Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Жіті және созылмалы жұқпалы аурулар



Жүктілік жұқпалы аурулардан сақтандырмайды. Жүктілік кезіндегі жұқпалы аурулар ағымы өте ауыр болады. Барлық жұқпалы аурулар, әсіресе жіті жұқпалы аурулар болашақ нәрестеге қауіп төндіреді.

Даму ауытқуларына, нәрестенің шетінеуіне, ана мен нәресте ағзаларының улануына, жұқпалануына, жүкті әйелдің маңызды мүше қызметтерінің бұзылуына байланысты жүктілік жиі мерзімінен бұрын үзілуі мүмкін. Жүктілікті үзудің себептеріне плацентаға қан кетуді және жұқпалы аурудың пайда болуына байланысты ондағы дистрофиялық өзгерістерді жатқызуға болады. Плацентадағы аталған өзгерістер кезінде жұқпалы аурулар қоздырғыштары ана қанынан нәресте қанына жеңіл өтіп, оның зақымдануын тудырады.

Аборт және мерзімінен бұрын босану өз кезегінде жұқпалы аурулар ағымын төмендетеді. Оның төмендеуіне қан кетулер, зат алмасудың өзгеруі, босанудан кейінгі (аборттан кейінгі) сепсистік аурулар себеп бола алады.

Акушерлер жүкті әйелдерде экстрагенитальді аурулар белгілерін ерте кезде айқындап, дәрігер тағайындауы бойынша емдік шараларды орындайды, жұқпалы аурулардың алдын алу шараларын жүзеге асырады.

Тұмау. Басқа жұқпалы ауруларға қарағанда тұмау жүктілерде өте жиі кездеседі. Тұмау жиірек, әсіресе, жүктіліктің соңғы айларында мерзімінен бұрын босануға әкелуі мүмкін. Тұмаумен ауыратындарда асқыну жиі босану кезінде байқалады: босану күшінің әлсіздігі, ауырсынған толғақтар, бала жолдасынан және босанудан кейінгі кезеңдердегі қан кетулер, сепсистік ауруларға байланысты босанудан кейінгі аурулар.

Тұмаумен ауыратын жүкті әйел акушерлік стационар жағдайында болуды қажет ететін акушерлік патология кезінде жүктілік мерзіміне қарамай-ақ сондай стационардың обсервация бөлімшесіне жатқызылады және босануы да сол жерде өткізіледі. Бұған қоса, жұқпаның таралуын ескертетін шаралар жүргізіледі.

Тұмау вирусын жаңа туған нәрестелер өте қабылдағыш келеді. Алдын алу мен емдеудің қажетті шаралары болмаған жағдайда тұмау босану үйіндегі балалар арасында тез жайылады.

Тұмаудың таралуының алдын алу үшін осы аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде әйелдер мен балаларды оңашалау қажет.

Міндетті түрде бет перде тағып, палаталарды желдету қажет; сынап-кварцты шамдармен сәулелендірген дұрыс.

Туберкулез. Туберкулезбен ауыру жүктілік ағымына жиі кері әсерін тигізеді. Туберкулезден жазылған және осы аурудың компенсирленген түрімен ауыратын әйелдерде жүктілік қалыпты түрде өтеді. Туберкулездің белсенді түрлері жүктіліктің әсіресе соңғы кезеңдерінде ауыр ағымда өтеді. Жүктілік кезінде жұтқыншақ туберкулезі тез өрістейді және де ол мезгілінен бұрын босануға себепші болуы мүмкін.

Туберкулезбен науқас әйелдерде жүктілік анықталған кезде әйелдер кеңесінің акушер-гинекологы жүкті әйелді жедел түрде ауру диагнозын нақтылау және жүктілікті сақтау мүмкіндігі сұрағын шешу үшін туберкулезге қарсы диспансерге жолдайды. Дәрігерлер жүктілікті сақтау мүмкіндігі мен емдеу әдістері туралы сұрақты шешеді. Өкпенің және басқа да мүшенің белсенді туберкулезі, әсіресе жұтқыншақтың зақымдалуы кезінде жүктілікті сақтау мүмкіндігі болмайды. Жүктілікті сақтап қалу мүмкіндігі туберкулездің компенсирленген түрінде ғана кездеседі. Туберкулезбен ауыратын әйелдер жүктілік сақталатын жағдайда әйелдер кеңесі не емхананың (мекен-жайы бойынша) акушер-гинекологының, терапевтінің және туберкулезге қарсы диспансер фтизиатрының үнемі бақылауында болады.

Туберкулезбен ауыратын науқастарға жергілікті денсаулық сақтау органдарымен көрсетілетін стационарлық акушерлік көмек туберкулезге қарсы аурухана жүйесінде ұйымдастырылуы мүмкін. Туберкулездің белсенді формасы жоқ және ондай науқастармен қарым-қатынасы жоқ жүктілер мен босанатын әйелдер акушерлік стационардың обсервациялық бөлімшесіне (жеке палата), ал туберкулездің белсенді формасы бар босанатын әйелдер (туберкулез стационарына жатқызу мүмкіншілігі болмаған жағдайда) – акушерлік бөлімшенің босану бокстеріне жатқызылады. Қажет жағдайда арнайы ем (стрептомицин, ПАСК, фтивазид, т.б.) белгіленеді. Туберкулезбен науқас жүктілердің босануы қалалық босану үйінің бірінде ұйымдастырылатын арнайы бөлімшелерде жүргізіледі. Бұл мекемелерде науқас әйел мен оның баласына мұқият бақылау жүргізіледі.

Туберкулез микобактериясының ана ағзасынан іштегі нәресте ағзасына түсуі сирек; жаңа туған нәрестенің анасымен араласуы кезінде туберкулезді жұқтыру оңай. Бұндай ананың нәрестесі туысымен бірден оңашаланып, одан әрі босанған әйелдің туыстарына берілуі немесе сәйкес балалар мекемесіне ауыстырылуы керек.

Өкпе туберкулезінің белсенді түрі мен туберкулез микобактериясының бөлінуі кезінде төспен тамақтандырмайды. Ауру процесі бәсеңдегенде кеудемен тамақтандыру рұқсат етіледі, бірақ тамақтандырушы ана денсаулығы мұқият бақылауға алынады.

Жаңа туған нәрестелер туберкулезінің алдын алу мақсатында балаларды өмірінің алғашқы күндерінде туберкулез микобактериясының әлсіз дақылымен вакцинация жасалады.

Мерез. Емделмеген мерез ауруы жүктілік үшін өте қауіпті. Инфекция анадан балаға өтіп, оның ағзасына кері әсерін тигізеді.

Емделмеген немесе толықтай емделмеген мерез ауруы кезінде жүктілік түсік тастаумен не мезгілінен бұрын босанумен аяқталады. Нәресте мерез ауруымен туады немесе уақытында туса да, өлі туады. Мерез ауруымен туған нәрестенің тері қабатында мерезді бөртпелер, алақаны мен табандарында ірі пустулалы бөртпелер, бауырдың ұлғаюы, кейде асцит байқалады.

Әйелді жүктілікке дейін немесе жүктілік кезінде емдеу нәрестенің жұқпамен зақымдану және шетінеу қаупін төмендетеді. Дұрыс қолданылған ем жүкті әйелдің сауығуына және дені сау нәрестенің тууына ықпал етеді. Сондықтан, мерез ауруымен науқас әйелді дер кезінде анықтап, арнайы ем қолдануға бағыттау өте маңызды іс болып табылады.

Сұрастыру және жүкті әйелді мұқият тексеру мерез ауруын анықтауға жағдай жасайды. Барлық әйелдерде жүктіліктің ерте кезеңінде және екінші жартысында Вассерман реакциясын жүргізеді. Мерез ауруымен ауыратын жүкті әйелдерге мерезге қарсы ем қолданады.

Соз ауруы. Соз ауруымен ауыру жүктілікке дейін немесе жүктілік кезінде басталуы мүмкін. Әйелдің жыныс мүшелерінің соз ауруы жиі бедеулікке әкеліп соғады. Әсіресе, жатыр түтіктері соз ауруымен қабынғанда бедеулік жиі болады, себебі олардың өткізгіштігі бұзылады. Жатырдың шырышты қабатының соз ауруымен қабынуы уақытша бедеулікті тудырады; жүктілік болған күннің өзінде де ол түсік тастаумен аяқталуы мүмкін. Егер қабыну процесі жатыр мойны мен зәр шығару өзегінде байқалатын болса, қабыну белгілері басылғаннан кейін жүктілік болуы және қалыпты дамуы мүмкін.

Егер зақымдалу жүктілік кезінде байқалса, уретра, жатыр мойнының жіті түрдегі соз ауруымен зақымдануы басталады. Ұлпалардың шырындылығы мен іркілдектігі соз жұқпасының қынап пен вульваға таралуына мүмкіндік жасайды. Зәр шығару кезінде ауырсыну және қынаптан көп мөлшердегі бөлінділер байқалады. Сыртқы жыныс мүшелері мен қынапта кей кездері сүйелді өсінділер – жіті кондиломалар пайда болады.

Жүктілік кезінде пайда болған соз ауруы жатырға таралмайды. Босанғаннан кейін емделмеген соз ауруы әдетте жатырға таралады; кейіннен ол түтікке, аналық бездерге, жамбас қуысына таралуы мүмкін.

Босану кезінде жұқпамен нәресте зақымдануы мүмкін: көз конъюнктивасының (бленнорея), тік ішектің қабынуы, қыз балаларда вульва мен қынаптың зақымдануы.

Жүкті әйелдерді тексеру барысында міндетті түрде соз ауруын ескеріп (жүкті әйел мен жолдасының бұрындары ауруы, зәр шығару кезінде тілген тәрізді ауыру, іріңді бөлінділер, т.б.) отыру керек. Соз ауруы белгілері бар болса, тіпті осы жұқпаға күдік туса, уретра, жатыр мойны, қынаптың арнайы тексеруін жүргізеді.

Соз ауруымен ауыратын жүкті әйелді диагноз нақтыланысымен-ақ емдеу керек. Емдеу кезінде жүкті емес әйелдерге қолданылатын ем жасалады.

Токсоплазмоз. Токсоплазмоз қоздырғышы қарапайымдылар қатарына жатады. Негізгі қоздырушылар – мысықтар. Адамның зақымдануы ас қорыту жолдары арқылы болады. Ересектерде токсоплазмоз жіті және созылмалы түрде өтеді. Аурудың жіті формасы симптомдардың көп түрлілігімен ерекшеленеді және менингоэнцефалит, лимфаденит, т.б. аурулар секілді өтеді. Токсоплазмоздың созылмалы түрі аз симптомды, жиі жасырын түрде өтеді және арнайы серологиялық тексерулер жолымен ғана анықталады.

Жүкті әйел токсоплазмозы кезінде нәресте жұқпамен зақымданып, өлуі мүмкін. Тірі туған нәрестелерде дамуы ауытқулары (гидроцефалия, микроцефалия, т.б.), орталық жүйке жүйесінің (құрысу, салдану) зақымдануы, көз торшасының (хориоретинит), бүйрек, бауыр және басқа мүшелердің аурулары байқалады.

Вирусты гепатит. Вирусты гепатит ауруы жүкті емес әйелдерге қарағанда, жүктілерде ауыр ағымда өтеді, жиі ана (жүктілікті мезгілінен ерте үзу, босану күштерінің ауытқулары, көп мөлшерде қан кету, т.б.; постгеморрагиялық анемия, септикалық аурулар, т.б.) мен нәресте (мезгілінен бұрын туу, гипотрофия, өлі туу пайызының артуы) өміріне қауіпті асқынулар пайда болады. Зақымдану ас қорыту мүшелері арқылы, парентеральді жолмен (қан алу және плазма құю кезінде қажетті түрде залалсыздандырылмаған құрал, ине, шприцтер қолдану) жүреді. Диагноз эпидемиологиялық ахуалы, клиникалық мәліметтері (сарғаю, температураның артуы, т.б.) негізінде қойылады. Емдеуде жүкті емес кезінде қолданылатын ем жүргізіледі.

Вирусты гепатитпен ауыратын жүктілер жұқпалы аурухананың сәйкес бөлімшелерінде оларға бөлінген палаталарға (бокстарға) жатқызылады. Бақылауды, емдеу және босануды акушер-гинеколог пен осы бөлімше дәрігерлері бірлесе жүргізеді.

Жүктілік кезінде міндетті түрде АИТВ-жұқпасына тексерілу қажет емес. Зақымданудың жоғарғы қауіпті тобына жататындар: бірнеше жыныстық серіктері барлар, есірткіні парентералды жолмен қабылдайтындар, көп рет қан және оның компоненттерін қабылдағандар міндетті түрде тексерілуі керек.





Дата публикования: 2014-10-30; Прочитано: 2260 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.009 с)...