Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Науқас нәрестелердің күтімі



Нәрестенің түрлі патологиялық жағдайы алуан түрлі себептерге байланысты туындайды. Негізінен олар анасының (жүктілік кезіндегі кеш токсикоз, анемия, экстрагенитальді бұзылыстар), ұрықтың (жұқпалар, даму ауытқулары) ауруларына және ятрогенді әсерлерге (жасанды босандыру, дәрімен ұйықтату, босану кезінде акушерлік көмек) байланысты пайда болады.

Нәресте гипоксиясы плацента арқылы қажетті оттегі мөлшері түспегенде басталып, оның ағзада қышқылданбаған алмасу заттары ретінде жиналуымен байқалады.

Гипоксияның созылмалы және жіті түрлері ажыратылды. Созылмалы гипоксия жүктілік кезіндегі кеш токсикоз, экстрагенитальді бұзылыстар, сонымен қатар ағзадағы түрлі жұқпалар кезінде пайда болады. Жіті гипоксия жүктілік кезінен гөрі босану барысында жиі пайда болады. Бұған кіндіктің басылуы, нәресте мойнына оралуы себеп болады. Дер кезінде анықталмаған гипоксия нәресте қан айналымының бұзылысын, нәрестенің жатыр ішінде өлуіне әкеліп соқтыратын түрлі мүшелеріне қан кетуді тудырады.

Гипоксияны диагностикалау кезінде назар аударады:

- нәресте жүрек соғысының жиіленуіне (минутына 160 не одан көп соғуы) немесе ақырындауына (минутына 110-100 ретке дейін);

- жүрек соғысының ырғағы мен дыбысының өзгеруіне;

- қағанақ суында меконийдің болуына;

- нәрестенің қозғалыс белсенділігінің өзгеруіне (гипоксия дами бастағанда – артады, ал ұлғайған сайын - әлсіз болады).

Гипоксияны емдеу немесе алдын алу жүктілік мерзімі мен босану кезеңдеріне байланысты болады. Алдымен гипоксияны тудырған себептерді анықтап, жою керек.

Гипоксияны азайта, болмаса мүлдем жоя алатын А.П.Николаев әдістемесі ұсынылады:

а) жүкті немесе босанатын әйел 10 минут бойында ылғалды оттегіні тартады, 2-3 минутке үзіліс жасап, шараны тағы қайталайды;

ә) көк тамырға 40% глюкоза ерітіндісінің 40-50 мл енгізеді;

б) бұлшық етке кордиаминнің 1 мл енгізеді.

Жатыр-плаценталық қан айналымды жақсарту және нәрестені оттегімен қамтамасыз ету үшін сигетинді қолданады (көк тамырға 1% ерітіндінің 2-4 мл).

Нәрестенің зат алмасуын жақсарту үшін глюкозамен бірге көк тамырға инсулин, кокарбоксилаза, дәрумендер құяды.

Жіті ағымды ұрық гипоксиясы орталық жүйке жүйесінің, тыныс алудың, қан айналымның ауыр бұзылыстарымен сипатталатын нәрестенің асфиксиясын тудыруы мүмкін.

Медбике асфиксияны емдеудің қатаң жүйелілікте үш негізгі ережені орындаудан тұратынын білуі тиіс:

1. Тыныс алу жолдарын босату. Нәресте басы туысымен тыныс алу жолдарын вакуум-аппаратқа жалғанған резеңке катетер көмегімен шырыш, қан, қағанақ суларынан босату керек;

2. Тыныс алуды қалыпқа келтіру. Нәресте дем алмаған жағдайда тез арада дем алдыру шараларын орындау керек. Бұны өкпені жасанды желдетуге арналған аппараттар көмегімен орындауға болады. Жасалған шаралар жеткіліксіз болған жағдайда нәрстені барокамераға жатқызады. Өкпені жасанды желдетумен қатар нәрестенің кіндік тамырына түрлі ерітінділер енгізеді: глюкоза, аскорбин қышқылы, натрий гидрокарбонаты, т.б.

3. Қан айналымын қалыпқа келтіру. Жүрегі тоқтағанда жүрек сыртынан кеуде торын басу арқылы (минутына 100 қозғалыс) массаж жасайды. Бұдан нәтиже болмаса, адреналин енгізеді.

Тәжірибе көрсеткендей, жоғарыда аталған реанимациялық шараларды нәресте туғаннан кейінгі 15-20 минут ішінде жасау керек. Ағзаға бұдан артық уақыт әсер ету ауыр неврологиялық бұзылыстарды тудыруы мүмкін.

Нәрестелердің ауыр ауруларының бірі – қаңқа ішіне қан кету түріндегі босану жарақаты. Бұндай балалар жеке палатаға орналастырылады және тәулік бойы медбике кезекшілігі қойылады. Тыныс алуды жақсарту және өз құсығына тұншығып қалмауы үшін керуетте жатқан баланың басы көтеріңкі орналасуы керек.

Емдеу-қорғау тәртібі бұл палаталарда ерекше қатаң болуы керек. Баланың тыныштығы мен ұйқысын бұзатын бірде-бір бөтен дыбыстар шығарылмайды. Нәрестені күту бойынша барлық шаралар ақырындап, кереуеттен шығарылмай жасалады. Палатада өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараты болуы керек, дәрігер тағайындауы бойынша қаңқа-ми гипотерапиясы жасалады.

Медбике үнемі бала денесінің температурасын қадағалап, пневмонияның туындауының алдын алу үшін денесінің суымауын бақылауы керек.

Нәрестені өмірінің алғашқы күндерінде анасының сүзілген сүтімен тамақтандырады. Сору және жұту рефлекстері жиі бұзылатындықтан, нәрестені сүңгі көмегімен тамақтандырады. Төспен тамақтандыруға дәрігер белгілеуі бойынша ғана рұқсат етіледі.

Тері қабатының кебірсуі мен дистрофиялық өзгеріске ұшырауының алдын алу үшін стерильді сұйық маймен өңдеп, А дәруменін қолдану қажет. Ауыз қуысы мен еріннің шырышты қабатын глюкоза ерітіндісімен және натрий хлоридінің изотоникалық ерітіндісімен ылғалдайды, ал көзіне А дәруменінің бір тамышысын (күніне 1-2 рет) тамызады.

Нәрестелерде жиі кездесетін патологияның бірі – тері аурулары (везикулопустулез, кандидоз).

Везикулопустулез терінің жоғарғы қабатында орналасқан алдымен мөлдір, кейіннен күңгірттеу сұйықтыққа толатын көпіршіктердің (1-3 мм) пайда болуымен сипатталады. Бұл ауруды жиі стафилококк қоздырады.

Терінің зақымданған аймақтарын 70% спирт және бриллиант жасылының ерітіндісімен өңдейді. 2-3 күннен кейін көпіршіктер жарылып, қабықтанады, соңынан тез жазылып кетеді.

Науқас нәрестені күту кезінде санитарлық індетке қарсы тәртіп қатаң сақталуы керек. Ауырған баламен қатынастан кейін қолды сабынмен мұқият жуып, 70% спиртпен өңдеу керек, ал ең жақсысы шараларды бір реттік перчаткаларда орындау керек. Ауырған баланың киімі стерильді болған жөн.

Тері және шырышты қабаттың кандидозы нәрестелерде өте жиі кездеседі. Бұған антибиотикотерапияның шамадан тыс қолданылуы себеп болуы мүмкін. Болмаса анасынан да жұғуы мүмкін.

Мазасыз, қатты айғайлап жылайтын нәрестеде кіндік жарығы дамуы мүмкін. Бұл жағдайда кіндік аумағының массажы және одан әрі қысатын таңғыш салу ұсынылады.

Сулы кіндік кіндік жарасының тез жазылмауымен сипатталады. Күйдіргіш заттармен өңдеу, күйдіру, стерильді дәке салу ұсынылады.

Кіндік жыланкөздері суланған кіндікке ұқсас болады. Ауру жыланкөз қаупы мен оның түрлерін (толық, толық емес) айқындауға мүмкіндік беретін өткізгіш сүңгілер көмегімен нақтыланады. Емдеу хирургиялық жолмен жүзеге асырылады.

Сулы кіндік асқынудың анағұрлым ауыр түрі – омфалитке ауысуы мүмкін. Бұл кезде гиперемия, тері инфильтрациясы, іріңді-геморрагиялық бөлінділер байқалады. Омфалит кезінде баланың жалпы жағдайы төмендейді.

Ауруды емдеу үшін антибиотиктер және жергілікті қолданылатын гипертониялық ерітінділермен үйлестіріле дезинтоксикациялық заттар пайдаланылады. Физиотерапияның әсері өте тиімді. Жараны өңдегеннен кейін стерильді таңғыш салады.

Егер омфалит кіндік әлі түспеген кезде пайда болса, кіндікті кесіп тастау ең тиімді болып саналады.

Нәрестелердің маңызды ауруларының бірі – гипербилирубинемия. Бұл ұғымға қанда билирубиннің артуымен қабаттасатын көптеген ауруларды біріктіреді. Солардың бірі – гемолитикалық ауру (нәресте қанында бар және ана қанында жоқ көптеген антиген бойынша ана мен нәресте қанының сәйкес келмеушілігі). Жиі бұл сәйкессіздік резус-антиген бойынша (анасы - резус-тері, нәресте - резус-оң) болады.

Билирубин конъюгациялық сарғаю нәтижесінде артуы мүмкін (нәресте бауыры билирубинді жоя алмайды).

Жоғарыда аталған жағдайларда бауырда конъюгацияланбаған ерікті билирубин артады. Қанда бұл билирубиннің болуы бала өмірінің алғашқы 10-14 күнінде аса қауіпті, себебі «ядролық сарғаю» қалыптасуы мүмкін. Оның салдары ауыр спастикалық формалы және ақыл-есінінің кешігуімен қабаттасатын балалар церебральді салдануына әкелуі мүмкін.

Сондықтан туғаннан кейінгі алғашқы күндерде бала қанындағы билирубин құрамының деңгейін қадағалап, оның клиникалық жағдайын бақылап отыру қажет. Медбике сарғыштанудың пайда болуын анықтап қана қоймай, оның байқалу жылдамдығын, баланың жалпы жағдайының өзгерістерін де бақылап отыруы керек. Гемолитикалық ауру кезінде өмірінің 2-4 күндері, ал конъюгациялық кезінде - 6-7 күндер өте қауіпті саналады. Баланың дене температурасының салқындауы, оттегі мен өнімді заттардың жетіспеуі ауру ағымын арттырады. Сонымен қатар, нәресте меконийінде билирубиннің көп мөлшері болады, сондықтан оның ағзадан дер кезінде шығарылмауы қандағы билирубин құрамының тез артуына әкелуі мүмкін.

Әлсіздік, бір қалыпты қатты айғай, жиі құсу айқын сарғаюға тән белгілер. Нәресте сарғыш түске бояла бастағанда медбике жедел түрде дәрігерді шақыртып, дәрігер қан құю туралы сұрақты шешеді.

Бұл ауру кезінде фототерапия жақсы нәтиже береді. Сәуле әсерінен билирубин уытты әсері жоқ өзінің изомеріне ауысады. Фототерапияны жүргізу үшін түрлі шамдар қолданылады. Медбике мұндай шамдар құрамында болатын ультракүлгін компонент көз торшасы мен жыныс мүшелерінде бұзылыс туғызатынын білуі тиіс. Сондықтан фототерапия сеансын өткізу кезінде нәресте денесінің аталған бөліктері мұқият қорғалуы керек. Жасыл және ақ сәулелі шамдарда жылу әсері ерекше қызыл компонент болады. Бұл жағдайда нәрестеге жылу өтіп кетпеуі үшін температуралық тәртіпті бақылау керек, көп мөлшерде сұйықтық беру керек. Баланың температурасын әр 3-4 сағат сайын өлшеп отырады.

Балада жасыл сұйық нәжіс және көп мөлшерде сары зәр бөлінгенде, жасалған емнің тиімділігі туралы айтуға болады.

Гемолитикалық ауру кезінде нәрестені өмірінің алғашқы күндерінде донорлық сүтпен тамақтандырады. Бала жағдайы қанағаттанарлық болғанда және ана сүтінде антиденелер жойылғанда ғана баланы төске салуға рұқсат етіледі.

Жоғарыда аталған сарғаю түрлерінен басқа нәрестелерде өттің қозғалуына байланысты туындайтын механикалық сарғаю да кездеседі. Бұл жағдайда қанда байланысқан билирубин кездеседі, ол орталық жүйке жүйесін бұзбайды, дегенмен нәрестенің жалпы жағдайына әсер етеді. Кейде дене температурасының артуы, діріл пайда болады. Терісінің түсі – сарғыш, жасылтым реңмен. Механикалық сарғаюға түссіз нәжіс пен зәрдің көп мөлшерде шығуы тән болады.

Сондай-ақ, гепатит, герпес, қызамық вирусы нәтижесінде, сонымен қатар даму үстіндіге мерез ауруы, токсоплазмозбен туған ішкі және постнатальді гепатиттер сарғаю сирдромымен қоса жүруі мүмкін.

Бұл жағдайда тері қабатының түсі топырақ реңді, бауыр қызметі бұзылады, нәжісі мен зәрі механикалық сарғаю кезіндегідей болады.

Емдеу мақсатында дезинтоксикациялық және спазмалық препараттарды, антибиотиктерді, өт айдаушы препараттарды, дәрумендерді, т.б. қолданады. Физиотерапия ұсынылады.

Балаларда сарғаю синдромы анықталғанда, оларды жеке бокстарға жатқызу қажет. Бұндай балалардың күтімі мен емі бір реттік перчаткалар және құралдармен жүзеге асырылады.





Дата публикования: 2014-10-30; Прочитано: 4571 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.01 с)...