Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Негізгі құралдарды жіктеу, бағалау және есепте алғашқы тану



Ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі құралдар ұйымдардың қызмет істейтін активтерінің негізгі бөлігін құрайды. Негізгі құралдарға материалдық, яғни материалдық-заттық нысаны бар активтер жатады, мысалға жылжымайтын мүлік (жер, ғимараттар мен құрылыс-жайлар және жермен байланысты басқа да объектілер), машиналар мен құрылғылар, көлік құралдары және т.б., яғни төмендегі талаптарға жауап беретіндер:

- өнімдер (жұмыстар мен қызметтер) өндіруге, тауарларға жеткізуге, басқа ұйымдарға жалға беруге немесе әкімшілік және шаруашылық мақсаттарға пайдалануға арналған;

- бір жылдан артық пайдаланылатын;

- сатып алушыларға қайта сатуға жатпайтындар.

Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында табиғаттың өзі берген басты құралы жер болып табылады. Жер өндіріс құралы ретінде – еңбек процесінің негізгі және қажетті элементі болып болып саналады.

Негізгі құралдар ұзақ мерзім пайдаланылатын сипатқа ие болады. Негізгі құралдарды пайдаланудың сандық бағалануы олардың пайдалану мерзімімен анықталады. Негізгі құралдардың пайдалану мерзімі ұйымның осы объектіні болжамды пайдалану мерзімі немесе осы объектіні пайдалану арқылы ұйымның өндіретін өнімінің мөлшері немесе орындайтын жұмыстары мен қызметтерінің көлемі болып саналады. Негізгі құралдар объектісінің пайдалану мерзімінің мерзімдік немесе натуралдық өлшемін таңдап алу объектінің функционалдық жарамдылығына, яғни оның экономикалық пайда әкелу мүмкіндігіне байланысты болады.

Негізгі құралдардың бухгалтерлік есебі олардың түсуін, алғашқы мойындалуын, ішкі орын ауыстыруын, амортизацияның (тозуының) есептелуін, кейінгі шығындардың есебін, сату бойынша нәтиженің есебі мен басқа да шығыстарды дер кезінде және толық көрсетуді, құжатпен рәсімдеуді қамтамасыз ету қажет.

Сонымен бірге негізгі құралдар есебінің міндеті болып негізгі құралдардың артық шыққанын, пайдаланбағанын және тиімсіз пайдалануын анықтап, олардың сақталуын қамтамасыз ету қажет.

Негізгі құралдар есебін дұрыс ұйымдастыру үшін алдыменен олардың жіктемесін ажыратып алу қажет.

Пайдалану мақсатына қарай негізгі құралдар өндірістік және өндірісітк емес болып бөлінеді.

Өндірістік негізгі құралдар өндіріс процесіне тікелей қатысатын немесе оған қажетті жағдайлар жасайтын негізгі құралдар. Оларға төмендегілер жатады:

Жер (жер учаскілері).Есеп бірлігі болып меншік құқығындағы немесе тұрақты пайдалану құқығындағы жекелеген жер учаскілері саналады.

Ғимараттар өндірістік цех, шеберхана ғимараттары.

Құрылыс-жайлар (мұнай және газ құбырлары, шахта бағаналары, автокөлік жолдары, көпірлер мен су құбырлары), яғни өндіріс процесінің техникалық және жалпы функцияларын орындау үшін арналған инженерлік-құрылыс объектілері. Есептің бірлігі болып барлық құрылымдық құрылғылары бар әрбір бөлек құрылыс-жайлар саналады.

Беріліс құралдары (электр желілері, траснмиссиялар, құбыр жолдары, жылу желілері, газ желілері және т.б.), яғни электр, жылу, механикалық энергияларды жеткізуші машиналардан жұмыс машиналарына, сонымен қатар бір есеп бір есеп бірліктерінен екінші есеп бірліктеріне сұйық және газ күйіндегі заттарды тасымалдау үшін арналған объектілердің жиынтығы.

Машиналар мен құрылғылар, олар келесі топтарға бөлінеді:

а) күш машиналары мен құрылғылары (атом реакторлары, қазандар, бу күш трасформаторлары, ішкі өрт құрылғылары), яғни электр, жылу энергияларын өндіретін және оларды механикалық энергияға айналдыратын машина-генераторлар және машина-қозғалытқыштар. Машиналар мен құрылғылар тобы бойынша есеп бірлігіне, осы машиналар мен құрылғылардың құрамына жататын құрылымдар мен құрылғылар жатады;

б) жұмыс машиналары мен құрылғылар (станоктар, аппараттар, әртүрлі мақсаттағы агрегаттар). Жиынтығында бұл құрылғылар өнім өндірісі процесінде еңбек құралдарын механикалық, химиялық және басқа да технологиялық қозғалысқа келтіруге арналған;

в) пайдаланудағы техникалардың жұмысын өлшеу, өндіріс процесін реттеу, шикізаттар мен материалдардың, дайын өнімдердің, орындалған жұмыстардың сапасын, ауаның ылғалдылық деңгейін, дыбыстардың әсерін, сонымен қатар басқа да санитарлық-гигиеналық жағдайларды анықтау үшін қолданылатын өлшеуші - реттеуші және зертханалыққұрылғылар мен құрылымдар (манометрлер, таразылар, диспетчерлік бақылау үшін құрылғылар, дабыл құрылғылары, зауыт және ғылыми-зерттеу зертханаларының құрылғылары, микроскоптар, термостаттар және т.б.). Өлшеуші және реттеуші құрылғылардың мүліктік объектілер ерекшелігі ретінде олардың өзіндік маңызы бар және басқа объектілердің құрамы болып саналмайтындығында;

г) компьтерлік техника (электрондық-есептегіш, басқарушы және балама машиналар, сандық есептегіш машиналардың барлық түрлері мен жүйелері);

д) басқа да машиналар мен құрылғылар – жоғарыдағы жіктемеге жатпайтын басқа да машиналар мен аппараттар және құрылғылар.

Көлік құралдары адамдардың қозғалысын және жүктер мен басқа да заттардың тасымалын қамтамасыз ететін қозғалыс құралдары.

Басқалары:

а) құрылғылар (электр тескіштер, бұзу балғалары және басқалары) – қол еңбегі кезінде немесе машиналардың қызметтерін күшейту үшін оларға бекітілгеннегізгі құралдар;

ә) өндірістік құрылғылар мен оның құрамдас бөліктері (бөшкелер, дүңгіршіктер мен мүліктік ыдыстық заттар) – жұмыс кезінде өндірістік операцияларды жеңілдету үшін қолданылады;

б) жұмыс және өнім малы (жылқы, сиырлар, асыл тұқымды биелер, бура және інген түйелер, қабан және ұрғашы шошқа және т.б.). Бұл топтағы есеп объектісі болып әрбір жоғары жастағы малдар саналады.

в) көп жылғы көшеттер (көгалдандырғыш, декоративтік, өнім беретін көшеттер және т.б.);

Өндірістік емес негізгі құралдар – тұтынуға арналған негізгі құралдар. Олар өндіріс процесіне қатыспайды, бірақ мәдени-тұрмыстық қажеттілктерге қызмет көрсетуге арналған негізгі құралдар. Оларға төмендегілер жатады:

Тұрғын-үй ғимараттары және басқа да, әкімшілік-шаруашылық, әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы құрылыс объектілері. Бұл топта есеп бірлігі болып өзіндік шаруашылық мақсаттағы әрбір бөлек тұрған ғимараттар мен құрылыс-жайлар саналады (қоймалар, гараждар және т.б.). «Ғимараттар» тобының есеп бірлігі құрамына оны толық пайдалану үшін қажетті барлық коммуникациялар (жылыту жүйелері, жарық, желдеткіш, су және газбен жабдықтау, ішкі телефон және сигнализация, лифті шаруашылығы).

Басқа да негізгі құралдар (кітапхана қорлары, мұражай құндылықтары, жалдағы негізгі құралдар үшін күрделі шығындар, қару-жарақтар, қызмет бағытындағы иттер және басқалары).

Негізгі құралдарды пайдалану деңгейіне байланысты есепте пайдаланудағы, пайдаланудан тыс және қордағы деп бөледі. Сонымен қатар, бухгалтерлік есепте негізгі құралдар меншікті, яғни ұйымның меншігіндегі, жалдағы, яғни ақылы уақытша пайдаланудағы болып бөлінеді.

Негізгі құралдарды алғашқы тану және бағалау. Негізгі құралдар есебін дұрыс ұйымдастырудың негізгі ұстамы болып олардың есепте алғашқы мойындалуы болып саналады. Болашақ экономикалық пайда алу үшін негізгі құралдар:

Негізгі құралдарды алғашқы таныған кезде ұйым мынадай сәттерге көңіл аударғаны жөн:

1) Қосалқы бөлшектер мен жөндеу жабдықтары әдетте қорлар ретінде танылады. Алайда негізгі қосалқы бөлшектер мен резервтік жабдықтар, егер ұйым оларды бір кезеңнен артық пайдалануды жоспарласа, негізгі құралдар деп танылуы тиіс. Сондай-ақ егер қосалқы бөлшектер немесе қосымша жабдық белгілі бір объектімен ғана пайдаланылса және оларды пайдалану тұрақты болмайды деп күтілсе, олар тиісті активтерді пайдалы қолдану мерзімінен аспайтын уақыт кезеңінің ішінде олардың пайдалануға дайын сәтінен бастап негізгі құралдар деп танылуы және амортизациялануы тиіс.

2) Тікелей болашақ экономикалық пайдаларды жоғарлатпайтын, бірақ ұйымның оларға жатқызылған басқа да активтерді пайдалануынан болашақ экономикалық алуын қамтамасыз ету үшін қажетті шарт болып табылатын қауіпсіздік мақсаттары және қоршаған ортаны қорғау үшін сатып алынған объектілер негізгі ретінде танылады.

Актив ретінде тануға жататын негізгі құралдар сатып алу бойынша жұмсалынған нақты шығындар құны (өзіндік құны) бойынша өлшенеді.

Негізгі құралдың өзіндік құнына сауда жеңілдіктерін шегере отырып, сатып алуға арналған импорттық баждар мен өтелмейтін салықтарды қоса алғанда активтің сатып алу бағасы, мақсатына сай пайдалану үшін активті жұмыс жағдайына келтіру жөніндегі тікелей шығындар, сондай-ақ активтерді демонтаждауға және істен шығаруға арналған бағалау шығындары қосылады.

Негізгі құралдардың өзіндік құнына төмендегі шығындар енгізіледі:

- негізгі құралдардың құрылысына және оларды сатып алуға тікелей байланысты қызметкерлердің еңбек ақысына арналған шығындар,

- құрылыс учаскесін дайындауға арналған шығындар;

- тиеу-түсіру жұмастары мен бастапқы жеткізу шығындары;

- орнатуға және монтаждау жұмыстарына арналған шығындар;

- негізгі құралдарды алғашқы іске қосуға байланысты шығындар;

- қызметкерлерге сыйақылар;

- негізгі құралдардың құрылысына байланысты жер учаскесін қалпына келтіру бойынша шығындар.

Негізгі құралдар басқа активке айырбастауға сатып алынғанда алынған объектінің іс жүзіндегі құны төленген ақша қаражатының немесе олардың баламасының сомасына түзетілген берілген активтің әділ құнына тең келетін оның әділ құнына тең қабылданады. Жаңа активтің анықталған әділ құнының және оған айырбасқа берілген активтің баланстық құны арасындағы айырмашылық айырбас операциясынан пайда немесе шығын туындатады.

Егер айырбас жөніндегі операция коммерциялық негізге негізделмесе немесе алынған активтің де, берілген активтің де әділ құны сенімді бағаланбаса, сатып алынған негізгі құралдардың құны берілген активтің баланстық құны бойынша бағаланады. Алайда алынған активтердің әділ құны берілген активтердің құнсызданғандығы туралы куәландырады. Бұл жағдайда берілген активтің құнын ішінара есептен шығару жүргізіледі және бұл есептен шығарылған құн жаңа активке жатқызылады.

Актив ретінде танылған негізгі құралдарға жатқызылған оның пайдалы қызметінің мерзімін ұзарту немесе болашақ экономикалық пайданы арттыруға әкелетін бастапқы есептелген нормативттік көрсеткіштерден тыс өнімділікті арттыру үшін осы объектінің ахуалын жақсартуға бағытталған келесі шығындар олардың баланстық құнын арттырады. Мысалы, оның қуаттылығын арттыруды, өнім сапасын елеулі жақсартуға қол жеткізу үшін машиналардың бөлшектерін жетілдіруді, бұрын бағаланған операциялық шығындарды елеулі қысқартуға мүмкіндік беретін жаңа өндірістік процестерді енгізуді қоса алғанда модификациялау. Барлық өзге де келесі шығындар олар келтірілген есепті кезеңнің шығыстары деп танылады.

Объектінің техникалық ахуалын сақтау және қолдау мақсатында жүргізілетін негізгі құралдарды жөндеуге және пайдалануға арналған шығындар бастапқы құнды арттырмайды, туындаған сәтке ағымдағы шығыстар ретінде танылады. Дұрыс пайдаланбау нәтижесінде апаттар мен активтің өзге бүлінуінің салдары болып табылатын негізгі құралдарды жөндеуге және қайта қалпына келтіруге арналған шығындар шығындарға жатқызылады.

Негізгі құралдардың құрауыштары жекелеген активтер ретінде есептеледі, өйткені олардың өздері жатқызылған негізгі құралдарға қарағанда өзге пайдалы қолдану мерзімі бар. Осылайша, негізгі құралдарды тану өлшемдері қанағаттандырылса, негізгі құралдардың құраушын ауыстыру немесе жаңарту кезінде тартылған шығындар жекелеген активті сатып алу ретінде ескеріледі, ал ауыстырылған актив есептен шығарылады.

Бастапқы танылғаннан кейін негізгі құралдар барлық жинақталған амортизацияны есептен шығарғанда олардың өзіндік құны бойынша ескеріледі.

Негізгі құралдарды бағалаудың түрлері. Есепте және есеп беруде негізгі құралдарды көрсету үшін бағалаудың келесі түрлері қолданылады: бастапқы құн, дұрыс құн, баланстық құн, ағымдағы құн, орын толтыру құны, амортизациялық құн.

Бастапқы құн – активтерді сатып алу, салу кезінде оларға төленген ақша қаражаттары мен олардың баламалары немесе басқа да орын толтырудың дұрыс құндары.

Баланстық (қалдық) құн – негізгі құралдардың жинақталған тозу құндарын шегеріп тастағандағы баланста мойындалған құны.

Дұрыс нарықтық құн (сату құны) – тәуелсіз жақтардың арасынданегізгі құралдардың объектісіне байланысты мәміле жасасу кезінде төленетін ақша қаражаттарының сомасына тең болады.

Жою құны – ұйымныңнегізгі құралдардыпайдалану мерзімі аяқталған соң оларды жоюға байланысты шығындарды шегеріп тастағандағы анықтаған таза сомасы. Атап өту қажет, активтердің жойылу құны тікелей өлшеу арқылы емес шама (балама) көрсеткіштері негізінде есептелгентіктен, есепті болып саналады.

Амортизациялық құн – негізгі құралдардың жойылу құнын шегеріп тастағандағы қаржылық есеп беруде бастапқы құнның орнына көрсетілетін активтердің бастапқы құнын немесе басқа да бағаларын көрсетеді.

Ағымдағы құн – осы уақытты активтерді сатып алуға жұмсалатын ақша қаржаттарының немесе олардың баламаларының сомасы.

Төлем арқылы сатып алнған негізгі құралдардың бастапқы құны импорттық кеден баждарын және сатып алу үшін орны толтырылмаған салықтарды, соымен қатар объектіні жұмыс жағдайына келтіру үшін қажетті шығындарды қоса алғандағы сатып алу бағасынан тұрады.

Ұйымның өзі дайындаған негізгі құралдардың бастапқы құндарына құрылыспен байланысты барлық жұмсалған шығындар, яғни материалдар, еңбек ақы, үстеме шығындардың үлесі, архитекторлар мен заңгерлерге төлемдер, құрылыс кезіндегі сақтандыру шығындары енгізіледі. Мұндай жағдайда құрылыс объектісін салу үшін несие пайыздары олардың бастапқы құндарына енгізіледі.

Жерді, ғимараттар мен құрылыс жайларды олардың әрбіреуінің бағыты бойынша пайдалану мақсаты үшін бір бүтін ретінде сатып алу кезінде осы объектілердің бастапқы құндарын бөлу қажет, себебі ғимараттар мен құрылыс жайлар шектеулі пайдалану мерзіміне ие бола отырып, тозуға ұшырайды. Жер амортизацияланбайды, себебі оның құны төмендемейді деп есептелінеді және өндіріс процесі кезінде тозбайды. Егер осындай жағдайда пайдалануға тек жер арналған болып, ал ғимараттар мен құрылыс-жайлар жойылуға жататын болса, онда құн арасындағы бөлу жүргізілмейді және сатып алынған объекті болып жер саналады. Жою (ығыстыру) бойынша шығындар жою кезінде объектіні тұтастай немесе оның бөліктерін сатудан түскен түсімдерді шегеріп тастағанда жердің бастапқы құнымен есептеледі.

Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында өнім және жұмыс беретін малдар негізгі құралдар қатарында есепке алынады. Өнім және жұмыс малдарына ірі қара шаруашылығында сиыр, бұқа, өгіздер; қой шаруашылығында аналық саулықтар мен қошқарлар; бие шаруашылығында бие мен жылқы; түйе шаруашылығында бура және інген түйелер; шошқа шаруашылығында қабан және ұрғашы шошқа жатады.

Негізгі табынға ауыстырылған малдар – нақты өзіндік құны бойынша бағаланады.

Негізгі табынға қосып қою үшін сатып алынған малдар – әділ құны бойынша бағаланады.

Жас көшеттер – оларды отырғызуға, күтуге, толықтыруға, отауға, яғни көшеттерді отырғызу сәтінен пайдалануға өткізуге дейінгі кезеңде жұмсалынған нақты шығындар бойынша бағаланады.

Құрылытайшылардың жарғылық қорға салым ретінде салған негізгі құралдары – құрылытайшылар арасындағы келісілген баға бойынша есепке алынады.

Негізгі құралдарды ұйымның өзі дайындаса немесе төлем арқылы сатып алынса – нақты жұмсалған шығындардың сомасы бойынша бағаланады.

Негізгі құралдарды заңды немесе жеке тұлғалардан төлемсіз алған кезде-сараптамалық жолмен немесе қабылдау тапсыру актісінің мәліметі бойынша есепте көрсетіледі.





Дата публикования: 2014-10-30; Прочитано: 5019 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.014 с)...