Главная Случайная страница Контакты | Мы поможем в написании вашей работы! | ||
|
Бірінші кезекте, халықаралық операциялардың анықтамасын беруден бұрын “валюта” терминінің мәніне тоқталайық.
Қазақстан Республикасының “Валюталық реттеу туралы” заңына (24.12.1996 ж.) сәйкес, “валюта – мемлекеттердің заңды төлем құралы ретінде қабылданған ақша бірліктері немесе банкноттар, қазыналық билеттер мен тиындар, соның ішінде қымбат металлдардан жасалған тиындар (айналымнан алынған немесе алынатын, бірақ айналымда жүрген ақша белгісімен айырбастауға жататынын қоса алғанда) түріндегі қолма-қол және аударым нысандарындағы құнның ресми стандарттары, сондай-ақ шоттардағы, соның ішінде халықаралық ақша немесе есеп айырысу бірліктеріндегі қаражаттары”.
Осы заңда “валюталық операцияларға” төмендегідей түсінік берілген:
1) меншік құқығының және өзге де құқықтардың валюталық құндылықтарға ауысуына байланысты операциялар, соның ішінде төлем құралы ретінде шетел валютасын және шетел валютасындағы өзге де төлем құралдарын пайдаланумен байланысты мәмілелер;
2) валюталық құндылықтарды кез келген тәсілмен Қазақстан Республикасына әкелу және жөнелту, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан әкету және жөнелту;
Мұндағы валюталық құндылықтарға мыналар жатады:
1) шетел валютасы;
2) номиналы шетел валютасында көрсетілген бағалы қағаздар және төлем құралдары;
3) тазартылған құйма алтын;
4) ұлттық валюта, резиденттер мен бейрезиденттер арасында олармен операциялар жасалған жағдайда құны ұлттық валютамен көрсетілген бағалы қағаздар және төлем құжаттары.
Мұндағы резиденттерге жататындар:
- ҚР-ның тұрақты тұрғыны, соның ішінде уақытша шетелде немесе республикадан тысқары жерлерде мемлекеттік қызметте жүрген жеке тұлға;
- ҚР-ның заңдылықтарына сәйкес құрылған барлық заңды тұлғалар, олардың республика ішіндегі немесе одан тысқары жерлерде орналасқан филиалдары мен өкілеттігі;
- ҚР-нан тысқары жердегі орналасқан дипломатиялық, сауда және өзге де өкілеттіктер жатады.
Ал, бейрезидентерге резидент құрылымында көрсетілмеген ҚР-ң барлық заңды және жеке тұлғалары немесе одан тысқары жерлердегі олардың филиалдары мен өкілеттіктері жатады.
Кейбір экономикалық әдебиеттерде валюталық құндылықтар қатарына бағалы металдар (алтынан басқа да) мен табиғи асыл тастарды (алмаз, рубин, изумруд, сапфир, александрит және жемчуг) жатқызады.
Валюталық операциялар ағымдық операциялар және капитал қозғалысымен байланысты операцияларға бөлінеді.
1. Ағымдық операцияларға жататындар:
· тауарлар, жұмыстар және қызметтер үшін төлемнің не аванс төлемінің мерзімін 180 күннен аспайтын мерзімге ұзартуды көздейтін экспорт-импорт мәмілелері бойынша есеп айрысуларды жүзеге асыруға арналған аударымдар;
· 180 күннен аспайтын мерзімге несиелер беру және алу;
· салымдар (депозиттер), инвестициялар, заем және өзге операциялар бойынша дивиденттерді, сыйақыларды және өзге де табыстарды алу және аудару;
· гранттарды қоса алғанда, сауда сипатына жатпайтын аударымдар, мұрагерлік соманы, жалақыны, зейнетақыны, алименттерді және басқа сомаларды аудару;
· осы заңмен капитал қозғалысына байланысты операцияларға жатпайтын барлық өзге де валюталық операциялар.
2. Капитал қозғалысына байланысты операцияларға жататындар:
· инвестицияларды жүзеге асыру;
· интеллектуалдық меншік объектілеріне ерекше құқықты толық беруді көздейтін мәмілелер бойынша есеп айырысуларды жүргізуге арналған аударымдар;
· мүліктік құқыққа және өзге де жылжымайтын мүлік құқығына төлеуге аударымдар;
· тауарлар, жұмыстар және қызметтер үшін төлемнің не аванс төлемінің мерзімін 180 күннен асатын мерзімге ұзартуды көздейтін экспорт-импорт мәмілелері бойынша есеп айрысуларды жүзеге асыруға арналған аударымдар;
· 180 күннен асатын мерзімге несиелер беру және алу;
· өздері тіркелген мемлекеттердің заңдары бойынша банк операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар шетел банкілерінде және өзге де қаржылық ұйымдарда салымдарды (депозиттерді) жүзеге асыру;
· зейнетақы активтерін жинақтауға байланысты мәмлелер бойынша халықаралық аударымдар;
· жинақтау сипатындағы сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша халықаралық аударымдар.
Валюталық операцияларды біздің елімізде шетел валютасымен банктік операциялар жүргізуге ҚР Ұлттық банкінен алған лицензиясы бар өкілетті банктер ғана орындай алады. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық банк валюталық реттеуді және валюталық бақылауды жүргізеді.
Валюталық реттеу – нормативтік құқықтық актілерді жасау және бекіту, ақпараттар жинау, валюталық заңдылықтардың орындалуына бақылау жасау, заңмен көзделген санкцияларды қолдану шараларын білдіреді.
Валюталық заңға сәйкес, валюталық реттеу шараларына мыналар жатады:
- лицензиялау;
- тіркеу;
- хабарлау.
Сонымен қатар заңды тұлға резиденттердің шетелдегі филиалдары мен өкілдіктерін ұстау шығыстарын қаржыландырумен байланысты шетел банктерінде шот ашуы тіркеуге алынады.
Тіркеуге жатпайтын валюталық операцияларға мыналар жатады:
- мемлекеттің сыртқы займдар, мемлекеттің кепілдігі бар мемлекеттік емес сыртқы займдар туралы келісімдер, сондай-ақ осындай келісімдердің төңірегінде жасалатын операциялар;
- валюталық келісімшарттың толық сомасына жаслаған мәмілелік құжаты бар тауарларды экспорттаумен (импорттаумен) байланысты коммерциялық несиелер;
- хабарлау режимінде жасалатын банктердің меншікті операциялары;
- ҚР-ғы шетелдік мекемелердің жүзеге асыратын валюталық операциялары;
- Бейрезиденттердің ҚР-да шығарылған мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алуы;
- Бейрезиденттердің қазақстандық депозитарлық қолхаттарды сатып алуы;
- Брокерлік қызмет көрсету негізінде бейрезиденттердің резиденттердің бағалы қағаздарын сатып алуы;
- өзге мемлекеттердің заңдарына сәйкес және олардың аумағында резиденттердің шығарған бағалы қағаздарын бейрезиденттерің сатып алуы.
Валюталық операцияларды тіркеуге талу үшін қажетті құжаттар тізімі:
- тіркеуі үшін өтініш;
- валюталық келісім-шарт көшірмесі (тігілген және мөр басылған);
- төл құжатының көшірмесі (жеке тұлғалар үшін);
- заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу куәлігінің көшірмесі;
- ҚР статистика ұйымының тарапынан заңды тұлғаға жеке идентификациялық кодының берілгендігін растайтын құжаттың көшірмесі;
- СТТН көшірмесі;
- Валюталық келісімшартқа сәйкес міндеттемелердің орындалуы және аяқталуын растайтын құжаттардың көшірмесі.
Банктердің мынадай меншікті операциялары 300 мың АҚШ долларынан асса хабарлануға жатады:
- 180 күн мерзімнен асатын бейрезиденттерден алған коммерциялық несиелер мен займдар;
- бейрезиденттердің банктерге жасаған тікелей инвестициялары;
- бейрезиденттердің банктердің бағалы қағаздарын сатып алу, сондай-ақ банктердің халықаралық капитал нарығында бағалы қағаздарды алғашқы эмиссиялауы;
- жылжымайтын мүлікке деген меншік құқықғын сатып алумен байланысты жасаған бейрезиденттердің аударымдары.
Валюталық операциялар бойынша тіркеу куәлігін беру, лицензиялау және хабарламаны қабылдауды ҚР Ұлттық банкінің Төлем балансы және валюталық бақылау департаменті жүзеге асырады.
Банктің валюталық операцияларына мыналар жатады:
1. Клиенттердің шоттарын ашу және жүргізу
Бұл операция мынадай түрлерден тұрады:
- заңды және жеке тұлғаларға (резиденттер мен бейрезиденттерге) валюталық шот ашу;
- шоттардағы қалдық бойынша пайыз төлеу;
- овердрафт (банктің жетекшілерінің шешімімен ерекше клиенттерге) несиелерін беру;
- операция жасалуына қарай шоттың көшірмелерін беру;
- кез келген уақыт аралығына шот архивін рәсімдеу;
- клиенттердің тапсырмалары бойынша операцияларды орындау (клиенттер есебінен шетел валютасын сатып алу және сату);
- экспорттық-импорттық операцияларға бақылау жасау.
2. Сауда емес операциялар
Сауда емес операцияларға клиенттерге тауарлар және қызметтер экспорты мен импорты және капитал қозғалысы бойынша қызмет көрсетулер үшін есеп айрысуларға байланыссыз операциялар жатады.
Өкілетті банктер сауда емес сипатта мынадай операцияларды жасауы мүмкін:
- қолма-қол шетел валютасын және шетел валютасындағы төлем құжаттарын сатып алу және сату;
- шетел валютасын және шетел валютасындағы төлем құжаттарын инкассациялау;
- шетел банктерінің жол чектерін сатып алу (төлеу);
- ақшалай аккредитивтерді төлеу.
3. Шетел банктерімен корреспонденттік қатынас орнату
Халықаралық есеп айрысуларды жүзеге асыру үшін банктер шетел банктерінде өздерінің корреспонденттік шоттарын ашады. Ондай шоттар екі түрлі болып келеді:
1. НОСТРО шоты (біздің шотымыз сізде) – банк-корреспондентте коммерциялық банктің атына ашылған ағымдық шот;
2. ЛОРО шоты (сіздің шотыңыз бізде) – коммерциялық банкте банк-корреспонденттің атына ашылған ағымдық шот.
4. Конверсиондық операциялар
Конверсиондық операциялар – сол елдің қолма-қол және қолма-қолсыз ұлттық валюталарына қолма-қол және қолма-қолсыз шетел валюталарын сатып алу және сату мәмілелері.
Конверсиондық операцияларға мынадай валюталық мәмілелер жатады:
- СПОТ мәмілесі – бір валютаға қарсы екінші валютаны сатып алу және сатуға байланысты мәміле жасалған күннен кейінгі екінші банктік жұмыс күніндегі валюталау күні жүргізілген операциялар.
- ФОРВАРД (мерзімді, аутрайт ) мәмілесі - бір валютаға қарсы екінші валютаны сатып алу және сатуға байланысты мәміле жасалған күннен кейінгі 2 банктік жұмыс күніндегі валюталау күні жүргізілген операциялар.
- СВОП мәмілесі - бір валютаға қарсы екінші валютаны сатып алу және сатуға байланысты осы валютаны болашақта қайта сатып алу және сатуға сәйкес, яғни екі қарама-қарсы операциядан тұратын банктік мәміле.
- ФЬЮЧЕРСТІК мәміле – болашақта бір валютаны белгіленген курспен сатып алу не сатуға арналған мәміле.
· Аутрайтпен жасалатын мәміле – белгілі бір күнге валютамен жабдықтау шартын білдіреді;
· Опционмен жасалатын мәміле – валютамен жабдықтаудың күні белгіленбеген шартын сипаттайды («колл», «пут» опциондары).
· «Forex» нарығы – кез келген заңды не жеке тұлғаның валюта нарығында «ойнауы».
5. Халықаралық есеп айырысу бойынша операциялар
Сыртқы саудада есеп айрысудың мынадай формалары қолданылады: құжатталған аккредитив, құжатталған инкассо, банктік аударым.
Құжатталған аккредитив – аккредитивте көрсетілген құжаттарға қарсы экспортердың (бенефициарға) пайдасына өзінің бұйырушы-клиентінің (импортердің) өтініші бойынша жасайтын аккредитив ашушы банктің (эмитент-банктің) міндеттемесін білдіреді.
Құжатталған инкассо - эмитент-банктің, сенім білдірушінің берген құжаттарын төлеушіге (импортерға) төлеу үшін ұсынуға немесе ақшасын алып беруге өзіне алған міндеттемесі.
Банктік аударым – банктік аударым жасаушының жасаған тапсырмасы негізінде барлық есеп айырысудағы валюталық түсімдердің өкілетті банктердің шотына есепке алынуын білдіреді.
6. Валюталық қаражаттарды тарту және орналастыру операциялары.
Мұндай операцияларға мыналар жатады:
1) депозиттерді тарту:
· жеке тұлғалардан;
· заңды тұлғалардан, соның ішінде банкаралық депозиттер;
2) несиелер беру:
· жеке тұлғаларға;
· заңды тұлғаларға;
3) банкарлық нарықта несиелерді орналастыру.
Ұсынылатын әдебиеттер:
Негізгі: [3. 79-82, 6. 8-12, 5. 11-14 бет],
Қосымша: [ 6. 3-15 бет],
Бақылау сұрақтары:
1) Валюталық операциялар дегеніміз не?
2) Ағымдағы валюталық операцияларға нелер жатады?
3) Капитал қозғалысмымен байланысты операциялар қандай түрге бөлінеді?
4) Банктің валюталық құныдылықтармен жасалатын операцияларына не жатады?
5) Конверсиондық операциялар дегеніміз не?
Дата публикования: 2015-07-22; Прочитано: 2315 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!