Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тарау. Кітап түсірілгенге дейін адамдар Аллаһтың разылығына қалай қол жеткізуді білмейтін



Аллаһ Тағала адамдарға өз Кітабын тура жолдың басшылығы ретінде түсіргенге дейін, адамзат Өздерінің Раббысының разылығына қалай қол жеткізуге болатындығына қатысты надандықта болатын. Адамдар Аллаһ Тағала оларға разы болып, оларға қахарланбауы үшін қандай сөздерді айтып, қандай істерді істеу қажеттігі туралы білмейтін. Олар өздерінің жорамалдарына негізделіп және өздері мен ата-бабаларының тәжірибелеріне сүйеніп, үнемі сүрініп және адасып өмір сүретін. Олар өздерінің пікірлері мен жорамалдарына негізделіп, амалдар жасайтын және осы амалдарымен өздерін Аллаһқа жақындап жатырмыз деп ойлайтын, ал іс жүзінде барған сайын Одан алыстайтын.

Аллаһ Тағала бұл туралы былай деді: «Олар қашан бір арсыздық істесе: «Аталарымызды осы жолда таптық, мұны бізге Аллаһ бұйырды», - деді. (Мухаммед): «Шынында Аллаһ арсыздыққа бұйырмайды. Аллаһқа білмеген нәрселеріңді айтасыңдар ма?» - де». (7:28)

Сондай-ақ Ол: «(Мухаммед): “Сендерге амалдары бойынша ең үлкен зиянға ұшыраушылардың хабарын берейін бе?” - де. Олар - дүниедегі тырысулары зая кеткендер. Өздері болса: “Рас, жақсы іс істедік”, - деп ойлайды», - деген. (18: 103)

Аллаһ Тағала былай деді: «(Әй мүміндер!) Сендерге сүйкімсіз болса да шайқасу парыз етілді. Бір жек көрген нәрселерің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Және жақсы көрген нәрселерің сендерге жаман болуы да мүмкін. Аллаһ біледі, сендер білмейсіңдер». (2:216)

Әнас ибн Мәлик былай деп баяндайтын: «Бірде Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдерінің үйінің жанына үш кісі келіп, Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Аллаһқа қалайша ғибадат ететіні туралы сұрай бастады. Оларға ол туралы айтып бергенде, олар мұны жеткіліксіз деп санады да: «Бізге Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жету қайда, оның бұрынғы күнәлары да, болашақ күнәлары да кешірелген!» - деді. Содан соң олардың біреуі: «Маған келер болсақ, мен әрбір түнді (түгелімен) намаз оқумен өткіземін», - деді. Басқасы: «Мен үнемі (үзбей) ораза ұстаймын», - деді. Үшіншісі: «Ал мен әйелдерден аулақ боламын және ешқашан үйленбеймін», - деп айтты. Біраз уақыттан соң олардың жанына Аллаһтың Елшісі (Аллаһтың оған игілігі мен сәлемі болсын) келді де, оларға: «Осындай-осындай нәрселерді айтқан сендер ме? Аллаһтың атымен ант етемін, мен сендерден де көбірек Аллаһтан қорқамын және сендерден көбірек Одан үрейленемін. Алайда мен кейбір күндерде ораза ұстаймын, ал басқаларында мұны істемеймін, түннің бір бөлігін намазбен өткіземін, ал басқа бір бөлігінде ұйықтаймын, және әйелдермен некелесемін. Кім менің Сүннетіме ілескісі келмесе, оның маған қатысы жоқ!» - деді». Хадис сенімді (сахих); Бухари 5063; Муслим 1401; Ахмад 13534 тағы да басқалар.

Біздің осы хадистен түсінетініміз – бұл үш сахабаның осы амалдарды орындауға кіріссе, міндетті түрде Аллаһтың разылығына қол жеткізетіндігі туралы шешім қабылдағандары. Алайда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) олар Аллаһтың разылына тек Аллаһтың Елшісіне қатаң түрде ілессе, әрі ол шектелген нәрсемен шектелсе және тіпті олар осы амалдарын игі әрі тым болмағанда оларда ешқандай жамандық жоқ деп ойласа да, Пайғамбардың алып келген дініне, яғни Сүннетіне ешнәрсе қоспаса ғана қол жеткізе алатындығын түсіндірді. Ал егер олар Сүннетке мойынсұнбаса және шариғат орнатқан шекараларды бәрібір аттап өтсе, онда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мұндай жағдайда олардың оған ешқандай қатысы болмайтындығын анық мәлімдеді. Ал Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамнан жай ғана теріс қылықтар үшін бас тартпайтын. Сондықтан фиқһ ғалымдары Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бас тартқан амалды үлкен күнә деп атайды.[1]

Енді мен оқырманның назарын маңызы кем емес бір жайтқа бұрғым келеді. Шын ықыласпен Аллаһтың разылын көздеп, бірде-бір күн қалдырмастан, үзбей ораза ұстайтын адамды кездестірдіңіз деп елестетіңіз. Ол жаздың ыстық күндерінде де, жұмыстың ауыр сәттерінде де ораза ұстай береді. Ол «Аллаһтан ең жақсы сый аламын» деп үміттенеді және: «Аллаһ пен Оның Елшісін (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) басқалардан артық жақсы көремін», - деп есептейді. Ол өз ойында оразаның артықшылықтары туралы аяттар мен хадистерді үнемі сақтап жүреді, әрі өзінің әрекеттерінде ешбір жамандықты байқамайды. Егер сіз оған ауыр күнә жасап жатқандығын және Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қатысы жоқтығын айтсаңыз, ол сізге не деп жауап беретінін енді бір сәтке болса да елестетіңізші. Ол сізге былай деп жауап береді:

1. Қалайша ораза ұстау үлкен күнә болуы мүмкін?

2. Ал ораза ұстағанға берілетін сауап және оның артықшылықтары туралы хадистермен не істемекпіз?

3. Осыда не жамандық бар?

Оның сұрақтарына жауап былай болмақ:

1. Өз негізінде ораза ұстау - күнә еместігінен бөлек, адам жасай алатын ең жақсы амалдардың бірі болып табылады. Алайда адам оразаны үнемі, күнде, арасын үзбей ұстаса, онда ол Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) тыйым салған амалға айналады.

2. Бұл хадистерге біз иман келтіреміз, алайда олар біз жоғарыда келтірген хадиспен шектеледі.

3. Бұл іс-әрекет сырттай игі және зиянсыз болып көрінгенімен, іс жүзінде көптеген жаман салдарға ие. Бұл амал (яғни арасын үзбей күнде ораза ұстау) адамның ағзасын артықша әлсіретеді, әрі оның салдарынан адам ғибадаттың намаз, қажылық т.с.с. басқа да түрлерін орындау қабілетін жоғалтады. Адам қоғамның, ата-анасының, әйелдерінің, балаларының, көршілерінің т.б. алдындағы борыштарын өтеу қабілетінен айырылады. Оның әрекеттері оны өзі-өзімен тамсануына және ол өзін өзгелерден жақсырақ деп ойлауына әкеп соғады. (Ал барлығынан сорақысы - ол осыншәма қиындықтармен өз басына сауап емес, күнә алатыны, өйткені ол Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қарсы шығып, ол істемеуге бұйырған амалды істеді. Ал кім Пайғамбарға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қарсы шықса, оның амалдары да зая, көтерер күнәсі мен жазасы да қорқынышты, Аллаһ бізді мұндайдан сақтасын. – Аудармашыдан.)

Ал мәулітке келер болсақ, оның жақтаушылары да осы үш сұрақпен дәйек келтіреді. Оларға жауап, Аллаһтың рұқсатымен, әлі кітабымызда келтіріледі.

Әнас ибн Мәлик былай деп баяндайтын: «Бірде Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) екі баласы қолынан жетектеп келе жатқан бір шалды көрді де: «Оған не болған?» - деп сұрады. Олар: «Бұл шал: «Жаяу жүремін және жануарға мінбейбін», - деп Аллаһқа нәзір (уәде) берген», - деп жауап берді. Сонда Аллаһтың Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Аллаһ оның өзін қинауына мұқтаж емес», - деді де, содан соң оған (жануарға) мінуді бұйырды». Хадис сенімді (сахих); Муслим 1642.

Хадистен көрініп тұрғандай, бұл шал өзін қинау арқылы «Аллаһқа жақындаймын» деп ойлады. Бірақ Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) адамның қиналғаны өздігінше Аллаһтың разылын алуға себеп болмайтынын түсіндірді. Аллаһ Тағала ауырлық пен қиналуларға, олар тек парыз немесе мустахаб амалдарды орындау барысында ғана төзімділікпен бастан өткізілген болса ғана, сауап береді.

Бұл хадис сондай-ақ осы адамның егде жаста, үлкен өмірлік тәжірибеге ие болса да, бірақ, соған қарамастан, бұл тәжірибе оған Аллаһтың разылығын алудың дұрыс тәсілін көрсетпегеніне де нұсқайды. Сондықтан да бұл дінде Аллаһты жақсы көру және игі болып көрінетіннің бәрін істеу ғана жеткіліксіз болып табылады, бірақ Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бізге түсіндіріп берген жолға қатаң түрде ілесу қажет.

Аллаһ Тағала былай деді: «(Мухаммед) оларға: «Егер Аллаһты сүйсендер, онда маған ілесіңдер. Аллаһ сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені, Аллаһ аса Жарылқаушы, ерекше Мейірімді», - де» (3:31).

Сондай-ақ Ол: «Расында, сендер үшін, Аллаһты да, Ақырет күнін де үміт еткендер және Аллаһты көп еске алған кісілер үшін, Аллаһтың Елшісінде көркем өнегелер бар», - деді(33:21).

Оқырман осы тарауды оқып болған соң өзі үшін өте маңызды қорытынды жасауы қажет. Оның мәні мынада: ешкім өз амалын жай: «Осы амал жамандыққа алып келмейді және онда ешқандай жамандық жоқ», - деп ойлағандығынан ғана: «Осы амал игі болып табылады», - деп мәлімдей алмайды.





Дата публикования: 2014-11-28; Прочитано: 344 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.006 с)...