Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

АймаҚтыҚ басҚарудыҢ (менеджменттіҢ) тиімділігін арттыру жолдары



Аймақ экономикасын басқару тиімділігін қамтамасыз ету – аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын мемлекеттік және нарықтық реттеу бойынша сәйкес механизмдерді қалыптастыру мен шаралардың тұтас кешенін қабылдауды талап ететін шешілуі күрделі проблемалардың бірі болып табылады. Аймақтық проблемалардың ерекшелігі – оларды шешу үшін әр түрлі деңгейдегі мемлекеттік билік органдарының да, жеке кәсіпорындар мен ұйымдардың да, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының да қатысуы талап етеді. Осымен байланысты аймақ экономикасын басқару механизмін жетілдіруді өзара байланысты және бірін-бірі өзара толықтыратын үш бағытта жүргізуі көзделеді:

біріншісі – макродеңгейде аймақ экономикасын басқару механизмін одан әрі жетілдіру;

екіншісі – мезодеңгейде тиімді аймақтық менеджмент механизмін қалыптастыру;

үшіншісі – жергілікті өзін-өзі басқару әдістерін жетілдіру.

Аймақ экономикасын басқару механизмін бұлай шектеу, әрине, өзін-өзі ақтайды. Өйткені аймақ экономикасын басқару механизмінің негізінде барлық аумақтарға өмір сүру мен еңбек етудің тең жағдайларына жету үшін тең мүмкіндіктер беру және әрі қарай олардың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейлерін теңестіру жатса, ал аймақтық менеджмент пен жергілікті өзін-өзі басқару механизмі тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету мен бүкіл халықтың тұрмыс жағдайын көтеру үшін аймақтың ішкі әлеуетін және тартылған сыртқы ресурстарды барынша пайдалануға бағытталады.

Бірінші бағыт жөнінде айтар болсақ, макродеңгейде аймақ экономикасын басқару механизмін жасақтау мен дамытуға әрекет жасалынады. Оған дәлел – 1996 жылдың қыркүйек айында қабылданған Қазақстан Республикасы аймақтық саясатының Тұжырымдамасы және оны жаңартуға жасалынған әрекеттер, 2000 жылы жасақталған 2015 жылғы кезеңге дейінгі Қазақстан Республикасы өндіргіш күштерінің даму және орналасу Тұжырымдамасы мен Схемасы, мемлекеттік билік органдары тарапынан бюджетаралық қатынастардың жетілдіруге қатысты үнемі шаралар қабылданып жатқанын айғақтайды.

Жалпы алғанда осы жасақталған құжаттар негізінен жекелеген аймақтардың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіндегі ауытқуларды қысқартуға, сонымен қатар өнеркәсіптік өндірісті қайта құруға, оны әртараптандыруға, ауыл шаруашылығын көтеруге, ауылдық аудандардың дамуына ықпал етуге, жұмыссыздыққа қарсы күреске және әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына көмек көрсетуге, дағдарысты аймақтар мен экологиялақ қолайсыз аймақтарды қолдауға бағытталған макродеңгейде аймақ дамуын басқару механизмін қалыптастырудың негізгі тәсілдерін анықтайды. Дегенмен, осы уақытқа дейін бұл механизм жан-жақты жасақталды деуге болмайды. Сондықтан да оның міндеттерін, әрекет ету бағыттары мен жекелеген құралдарын нақтылау қажет.

Нарықтық реформалардың жүргізілуі мен аймақтар арасындағы сараланудың күшеюі олардың біразы ғана өзінше экономикалық өсу мен дамуға қабілетті екендігін көрсетті, соған орай аймақты басқару механизмі мемлекеттің, аймақтардың, әр түрлі меншік субъектілері мен барлық халықтың мүдделерін ұштастыра отырып, барлық аймақтардың проблемаларын шешуге бағытталуы тиіс.

Сонымен, аймақ дамуын басқару механизмінің әрекет етуінің негізгі міндетіне кіретіндер:

· Қазақстан Республикасының экономикалық, әлеуметтік, шаруашылық-құқықтық кеңістігінің тұтастығын сақтау;

· аймақтардың әлеуметтік-экономикалық теңсіздігін қысқарту және біртіндеп жою;

· аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын ғылыми-техникалық прогрестің қазіргі талаптарына сәйкестендіру;

· барлық аймақтарда табиғатты ұтымды пайдалану мен адамдардың өмір сүру ортасын сақтауды қамтамасыз ету;

· мемлекеттің унитарлық құрылымымен анықталған өкілеттіліктер шегінде аймақтардың дербестігін қамтамасыз ету.

Түптеп келгенде, аймақты басқарудың бүкіл механизмі барлық аймақтардың күшін біріктіре отырып, елдің тұрақты экономикалық дамуы негізінде республика халқының әл-ауқатын көтеруге бағытталғаны жөн. Демек, бұл механизм тұратын аумағына байланыссыз өмір сүрудің белгілі бір сапасына кепілдік беретін тендестірілген аймақтық дамуды қамтамасыз етуі тиіс, яғни, халық табысындағы, жұмыссыздық деңгейіндегі, әлеуметтік инфрақұрылымдағы, және т.б. аймақаралық айырмашылықтарды теңестіруді көздеуі қажет.

Аймақтар дамуын басқару жүйесін жетілдіру үшін, ең алдымен, республикалық, облыстық және жергілікті деңгейлердегі билік органдарының бірлесіп әрекет ету мәселесін шешу керек. Жүзеге асқан жағдайда орталық пен аймақтар арасындағы қалыптасқан өзара қарым-қатынастардың тиімділігін айтарлықтай арртыруға ықпалын тигізетін бірқатар шарртар бар.

Бірінші және негізгі шарт – Қазақстан Республикасының аймақтары өздерінің табиғи, экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік әлеуеті жағынан әр түрлі болғандықтан, орталық тарапынан аймақтарды басқаруға сараланған көзқарас қажет.

Екінші шарт – қатынасқа түсуші субъектілердің арасындағы экономикалық өкілеттіліктерді айқын бөлу, бұл, ең алдымен, орталық пен аймақтардың бюджеттік өкілеттіліктер, салықтық міндеттемелер және әлеуметтік мәселелер аясындағы құзыреттерін шектеуге қатысты.

Үшінші шарт – аймақтардың экономикалық еркіндігін кеңейту, бірақ, ол аймақтық саясаттың толықтай ырықтандырылу нысанына енбеу керек.

Бұл қарастырылған шарттардың жүзеге асырылуы бірқатар басымдықты шараларды іске асыру жолымен мүмкін болмақ. Олардың қатарына келесілерді жатқызуға болады:

1. Бір жағынан, бюджеттік қарым-қатынастарды әрбір аймақ бойынша сараланған салықтың негізгі түрлері бойынша аударымдардың орта мерзімді тұрақты нормативтер қағидасына көшіруге, екінші жағынан, бюджеттік жоспарлаудың мерзімін ұзарта отырып, жетілдіруге бағытталған орталық пен аймақтардың бюджеттік өкілеттіліктерін шектеу саясатын жалғастыру;

2. Аймақтың жалпыреспубликалық еңбек бөлінісіндегі орнын ескеру, орталықтандырылған қаржы-қаражатты жергілікті халықтың жұмысбастылығын және аймақтық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында аймақ шаруашылықтарын қайта құруға бағыттау сияқты негізгі қағидаларға сүйене отырып, аймақтарға экономикалық көмек көрсету;

3. Әлеуметтік бағдарламалардың белгілі бір бөлігін орталық атқарушы органдардан жергілікті басқару органдарына беруде қаржыландырудың бұрынғы көлемін сақтау;

4. Алдағы жылдың бюджетін жасақтауға барлық аймақ өкілдерінің міндетті түрде қатысуы.

Макродеңгейде аймақтық басқару механизмінің құралы ретінде: экономикалық, қаржылық әдістер, инфрақұрылымды ұсыну және қазіргі уақытта Еуропалық Одақтың көпшілік елдері қолданып жүрген (1-тарауда қарастырылған) аймақтардың дамуын ынталандырудың «жұмсақ» шаралары ұсынылады. Қазақстан Республикасында аймақтық дамуды басқарудың қаржылық әдістері көбірек қолданысқа түседі, атап айтқанда, бюджетке демеуқаржы (дотациялар), жаңа жұмыс орындарын құруға субсидиялар, жеке компаниялардың дамыған немесе дағдарысты аймақтарға инвестиция салуын ынталандыру үшін салықтық жеңілдіктер беру. Сонымен бірге қаржылық әдістерді қолдану жеткілікті негіздеусіз жүргізіліп, бірқатар аймақтар тарапынан «мысылдық пиғылдың» тууына және олардың дамуын тежеуге алып келеді, сондай-ақ, донор-аймақтардан алынатын қаржының шамадан артуы, олардың өсуге деген ынтасын төмендетеді және тиімсіз жағдайға қояды, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру мүмкіндіктерін қысқартады.

Аймақтық дамуды орталықтан басқарудың басқа нысандары, атап айтсақ, нарықтық инфрақұрылымның түрлі элементтерін ұсыну; ақпараттық желілердің, консалтингілік қызметтің дамуына, белгілі бір аймақтың аумағында бизнесті жүргізу жағдайларын жақсартуға ықпал ету; білім беру және басқа да қызметтер көрсету жолымен аймақтарға атаулы қолдау көрсету сияқты нысандар салыстырмалы түрде көп қолданысқа түсе бермейді. Жалпы алғанда, аймақтық механизм құралдарын тиімді қолдану орталық пен аймақтар арасында қаржылық-экономикалық өзара әрекеттің оңтайлы үлгісін (моделін) табумен байланысты.

Аймақ деңгейінде аймақтық менеджмент механизмі аймақтардың ресурстық әлеуеті мен даму мүмкіндіктерін толықтай пайдалану барлық аймақтарда бірдей емес болғандықтан, әр облыста әр түрлі дамиды немесе мүлде болмауы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, аймақтық менеджмент механизмін жетілдіру жолдарын ұсынуды жөн санаймыз. Жалпы мақсаттардан оның негізгі міндеттері келіп шығады, олар төмендегідей:

· аймақтың өндірістік қызметінің ауқымын және жалпы табысын арттыру;

· ұтымды мамандандыру және салалар мен қызмет аяларының оңтайлы түрін құру;

· аумақтық жоспарлау мен өндіргіш күштерді орналастыруды жетілдіру;

· қолайлы инвестициялық климат жасау;

· кәсіпкерлік қызметті дамыту мен бәсекелестік ортаны құру үшін жағдайлар қалыптастыру.

Аймақтық менеджмент аймақтық мүдделер айқын бейнеленіп, олар жалпымемлекеттік мүдделермен үйлестірілгенде, оларды іске асырудың нақты қадамдары, тәсілдері мен әдістері айқындалғанда ғана белсенді әрі тиімді жүзеге аса алады.

Аймақтық менеджмент механизмін тиімді қолдану биліктің республикалық және аймақтық органдарының арасында функцияларды міндетті түрде бөлуді көздейді.

Сонымен, аймақтардың дамуын басқарудың маңызды міндеттерінің қатарына біздің көзқарасымыз бойныша, төмендегілерді жатқызуға болады:

· аймақтардың экономикалық және әлеуметтік даму деңгейлеріндегі бастапқы айырмашылықтарды «тегістеу», халықтың лайықты өмір сүру деңгейі мен сапасын қамтамасыз ету;

· мемлекет пен оның жекелеген аймақтарының мүдделерін үйлестіру арқлылы біртұтас ұлттық экономиканың қызмет етуін қамтамасыз етуге бейімді әрекетті әлеуметтік-экономикалық механизмді құру;

· меншіктің түрлі нысандарын тең негізде дамыта отырып, көпукладты экономиканы, әлеуметтік және нарықтық инфрақұрылымды қалыптастыру.

Аймақтар дамуын басқару бағдарламасы тиімді жүзеге асуы үшін ол әрине, ресурстар көлемімен сәйкес келуі, әрбір нақты жағдайға сай реттеуші шараларының баламалары болуы, көзделген іс-әрекеттің орындалуын бақылауы тиіс. Осыған орай аймақтар дамуын басқару жүйесі қалыптастыру «жинағынан», ресурстар «жинағынан», жүзеге асыру «жинағынан» және бақылау «жинағынан» құралуы қажет. Оны аймақтық басқарудың сызба үлгісі арқылы бейнелеп көрсетейік.





Дата публикования: 2015-04-10; Прочитано: 2307 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.009 с)...