Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Дайындау



Қылмыстық істің материалдарын өте жақсы білу - мемлекеттік айыптауды қолдайтын прокурорға қойылатын міндетті талап. Прокурор қылмыстық істің тергелуіне қадағалау жүргізгеннің өзінде немесе айыптау қортындысын бекіткеннің өзінде әрқашанда қылмыстық істің материалдарын терең,әрі нақты зерттеуі тиіс. Процеске кіру барысында, жеңіл қылмыстық істердің өзінде, істің мәнін сот барысында түсініп алу мүмкіндігіне сенуге болмайды. Сот отырысының ең басында, яғни, сот отырысының дайындық сатысында прокурор процеске белсендітүрде қатыса бастайды. Прокурор сотқа істі куәларсыз қарау мүмкіндігі туралы қорытынды береді, дәлелдемелерді зерттеудің тәртібі туралы сотқа ұсыныс айтады. Мұның барлығын прокурор қылмыстық істің материалдарын сотқа дейін білмейінше жүзеге асыра алмайды.

Соттарда мемелекеттік айыптауды қолдайтын прокуратура органдарының жұмыстарының анализі сот трибунасында прокурордың төмен дәрежеде сөз сөйлеуі – сот процесіне қатысуда прокурорлардың төмен дайындығын, заңды жақсы білмеуін, ал кейбір жағдайларда жеткілікті тәжірибесінің болмауын көрсетеді. Кейбір мемлекеттік айыптаушылар, әсіресе жас мамандар, прокурорлық функцияның бұл маңызды қызметін атқаруда теориялық және кәсіби жағынан төмен дайындығын көрсетеді. Сондықтан да, олар мемлекеттік айыптауды қолдамастан бұрын, қылмыстық істің материалдарын терең зерттеулері және білуі тиіс.

Прокурордың басты сот талқылауында істі қарауға дайындалуына мыналар кіреді: қылмыстық істің материалдарын толық зерттеу, заңмен танысу, жасалған қылмыстың ерекшелігін зерттеу және дәлелдемелерді зерттеулердің тәртібі туралы ұсыныстарды дайындау. Сот отырысына дайындалудың көптеген жекелік, шарттық және елеулі жағдайларда прокурордың жеке қасиеттерінің болуымен байланыстырылады. Прокурорлар істің материалдарын зерттеудің өздерінің тәжірибесімен қалыптасқан әдіс-тәсілдерді қолданады және де ол әдіс-тәсілдер прокурорлардың есте сақтау, дәлелдемелердің анализіне мүмкіншілігі және логикалық ойлау, сот тергеуінде анықтауға қажеті істегі басты нәрсені таба білу және сот процесінің барысы және оның нәтижесі туралы алдын ала біле алу мүмкіншілігі сияқты жеке қасиеттеріне байланысты болып келеді.

Мемлекеттік айыптауды қолдау функциясы жүктелген прокурорлардың уақыты елеулі түрде шектелген, сондықтан оларға өздерінің жұмыстарының регламентін қатаң анықтау және қылмыстық істерді зерттеудің белгілі бір жүйесін жасау қажет. Қылмыстық істерді зерттеудің әдістемелері әр түрлі болуы мүмкін. Кейбір жағдайларда прокурорлар қылмыстық іспен айыптау қортындысы арқылы танысады. Мұндай жағдайларда прокурор айыптау

қорытындысының шегімен алдын ала байлаулы болады және тергеуші таңдаған версиялардың “тұтқынында” болады.Басқаша айтқанда прокурор қылмыстық істің материалдарын айыптау қортындысының шегінде біледі. Ал, прокурордың қылмыстық істі қылмыстық іс қозғау туралы қаулы шығарылғаннан бастап зерттеуі тиімді әдіс болып табылады. Ол жағдайда прокурор қылмыстық істің материалдарын зерттеуде тергеуші жүретін жолмен жүреді және тергеушінің неге басқа версияны тастап, бұл версияны алғандығы және неге осы әрекеттер жүргізілгендігі туралы прокурорға түсінікті болады. Осы мақсатпен Қазақстан Республикасының ҚІЖК-нің 190, 192 (алтыншы және жетінші бөліктерінде), 197, 289 баптарында прокурордың сотқа дейінгі іс жүргізу кезіндегі өкілеттіктері енгізілген.

Қылмыстық іспен танысу барысында прокурор дәлелдемелерді зерттеумен қатар, ҚР ҚІЖК-нің 281-бабына сәйкес, прокурор айыптау қорытындысымен келіп түскен қылмыстық істі зерделеуге және мыналарды тексеруге міндетті:

1) айыпталушыға таңылып отырған әрекеттің жасалғанын және бұл әрекетте қылмыс құрамының бар-жоғын;

2) істі оны тоқтауға әкелетін мән-жайлардың бар-жоғын;

3) тағылған айыптың негізді-негізсіз екенін, оның істе бар дәлелдемелермен расталатынын;

4) айыпталушыға іс бойынша барлық анықталған жәнге дәлелденген қылмыстық әрекеттері бойынша айып тағылғанын-тағылмағанын;

5) қылмыс жасалғаны туралы іс бойынша дәлелдер табылған барлық адамның айыпталушылар ретінде жауапқа тартылғанын, тартылмағанын;

6) айыпталушының әрекеті дұрыс сараланғанын-сараланбағанын;

7) бұлтартпау шарасының дұрыс тағылғанын-тағылмағанын және істе оны өзгертуге не алып тастауға негіздердің бар-жоғын;

8) азаматтық талапты қамтамасыз ету және мүлікті ықтимал тәркілеу шараларының қабылданғанын-қабылданбағанын;

9) айыптау қорытындысының ҚІЖК-нің талаптарына сәйкес жасалғанын-жасалмағанын;

10) алдын ала тергеу жүргізуде қылмыстық іс жүргізу заңын елеулі бұзушылыққа жол берілгені-берілмегенін тексеруі міндетті.

Прокурор айыптау қорытындысымен келіп түскен істі қарайды және он тәуліктен аспайтын мерзімде ол бойынша мынадай іс- әрекеттердің бірін жүргізеді:

1) өзінің қарарымен айыптау қорытындысымен келісетінін білдіреді және айыпталушыны сотқа береді;

2) өзінің қаулысымен айыптаудың жекелеген тармақтарын жоққа шығарады не айыпталушының әрекетін жеңілірек қылмыс туралы заңды қолдана отырып, қайта саралайды,

3) қылмыстық і сті толық көлемінде немесе жекелеген айыпталушыларға қатысты тоқтатады;

4) қосымша тергеу жүргізу немесе айыптау қорытындысын қайта жасау үшін өзінің жазбаша нұсқауларымен бірге істі тергеушіге қайтарады;

5) жаңа айыптау қорытындысын жасайды;

6) қорғау куәларының тізімін қоспағанда, сотқа шақырылуға тиісті адамдардың тізімін толықтырады немесе қысқартады.

Айыптау қорытындысымен келіп түскен іс бойынша прокурор дәлелді қаулысымен айыпталушыға таңдап алынған бұлтартпау шарасының күшін жоюға немесе өзгертуге, не егер ондай бұлтартпау шарасы қолданылмаған болса, оны таңдауға құқылы.

Прокурор бас сот талқылауында істі қарауға дайындалып болған соң (қылмыстық істің материалдарын толық зерттеу, заңмен танысу, жасалған қылмыстың ерекшелігін зерттеу және дәлелдемелерді зерттеудің тәртібі туралы ұсыныстарды дайындау) және ҚР ҚІЖК-нің 281-бабында көрсетілген мәселелерді шешкен соң, прокурор айыпалушыны сотқа беру туралы қаулы шығарады, бұдан соң ол қылмыстық істі айыптау қорытындысымен бірге дереу оны қарайтын сотқа жібереді. Істің сотқа жіберілгені туралы айыпталушы, қорғаушы, жәбірленуші және оның өкілдері, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер немесе олардың өкілдері хабарландырылады. Прокурор айыпталушыға айыптау қорытындысының көшірмесі және оған қосымшалардың табыс етілуін қамтамасыз етеді, бұл ретте қорғау куәларының тізімін қоспағанда сотқа шақырылуға жататын адамдардың тізімінде бұл адамдардың мекен-жайы көрсетілмейді. Айыпталушы Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болған және прокуратура органдарына келуден жалтарған жағдайларда, прокурор айыпталушыға айыптау қорытындысының көшірмесін тапсырмай-ақ, қылмыстық істі сотқа жібереді. Егер айыпталушының тұрып жатқан жері белгілі болса, айыптау қорытындысының көшірмесі оған почта арқылы жіберіледі. Қажат болған жағдайда прокурор республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, айыпталушының тұрып жатқан жері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ жалпы жұрттың қолы жететін телекоммуникация желілерінде айыпталушыны сотқа беру және қылмыстық істі сотқа жіберу туралы хабарлама жариялауды ұйымдастыруға құқылы. Айыптау қорытындысының көшірмесі, сондай-ақ олар бұл туралы өтінім жасайтын болса, қорғаушы мен жәбірленушіге де табыс етіледі. Айыптау қорытындысы жасалған тілді білмейтін айыпталушы мен жәбірленушіге көшірме олардың білетін тілінде аударылып табыс етілуге тиіс. Іс сотқа жіберілген соң іс бойынша өтініш пен шағымдар тікелей сотқа жолданады.





Дата публикования: 2015-06-12; Прочитано: 1664 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...