Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Ауыл шаруашылық өнімдері мен материалдық қорлардың қозғалысы бойынша құжат айналымы



Ауыл шаруашылық өнімдері мен материалдық қорларының қозғалысы бухгалтерлік есепке негіз болып саналатын алғашқы құжаттардың негізінде рәсімделеді. Алғашқы құжаттар операциялардың болған кезінде рәсімделіп, әрбір құжатқа тиісті міндетті реквизиттерді қамтуы қажет.

Материалдық құндылықтардың қозғалысы бойынша операцияларды тиісті алғашқы құжаттармен дер кезінде және дұрыс рәсімдеу материалдық құндылықтардың сақталуын, үнемді жұмсалуын және материалдық шығындардың барынша төмендетілуін қамтамасыз етеді.

Өсімдік шаруашылығы өнімдерінің түсімін құжаттау. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында астық өнімдерін комбайнмен жинап, оны қырманға кірістеген кезде «Астықты және басқа да өнімдерді егіс алаңынан жөнелту тіркемесі» үш данамен толтырылады. Оның біреу комбайншыда, екіншісі жүргізушіде, үшінші данасы қырман меңгерушісінде қалады.

Егіс алаңынан астықты немесе өсімдік шаруашылығының басқа да өнімдерін жөнелту кезінде жоғарыда айтылған тіркеменің орнына «Егістен астықты шығару жол қағазы» құжатын толтыруға болады.

Егіс науқаны кезінде астықты қырманға немесе арнайы сақтау орындарына кірістеуге байланысты құжат санын азайту мақсатында «Астықты және басқа да өнімдерді егіс алаңынан жөнелту тіркемесі» құжатын екі данада толтырып, қырманға немесе сақтау орынына келіп түскен астық өнімдері бойынша «Астық және басқа да өнімдерді кірістеу реестрі» құжатын рәсімдеп, бір есепті күн ішінде бірнеше комбайншы арқылы кірістелген астық өнімдерінің көлемін тіркеуге болады.

Кәспорынның қырманына немесе қоймасына келіп түскен астық немесе басқа да өсімдік шаруашылығы өнімдердің салмағы міндетті түрде шегіледі. Қырман меңгерушісі қырманға кіргізілген астықты автокөлікпен бірге өлшейді және «Өлшенген астықты және басқа да өнімдерді кірістеу реестріне» астықты жинаған комбайншының аты-жөнін, астықты тасымалдаған жүк автокөлігі жүргізушісінің аты-жөнін, автокөліктің мелекеттік тіркеу нөмірін жазады.

Жұмыс уақытының соңында қырман меңгерушісі күн ішінде қырманға қабылданған барлық астықтың көлемін және әрбір комбайншы бойынша қабылдаған астық көлемін есептеп, шығарады.

Астықты егіс алаңынан қырманға немесе сақтау орындарына тасымалдаушы жүргізуші ауысым соңында «Егістен астықты шығару жол қағазы» құжатының негізінде «Жүк автокөлігінің жол қағазы» құжатына ауысым ішінде тасымалданған астықтың жалпы салмағын көрсетіп, есепті күннің соңында немесе оның ертеңгі күні бұл құжатты ұйымның есеп бөліміне не болмаса деспетчерге тапсыруға тиісті.

Егер шаруашылықта астық науқаны кезінді жинақтаушы-бункерлер қолданылатын болса, онда комбайншыдан қырманға немесе сақтау орындарына түсетін астық есебін жүргізу үшін талон қолданылады. Мұндай жағдайда жұмыс басталар алдында комбайншыға алдын-ала нөмірленген және «Берілген талондарды тіркеу журналына» тіркелген талон беріледі.

Әрбір талон комбайннан жіберілген бір бункер астықтың есебін жүргізуге арналған. Комбайннан астықты жүк автокөлігіне аударған кезде комбайншы мен жүргізуші өзара талон алмастырады. Жүргізуші қырманға немесе сақтау орнына астықты түсіргеннен кейін қырман меңгерушісіне талонды тапсырады.

Қырманға келіп түскен астық немесе басқа да өсімдік шаруашылығы өнімдері сортталып, кептіріледі.

Ұйымның қырманындағы немесе басқа да сақтау орнындағы астықтың түсімін және оның шығысын «Астықтың және басқа да өнімдердің қозғалысы ведомостісінде» жүргізуге болады. Ведомостіні есепті күннің соңында қырман немесе қойма меңгерушісі әрбір өнім түрі бойынша толтырады.

Жоғарыда аталған алғашқы құжаттарды картоп, қант қызылшасы және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін егіс алаңдарынан комбайн арқылы жинақтап, қырманға немесе сақтау орындарына кірістеу кезінде қолдануға болады.

Жеміс-жидек, бақша өнімдері, субтропикалық және цитрустық өнімдер мен жүзім өнімдерін қоймаға кірістеген кезде «Ауыл шаруашылығы өнімдерін кірістеу күнделігі» немесе «Кіріс ордері» рәсімделеді.

Жабық егіс алқаптарынан алынған бақша, жүзім, жеміс-жидек шаруашылығы өнімдері әрбір түрі бойынша сапасы көрсетілген (стандартты, стандартты емес, қалдықтар) «Ауыл шаруашылығы өнімдерін кірістеу күнделігі» немесе «Кіріс ордері» құжатында бөлек көрсетілуге тиісті.

Өсімдік шаруашылығы өнімдерін жөнелту және жұмсау бойынша құжат айналымы. Өсімдік шаруашылығы өнімдерін жөнелту немесе жұмсау кезінде «Жүкқағазы», «Тауарлық-транспорттық жүкқағазы», «Акті», «Ведомостілер» және басқа да алғашқы құжат үлгілері қолданылады.

Шаруашылықтың ішінде дайын өнім қозғалысы «Ішкі орын ауыстыру жүкқағаздары» арқылы рәсімделеді.

Егіс алқабынан малдың қыстайтын жеріне дейін мал азығын жөнелту үшін материалдық жауапты тұлғаның атына жазылып берілген «Жүкқағазы» не болмаса «Жүк автокөлігінің жол қағазы» рәсімделеді.

Астықты немесе ауыл шаруашылығының басқа өнімдерін дайындаушы ұйымдарға, диірменге немесе сатып алушыларға жөнелту кезінде «Тауарлық-транспорттық жүкқағазы», «Жүк автокөлігінің жол қағазы», «Шот фактура» толтырылады.

Жоғарыда аталған алғашқы құжаттарды рәсімдеген кезде қойма меңгерушісі міндетті түрде оларды «Өнімдерді жөнелту бойынша құжаттардың тіркемесіне» немесе арнайы ашылған «Шығыс құжаттарының журналына» тіркеуі қажет.

Тұқым ретінде отырғызылатын шикізаттар мен материалдар сақтау орындарынан егіс алқаптарына «Тұқым және отырғызылатын материалдардың шығыс актісі» арқылы жіберіледі.

Шаруашылықтың орталық қоймасынан әрбір бөлімшеге жем-шөпті жөнелту кезінде оның салмағын өлшеп, ылғалдылығын, майлылығын және басқа да сапалық белгілерін анықтап «Азық шығынының ведомостісі» негізінде жібереді. Мал азығының шығын лимитін бекіту үшін малдарды азықтандырудың рационы қолданылады. Ведомості екі данамен толтырып, оның бір данасы жауапты тұлғада қалады да, екінші данасы азықтық алушы тұлғаға беріледі.

Жалпы малды азықтандыруға жұмсалған азық шығыны «Азық шығыны есебінің журналында» жүргізіледі.

Сонымен бірге мал азығын бір қоймадан екінші қоймаға жөнелту кезінде «Ішкі шаруашылық жүкқағазы» екі данамен толтырылып, оның біріншісі орталық қоймада қалады да, екінші данасы азықты алған жауапты тұлғаға беріледі. Операциялар аяқталғаннан кейін ішкі шаруашылық жүк қағазы есеп бөліміне тапсырылады.

«Мал азығының жиынтық есебі» олардың әрбір түрлері бойынша азық шығыны есебінің журналында жүргізіледі. Бұл журналға жазу малдың әрбір топтарына қарай жұмсалынатын азықтың түрлеріне арнайы бет бөлінеді және онда жем-шөптің физикалық салмағы, азық бірлігіне айналдыру көрсеткіші, азық-күнінің саны көрсетіледі.

Мал шаруашылығына ірі және контентрациялық азықтарды сақтау орындарынан жөнелту үшін «Азық шығысының ведомостісі» немесе «Шектеп алу картасы» рәсімделуге тиісті.

Егер ұйымның қосалқы шаруашылығында өсімдік шаруашылығының өнімдері қайта өңдеуден өтікізілетін болса, онда өңделген өнімдер үшін «Қайта өңделген өнімдер анықтамасы» толтырылады.

Мал шаруашылығы өнімдерінің кірісі, жөнелтілуі және жұмсалуы бойынша құжат айналымы. Ірі қара мал шаруашылығы кәсіпорындарында сауылған сүт есебі «Сауылған сүттің есеп журналында» жүргізіледі. Бұл журнал шаруашылықтағы күн сайын сауылған сүттің есебін жүргізуге арналған.

Ай ішінде сүттің кірісі және жұмсалуы бойынша есепті шаруашылық меңгерушісі «Сүттің қозғалыс ведомостісінде» немесе «Дайын өнімнің қозғалысы ведомостісінде» жүргізеді.

Қырқылған жүннің есебін жүргізу үшін «Жүннің кіріс және шығыс күнделігі» қолданылады. Мамандандырылған қой шаруашылығы кәсіпорындарында «Жүннің кіріс және шығыс күнделігі» негізінде қой қырқу пункітінің меңгерушісі «Жүнді қырқу және қабылдау актісін» толтырады.

«Жүннің кіріс және шығыс күнделігі» әрбір бригададағы қой басы бойынша қабылдау пунктеріндегі күн сайынғы жүннің түсуі және жөнелтілу есебін жүргізу үшін қолданылады. Қырықтықшылардан жүнді қабылдау кезінде күнделікте әрбір фамилияның тұсында бірінші жолда қырқылған қойдың саны, ал екінші жолда тапсырылған жүннің салмағы көрсетіледі.

«Жүнді қырқу және қабылдау актісі» қырқылған жүнді қабылдау және оның есебін жүргізу үшін қолданылады. Бұл акті «Жүннің түсуі және жөнелтілуі жөніндегі күнделіктің» негізінде ферма және қырқу пунктінің меңгерушілерінің қатысуымен толтырылады. Актіде қойдың тұқымы, жастық тобы, қырқылған жүннің салмағы, бір бастан жоспар бойынша қырқылатын жүн салмағы мен нақты алынған жүн салмағы көрсетіледі. Бұл акті үш данада толтырылып, оның біріншісі қоймаға жүнді қабылдау үшін күнделікпен бірге тапсырылады, екіншісі жұмысшыларға еңбек ақы есептеу үшін фермада қалады, ал үшінші данасы қой қырқу жөніндегі қорытынды есеп жасау үшін зоотехникке беріледі.

Мал шаруашлығынан алынған төл есебі «Төлді қабылдау актісі», «Малдарды өлшеу ведомостісі», «Малдардың тірі салмақ өлшемін анықтау ведомостісі» сияқты алғашқы құжаттарда жүргізіледі.

«Төлді қабылдау актісін» төлді алған күні ферма меңгерушісі, зоотехник немесе бригадир екі данамен толтырады. Актіде малға жауапты тұлғаның аты-жөні, аналықтың аты немесе нөмірі, алынған төлдің саны мен салмағы, оған берілген инвентарлық нөмір, төлдің ерекше сипаты және төл алушы тұлғаның қолы көрсетіледі. Ал өлі алынған төлдер бөлек тіркеледі. Актінің мәліметтері сонымен қатар, есеп бөлімі бойынша мал басының есебін жүргізуге және жұмысшыларға еңбек ақы есептеуге қолданылады.

«Малдарды өлшеу ведомостісі» малдың нақты тірі салмағын анықтау үшін қолданады. Ведомость зоотехник немесе ферма меңгерушісі тірі салмақ өсімін анықтау кезінде, сондай-ақ шаруашылыққа мал түскенде немесе одан шыққанда кезең бойынша, не болмаса іріктеп өлшеу кезінде толтырады. Ведомосте малдың өткен мерзімдегі салмағы, шегілген күндегі салмағы және айырмашылықты, яғни тірі салмақ өсімін немесе оның төмендегенін көрсетеді.

Тірі салмақ өсімін анықтау малды өлшеу ведомосінің қорытындылаушы кезеңі болып саналады. Малдардың тірі салмақ өсімі өткен мерзімдегі өлшеу мәліметтері және осы күнгі өлшеу мәліметтерінің негізінде анықталады. Осы екі аралықта мал топтарының арасында айтарлықтай өзгерістер де болады, яғни малдардың шаруашылыққа түскені немесе шыққаны. Сондықтан, малдардың тиісті топтары бойынша жалпы тірі салмақ өсімін анықтау үшін, олардың түскенін және шыққанын да есепке алу қажет. Малды өлшеу ведомосі тірі салмақ өсімін анықтаумен қатар, жұмысшыларға еңбек ақы есептеу кезінде де қолданылады.

Мал шаруашылығынан алынған өнім әріқарай өңдеуші цехтарға немесе сатып алушыларға жөнелтілу кезінде «Шот фактура» не болмаса «Тауарлық-транспорттық жүкқағазы» арқылы рәсімделеді.





Дата публикования: 2014-10-30; Прочитано: 1639 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.008 с)...