![]() |
Главная Случайная страница Контакты | Мы поможем в написании вашей работы! | |
|
|
Техниканың даму деңгейінде тау жынысынан темір алу экономикалық тиімді болса, оны темір кені деп атайды.
Темір кені кен бөлігі мен бос жыныстан тұрады. Кен бөлігіне темірдің оттегімен, СО2- мен және т.б. қосылыстары жатса, бос жынысқа – кварцит немесе құмнан (көбінесе балшық қосылған, сирегірек-доломит пен әк тас) тұратын бөлігі.
Темір көніндегі темір мөлшері 30-42 %-ден 45-70 %-ға дейін болады. Осыған орай, темір кенін кедей және бай деп атайды.
Шойын өндірісінде қолданыс тапқан темір кендері төмендегідей бөлінеді:
1) магнитті теміртас (магнетитті кен);
2) қызыл теміртас (гематитті кен);
3) қоңыр теміртас;
4) шпатты теміртас.
Магнетитті темір кені магнетит Fe3O4 минералынан тұрады. Бос жынысы қышқылды (SiO2, Al2O3).
Қазақстанда Соколовск, Сарыбай және Қашар (Қостанай облысы) магнетитті темір кен орындары бар. Соколовск және Сарыбай кен орындарының магнетитті кендерінде 43-48 % Fe; 1-4 % S; 0,10-0,14 % Р бар. Кенді магниттік тәсілмен байыту арқылы 65 % Fe бар концентрат алынады.
Қашар кен орнының темір кенінде ең көбі 59 % Fe болса, ең азы 43 % Fe болады. Темірі аз кеннен 65 %-дан жоғары темірі бар концентрат алынады. Магнетитті темір кенінің қоры 4 млрд.т.
Гематитті темір кені гематит Fe2O3 минералынан тұрады. Қызыл теміртас тотыққан магнетит. Гематитте 1-8 % магнетит болады. Бос жынысы негізінен қышқылды (SiO2, Al2O3).
Қарағанды облысының Атасу темір кені негізінен магнетит-гематитті. Кенде 55 % Fe, 0,5-1,0 % S, 0,04 % Р бар. Кеннің қоры 0,3 млрд.т.
Лимонит 2Fe2O3×3Н2О және гетит Fe2O3×Н2О минералынан тұратын кен қоңыр теміртас деп аталады.
Қостанай облысында қоры 9,8 млрд.т. қоңыр теміртас – Лисаковск және Аят кен орындары бар. Кендегі темір мөлшері 35-38 %; күкірт 0,03-0,35 %; фосфор 0,35-0,55 %. Кеннің бос жынысы кремнезем мен глинозем.
Кенді байыту күрделілеу тәсілді керек етеді, сондықтан алынған концентраттағы темір мөлшері онша жоғары емес (47-55 %).
Сидерит FeCO3 минералынан тұратын кен шпатты теміртас деп аталады. 30-40 % Fe бар.
Темір кендерінде басқа элементтердің де қосылыстары кездеседі. Олар пайдалы және зиянды элементтер болып бөлінеді. Пайдалы элементтерге V, Ti, Ni және т.б. жатса, зияндыға – S, P, As, Zn, Cu және т.б.
Темір кендерінің бос жынысы SiO2, Al2O3, CaO, MgO –дан тұратын әр түрлі қосылыс түрінде болады. Темір кенінің бос жынысы негізінен қышқылды (SiO2) болып келеді.
Шойын өндірісінде аз мөлшерде болса да, марганец кені пайдаланылады. Кендегі 25-48 % Mn марганецтің түрлі оксидтері (MnO2, Mn2O3, Mn3O4) түрінде болады. Кеннің бос жынысының құрамында кремнезем көбірек, глинозем азырақ болады.
40-56 % Mn бар концентрат алу үшін гравитациялы – магниттік тәсілмен байытады.
Марганец кені Жезді (Қарағанды облысы) кен орнынан шығарылады.
Дата публикования: 2015-04-06; Прочитано: 2279 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!
