Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып. Коммерциялық банктердің лизинг, траст, факторинг және форфейтинг қызметтері



Банктің қаржылық қызметтеріне лизинг, факторинг және форфейтинг жатады.

Лизинг –бұл лизинг берушінің (жалға берушінің) өзіне тиесілі құрал-жабдықтарды, машиналарды, ЭВМ, ұйымдастыру техникаларды, өндіріске, сауда-саттыққа және қоймаға арналған құрылғыларды лизинг алушыға (жалгерге) лизингтік төлем төлеу шартымен, белгіленген мерзімге пайдалануға беруін қарастыратын жалға беру шарты.

Банктердің лизингтік операциялары несиелік операциялармен ұқсас болып келеді. Алайда, лизингтің несиеден бір айырмашылығын келісім-шартта көрсетілген төлемдер төленіп, мерзімі аяқталғаннан кейін де лизинг объектісінің лизинг берушінің меншігінде қала беруінен көруге болады. Ал, несиеде банктің меншік объектісі ретінде қарыз алушының берген кепілдігі қалады.

Лизингтік мәмілелердің бірнеше түрлері бар. Барлық лизингтік операциялар екі түрге бөлінеді: шұғыл және қаржылық лизингтер.

1. Шұғыл лизинг - бұл мүліктің қызмет ету мерзіміне қарағанда, оның пайдалану мерзімінің қысқалығын және мүліктің құнын толық өтемеуін сипаттайды.

2. Қаржы лизингі – бұл уақытша пайдалануға берген лизинг затының мерзімі ішінде өзінің толық амортизациялық құнын төлеп шығуымен немесе өзін-өзі өтеуімен байланысты сипатталады.

Осы лизингердің отандық және халықаралық тәжірибеде қолданылатын мынадай түрлері бар:

Ішкі лизинг – бұл, оның қатынасушыларының бір елден болып келуімен байланысты сипатталады.

Халықаралық лизинг – бір тарап немесе барлық тараптардың әр елден болып келуін сипаттайды.

Сыртқы лизинг экспорттық және импорттық болып бөлінеді. Экспорттық лизингте шетел лизинг алушы болса, импорттық лизингте шетел лизинг беруші болып табылады.

Кейде лизингтік компанияның лизинг операцияларын жүзеге асыру үшін қаражаты жетпей қалатын жағдай да болуы мүмкін, онда ол ссуда алады. Мұндай операцияны қосымша қаражат тартатын лизингтік операция деп атайды.

Тәжірибе көрсеткендей, лизинг бойынша жасалатын мәмілелердің 85%-ға жуығы қаражат тарту лизингі операцияларының үлесіне тиеді. Лизингке беруші лизингке беретін активтер құнының 80%-дай мөлшерінде бір немесе бірнеше несие берушілерден ұзақ мерзімді несие алады. Мұнда лизингтік төлемдер мен құрал-жабдықтың өзі ссуданы қамтамасыз ету құралы болып табылады.

Факторинг – бұл тауарларды немесе қызметтерді жабдықтаушыдан төлем құжаттарын сатып алуды білдіреді. Факторингтің мақсаты – кез келген несиелік операциялардың ажырамас бөлігі болып табылатын тәуекелді қалпына келтіру. Нарық экономикасы дамыған елдерде төлемдердің сақталу мерзімдеріне басты көңіл аударылады. Ендеше факторинг компаниялар мен банктердің фактор бөлімдерінің қызметі жабдықтаушылар мен сатып алушылар арасындағы қатынастардағы тәуекелдер мен төлемдер мерзімдеріне байланысты мәселелерді шешуге бағытталады.

Фактор сөзі ағылшын тілінен “factor”, аударғанда “маклер, делдал” деген мағынаны білдіреді. Экономикалық жағынан алғанда – бұл делдалдық операция.

Факторинг – жабдықтаушы-клиенттің жабдықтаған тауары мен көрсеткен қызметтері үшін төленбеген төлем талабын (шот-фактурасын) банкке сатумен байланысты комиссиондық-делдалдық операция.

Банк төленбеген төлем талабының иесі ретінде, борышқордың несиелік қабілетін тексергенімен де олардың төленбей қалуына байланысты тәуекелге барады.

Келісім-шартқа сәйкес банк жабдықтаушының контрагенттері өздерінің қарызын өтегеніне қарамастан төлем талабындағы соманы төлеуге міндеттеме алады. Дәл осы жерде факторинг пен банктік кепілдеменің арасындағы айырмашылық байқалады. ßғни, банктік кепілдеме бойынша банк өзінің есебінен, оған тиісті соманы клиент төлемеген жағдайда төлеуге міндетті болып табылады. Факторингтік қызметтің мақсаты төлеушінің төлем қабілетіне байланыссыз факторингтік келісім-шартта көрсетілген мерзімде тез арада қаражатты алу болып табылады.

Нарық экономикасы дамыған елдердегі факторингтік компаниялардың көбіне еншілес фирмалары ірі банктермен бірігіп жұмыс жасайды.

Факторинг операциясына үш тарап қатысады:

1. Факторингтік компания (банктің факторинг бөлімі) – өздерінің клиенттерінен шот-фактураны сатып алатын арнайы мекеме.

2. Клиент (тауарды жабдықтаушы, несие беруші) – факторинг компаниясымен келісім-шарт жасасушы өнеркәсіптік немесе сауда фирмасы.

3. Кәсіпорын (қарыз алушы) - тауарды сатып алушы-фирма.

Факторинг мәмілесін жүзеге асырудан бұрын толық талдау жұмысы жүргізіледі. Кәсіпорыннан тапсырыс алғаннан соң факторинг компания немесе банктің фактор бөлімі 1-2 апта ішінде клиенттің экономикалық және қаржылық жағдайын зерттейді. Егерде кәсіпорын факторинг компаниясы немесе банктің фактор бөлімінің клиенті бола қалған жағдайда, ол факторинг компаниясына сатып алушыға жіберілетін барлық шот-фактураны тапсырады. Әрбір құжат бойынша клиент төлеуге келісім алуға тиіс. Факторинг компаниясы барлық шот-фактурамен таныса отырып, сатып алушының төлем қабілетін анықтайды. Бұған 2-3 күн мерзім уақыт қажет етіледі. Факторинг компаниясы төлемнің уақыты жеткен кезде немесе мерзімінен бұрын төлей алады.

Әлемдік тәжірибеде факторинг қызметінің құны мынадай екі элементтен тұрады: оған берілген құжаттарды мерзімінен бұрын төлеу барысында алынатын комиссия және пайыз. Комиссия шот-фактура сомасынан белгілі мөлшерде (әдетте, 1,5-2,5 %) деңгейінде белгіленеді. Мәміленің көлеміне қарай комиссия сомасы да өсіп отырады. Факторинг ережесі бойынша несие үшін төленетін пайыз мөлшерлемесі ақша нарығындағы (қысқа мерзімді несиелер нарығындағы) мөлшерлемеден 1-2%-дай жоғары болып келеді.

Факторинг операцияларының жүзеге асырылу негізіне факторинг туралы келісім-шарт жатады. Онда факторинг операциясының төмендегідей жасалу шарттары көзделеді: төлем талабының мәліметтері, факторинг операциясы бойынша сомадан төлейтін сома, өтеу сый ақысының мөлшері, факторинг келісім-шартын бұзу жағдайлары және тараптардың ойлары бойынша басқа да шарттар.

Факторингтік операциялардың төмендегілер бойынша жасалмайтынын ескеру қажет:

· Жеке тұлғалардың қарыздық міндеттемелері бойынша;

· Бюджеттік мекемелердің қоятын талаптары бойынша;

· Банктің несиелеуден алынып тасталған немесе төлем қабілетінсіз деп танылған кәсіпорындар мен ұйымдардың міндеттемелері бойынша;

· Кәсіпорындардың филиалдары немесе бөлімшелерінің міндеттемелері бойынша.

Форфейтинг – бұл форфейтордың, яғни коммерциялық банктің немесе арнайы компанияның экспортерға импортердің төлеуге тиісті төлем талабын сатып алуы.

Форфейтинг мәмілесі бойынша, алдымен экспортер өзінің тауарын несиеге алушыны - импортерды іздейді. Ал импортер болса, оған жай немесе аударма векселін, яғни қарыздық міндеттемесін жазып беруге тиіс. Егер вексель берушінің беделі немесе қаржылық жағдайы жақсы болса, онда вексельге кепіл беру талап етілмеуі мүмкін, дегенмен де импортер аудармалы векселі бойынша авальшыны (төлеуге кепіл беруші тұлғаны) табады. Осы жерде басты мән берілетіні мыналар: банк несиесінің сомасы мен мерзімі, сатып алушының төлем қабілеттілігі, аваль берушінің қаржылық жағдайы.

Форфейтинг мәмілесінде үш қатысушы болады:

1. Экспортер, яғни тауарды орта мерзімді несиеге беруші;

2. Импортер, яғни тауарды несиеге алушы;

3. Форфейтор, яғни мәмілені қаржыландырушы банк немесе арнайы ұйым.

Форфейтинг мәмілесі бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде мәміле дайындалады. Бұл кезеңде экспортер, экспортер банкі немесе импортер мәмілені бастаушылар болады. Экспортер үшін кепілдемеге қатысты форфейтордың талабын білу маңызды. Сонымен бірге, осы кезеңде форфейтор экспортердің өтінішін қарайды. Екінші кезеңде, болатын мәміле туралы ақпараттар жинастырады. Содан кейін барып, форфейтор-банк несиелік талдау жүргізеді. Келесі кезеңде эспортер вексельді алады және оған авальдың берілуін, яғни үшінші бір тұлғаның кепіл беруін талап етеді.

Форфейтинг механизмін мынадай екі мәміле түрінде пайдаланады:

1. Қаржы мәмілесінде - орта мерзімді қаржы міндеттемесін тез арада іске асыру мақсатында.

2. Экспорттық мәміле бойынша – шетелдік сатып алушыға несиеге тауар бергені үшін экспортерға қолма-қол ақшада түсім түсуге ықпал ету мақсатында.

Форфейтинг мәмілесінің мерзімі 180 күннен 5 жылға дейінгі аралықты құрайды, кей жағдайларда – 7 жыл.

Экспортер үшін форфейтингтің мынадай артықшылықтары бар:

· векселін форфейтор-банк сатып алғаннан кейін, экспортер валюта бойынша тәуекелге бармайды, яғни бұл тәуекелді банктің өзі кешеді;

· уақытын кешіктіріп төлеуге берген операцияның қолма-қол ақшамен жасалатын операцияға айналуына орай, экспортердің өтімділігі тез арада жақсарады, яғни экспортер тауарын жөнелткеннен кейін бірден банктен қаражат алады;

· пайыз мөлшерлемесіне байланысты да тәуекел болмайды, себебі форфейтингтік қаржыландыру тұрақты пайыз мөлшерлемесі негізінде жүзеге асырылады;

· құжаттаудың қарапайымдылығы және оны рәсімдеудің жылдамдығы;

· форфейтор-банк несиелеу операциясына қарағанда өте жоғары табыс табады.

Форфейтинг екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропа елдеріне алғаш пайда болған. Қазіргі кезде форфейтинг операциясы бойынша бірінші орынды Швейцария алады және ол осы операцияны бастаушылардың бірегейі болып табылады. Ал, біздің елімізде бұл операция түрі маңызды болғанымен, дамымай отыр, оның себебі вексель айналысының дұрыс жолға қойылмауымен байланысты және т.с.с.

Форфейтингтеуге әдетте, сауда тратталары (аударма вексель) немесе жай вексельдер қабылданады.

Форфейтингтегі дисконт мөлшерлемесінің құрамдас элементеріне мыналар жатады:

· еуровалюталар нарығындағы несиенің құны (ЛИБОР –Лондондық банкаралық пайыз мөлшерлемесі);

· импортер елінің тәуекел құны және валютаны аударуға байланысты тәуекел құны 0,5 –тен 6 % -ға дейін жылдық мөлшерде ауытқиды;

· несиені басқаруға қатысты форфейтордың шығындары (0,5 % -ға дейін жылдық);

· міндеттеме үшін алынатын комиссия (1-1,5 % жылдық).

Ұсынылатын әдебиеттер:

Негізгі: [ 3. 69-72, 6. 68-75, 7. 71-74 бет],

Қосымша: [ 9. 3-5 бет],

Бақылау сұрақтары:

1) Лизинг операциясы немен сипатталады?

2) Факторинг операциясы немен түсіндіріледі?

3) Факторинг операциясына неше қатысушысы болады?

4) Банктің форфейтинг операциясы қалай сипатталады?

5) Форфейтинг операциясында неше қатысушы болады?

6) Форфейтинг операциялары қандай мәмілелерге жасалмайды?





Дата публикования: 2015-07-22; Прочитано: 3016 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...