкіндік берген болатын. Және 1926 жылғы Қылмыстық Кодексте диверсия, шпионаж сияқты революцияға қарсы қылмыстар туралы көп айтылды. Сондықтан да болар, 1924 жылы 14 тамызда қабылданған КСРО Орталық Атқару Комитеті және Халық Комиссарлар Кеңесінің «Шпиондық, сонымен бірдей жариялауға жатпайтын экономикалық мәліметтерді беру және жинау туралы» қаулысында(1,21) қабылданған шаралар Қылмыстық Кодекстің 58-10 бабы ретінде енгізілді.

Кеңес өкіметі өзінің қарсыластарын, озық ойлы, өмірге адамзаттық құндылықтар тұрғысынан қарайтын және тоталитарлық жүйеге қарсы тұра алатын адамдардың барлығын «зиянкестер», «сатқындар», «халық жауы» деп топ-топтап ұстауды мақсат етті. Бұл үлкен шараға даярлықтың заң жүзінде бекуі болатын.

Бұнда Кеңестік өкіметтің контрреволюциялық әрекетке жатқызған шараларының ауқымы өсті. Оған 1922 жылғы Қылмыстық кодекспен салыстырғанда көп мәселелер енді. Атап айтсақ, контрреволюциялық әрекеттер болып табылады:

- РКФСР Жұмысшы- шаруа үкіметі Конституциясы негізінде өмір сүретін және жұмысшы- шаруа Кеңестері өкіметін әлсіретуге, бұзуға, құлатуға бағытталатын қандай да болсын әрекет,сонымен қатар капитализм орнына келген меншіктің коммунистік жүйесінің теңқұқылығын мойындамайтын, оның құлауын интервенция немесе блокада, шпионаж, баспасөзді қаржыландыру және т.б. жолымен құлатуға ұмтылатын халықаралық буржуазияға көмекке бағытталған әрекет;

- шетелдік мемлекеттер немесе олардың жекелеген өкілдерімен оларды республикалар істеріне қарулы қарсылық, оған соғыс жариялау немесе әскери экспедицияны ұйымдастыру мақсатында жақындасу;

- мемлекеттік мекемелердің және өнеркәсіптердің қалыпты қызметіне қарсы әрекет және оны мемлекеттік өндіріс, сауда, транспортты бұзу және күйрету үшін пайдалану;

- кеңестік өкімет өкілдеріне және революциялық жұмысшы - шаруа ұйымдары қайраткерлеріне террористік актілерді ұйымдастыру;

- теміржол және басқа байланыс құралдарын, халықтық байланыс құралдарын, су арналарын, қоғамдық қоймалар мен құрылыстарды жару, өртеу мен бүлдіру, қиратуды ұйымдастыру;

- зорлап немесе опасыздық әрекеттер жолымен Кеңестер өкіметін құлатуға шақыру туралы үгіт және насихат;

- жұмысшы- шаруа өкіметін құлату мақсатында немесе оның заңдары мен қаулыларына қарсылықты қоздыру үшін діни соқыр сенімді пайдалану;

- контрреволюциялық сипаттағы үгіт-насихат әдебиеттерін тарату мақсатында сақтау, пайдалану;

- қоғамдық байбалам шақыруы, өкіметке сенімсіздікті қоздыратын жалған қауесеттер немесе тексерілмеген мәліметтерді тарату және ойлап шығару.

Осылайша 58 – бап күшейді, ауқымы кеңіді. Жоғарыда көрсеткендей, көптеген тараулар енгізілді. Бұл большевиктердің кеңес халқына қарсы ашық соғысының заңды түрде қабылдануы еді. 1927 жылы 25 ақпанда «Мемлекеттік қылмыстар туралы» (КСРО үшін басқару тәртібінде қарсы контрреволюциялық және ерекше қауіпті қылмыстар) ереже шығарылып. Бұл 58-баптың мемлекеттік дәрежеге көтеріліп, Кеңес өкіметінің азаматтардың құқығын шектеудегі, жазалаудағы басты заңына айналуына алып келді. Атап өтетін мәселе, 58- бап мақсаты - ату жазасын орындау.

1937 жылы 14 қыркүйекте КСРО Орталық Атқару Комитеті «Одақтық республикалардың қылмыстық- процесеуалдық кодекстеріне өзгерістер енгізу туралы» қаулысы шықты. Онда РКФСР Қылмыстық Кодексінің 58-7 бабында (зиянкестік) және РКФСР Қылмыстық Кодексінің 58-9 бабында (диверсия) және басқа одақтық республикалар Қылмыстық Кодексінің осындай баптарында қарастырылған қылмыстар туралы істер бойынша кассациялық шағымдану жіберілмейтіні айтылады.

1927 жылдан бастап 58-баппен соттауға даярлық жүрді. Нақты 58-бап қолданылмаса да, жазалау бағыты, бағдары ең жоғарғы жазалау шарасына апарары сөзсіз еді. Қазақстандағы жазалау БКП(б) Қазақ Өлкелік Комитетіне Ф.И.Голощекиннің келуімен тікелей байланысты. Ф.И.Голощекин өзінің «Кіші Қазанымен» және дәстүрлі қазақ қоғамының тас-талқанын шығаруымен қатар, саяси репрессияны бастаушы да болды. Оның қазақ коммунистері арасындағы ұлтшылдық және жікке бөлінушілікті көтеруі, «Алашорданың астыртын ұйымы» туралы айтуы қазақ интеллигенциясына соққы болып тиді және елде Кеңес өкіметіне қарсы саяси ұйым деп атауға себеп болды.

Осы «контрреволюцияшыл ұлтшыл» деген айып бірте-бірте троцкийшілдікпен байланыстырды. Бұл туралы: «Қазақстанда троцкийлік-фашистік оңбағандар контреволюцияшыл қазақ ұлтшылдары алашордашылдармен тығыз байланысты» деп мерзімді басылымдар жаза бастады. Бұл жерде қазақ ұлтынан шетелде эмиграцияда жүрген М. Шоқайдың аты аталып, оның Қазақстанды Кеңес Одағынан бөліп алып, жапон империализмінің отарына айналдырғысы келгені айтылады. Бұл туралы М. Шоқай былай жауап қайтарады: «Біздіңше, Түркістан келешекте ешкімнің Манжу-Госы болуға тиіс емес. Біз балалық аңқаулықтан, саяси шалағайлықтан әлдеқашан арылғанбыз».

Қазақстанда Кеңес өкіметіне қарсы тұтас ұйым құрылған деп шешті. Ол ұйым террористік-көтерілісшіл және тыңшылық-диверсиялық бағытта деп түсіндірілді. Т. Рысқұлов, Н. Нұрмақов, С. Қожанов, Құлымбетов секілді басшылық қызметте болған адамдар басшылық жасап, бүкіл Қазақстанның облыстарында, аудандарында тұтас жүйе құрған және орталықтағы Троцкий, Зиновьевтермен байланысты болған деген жаланы дәлелдеумен болды. Эмигранттармен (М. Шоқай, Р. Мәрсеков) тікелей байланыста болды деп көрсетілді.

Енді, тікелей үкімдерге келейік. Ату жазасы жазылған үкімдерде баптар міндетті түрде көрсетіледі. Атап айтсақ, ұлт зиялыларының басты өкілдері 58-баптың мына бөліктерімен қудаланған:

1. Рысқұлов Т.Р-58-1 а, 58-8, 9, 11 баптары бойынша; (12).

2. Т.Рысқұловпен байланысы бар деп есептеген татар қайраткері М.Сұлтанғалиев – 58-1 а, 58-2, 58-11 (13).

3.Бөкейханов Ә. – 17-58-8, 58-11;

4. Нұрмақов Н.-58-8, 58-11;

5. Асылбеков А. – 58-2, 58-7, 58-10, 58-10; (14).

6. Сейфуллин С. – 58-2, 58-7, 58-8, 58-11 (14).

баптарды талдау.

58-1а – контреволюциялық болып РКФСР жұмысшы-шаруа үкіметінің конституциясы негізінде өмір сүретін жұмысшы-шаруа кеңестері өкіметін әлсіретуге бұзуға, құлатуға бағытталатын қандай да болсын әрекет;

58-8 - революциялық жұмысшы-шаруа ұйымдары қайраткерлері немесе кеңес өкіметі өкілдеріне қарсы бағытталған террористік актілерді контреволюциялық мақсатта ұйымдастыру, сонымен қатар осындай актілерді, тіпті осындай актінің жекелеген бөлігін орындауға қатысса контреволюциялық ұйымға кірмейді;

58-9 - контреволюциялық мақсатта темір жол немесе хабарлау құралдарының басқа жолдарын, халық байланыс құралдарын, су жүйесін, қоғамдық қоймаларды және өзге ғимараттарды немесе құрылыстарды жару, өртеу немесе басқа тәсілдермен зақымдау немесе қаратуды ұйымдастыру;

58-10 - мазмұны бойынша арнайы қорғалатын мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтерді шетелдік мемлекеттірге, контрреволюциялық ұйымдарға немесе жеке тұлғаларға беру мақсатында жинау немесе ұрлау, беру, шпиондық.

58-11 - патша өкіметі немесе азамат соғысы кезінде контрреволюциялық үкіметтерде жауапты немесе ерекше құпия лауазымдарда көренген революциялық қозғалыстармен мен жұмысшы табына қарсы белсенді күрес немесе белсенді әрекет.

58 - бап бөліктерінен көрініп тұрғандай, ұлт зиялылары Кеңес өкіметіне қарсы, құлату үшін қызмет еткен секілді. Большевиктер, осылайша, өз қылмыстарын заңдармен бекітіп отырды.

Азаматтардың құқығын мүлдем жоққа шығарудың бір үлгісі 1938 жылғы 15 сәуірдегі КСРО Әділет Заң Халкомының «Контрреволюциялық» террористік айтылулардың дәрежесі туралы» директивасы (1,36) болды. Онда жекелеген жерлерде РКФСР Қылмыстық Кодексінің 58-10 бабы және басқа одақтас республикалардың Қылмыстық Кодекстерінің бабтарына сай контрреволюциялық террористік айтылулар дәрежесі практикадан көрінетіндігі

Ұлы Отан соғысы жылдарында 58- бап тағы да зор мәнге ие болды. Ол түсінікті де еді. «Шпионаж», «диверсия» әрекеттері кеңестер билігі үшін өзектілікке айналды. Тағы да, 58- бап өз міндетін мүлтіксіз орындай бастады. Соғыс жылдарында баптың практикалық қолданылуы мемлекеттік органдардың басшылығымен жүзеге асырылып отырылды.

1941 жылы 28 сәуірде «Лагерлердегі тұтқындардың қашуымен күресті күшейту туралы» НКВД, Әділет Халкомы, КСРО Прокуроры директивасы шықты. Директивада барлық қашқындарды РКФСР Қылмыстық Кодексінің 58-14 бабы (жұмысшы-шаруа өкіметін құлату мақсатында немесе оның заңдары мен қаулыларына қарсылықты қоздыру үшін діни нанымды пайдалану) бойынша соттау ұсынылды.

Баптың бұл бөлігінің қолданатын шарасы бір жылға дейін мерзімде бас бостандығынан айыру болып табылады. Ал директивада 1939 жылғы 15 маусымдағы КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығының 3 - пункт негізінде қатал соттық жазалау шаралары, жекелеген жағдайда ең жоғарғы жазалауға дейін қолдану айтылды.

Көріп тұрғанымыздай, кейбір кезеңде жазалаумен бап сай болмаса да нұсқаулар орындалып отырды. Яғни, кеңес адамы өкіметке қарсы артық сөз де айта алмады. Артық айтылған сөзі үшін сотталғандар да көбейді. Елде мемлекет саясатына деген қорқыныш пен үрей ұялады. Тіпті адамдар бірінен-бірі қорқа бастады.

1941 жылы 15 қарашада «РКФСР Қылмыстық Кодексінің 58-10 бабының 2- бөлігін және басқа одақтас республикалар Қылмыстық Кодекстерінің осындай баптарын қолдану туралы» КСРО Әділет халкомының № 18/28с хатында (1,39) жарияланды.Онда былай делінеді: «Кеңес өкіметін әлсірету немесе құлатуға шақыратын үгітті немесе насихат үшін тартылған тұлғаларға (58-10 бап) қатысты қылмыс дәрежесі туралы сұраныстарға байланысты түсіндіремін, әскери уақыт жағдайда жері әскери жағдайда деп жариялағанына қарамастан РКФСР Қылмыстық Кодексінің 58-10 бабының екінші бөлігін (өз мазмұны жағынан арнайы қорғалатын мемлекеттік құпияға жатпайтын, бірақ заңның тікелей тиым салуы немесе ведомства, мекеме және кәсіпорын өкімі бойынша жариялауға жатпайтын экономикалық мәліметтерді беру мақсатында жинау және беру) және басқа одақтық республикалардың осыған сай баптарын қолдану қажет».

1942 жылы 15 мамырда «Уақытша жаулап алған аудандарда неміс- фашист оккупанттарына қызметке өткен тұлғалар қылмыстарының дәрежесі туралы» КСРО Прокурорының бұйрығы шықты. Онда неміс- фашист жаулаушыларына қызметке өткен тұлғалар жекелеген жағдайда партизан, коммунист және кеңес белсенділерін ұстап берсе, уақытша жаулап алынған аудандардағы тұрғындарға қаталдық көрсетсе, жауапкершілікке отанын сатқандар ретінде РКФСР Қылмыстық Кодексінің 58-3 (шетел мемлекеттерімен немесе оның жекелеген өкілдерімен оларды Республика ісіне қарулы қол сұғуына бұру мақсатында байланыс жасау, оған соғыс жариялау немесе әскери экспедицияны ұйымдастыру) бабы бойынша тартылды. 58- бапты тек қана тылдағы қарсылыққа ғана емес, Қызыл Армияның өз жауынгерлеріне де қолданылды.

Бұған 1942 жылғы 31 шілдедегі №1096 «Жоғары тұрған командирлер бұйрығынсыз әскери позициядан өз еркімен шегінгені және Қызыл Армия бөлімдерінің әрі қарай шегінуіне үгіт жүргізгені үшін сотқа тартылған саяси қызметкерлер, комиссарлар, командирлер әрекеттері дәрежесі және осы категориядағы істерді тексеру туралы» КСРО Прокуроры мен КСРО Әділет халкомы директивасы дәлел бола алады.

Бұл директива Қорғаныс халық комиссары Сталиннің 28-шілдедегі №227 бұйрығын орындау үшін ұсынылған еді. Онда былай көрсетілді:

1. Жоғары тұрған командирлердің бұйрығынсыз әскери позициядан өз еркімен шегінгені үшін майдан әскери кеңеске және қолбасшылық әскери сотқа тартылған саяси қызметкерлер, командирлер, комиссарлар әрекетін ҚК 58-1»б»(пролетарлық революцияның негізгі саяси және шаруашылықтық жеңістеріне қастандық) бабы бойынша жауапқа тарту керек. Бұл істер бойынша тексеру 48 сағат мерзімде жүргізілді.

2. Қызыл Армияның бөлімдерінің әрі қарай шегінуін үгіттегені үшін әскери трибунал сотына берілген тұлғалар әрекетін РКФСР ҚК 58-10 бабының екінші бөлімі (мазмұны жағынан арнайы қорғалатын мемлекеттік құпия болып есептелмейтін, бірақ заңның тікелей тиым салуы немесе ведомство, мекеме және кәсіпорын өкімі бойынша жариялауға жатпайтын экономикалық мәліметтерді беру мақсатында жинау және беру) бойынша жауапқа тарту керек.

1942 жылғы 12 қазандағы №13/18580с КСРО Прокуроры директивасы (1,41) жарияланды. Директивада бандитизммен, қарулы тонаулармен және контрреволюциялық көтеріліс жұмыстарымен айналысқан дезертирлерді әскери трибунал сотына 58-1»б» бап (ату жазасы) бойынша Отанын сатқандар ретінде сырттай беру айтылды. Бұл 1942 жылғы 11 қазандағы № 2401сс Мемлекеттік қорғаныс комитеті қаулысына сай жасалды.

1942 жылы 26 қазанда № 003486 Әскери трибуналдар бас басқармасы бастығының директивасы жарық көрді. Онда бандитизммен, қарулы тонаумен, контрреволюциялық жұмыстармен айналысқан дезертирлер мен Отанын сатқандар жанұя мүшелерін репрессиялауды жеделдету мақсатында әскери трибуналдар Бас басқармасы КСРО Мемлекеттік қорғаныс комитетінің 1942 жылғы 24 маусымдағы № 2401 сс қаулыларына сай ұсынды:

1. Майдандар, жекелеген армия және флот әскери трибуналдар төрағаларына 58-1»а» және 58-1»б» баптары бойынша ең жоғары жазалау шарасына сотталғандарға әскери кеңес үкімін бекіткеннен кейін:

а) Германия және басқа бізбен соғысып жатқан елдер пайдасына тыңшылық үшін;

б) жау жағына шығу үшін;

в) неміс оккупанттарына жәрдем немесе сатқындық үшін;

г) неміс оккупанттары жаулап алған территорияда жазалау және әкімшілік органдарда қызмет үшін;

д) отанын сатуға пиғылы және сатқындық ниеті үшін;

е) оккупация әскерлерімен жаулап алған территорияны босату кезінде өз еркімен кеткені үшін;

ж) бандитизммен, қарулы тонаумен және контрреволюциялық қарсылық жұмысымен айналысқан дезертирлер;

з) жоғарыдан бұйрық болмай әскери позициясынан шегінген және майданның әскери кеңестері мен қолбасшының әскери сотына берілген саяси қызметкерлер мен командирлер (негіз - 1942 жылғы 31 шілдедегі № 1096/щ КСРО Прокуроры мен КСРО Әділет халкомы директивасы);

и) шайқас кезінде өзінен айырмашылық белгісін алып тастаған және тылға қашқан немесе жауға тұтқынға берілген саяси қызметкерлер мен командирлерге, сонымен қатар, жазалау түріне қарамастан сотталғандарға;

а) әскери қызметкерлерге қашқаны немесе шетелге ұшқаны үшін 58-1 «б» бабы бойынша;

б) қашқан немесе шетелге ұшқан азаматтың тұлғалар және аталған істер бойынша үкім көшірмелер бағыты бойынша орындау үшін - істерді КСРО Әділет Халкомы әскери трибуналдары Бас Басқармасына аталған директиваның талаптарының орындалғанын тексеру үшін және оны әрі қарай КСРО НКВД-сына сотталғандардың жанұя мүшелерін қуғындауға қажет.

1942 жылы 29 қарашада № 0145/04072 Бас әскери прокурор және әскери трибуналдар Бас басқармасының бастығы түсіндірмесі (1,42) жарық көрді.

1. Бандитизммен немесе қарулы қызметпен айналысқан дезертирлерге РКФСР ҚК 58-1 «б» бабы (ату жазасы) бойынша жауапкершілік белгілеген Мемлекеттік қорғаныс комитетінің 1942 жылғы 11 қазандағы қаулысының кері күші жоқ. 1942 жылғы 11 қазанға дейін ұсталған осы категориядағы адамдарды жауапкершілікке РКФСР ҚК 59-3 және 193-7 «б» бабы бойынша тарту керек.

2. Бандитизммен немесе қарулы көтеріліс қызметімен айналысатын дезертирлерді жасырушылар біріккен әрекеті үшін 17-58-1 «б» бабы бойынша, ал тығылғандардың бандиттік немесе қарулы көтеріліс қызметін біліп жеткізбегендер 58-1»г» немесе Қылмыстық Кодекстің 58-12 бабы (қылмыстарды жасырушылық және дем берушілік) бойынша жауапқа тартылады.

3. 1942 жылғы 11 қазандағы Мемлекеттік қорғаныс комитеті қаулысын өзімен бірге қару әкеткен барлық дезертирге қолдануға болмайды. 58-1 «б» бап бойынша кінә қою үшін бандиттік немесе қарулы көтеріліс қызметіне кінәланушының осындай мақсат қойып бандыларға қатысы фактімен дәлелденуі міндетті болуы керек.

Бұдан кейін аталған мәселелерге Жоғары Сот араласты. Оны 1943 жылғы 25 қарашадағы №22/м/16/у/сс «Уақытша неміс басқыншылары жаулап алған аудандардағы жауларға көмек көрсету бойынша кеңес азаматтарының әрекетінің дәрежесі туралы» КСРО Жоғары Соты пленумы қаулысынан (1,43) көре аламыз.

Қаулыда әскери трибуналдардың кеңес азаматтарының уақытша жаулап алу кезеңіндегі неміс басқыншыларына жасаған әрекеттерін сипатына қарамастан, Отанын сатқандар ретінде қарап жатқандарын сынайды. Шын мәнінде, Мемлекеттік қорғаныс комитеті, Әділет халық комиссариаты, КСРО Прокурорының шешімдерімен осы уақытқа дейін әскери қызметкерлерге де, тылдағы қарапайым адамдарға да қолданылған шаралар – ең жоғары жазалаумен байланысты болды. Кейбір кезде жазаланушының қылмысы мен 58-бап бөліктері дәл келмесе де немесе жазалау шарасы жұмсақырақ болса да, аталған мекемелер ауыр жаза беруге ұмтылып отырды.

Осыған байланысты КСРО Жоғары Сотының Пленумы соттарға келесі нұсқаулар беруге қаулы қабылдады:

1. Қандай да жерлерді неміс басқыншылары уақытша жаулап алған кезде немістерде гестапо органдарында немесе жауапты әкімшілік қызметтерде қызмет еткен кеңес азаматтары (бургомистрлер, полиция бастықтары, коменданттар және т.б.) жауға әскери немесе мемлекеттік құпиялы мәліметтер берді; Қызыл Армия әскери қызметкерлерін, кеңес белсенділері мен олардың жанұя мүшелерін, партизандарды қудалады және ұстап берді; мемлекетке, колхозға, кооперативтер мен қоғамдық ұйымдарға жататын заттар мен азаматтар заттарын бүлдіруге және тонауға, тұрғындарды зорлау мен өлтіруге бірден-бір қатысты, сонымен қатар, жау жағына өткен әскери қызметкерлер - РКФСР ҚК 58-1»а» немесе 58-1»б» (ату жазасы) баптары бойынша Отанын сатқаны үшін жауапқа тартылуға жатады.

2. Герман армиясы қажеті үшін заттар, азық-түлік жинау бойынша транспорттарды, ауыл шаруашылығын, өндірістік өнеркәсіптерді қалпына келтіру бойынша неміс басқыншыларының тапсырмасын орындаған немесе оларға басқа белсенді қызмет еткен, бірақ әрекеттерінде 1 бөлімде көрсетілген белгілер жоқ адамдар - РКФСР ҚК 58-3 (шетел мемлекеттерімен немесе оның жекелеген өкілдерімен оларды Республика ісіне қарулы қол сұғуына бұру мақсатында байланыс жасау, оған соғыс жариялау немесе әскери экспедицияны ұйымдастыру) бабы бойынша делдал ретінде жауапкершілікке тартылады.

Жазаның күшеюі 1943 жылғы 9 қарашадағы № 004088 «1943 жылғы 19 сәуірдегі КСРО Жоғары Кеңесі Президиумы Жарлығы және РКФСР ҚК 58-1бабы және басқа одақтас республикалардың осындай баптары бойынша сотталған адамдар істерін әскери трибуналдар Бас Басқармасына ұсыну тәртібі туралы» әскери трибуналдар Бас Басқармасының бастығының директивасынан көрінеді. Онда аталған істер әскери трибуналдар Бас Басқармасына осы адамдардың жанұялау қуғындалғанда, яғни өлім жазасына сотталған - асуға немесе атуға кесілген жағдайда және үкім бекітілгеннен және орындалғаннан кейін берілуі қажет.

КСРО Жоғары Сотының Пленумы 1944 жылы 23 наурызда №5/1 сс «Қарсылас жағындағы майдан линиясына өз еркімен өту дәрежесі туралы» қаулы қабылдады. Онда төмендегідей нұсқау берді:

1. Әскери қызметке тіркелмеген адамның жауға жәрдем беру мақсатында немесе нақты қойылған мақсатсыз, бірақ Кеңес өкіметіне жаулық оймен қарсылас жағының майдан линиясын өз еркімен кесіп өту Отан сату актісі ретінде қарастырылуы қажет және РКФСР ҚК 58-1 «а» бабы бойынша жауапқа тартылады.

2.Көрсетілген белгілері жоқ өз еркімен өту, бірақ бұндай өтуді адам түйсікті түрде және өзін жаулаушы өкіметіне байланысты бағынушы жағдайында қоятын болғандықтан жауға қатысты акт ретінде қарастырылады және РКФСР ҚК 58-3 бабы бойынша жауапқа тартылады.

Жалпы, Ұлы Отан соғысы жылдарында көп жағдайда ең жоғары жаза қолданылды. Бейбіт кезде-ақ жау іздеген большевиктер майдан жағдайында да ауыр жазалауларды қолданып отырды. Кеңес азаматтары екі жақты қасіретті қысымда қалды: олар, фашистер мен коммунистер. Екі жақтың жазалау шараларында аса айырмашылық жоқ еді.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 3461 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.023 с)...