Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Минаралды құрамы



Топырақтың басым көпшілігінің қатты бөлігінің негізін минералды бөлшектер құрайды. Олардың мөлшері топырақтың қарашірінді қабатының қатты бөлігінің салмағының 90-95% алады.

Топырақ минералдары пайда болуына және көлеміне байланысты екі топқа бөлінеді. Бірінші топқа алғашқы минералдар жатады. Олар магмалық, метаморфты және шөгінді тау жыныстарының үгіліп майда бөлшектерге айналуынан пайда болған. Ал екінші топқа туынды минералдар жатады. Олар - алғашқы минералдардың әр түрлі бұзылу және топырақ түзілу процестерінің әсерінен өзгеріп туындаған минералдар.

Алғашқы минералдардың бөлшектерінің көлемі 0,001 мм-ден үлкен, ол туынды минералдарға қарағанда басым болады. Топырақ құрамына кіретін алғашқы минералдарға кварц, дала шпаты, амфиболдар, пироксендер және слюдалар жатады. Олардың бұзылу процестеріне төзімділігі әр түрлі болғандықтан топырақ құрамындағы мөлшері де бірдей емес. Бұзылу процестеріне төзімді кварцтың мөлшері 40-60%, ал дала шпатының мөлшері 20% болады. Олар мөлшері ірі және құм, шаң бөлшектер құрамына кіреді. Ал амфиболдар, пироксендер және слюдалар бұзылу процестеріне төзімсіз, сондықтан олардың мөлшері топырақта аз болады және майда бөлшектер құрамында кездеседі.

Топырақ құрамындағы алғашқы минералдардың мөлшері оның агрофизикалық қасиеттеріне ықпалын тигізеді және қоректік заттардың, туынды минералдардың көзі ретінде маңызы бар.

Топырақ құрамына енетін туынды минералдарға қарапайым тұздар, тотық және гидрототық минералдар мен балшықты минералдар жатады.

Қарапайым тұз минералдар алғашқы минералдардың бұзылуы және топырақ түзілуі процесінің әсерінен пайда болған кальцит, магнезит, доломит, гипс, мирабилит, галит фосфоттар, нитраттар жатады.

Балшықты минералдар бастапқы минералдардың бұзылуынан пайда болған қарапайым өнімдерден синтезделініп пайда болады. Сонымен бірге өсімдік қалдықтарының минералданып ыдырауы арқылы биогендік жолмен де пайда болады. Көп тараған балшықты минералдарға монтмориллонит, каолинит, гидрослюдалар, хлорит, аралас қатпарланған минералдар топтарының өкілдері жатады. Олардың құрылымы қатпарлы кристалды, бөлшектері өте майда болып үгілген, жақсы сіңіру қабілеті және құрамында байланысқан ылғал бар.

Топырақтағы туынды минералдардың ішінде көп тарағаны балшықты минералдар. Олардың ең басты маңызы, топырақтың сіңіру қабілетін арттырып, оның құрамындағы қоректік заттардың мол болуына ықпал жасайды.

Топырақтың минералдық құрамы осы топырақ түзілген аналық тау жынысының құрамымен тығыз байланысты болады және ол топырақ түзілуі кезінде әр түрлі өзгерістерге ұшырайды. Топырақтың минералдық құрамы оның көптеген басты қасиеттеріне, соның ішінде құнарлығына, ылғалдылық, физикалық, сіңіру қасиеттеріне үлкен әсерін тигізеді.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 1201 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...