Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Озғалыстың алғышарттары



XIX ғасырдың 20-жылдарында бұрынғы Бөкей хан мен Уәли ханның иеліктерін біріктіріп, Қарқаралы округін құру едәуір саяси-әкімшілік жаңалықтар енгізді. Мұның өзі патша өкіметіне Орта және Ұлы жүз арасындағы жерлерді тездетіп отарлауға, оның қазақ даласындағы иеліктерін нығайта түсуге мүмкіндік берді. Патша өкіметінің бұл шаралары қазақ халқының мүддесіне қайшы келетінін, бара-бара қазақ мемлекеттілігінің жойылатынын қазақ халқының көреген қайраткерлері болжай білді.

Уәли хан өлгеннен кейін ханның жесірі, ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың әжесі ақылды, көреген, өз заманына лайықты сауаты бар Айғаным патша үкіметінің Сыртқы істер министрлігінің Сібіркомитетімен және Азия департаментінің шенеуніктерімен жиі хатхабар алысып тұрды. Бірақ Айғаным қанша қабілетті болғанымен, халықтың патша өкіметіне деген қарулы наразылығына басшылық ете алмайтын еді. Осындай күрделі де қиын міндет Абылайдың отыз ұлының ең кішісі Қасым сұлтанға жүктелді. Оның бел балалары — Саржан, Есенгелді, Ағатай, Бопай, Құшақ және Кенесары бәйбішеден, ал Наурызбай тоқалдан туған еді. Бұлар патша өкіметінің Қазақстанды отарлауына қарсы жиырма жыл бойы жүргізілген ауыр да қиын күрестің белсенді қатысушылары, ал Саржан, Есенгелді, Кенесары сол күрестің ұйымдастырушысы әрі басшылары ретінде тарихта қалды. Осы ұлт-азаттық қозғалыстар патша өкіметінің режіміне аса зор моральдық-саяси апат әкелді.

Патша өкіметінің округтік тірек пункттер құру туралы шешіміне ашық қарсы шығып, Көкшетау өлкесіне беделімен белгілі болған Қасым сұлтан еді. Ол өзінің 1825 жылы 14 маусымда Орынбор генерал-губернаторына және басқа да жоғары биліктегі шенеуніктеріне жазған хаттарында патша өкіметінің, оның Омбыда отырған облыстық бастығының қазақ жерінде қазақтарды отарлау үшін салдырып жатқан тірек пункттерін жоюды талап етті. Мұндай өзгерістер жасау үшін, Абылай заманынан бері сақталып келе жатқан тәртіп бойынша, сол өлкенің сұлтандарының, старшындарының келісімін алу керек деп көрсетті. Хаттың соңында патша ағзамнан қазақтар мен оның болыстарына бұрынғыша, Абылай заманындағыдай, өз салт-дәстүрімен тыныштықта өмір сүруіне мүмкіндік беруін сұрады. Орынбор губернаторының бұл хатқа теріс жауап беруі Қасым сұлтанды алған бетінен қайтара алмады. Ол бұдан кейін де патша губернаторларына хат жазып, казак отрядтарын қазақ даласына жіберіп, әскери-тірек базалар салуды тоқтатуды талап етті. 1826 жылғы 18 сәуірдегі хатында жазалаушы отрядтың бейбіт ауылдарға шабуыл жасап, халыққа көп зардап шектіргенін жазады. Орталық және Солтүстік Қазақстанды қамтыған көтерілістің кең етек алуына сұлтандар Ғұбайдолла мен Саржан себепкер болды. Бірақ Ғұбайдулланы патшаның өкімшілік орындары қолға түсіріп, Сібірдегі бір алыс қалашыққа жер аударады. Мұның өзі бүкіл Орта жүзді қамти бастаған қозғалысты бәсеңдете алмады. Ал Қарқаралы округінің ауылдарында қозғалыс күшейе түсті, бұған әсер еткен Қарпық болысындағы көтерілістің өршуі еді. Бұл болыс Саржан сұлтанның иелігінде болатын. Саржан жасақтарының арасында жас сұлтан Кенесары да бар еді. Ол сол кездің өзінде-ақ бостандық туралы ойларымен көзге түсті, кейін Орталық Азиядағы түркі халықтарының «тәуелсіздік жолындағы күрескері» болды.

Саржан сұлтан бөлек-бөлек әрекет етіп жүрген жасақтарды біріктіріп, патша өкіметінің қазақ жерін отарлау саясатына қарсы белсене күресті. Жазалаушы отрядтың қысымынан ығысып, әрі Қоқан бектерінің Ресей отарлаушыларына қарсы бірігіп күресеміз дегеніне сеніп, ол өзін қолдаушылармен бірге Қоқан хандығының иелігіне барып қоныстанады. Алайда Қоқан бектері бұрын берген уәделерінен тайып, әрі патша өкіметіне жақсы көріну үшін, 1836 жылы Саржан сұлтан мен оның қасындағыларын жауыздықпен өлтіреді. 1840 жылы сол Қоқан билеушілерінің арандатуынан Қасым сұлтан мен оның жақындары қаза табады. Алайда Қасым сұлтан мен оның балаларының отаршылдыққа қарсы бытыраңқы сипатта жүргізген күресі тоқтап қалмады. Қайта оны әлдеқайда ұйымдасқан сипатта әрі кең көлемде Кенесары (1802—1847 жж.) сұлтан жалғастырды.

Ұлт-азаттық қозғалысының мақсаты, себептері, сипаты, қозғаушы күштері





Дата публикования: 2015-02-03; Прочитано: 739 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.005 с)...