Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Заңдық актілер – саяси репрессиялар тарихының дерек көзі



Заңдық актілер – тарихи деректердің ерекше түрі. Мемлекет тарихын зерттеуде алдымен оның заңдарына сүйенеміз. Мемлекеттік дәрежедегі заңдар қоғамның қалыптасуы мен ерекшелігін айқындауға көмектеседі. Елдің ішкі және сыртқы саясатта ұстанатын бағыты заңдарында айқын көрініп тұрады.

Кеңестік заңдарды қарап отырсақ, саяси репрессиялық саясатты жүргізу үшін партиялық өктемдіктің қандай әдістер жүргізгенін көре аламыз. Ал Қылмыстық Кодекстер мен оны жүзеге асыру туралы қаулылардан оның ролі мен маңызы айқын ашылады. Кеңестік заңдар бірнеше кезеңдерден өтті: жалпыдан жалқыға өту процесі күшейді, өкілеттілігі күшейе түсті, үнемі толығулардан тұрды.

Большевиктік басшылық қолын ешқандай заңмен байлаған жоқ, революциялық құқықтық сана жазалау саясатының құрамына айналды. Заңдар кез – келген қоғамның тарихы бойынша маңызды құжаттарға жатады, өйткені мемлекеттің құқықтық негізін құрайды: ол мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың барлық күнделікті жұмысын бағыттайды және реттейді, азаматтар мен ұйымдар арасындағы қарым- қатынастарды белгілі бір құқықтық нормаға әкеледі. Заңдық актілер тарихи деректердің бір түрі болып табылады, олар мемлекеттің құқықтық нормалары мен бағытын анықтап көрсетеді. Ішкі және сыртқы саясатты зерттеу үшін ең негізгі деректердің көзі ретінде бола алады.

Бұл заңдарды кеңестік тарихнамада тек қана «демократиялық ұстанымдарға» негізделді деп көрсетті. Басты көрсетілген декреттер, қаулылар, Конституциялар еді. Ал кеңестік тарихнамада революциялық трибуналдық, қылмыстық кодекстер баптары талданбады. Себебі олардан мемлекеттің ішкі саясаты анық көрініп тұрды. Өкінішке орай, отандық тарихнамада кеңестік заңдық актілер тарихи дерек ретінде аз зерттелген.

Кеңестік саяси репрессияны заңдастыру жөніндегі заңдық актілердің қалыптасуын екі кезеңге бөлуге болады: 1. Кеңес өкіметінің орнауы кезеңіндегі алғашқы заңдық актілер. Оған әртүрлі декреттерді, қаулыларды, нұсқауларды жатқызуға болады:

1) «Халық Комиссарлар Кеңесінің баспа туралы декреті»,1917 жыл, 27 қазан;

2) «Контрреволюция мен саботажға қарсы күрес жөніндегі Декрет» жобасы, 1917 жыл, 7 желтоқсан;

3) «Революциялық трибунал туралы» Әділет Халық Комиссариатының нұсқауы, 1917 жыл, 19-желтоқсан;

4) «Халық Комиссарлар Кеңесінің тұрғындарға жолдауы», 1917 жыл, 5(18) қараша;

5) «Халық Комиссарлар Кеңесінің Бүкілодақтық революциялық комитетке жолдауы», 1917 жыл, 28 қараша;

6) «Мемлекеттік өкіметтің фунциясын алу үшін туралы» Бүкілодақтық орталық Атқару Комитетінің қаулысы, 1918 жыл, 5-қаңтар;

7) «Баспаның революциялық трибуналы туралы» Халық Комиссарлар Кеңесінің үкімі, 1918 жыл, 28 қаңтар;

8) «Қызыл террор туралы» Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысы, 1918 жыл, 5- қыркүйек.

Аталған заңдық актілер Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында мемлекеттің ішкі саясатын реттеуге зор әсер етті. Әр нұсқау большевиктер билігін орнықтыруды мақсат тұтты.

Большевиктер алғашқы күндері-аќ декреттер жариялауды бастады. Декреттер Кеңес өкіметінің алғашқы заңдық актілері ретінде қоғамдағы процестерді реттеуге тиіс болды. Яғни, декреттер мүлтіксіз орындалуы қажет еді, өйткені бұл большевиктердің халық жадына жаңа қоғам ережелерін енгізуге басты құрал ретінде пайдаланылды. Большевиктер көсемі В.И.Ленин декреттердің орындалуын тікелей өзі қадағалап отырды. Декреттерді дерек ретінде талдау бізге Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы жүргізген саясатын ашып беруге көмектеседі. Декреттер қоғамдық – саяси өмірді реттеуге арналғандықтан, әртүрлі сипатта болды.

Декреттер /латыншадан аударғанда – үкім, шешім/ Кеңес өкіметінің алғашқы заңдық актілері болды. Алғашқы декреттер – жұмысшы, шаруа және солдат жиялыстарынң және съездерінің ұсыныстарын, үкімдерін, шешімдерін жөндеген еңбекші халықтың талаптары, 1917 жылғы партия шешімдері, большевиктер партиясының бағдарламалық талаптарын құқықтық жүзеге асыру, нақты іске ендіруі. В.И.Ленин Кеңес өкіметінің декреттерінің ұйымдастырушылық және насихаттық маңызын ерекше көрсетті. Ол декреттерді «жаппай практикалыќ іске» шақырушы нұсқаулар деп атады. В.И.Ленин декретте «көпшілік көрініс» қажеттілік болуын көрсетті. Бұндай көрініс, яғни әртүрлі бояудағы контрреволюциялық баспаға байланысты шаралар сипаты мен себебін түсіндіру, мәселен, Халық Комиссарлар Кеңесінің «Баспа туралы» декретінде мазмұндалды.

Кеңес өкіметінің азаматтарды жазалау процесін заңдастыруы алғашқы күндерден-ақ күн тәртібінде тұрды. Заңдастыру бастамасында 1917 жылғы 19 желтоқсандағы Әділет халық комиссариатының «Революциялық трибунал туралы» нұсқауы, Бүкілодақтық Орталық Атқару комитетінің 1918 жылғы 5-қаңтардағы «Мемлекеттік өкіметтің функциясын алу үшін жасалған қадамдарды контрреволюциялық әрекеттер ретінде тану туралы» қаулысы, 1918 жылғы 5-қыркүйектегі Халық Комиссарлар Кеңесі «Қызыл террор туралы» қаулысы және т.б. тұр. Бұлардағы айтылған мәселелердің барлығы контрреволюциялық әрекеттер мен күреске арналған еді. Мәселен, «Революциялық трибунал туралы» нұсқауда алғаш рет «халық жауы» деген термин қолданылды, «Мемлекеттік өкіметтің функциясын алу үшін жасалған қадамдарды контрреволюциялық әрекеттер ретінде тану туралы» қаулыда «контрреволюциялық әрекет» жөнінде, ал «Қызыл террор туралы» қаулыда «контрреволюциялық лагерьлер» және «ату жазасы» туралы айтылды.

2. Кеңестік Қылмыстық Кодекстердің пайда болуы, қалыптасуы, өзгерістер енгізіліп, күшейтілуі. Бұл процесс төмендегідей жүргізілді:

1) 1922 жылғы РКСФР Қылмыстық Кодексі;

2) 1923 жылғы 10 шілдедегі Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің Х шақырылымының 2- сессиясының «РКСФР Қылмыстық Кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу» туралы қаулысы;

3) 1924 жылғы 31 қазандағы КСРО Орталық Атқару Комитетінің «КСРО және одақтық республикалар қылмыстық заңдарының негізгі бастауы» қаулысы;

4) 1926 жылғы РКСФР Қылмыстық Кодексі;

5) 1934 жылғы 8 маусымдағы КСРО Орталық Атқару Комитетінің

«Мемлекеттік қылмыстар туралы ережеге басқару тәртібіне қарсы контрреволюциялық және КСР Одағы үшін ерекше қауіпті қылмыстарға Отанын сату туралы қосымшалар енгізу» қаулысы;

6) 1927 жылғы КСРО Орталық Атқару Комитетінің «Мемлекеттік қылмыстар туралы ережесі (басқару жүйесіне қарсы контрреволюциялық және КСРО үшін ерекше қауіпті қылмыстар)»;

7) 1934 жылғы 1 желтоқсандағы КСРО Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесінің «Одақтық Республикалардың қылмыстық – процессуальдық кодекстеріне өзгерістер енгізу туралы» қаулысы;

8) 1937 жылғы 14–қыркүйектегі КСРО Орталық Атқару Комитетінің «Одақтық Республикалар Қылмыстық-процессуальдық Кодекстеріне өзгерістер енгізу туралы» қаулысы.

Кеңестік деректанушылар заңдарды тарихи дерек көзі ретінде талдағанда, негізінен Конституция, Декрет секілді заңдарды ерекше көрсетеді. Өйткені ол заңдарда Кеңес өкіметін негізгі шын бет- пердесі толық ашылмаған еді. Ал И.Д. Ковальченко өз еңбегінде кодекстер туралы былай деп көрсетеді: «Кодекстер дерек ретінде өмір сүріп тұрған заңдар туралы көрініс береді. Қоғамның даму барысында кодекстер құрамы өзгерді, олардан жекелеген баптар шығарылуы мүмкін, ал келесі заңдар қосымша ретінде кіргізілді».

И.Д.Ковальченко өз еңбегінде кеңестік қылмыстық кодекстің қабылдану тарихын айта келіп, оның негізгі мазмұнын талдамайды. Бұл - кеңестік саясат әсері. Себебі, Қылмыстық Кодекс баптары адамдар тағдырын шешудегі өкіметтің ролін аша алды.

Кеңес өкіметін заңдастыратын, заңдық құжаттар кешенін даярлауға байланысты Ленин 1922 жылғы 15 мамырда өзінің қылмыстық кодекске қосымша жобасын және заң наркомы Д.И.Курскийге хатын жолдады. «РСФСР қылмыстық кодексіне енгізілетін заң»... Алда Кеңес өкіметін контрреволюциялық қол сұғушылықтан кепілдік беру үшін жағдай қалыптасқанға дейін революциялық трибуналға қылмыстық кодекстің 58, 60, 61, 62, 63, 64... баптарында қаралған, яғни қылмыстар бойынша ату жазасын – жазалаудың жоғары шарасы ретінде қолдану құқығы беріледі. Қылмыстық кодекстің жобасында «Алда Кеңес өкіметін оған контрреволюциялық қол сұғушылықтан кепілдендіретін жағдай орнағанға дейін революциялық трибуналға жазалаудың жоғары шарасы ретінде – ату жазасын қолдану құқығы беріледі» деп көрсетеді. Бұл құжатқа Ленин 15 мамырда қол қойған.

Шын мәнінде, аталған шара Кеңестер мемлекетінің өмір сүріп тұрған кезінде бұлжытпай орындалды. Мәселен, 582 бапты алайық. Онда былай делінеді: «контрреволюциялық мақсатта қарулы көтерілістер немесе кеңес территориясына қарулы отрядпен немесе бандылармен басып кіруді ұйымдастыру, сонымен бірге осы мақсатта орталықтағы және жергілікті жерлердегі өкіметті басып алу әрекеттері немесе РСФСР- дан, оның қандай да болмасын территориясын күштеп тартып алу немесе онымен келісілген келісімшарттарды бұзу - ату жазасына және барлық мүлкін тәркілеуге алып барады, жұмсартылған жағдайда, барлық мүлкін тәркілеп бес жылдан төмен емес мерзімде қатал оқшаулап бас еркіндігінен айыруға дейін төмендетіледі».

Контрреволюциялық қылмыстар туралы заңдардың қырларының бірі - бұл Кеңес мемлекетінің репрессивті жазалау саясатының ядросы болды. Қылмыстық жазалау шарасын жүзеге асыруға қолданылған шектен шыққан қаталдық екенін мойындау керек. Мәселен, 1926 жылғы РКФСР Қылмыстық Кодексінің негізгі бөлігінің 1- бөлімінің қарастырған 17 контрреволюциялық қылмысының нақты құрамының 12- сі жоғары жазалау шарасы атуды қолдануды ұсынды. Азаттығынан айырумен бірге халық жауы етіп жариялау және мемлекеттен қуу, мүлігін тәркілеу, қатаң оқшалаумен еркінен айыру және т.б. жазалау шаралары кеңінен қолданылды. Қатыгездік дәрежесі бойынша контрреволюциялық қылмыстар туралы заңдар ортағасырлық инквизицияның шіркеулік- қылмыстық заңдарымен, сонымен қатар фашистік заңдармен бақталаса алатын еді. Жасаған іс- әрекеттің ауырлығына жауапкершілік шарасының құбыжықтық көлемсіздігі айыпкерді және сотталушыны шектен тыс ауыр жағдайға қойды. Бұл жағдайда олардың құқығын сақталу мүмкіндігі туралы тек қана үлкен дәрежедегі шарттылық деп айтуға болады.

РКСФР Қылмыстық Кодексі – КСРО-дағы саяси репрессиялардың жүзеге асуында үлкен роль атқарды.

Осылайша, большевиктер өз саясаттарын заңдық актілер арқылы толық заңдастырды. Шын мәнінде, заңмен бекітілген репрессиялар миллиондаған адамдар тағдырына әсер етті.

Міндетті әдебиеттер:

1. Следсвенные дела как исторический источник // Эхо веков. Казань. 1995.май

2. Алдажұманов К., Баймаханов М., Қозыбаев М. Книга скорби. Азалы кітап. Алматы.1997.С.4

3. Источниковедение (под редак. И.Д.Ковальченко). Москва, 1998. С.528.

4. Сборник законадательных и нормативных актов о репрессиях и реабилитации жертв политических репрессий. – Москва: Республика, 1993.-С.10-12.

5. Ленин В.И.Полн.собр.сочин. Т.45. –С.189.

В.И.Ленин и ВЧК. Сборник документов (1917-1922 гг.). М. Политиздат, 1975. – 679 с. – с. 14-16.

6. Декреты Советской власти. Т.1. с. 539.

7. Бекхожин Қ. Қазақ баспасөзінің даму тарихы. Алматы: Қазақ мемлекет баспасы, 1964. – 261 б. – Б. 116.

8. Оболонский А. Драма Российской политической истории: система против личности. Москва: институт государства и права РАН. 1994. – С. 254-255.

9. Садыков Т.С., Кеңестік тоталитарлық саясат және Қазақстан қасіреті. Оқу құралы. – Алматы: Эверо. 2014.

10. Мұсағалиева А.С. РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабы – тарихи дерек көзі. // ҚарМУ хабаршысы, №1 (49), 2008 ж.

Қосымша әдебиеттер:

1Козыбаев М.К. История и современность. - Алматы, 1991.

2. Қозыбаев М.Қ. Тарих зердесі (Замана асуы). 1-кітап. - Алматы, 1998.

3. Голод в Казахской степи. Сб. документов. - Алма-Ата, 1991.

Электрондық оқулықтар мен оқу құралдары тізімі:

1. Өскембаев Қ.С. Қазақстан тарихы (1917-1991 жылдар). Электрондық оқулық. ҚР Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы тізімдегі. № 1511 (2013 жыл 12 қараша).

Интернет көздері:

1.История Казахстана. // http://ru.wikipedia.org/wiki

2. История Казахстана. // http://www.encyclopedia. kz/wiki/

3. История Казахстана, Информация об истории Казахского народа. Исторический очерк о 4. Казахстане. // http://www.kazakhstan.orexca.com/rus/ kazakhstan_history.shtml

4. Культура Казахстана 19 века. // http://www.panasia.ru/main/kazakhstan/culture/1.html





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 2442 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.012 с)...