Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Негізгі құралдардың талдамалық және жиынтық есебі



Негізгі құралдардың талдамалық есебін олардың жіктемелік топтары, әрбір объекті түрлері және орны бойынша анықтау мүмкін болатындай етіп ұйымдастыру қажет. Бұл арқылы негізгі құралдардың «Мүліктік карточкалары» арқылы (негізгі құралдар есебінің мүліктік карточкасы) жүргізілетін талдамалық есебі және негізгі құралдар есебінің шоттары бойынша синтетикалық есебімен қамтамасыз етіледі. Мүліктік карточка әрбір объектіге немесе объектілердің топтарына алғашқы құжаттардың, техникалық төлқұжаттардың және басқа да құжаттардың негізінде ашылады. Толтырылған мүліктік карточкалар негізгі құралдардың жіктемелік топтары бойынша арнайы тізімге тіркеледі.

Ағымдағы және қаржылық жалдағы негізгі құралдарға мүліктік карточка ашылмайды. Олардың талдамалық есебі үшін негізгі құралдарды жалға беру актісіне тіркелген жалға беруші берген карточканың көшірмесі қолданылады. Объектіні қайта қалпына келтіру кезінде, құрылысын аяқтаған кезде немесе толықтай құралдағанда жаңадан карточка ашылады.

Тізімге тіркелген карточкалар негізгі құралдардың карточкалар ұясына орналастырылады. Ұяшықта негізгі құралдар жіктемелік топтары бойынша, ал оның ішінде орналасу жерлері бойынша топтастырылады. Қызмет істемейтін негізгі құралдардың карточкалары бөлек топтастырылады.

Негізгі құралдардың пайдалану орындарында (цехтарда, бөлімдерде) тізімін, яғни «Негізгі құралдардың мүліктік тізімдемесін» (орналасу және пайдалану жерлері бойынша) жүргізеді және онда пайдаланудағы негізігі құралдар туралы қысқаша сипаттама беріледі.

Түскен, шыққан және ұйымның ішінде орын ауыстырған негізгі құралдар бойынша «Мүліктік карточкалардағы» тиісті жазулардан кейін айдың соңына дейін орналастырмай, бөлек сақтайды. Бұны карточкалардың негізінде негізгі құралдарға амортизация есептеу үшін жасайды.

Айдың соңында осы ай үшін жазылған жазулармен карточкалар негізгі құралдардың жіктемелік белгілері бойынша топтастырылады. Әрбір негізгі құралдардың түрлеріне қарай олардың түскені және шыққаны бойынша айналымдар жинақталып, «Негізгі құралдардың қозғалысы есебінің карточкасына» жазылады. Бұл карточка жылдың басында бір жылға ашылады.

Алдыменен бұл карточкада 1 қаңтарға негізгі құралдардың түлері бойынша нақты бары көрсетіледі. Содан соң ай сайын ай ішіндегі айналымдарды жазғаннан кейін келесі айдың 1 күніне негізгі құралдардың нақты барын анықтап, жазып отырады.

Топтастырылған карточкалардың мәліметтері негізінде «Негізгі құралдар қозғалысының айналым ведомостісін» немесе «Негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің қозғалысын есепке алу жөніндегі ведомостісін» жасалады және «Негізгі құралдардың нақты бары және қозғалысы жөніндегі есептемені» жасау үшін негіз болып саналады. Бұл есептеменің мәліметтері Бас кітапқа және журнал ордерге немесе машинограммаға түсіріледі.

Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында әрбір құрылымдық бөлімшедегі (егер кәсіпорында бірнеше бөлімшелер болса) өнім және жұмыс малының қозғалысы жөніндегі жиынтық есепті бөлімше меңгерушісі «Малдар мен құстардың қозғалысы жөніндегі есеп» арқылы жүргізіп отыруға тиісті. Бұл есеп малдар мен құстардың қозғалысы жөніндегі алғашқы құжаттар мен есеп регистрі негізінде екі данада дайындалады. Бөлімше меңгерушісі есепті мерзім үшін өнім және жұмыс малының қозғалысы жөніндегі есепті алғашқы құжаттармен бірге тексеру үшін ұйымның орталық есеп бөліміне тапсырады. Малдар қозғалысы жөніндегі есеп тексеруден өткеннен кейін, ұйымның басшысымен бекітіліп, бір данасы ұйымның есеп бөлімінде қалады да, екінші данасы бөлімше меңгерушісіне қайтарылады. Бұл есепте өнім және жұмыс малының есепті мерзімдегі мал басының саны, ай ішіндегі түскені, шыққаны және есепті мерзім соңындағы мал басының қалдық саны көрсетіледі.

Қаржылық есептемелерін ҚЕХС-на сәйкес ұйымдастыратын кәсіпорындар негізгі құралдар есебін 2410 «Негізгі құралдар» шотында жүргізеді. Өнім және жұмыс малдарының есебін 2520 «Малдар» шотына ашылған 2520/1 «Өнім малдары»; 2520/2 «Жұмыс малдары» активтік шотында, ал көпжылғы көшеттердің бухгалтерлік есебін 2510 «Өсімдіктер» шотына ашылған 2510/1 «Өнім беретін көпжылдық көшеттер»; 2510/2 «Егіс алқаптарын қорғайтын көпжылдық көшеттер» және басқа да көшеттердің түрлеріне байланысты ашылатын аралық шоттарда жүргізуге болады.

Бұл бөлімнің шоттары ұйымның меншікті пайдалануындағы шаруашылық жүргізу немесе жедел басқаруындағы, ұзақ мерзімді жалдағы, негізгі құралдардың, өнім және жұмыс малдары мен көпжылдық көшеттердің нақты бары, қозғалысы жөніндегі мәліметтерді жинақтауға арналған.

Негізгі құралдарға тиісті шоттардың дебеті негізгі құралдардың бастапқы құндарымен түсу кезінде төмендегі шоттармен корреспонденция-ланады:

- 2930 «Аяқталмаған құрылыс» - ұйымның шаруашылық әдісімен салынған негізгі құралдарды пайдалануға берілуі;

- 1030 «Ағымдағы банктік шоттардағы ақша қаражаты», 1010 «Кассадағы ақша қаражаты» арқылы негізгі құраладрды сатып алу;

- 3310 «Жабдықтаушылар мен мердігерлерге қысқа мерзімді кредиторлық берешек», 3390 «Өзге де қысқа мерзімді кредиторлық берешектер» - төлем арқылы заңды және жеке тұлғалардан негізгі құралдарды сатып алу кезінде;

- 5110 «Төленбеген капитал» - негізгі құралдар объектісін құрылытайшылардың жарғылық қорға салған салымдары;

- 6230 «Мемлекеттік субсидиялардан алынған кірістер» немесе 6280 «Өзге де кірістер» - басқа да заңды және жеке тұлғалардан негізгі құралдарды төлемсіз алу арқылы кірістегенде;

- 4150 «Жалдау бойынша ұзақ мерзімді берешектер» - негізгі құралдарды ұзақ мерзімді жалға алу кезінде кірістегенде.

Бухгалтерлік есепте есептен шығарылған негізгі құралдардың құны 2410 «Негізгі құралдар» бөлімінің сәйкесті шоттарының кредитінен мына шоттардың дебетіне шығарылады:

- 2420 «Негізгі құралдардың тозуы» және 7410 «Негізгі емес қызметтерден шығыстар» - сату кезінде, физикалық және моральдық тозудың нәтижесінде негізгі құралдардың істен шығуы, сонымен қатар басқа заңды және жеке тұлғаларға төлемсіз беру кезінде. Осымен біруақытта негізгі құралдарды сату кезінде алынған кіріске 6210 «Негізгі емес қызметтерден кірістер» бөлімінің сәйкесті шоттарының кредиті және 1210 «Сатып алушылар мен тапсырыс берушілердің берешегі», 1060 «Банктің арнайы шоттарындағы ақша қаражаттары», 1030 «Ағымдағы банктік шоттағы нақты ақша», 1010 «Кассадағы нақты ақша» шоттарының дебеті бойынша бухгалтерлік жазу беріледі;

- 2420 «Негізгі құралдардың тозу» және 7410 «Негізгі емес қызметтерден кірістер» - негізгі құралдар объектісін басқа ұйымдардың жарғылық қорына салым ретінде бергенде. Осымен біруақытта 6210 «Негізгі емес қызметтерден кірістер» бөлімінің сәйкесті шоттарының кредиті және 2200 «Инвестициялар» бөлімінің сәйкесті шоттарының дебеті бойынша бухгалтерлік жазу беріледі.

- 2420 «Негізгі құралдардың тозуы» және 7410 «Негізгі емес қызметтерден кірістер» - ұзақ мерзімді қаржылық жалға беру кезінде. Осымен біруақытта біруақытта 6210 «Негізгі емес қызметтерден кірістер» бөлімінің сәйкесті шоттарының кредиті және 2160 «Басқа да дебиторлық берешек» бөлімі шоттарының дебеті бойынша бухгалтерлік жазу беріледі.

- 2420 «Негізгі құралдардың тозуы» және 7510 «Төтенше жағдайлардан және тоқтатылған операциялардан кірістер (зияндар)» - төтенше жағдайлардан және тоқтатылған операциялардың нәтижесінде негізгі құралдардың шығуы.

Негізгі құралдардың істен шығуына байланысты пайда болған кірістер немесе зияндар сату құны мен баланстық құн, сондай-ақ сату және активтердің басқадай істен шығуына байланысты шығындар асрасында айырма арқылы анықталады.

Негізгі құралдарды істен шығару кезінде олардың қызмет ету ұзақтығында бөлінбеген кіріске апарылмаған қайта бағалаудың жалпы сомасы 5320 «Негізгі құралдарды қайта бағалаудан қосымша төленбеген капитал» шотының дебетінен 5510 «Есепті жылдың бөлінбеген кірісі (жабылмаған зияны)» шотының кредитіне шығарылады.





Дата публикования: 2014-10-30; Прочитано: 1917 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.008 с)...