Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Ауыр бетон материалдары 2 страница



Портландцементпен жасалған бетонға 7 тәулік бойы ал басқа цементтермен жасалғандарына 14 тәулік бойы су құяды. Әсіресе түнде суды көп құю қажет.

Қыстыгүні бетон жұмыстарын жүргізгенде белгілі уақытқа шейін бетонға жылы температура қамтамасыз етуі керек. Бұның бірнеше тәсілі бар.

«Термос» тәсілі бойынша бетонның қатаюы кезінде оның жылылығын бетонның құрамдас бөліктерін (су, құм, ірі толтырғыш) қыздыру арқылы және цемент қатайғанда шығаратын жылылықты сақтау арқылы қамтамасыз етеді. Қолданатын цемент түріне сыртқы температураға бетон қоспасын тасымалдау ұзақтығына және басқа да жайттарға байланысты тек суды ғана немесе сумен толтырғышты жылытады. Бетон қоспасының қоюлануына және жайылмалық оңтайлығын жоғалтуына жол бермес үшін бетон қоспасының құрамдас бөліктерін бетон қоспасының араласуы аяқталғанда оның температурасы 40ºС-дан артпайтындай етіп қыздырады.

Белгілі уақытқа шейін температураны сақтау үшін арнаулы жабдықтың қажеті жоқ, бетон күтімі жабынның дұрыс болуы мен температураның сақталуын қадағалауға болады. Алайда бұл тәсілді аумақты конструкцияларды (тұтас іргетастарды) бетондағанда ғана қолданады. Ал аумағы аз конструкцияларды (ұстыңдар, арқалықтар, жабындар) бетондағанда бумен қыздыру және электр жылыту әдісі қолданылады.

Бумен қыздыруда қалыптың қос қабырғасы арасына («бу көйлегі») немесе қалыптың ішкі қабырғасы бойынша жасалған каналдар (булық жіңішке тамырлар) су буы жіберіледі. Сонда бетонның температурасы 50-70 º С-ға дейін көтеріледі, сөйтіп

1-2 тәуліктен соң маркалық беріктіктің 50-70%-дей беріктікке жетуге мүмкіндік туады.

Электрмен жылыту әдісі әртүрлі тәсілдермен жүзеге асады; электродтық қыздырумен, әртүрлі электр қыздырғыш қондырғылармен, индукциялық қыздырумен т. б. Осы аталған тәсілдерді қолданып, 1-2 тәуліктен соң бетонның беріктігін оның маркалық беріктігінің 70%-не жеткізуге болады.

Химиялық қоспаларды бетондағы судың қату температурасын төмендету үшін қолданылады. Химиялық қоспалар ретінде хлорлы кальций мен натрий, натрий нитриді потаж және т. б. қолданылады.

БЕТОННЫҢ АРНАУЛЫ ТҮРЛЕРІ

Жай бетондарға қарағанда арнаулы бетондар оларды құрылыстың әрқилы түрлеріне қолдануға жарамды ететін өзіндік қасиеттерімен ерекшеленеді.

Гидротехникалық бетон жәй бетондарға қарағанда тығыздығының су өткізбейтіндігін жегі сулардың әсеріне төтеп бере алатындығының артықтығымен ерекшеленеді.

Бетонға мұндай қасиеттер беру үшін сульфатқа төзімді пуццолан цементін, кесектің құрамы жақсы сұрыпталған жоғары сапалы толтырғыштар қолданып, бетонды мұқият дайындау мен жайлалауды қамтамасыз етеді және қата бастаған бетонға дұрыс күтім жасайды.

Жолдық бетон автомобиль даңғыл жолдарының өнеркәсіп кәсіпорындарымен көше жолдарының жабындарына қолданылады.

Жолдың бетонды жасауға жұмсартқыш қосылған портландцемент немесе 500 маркалы құрамында үш кальцийлы алюминаттан аспайтын гидрофобты цемент қолданылады. Жолдық бетонға толтырғыш ретінде қоспалардан тазартылған құм немесе тығыз тау жыныстарынан (гранит, габбро және т.б.) ұсақталған жарма тас қолданылады.

Сәндік бетондар соңғы жылдары ғимараттардың эстетикалық көркемдігін арттыру үшін қолданыладын болды. Олар тұрғын үй және қоғамдық үйлердің қоршауларын, сыртқы және ішкі қабырғалардың беттерін қаптауға арналған тақталарды, саты баспалдақтарын қасбет элементері, кіші сәулет пішіндерін, арнаулы міндет атқаратың бұйымдарды жасауға пайдаланады.

Бетонның мұндай түрін алу үшін түрлі – түсті құрамдас бөліктер - ақ және түсті цементер, сілтіге төзімді пигментер, түрлі – түсті тау жыныстарынан алынған толтырғыштар қолданылады. Сәндік нәтиже сұр және түсті бетонды кестелік өң берік өндеу арқылы қол жеткізіледі.

Ыстыққа төзімді бетон. Отқа төтеп беру дережесіне қарай ыстыққа төзімді беондар 1770ºС-ға дейін шыдайтын аса отқа төзімді, 1580-1770ºС-қа шыдайтын отқа төзімді, 1580ºС-тан төмен ыстыққа шыдай алатын ыстыққа төзімді бетон болып бөлінеді.

Ыстыққа төзімді бетон жасау үшін біріктіргіш ретінде сазбалшықты цемент, портландцемент, қожпортландцемент және кремний фторлы натрий қосылған сұйық шыны қолданылады. Толтырғыштар және майда тартылған бөліктері ретінде металлургиялық қождар, керамикалық және отқа төзімді материалдардың үгінділері, базальт, диабаз, андезид, артик туфы және т.б. қолданылады.

Отқа төзімді бетондармен өнеркәсіп пештерінің ішін қаптайды, туннель пештері вагоншаларының астын жасайды, домна және мартен пештерінің іргетастарын, түтін мұржаларын және т.б. жасайды. Отқа төзімді бетондарды қолдану құрылыс мерзімін қысқартуға, құрылыс құнының төмендеп, еңбек шығындарының азаюына ықпал етеді.

Аса ауыр бетондарды атом станцияларының қызыметкерлері радиоактивті сәулелерден қорғау үшін қолданылады.

Біріктіргіш ретінде портландцементер, сазбалшық портландцементтер, қожпортландцементтер жүреді. Гидраттық бетондардың (химиялық байланыстағы су мөлшерінің көп болуына қарай солай аталған) қорғаныш қасиеттерін артыру мақсатымен оларға бор карбидін, хлорлы литий және т.б. қосылады.

Аса ауыр бетондардын беріктігі мен ұзақ мерзімге шыдауы жай ауыр бетондардікіндей.

Бетон полимерлер деп арнаулы өндеу арқылы кеуектеріне полимер толтырылған бетондар аталады. Сонда бетонның физикалық – механикалық және химиялық қасиеттері әжептәуір артады.

Бетонға полимер сіңіру оның құнын артырады, сондықтан оны экономикалық жағынан ақталса ғана қолданылады.

КЕУЕКТІ ТОЛТЫРҒЫШТЫ ЖЕҢІЛ БЕТОНДАР

Біріктіргіштер: Жеңіл бетондарға біріктіргіштерді бетонның қатаю жағдайларын (табиғи қатаю, булау, автоклавта ұстау), бетонның қажетті беріктігін, қажетті біріктіктегі төзімдігі, пайдалану жағдайлары мен басқа жайттарды есепке алып тандайды. Жеңіл бетондарды біріктіргішті қарап цементтік, әктік, гипстік, аралас біріктіргіш пен сұйық шыны қосылып жасалған бетондарды жеңіл бетондар деп атайды.

Автоклавта қатайтылмайтын жеңіл бетондарды портландцемент, қожпортландцемент, пуццолан портландцементтін және тез қатаятын портландцементті пайдаланады.

Толтырғыштар. Жеңіл бетондар жасау үшін табиғи немесе қолтума кеуек тас материалдарын қолданылады.

Кеуекті табиғи толтырғыштарды кеуекті тау жыныстарын көбік тасты, жанартау туфы, әк-ұлу тас және басқаларын ұсақтау арқылы алады.

Қолтума толтырғыштар ретінде өнеркәсіп қалдықтары мен табиғи тас материалдарын арнайы өңдеу арқылы алынған материалдар жүреді.

Өнеркәсіп қалдығы болып табылатын және алдын-ала өңделмей қолданылатын толтырғыштарға металургиялық және отындық қождар, өндірістің химиялық қождары, сонымен қатар ұшпа қүл жатады.

Табиғи тас материалдары мен өнеркәсіп қалдықтарын арнаулы өндеуден шығатын толтырғыштар – сазды күйдіргенде қабарып шағатын керамзит пен аглопарит, перлит пен вермикулит қождық көбік тас ұсақталған қождар, күлдік қиыршық тастар. Кеуекті толтырғыштар ішінде цемент тасының тотығуы мен пайдалану жағдайларында бетондардын төзімділігін төмендететін зиянды қоспалардың мөлшері техникалық шарттарда көрсетілген шамалардан аспағаны абзал.

Зиянды қоспаларға суда еритін күкіртті күкіртқышқылды қосылыстар, жанып бітпеген отын кесектері, саздық және тозаңдық бөлшектер жатады.

ЖЕҢІЛ БЕТОНДАРДЫҢ ҚАСИЕТТЕРІ

Бетонның орташа тығыздығы толтырғыштын бос күйдегі тығыздығы мен кесектік құрамына, жұмсалатын біріктіргіш пен судың массасына тәуелді. Ірі кесекті толтырғыш тығыздығының одан жасалған бетон тығыздығына қатынасы жай бетон үшін орташа 0,5 – ке тен, ал құмы аз және кеуектелген бетон үшін 0,6. Мысалы, бос күйдегі тығыздығы 500 кг/м³ керамзиттен тығыздығы 1000кг/м³ керамзитбетон алуға болады.

Жылу өткізгіштік – жеңіл бетонның басты қасиеттерінің бірі. Оның мәні кең шеңберде болады. Оның шамасына бетон тығыздығы, кеуектік сипаты және т.б. жайттар ықпал етеді. Тығыздығы ұлғайған сайын жеңіл бетонның жылу өткізгіштігі арта түседі.

Бетонның беріктігі негізінен цементтің жітілігіне, суцемент қатынасына және толтырғыштар беріктігіне, сонымен қатар жұмсалған цемент мөлшеріне және бетонды тығыздау дәрежесіне тәуелді.

Жеңіл бетонның аязға төзімділігі жұмсарған біріктіргіштің түрі мен мөлшеріне, толтырғыштың аязға төзімділігіне тәуелді. Портландцементпен жасалған бетондардын аязға төзімділігі артырақ болады да, жұмсалған цементтің мөлшері артуына қарай жоғарылай береді. Аязға төзімді толтырғыштар мен (көбіктас, керамзит, аглопорит) аязға төзімділігі 25-100 бетондар алуға болады. Мұндай бетондарды сыртқы конструкцияларға пайдаланады.

Ұякөз бетондар. Ұякөз бетон түрлері. Ұякөз бетондарды минералдық біріктіргіштікті ұсақ түйіршікті кремнеземдік бөлікті, кеуек тізуші және суды алдын-ала көпіршітіп алып, артынан қатайту арқылы алады. Ұякөз бетонның 85%-і кеуек, олар бетонның бойында бірдей орналасқан және бір-бірінен жұқа әрі берік цемент тасынан немесе басқа біріктіргіш заттан түзілген қабырғалар арқылы бөлінген. Ұякөз бетонның көбікбетон және газбетон деген түрлері болады.

Көбікбетон цемент қамырының жеке әзірлеген тұрақты көбікпен араластырудан шығады. Көбікбетон қоспасы арқасын құрылымы ұяға ұқсас бетон түзіледі. Көбікті көбіктүзушіні сумен қатты аралстыру арқылы алады. Көбік құраушы ретінде канифоль сабыны мен мал желімінің, немесе ГК (қасап орнынан алынған гидролиздалған қан) препораты қоспаларын пайдаланады.

Газбетонды цементтің (кейде әк қосып) кремнеземдік бөлігі мен суды оған араластырылған газ түзуші қоспасын – алюминий ұнтағы, пергидроль (сутегінің асқын тотығының судағы ерітіндісін Н2О2) және басқаларын қосады. Ең көп таралған газ түзгіш ұсақ құрылымды алюминий ұнтағы (пудра). Газ түзілу процесі алюминидің, кальцидің сулы тотығымен химиялық реакциясы түрінде жүреді.

Реакцияда пайда болған сутегі цемент қамырды қабартып көпіртеді де, ал ол қатайғасын өзінің ұяға ұқсас құрылымын сақтайды.

Қалыпта қатайғасын газбетонды автоклавқа орналастырып қатаюын тездетеді.

Ұякөз бетондардың қасиеттері

Ұякөз бетонының кеуектілігі 50-85%, тығыздығы 500 бен 1200кг/м³ аралығында. Ұякөз бетон беріктігі жасалатын минералдардың тығыздығына, түріне және бастапқы минералдардың қасиеттеріне, жылу мен өңдеудің тәсілі мен түріне тәуелді. Бұл бетондардың сусіңіргіштігі мен аязға төзімділігі кеуектердің тығыздығы мен құрылымына байланысты. Бетонның тығыздығы 700-900кг/м³ сусіңіргіштігі 30-40% аралығында. Бұл бетондардың аязға төзімділігі жеңіл бетондарға қарағанда сәл төмен.

Ұякөз бетондарға дыбысоқшаулағыш қасиеттер мен отқа төзімділік қасиеттері тән, олар өңдеуге оңай.

9-ТАРАУ. ҚҰРАСТЫРМАЛЫ ТЕМІРБЕТОН ЖӘНЕ БЕТОН ҚҰРЫЛЫС БҰЙЫМДАР МЕН КОНСТРУКЦИЯЛАРЫ

ТЕМІРБЕТОН ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ МАҒЛҰМАТТАР

Құрастырмалы темірбетон және бетон құрылыстық бұйымдар мен конструкциялары тұрғын, азаматтық, өнеркәсіптік, көліктік және құрылыстың басқа түрлеріде кеңінен пайдаланады.

Темірбетон – қатайған бетон мен болат шыбық тұтаса бірігіп, қатар жұмыс істейтің конструкция. Бұрын айтылғандай бетон сығуға жақсы түзгенмен, созуға шыдамсыз, ал болат шыбық созуға көп шыдайды.

Екі тіреуіштің үстінде жатқан аралықтың үстінен салмақ түсіргенде оның үстінгі бөлігі сығылады да, астынғы жағы созылады. Бетоннан жасалған аралықтың беріктігі көп емес, бетон созуға шыдамайтындықтан, ол көп күш түспей-ақ бүлінеді. Ал төменгі қабатына болат шыбық салынса, аралық едәір күшке төтеп бере алады. Бетон мен болат шыбықтың бірігіп жұмыс істеуі олардың арасындағы күштеріне байланысты. Болат шыбық бетон ішінде тоттанудан жақсы қорғалады.

Дайындау тәсілдеріне қарай темібетон конструкциялары тұтас құйма және құрастырмалы болып бөлінеді. Тұтас қима темірбетондар тікелей құрылыс алаңдарында жасалады. Оларды конструкцияларды бөлшектерді бөлшектеуге болмағанда, стандартты емес және элементтердің аз қайталануы жағдайында, аса үлкен салмақ түсетін конструкцияларды жасағанда (көп қабатты өнеркәсіп ғимараттарының іргетастары, қаңқалар мен жабындарын жасағанда гидротехникалық, көліктік және басқа құрылыстарды салғанда) қолданылады.

Тұтас қима темірбетон конструкцияларына қарағанда, құрастырмалы темірбетон конструкциялары тиімдірек, өйткені оларды өндіріс процесі жоғары механикаландырылған технология қолданылатын арнаулы завоттар мен полигондарда жасайды.

Темірбетон конструкциялары мен бұйымдарын жай және алдын-ала күш түсірілген болат шыбықтар пайдаланып жасайды. Байырғы тәсіл бойынша болат шыбықтар, торкөздер немесе қаңқа салғанда конструкцияларда былайғы пайдалануда жарықшақтар, сызаттар пайда болудан бір жола сақтала алмайды. Пайда болған сызаттарға ылғал мен газдар кіріп, болат шыбықтардың тоттануы басталады. Алайда, алдын-ала жасалған есеп бойынша күні бұрын бетонды қысса, онда бетонның созу күштері түскен астынғы қабатында жарық, сызат пайда болмайды. Бетонды күні бұрын қысу болат шыбықтарды керіп тарту арқылы жүзеге асады.

Болат шыбықтарды керіп тартудін екі түрлі тәсілі бар: бетон құйылмай тұтып, бетон құйылған соң.

Болат шыбықтарды алдын-ала керіп тартылған конструкциялардын салмағын азайтуға, жарылмауын және ұзаққа шыдауын арттырып, болат аз жұмсалуына себеп болады.

БЕТОН ЖӘНЕ ТЕМІРБЕТОН БҰЙЫМДАРЫНЫҢ ТҮРЛЕРІ

Тұрғын үй және азаматтық ғимараттарға арналған бұйымдар.

Іргетастар мен ғимараттардың төменгі бөліктеріне арналған бұйымдар.

Іргетастық блоктар, подвал қабаттарының блоктары, қадалар және басқа бұйымдар. Іргетас блоктары М200, М250, М300 маркалы ауыр бетондар жасайды, оларға жайдақ денекерленген болат торкөздер салады.

Төле қабырғалары блоктарын бітеу және қуыс етіп, маркалары М10 және М150 ауыр бетоннан төрт қырлы өтіп, көлемдерін мынадай өтіп жасайды; ұзындығы 2,5м-ге дейін, қалындығы 500мм, биіктігі 700мм. Блоктардың екі басына кертік жасайды, блоктар монтажы орындалғанда кертіктер ерітіндіге толтырылады. Қуыс блоктар бітеулеріне қарағанды үндірек, өйткені оларға бетон аз кетеді.

Қадалардың қимасы 300х300мм төрт қырлы және ұзындығы 6-12м болады. Оларды М300 маркалы бетоннан жасайды. Ірі блокты және ірі панельді үйлерді салғанда құрылыстың мерзімі қысқарып, құны азаяды.

Ғимараттар қаңқасының бұйымдары.

Азаматтық бұйымдардың қаңқалары (сүйегін) темірбетон ұстындар мен көлденең ұзына бойына салынатын арқалықтарынан және М200-М500 маркалы ауыр бетондардан жасалатын басқа элементтерден құрайды.

Қабырғалық блоктар мен панельдер. Қабырғалық блоктардыы маркалары М50 және М100, тығыздығы 1200кг/м³-ден аспайтын ауыр бетондардан жасайды. Сыртқы және ішкі қабырға блоктарын бітеу және қуыс етіп жасайды. Блоктардың биіктігі мен енін ғимарат қабырғалары қанша қатар блоктардан қаланатынына (екі қатар үш қатар) және көтергіш механизмдердің мүмкіндігіне қарай белгіленеді.

Сыртқы қабырғаларын сырлауға әзір етіп, әрленген қалыпта шығарылады. Қабырғалық панельдер сыртқы және ішкі панельдер болып бөлінеді. От жағылатын ғимараттардың сыртқы қабырғаларын көбінесі бір қабаттан тұратын етіп, маркасы М50-М100, тығыздығы 700-1000кг/м³ жеңіл бетоннан, маркасы М35-М50, тығыздығы 550-700 кг/м³ ұякөз бойынан жасайды. Тұрғын үйлердің сыртқы қабырға панельдерінің ұзындығы 3600 және 7200мм (бір немесе екі бөлмеге) биіктігі 2900, қалындығы 400мм.

Ішкі қабырға панельдерін маркасын М150, М300 ауыр бетондардан жасайды. Олардың қалындығы конструкциялық ерекшеліктеріне, түсетін күштер мен бетон маркасына қарай 120-дан 160мм аралығында болады.

Қабатаралық жабын бұйымдарына жабындық төсеніштер мен панельдер жатады. Олардың түскен күшке төтеп беретін және дыбыс оқшаулағыш қасиеттері болуы тиіс. Ені бөлмеге тұтас жететін жабынды панель, ені одан азын плита деп атайды. Плиталардың ызындығы жабылатын аралық ұзындығына қарай 3-6,5м болады, қалыңдығы 220мм, ені 1,6-2,4м. Олардың маркалары М200, М300 ауыр бетондардан жасайды.

Болат шыбықтары алдын-ала керіліп тартылған плиталардың, панельдердің ұзындығы 9м-ге дейін болады.

Сатылар мен алаңқайлар М200, М300 маркалы бетондардан жасайды. Олардың көлемін қабаттар биіктігіне және саты ұясының еніне қарай ынғайлап жасайды.

ӨНЕРКӘСІП ҒИМАРАТТАРЫНА АРНАЛҒАН БҰЙЫМДАР

Өнеркәсіп ғимараттарының іргетастары мен астынғы бөліктеріне арнап іргетас блоктарын, темірбетон қадаларын, ұстындар орнатуға арналған арнайы іргетастар, іргетастық арқалықтар және т.б. шығарады.

Ұстындар орнатуға арналған іргетастардың табаны 2м-ге, биіктігі 1м-ге жуық, маркалары М150-М300 етіп жасалады. Іргетастардың ортасында төртқырлы шұңқыр (стакан) болады. Стаканға үстін кигізеді.

Іргетас аралықтары көлдеңен қимасы трапеция немесе тавр пішінінде, М200-М400 маркадағы бетондар жасалады. Қимасының биіктігі 400-600, ұзындығы 4300 және 11960мм.

Ғимарат қаңқалары – ұстындар, кранастылық, торкөз аралықтар, жабын аралықтары және доғал жабындар.

Ұстындарды ғимараттардың биіктігіне қарай бітеу және торкөз (қостармақты) етіп жасайды. Оларды қималары шаршы, төртбұрыш және тавр пішінді, қимасы 300х300, 400х600мм және одан онан да артық етіп М200-М55 маркалы бетондардан жасайды. Кранасты арқалықтары орналасуына қарай шеткі қатарға орналасатын ұстындарды бір консольды, ортанғы қатар орналасатындарын қос консольды өтіп шығады. Қимасы тавр пішіндес кранастылық арқалықтардың үстіне көпірлік крандар жүретін рельстер орнатылады. Бұл арқалықтар М400 және М500 маркалы болат шыбықтары алдын-ала керіліп тартылған бетондардан жасалады. Арқалықтардың ұзындығы 6, 9, 12, 18м.

Фермалар мен арқалар ұзындығы 18 және 24м, М400-М600 маркалы бетондардан жасалады.

Өнеркәсіптік құрылыста қабатаралық жабындар тұрғын үй құрлысындағындай.

Әртүрлі бұйымдарға темірбетон құбырлар, құрастырмалы құдықтар мен коллекторлар, шырақтан бағандары, құрастырмалы қоршаулық бұйымдар жатады.

ТЕМІРБЕТОН БҰЙЫМДАРЫН ӨНДІРУ

ТЕМІРБЕТОН БҰЙЫМДАРЫНЫҢ ТЕХНОЛОГИЯСЫ

Бетон қоспасын даярлау.

Бетон қоспасын қалыпқа салу цехына жақын орналасқан бетон араластыратын цехта дайындайды.

Болат шыбықтарды даярлау. Алдын-ала керіліп тартылмайтын болат шыбықтардан құрастырылатын қаңқалар мен төркөзді пісіру аппараттарының көмегімен арматура цехында даярлайды. Арматура цехы қалыпқа салу цехына жақын орналасады.

Алдын-ала керілетін болат шыбықтарды жекелей немесе будалап қалыпқа салу цехында домкраттардын көмегімен, не электртермиялық тәсілмен жасайды.

Бұйымдарды қалыпқа салу.

Бұл процес мұнадай әрекеттерден тұрады: қалыптарды тазалау, құру және майлау, қалыпқа арматураны салу, бетонды жайып, тығыздау.

Бұйымдарды жылу-ылғалдық әрлеу.

Қалыпқа жайғастырылған бетонның қатаюн тездету үшін оны жылу мен ылғал ықпалына ұшыратады. Темірбетон бұйымдары заводтарда бетонды мұнадай жерге салады: қалыпты қысыммен 70-100ºС температурада булау, 100ºС температурада тиістіріп қыздыру, автоклавта 174-190ºС температурада булау, электрмен қыздыру.

Ең көп таралған тәсіл қалыпты қысымда булау.

Темірбетон бұйымдарын стендік, ағынды агрегатты, конвейерлік, кассеттік тәсілмен өндіреді.

ТЕМІРБЕТОН БҰЙЫМДАРЫН ТАСЫЛМАЛДАУ

МЕН ҚОЙМАҒА ЖИНАУ

Құрылыс алаңына әкелінген ірі көлемді элементер, қабырғалық панельдер, блоктар мен басқа бөлшектер кран әрекет ететін аймаққа орналасқан құрылыс алаңы қасындағы қоймаға жайғастырылады.

Объект жанында қоймаға темірбетон конструкцияларын олардың маркалары көрсетілген жағын онай көрінетіндей аралыққа қаратып, монтаждық ілгектерін жоғары қаратын бірінін үстіне бірін орналастырады.

Әсіресе, бір жағына ғана қарай болат шыбықтар салынған темірбетон конструкцияларына баса көңіл аударған жөн. Ондай бұйымдарда үшбұрыш бейнесіндегі белгілер болады, осы үшбұрыштардың төбесі бұйымның жоғарғы жағын көрсетеді.

Ұстындар, тіреуіштер мен қадалардан басқа темірбетон бұйымдары қоймаға жайғастырылғанда жобадағы қалпына жуық жағдайда жайғасуы қажет, бұйымдарға артық күш түсіп, зақымданбауы тиіс. Бұйымдардың қоймада орналасу биіктігі тиісті құжаттарда, әсіресе, құрылыс мөлшері мен ережелерінде көрсетіледі.





Дата публикования: 2015-03-26; Прочитано: 3298 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.018 с)...