Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырыбы: ҚР–да 12 жылдық орта білім беру моделіне көшу жағдайындағы білім беру басқарудың тәсілдері



Жоспар:

1.Білім беруді басқаруды ұйымдастырудың әлемдік тенденциялары

2. Білім берудегі басқарудың мемлекеттік – қоғамдық қызметтері мен қағидалары.

3. ҚР – да 12 жылдық оқыту жағдайында білім беру ұйымдарын басқару моделі.

Негізгі ұғымдар: білім беруді басқару, білім беруді басқару моделі, білім беруді басқарудың мемлекеттік – қоғамдық типі, білім берудегі серіктестік.

Қазіргі кезде Еуропа кеңесінің (1992) Декларациясына сәйкес 12 жылдық білім беру жүйесіне дүниежүзінің 138 жуық мемлекеттері енген. Олардың ішіне дамыған елдерден АҚШ, Жапония, Германия, Франция және т. б. кіреді. ТМД елдерінен 12 жылдық орта білім беру мерзімін Өзбекстан, Латвия, Литва, Эстония, Украина, Молдова таңдады. Қазақстан 12 жылдық білім кеңістігіне енді ғана еніп жатыр. Қазіргі кезде ҚР 107 мектебінде 12 жылдық білім беру үдерісі эксперимент түрінде жүргізілуде.

Бұл жүйенің басты мақсаты-жүйені ашық, заман талабына сай негізде дамыту. Қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі - әлеуметтік, экономикалық өзгермелі жағдайларда өмір сүруге дайын болып қана қоймай, сонымен қатар оны жақсартуға игі ықпал ететін жеке тұлғаны қалыптастыру. Мұндай тұлғаға қойылатын бірінші кезектегі нақты талаптар: шығармашылық, белсенділік, әлеуметтік жауаптылық, жоғары интеллектілік, терең білімділік, кәсіби шеберлік.

Білім беру жүйесіндегі өзгерістерді талап ететін әлемдік дамудың негізгі үрдістері: қоғам дамуының қарқындылығы; постиндустриалдық, ақпараттық қоғамға көшу; мәдениаралық өзара қатынас ауқымының кеңеюі; халықаралық ынтымақтастық нәтижесінде шешілуі мүмкін ғаламдық проблемалардың туындауы; қоғамның демократиялануы; экономиканың қарқынды дамуы, бәсекелестіктің өршуі; адам капиталы мәнінің артуы. Осыған сәйкес дамыған елдердің білім беру жүйесінде білім беру философиясы мен әдіснамасының жаңаруы, білім беру мазмұнын құру әдістерінің өзгеруі, білім беру жүйесінде жетілдірілген үлгілердің жасалуы, білім беруді басқарудың тиімді тәсілдері ұсынылып отыр. Сонымен қатар 12 жылдық білім беруге көшу төмендегі мәселелерге ерекше көңіл бөледі:

-жаңа білім технологияларының енгізілуі;

-оқытудың дәстүрлі өнімсіз стилін ығыстырып, оқушылардың танымдық белсенділігі мен өзіндік ойлауын қамтамасыз ететін дамытушы, сындарлы білім беру моделіне көшуі;

- терең және белсенді кәсіби бағдар берудің ерте жастан басталуы;

-оқушы жастарға азаматтық-патриоттық, рухани-адамгершілік, көпмәдениеттілік, денсаулық сақтау және экологиялық тәрбие беру рөлінің күшейтілуі;

-өмірлік бағдар ретінде адам бойындағы құндылықтарға қажет жағдайда түзету енгізу және жаңадан жасау;

- білім ұйымдарының оқушыны әлеуметтендірудегі рөлінің артуы.

Әлем елдері тәжірибесінде әр мемлекеттің өзіне тән орта білім беру жүйесі мен мектеп үлгісі, орта мектептердің әр қайсысының қалыптасқан өзіндік ішкі құрылымы бар. Дүниежүзінің аса дамыған елдерінде-АҚШ-та, Англияда, Швейцарияда, Канада мен Германияда жалпы білім беру ұзақтығы 12 не 13 жыл, Голландияда 14 жыл, ал Кореяда, Жапонияда, Швецияда, Францияда, Италияда – 12 жыл. Тек экономикасы жаңа дамып келе жатқан елдерде ғана орта мектеп 10-11 жылдық.

Сонымен, дүние жүзінде орта, жалпы білім беру келесідей бағыттарда жүзеге асырылатындығы анықталды, олар:

1.Барлық балаларға, жастарға бірдей білім беру; білімнің ашықтығы, біліммен ақпарат алудың барлық азаматтарға мүмкін болуы.

2.Оқу бағдарламаларының оқушының жеке басының қызығушылығы мен талғамдарын ескеруге, дамытуға, олардың бойында жалпы оқу іскерліктерін қалыптастыруға, сондай-ақ әр оқушының және қоғамның мүддесі мен қажеттіліктерін ескеруге, жеке тұлғаны жоғары сапамен оқытуға, тәрбиелеуге, дамытуға және жеке тұлғалық оқу үдерісін ұйымдастыруға бағдарлануы.

3.Оқушының отбасылық экономикалық-әлеуметтік жағдайына, жынысына, қоғамдық мәртебесіне, ұлтына, дініне қарамастан оның қабілетін барынша дамыту көзделген.

4.Жастардың күнделікті қоғам өмірінде болып отыратын өзгерістерге тез бейімделуіне жол сілтеу болып табылады.

5.Әрбір оқушыға сол социумға сәйкес тарихи қалыптасқан, ең тұрақты рухани, дүниетаным және мәдени құндылықтарының таратылуы және бекуі.

Жоғарыда аталған әлемдік әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы 12 жылдық білім беруге көшу Қазақстан мектептерін:

1. Әлемдік деңгейге көтеруге жағдай жасайды.

2. Оқудың жылдық жүктемесі жеңілдейді.

3. Кәсіптік білім береді.

4. Жеке тұлғаны дамытуға ықпал етеді.





Дата публикования: 2015-03-29; Прочитано: 1888 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...