Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Акушерлік тексеру әдістері



Қынапты тексерудің әйелдің босану жолдарына патогенді микробтар енгізу қаупі бар. Тексеру барысында енгізілген патогенді микробтар босанудан кейінгі ауыр дәрежелі ауруларды тудыруы мүмкін.

1. Қынапты тексеруді асептика мен антисептиканың барлық ережелерін қатаң түрде сақтап қана жүргізеді; тексеру алдында акушер қолы мен жүкті әйелдің жыныс мүшелері зарарсыздандырылады.

2. Қынапты жүктіліктің екінші жартысы мен соңында әйелдер кеңес орнына алғаш келгенде, сондай-ақ босану жолдарының жағдайын (қынап, жатыр мойны, жамбас сүйектерінің ішкі беті) және диагональді конъюгата өлшемін нақтылау қажеттілігі туғанда тексереді. Жүктіліктің соңында қынап күмбездері арқылы нәрестенің жамбас қуысына жақын жататын және босану жолдарынан бірінші болып өтетін бөлігін анықтауға болады, сол себепті қынаптық тексеруді нәрестенің ең ірі мүшелерінің жамбастың кіреберіс қуысына қатынасын нақтылау үшін қолдануға болады.

3. Босанатын әйелдерде қынаптық тексеру босану мекемесіне түскен кезде және қағанақ сулары кеткенде, одан әрі көрсеткіштер бойынша жүргізіледі. Мұндай тәртіп босану ағымының асқынуларын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Қынаптық тексеру келесідей жүргізіледі:

Жүкті (босанатын) әйел арқасына жатып, аяғын тізесінде және жамбас буынында бүгіп, екі жаққа ысырады. Акушердің қолы мен жүктінің сыртқы жыныс мүшелері зарарсыздандырылады. Сол қолдың бас және сұқ саусағымен үлкен және кіші жыныс ернеулерін ашып, жыныс саңылауын, қынапқа кірер жолды, шүртіні, уретраның сыртқы саңылауын, аралықты тексереді. Содан кейін ақырындап оң қолдың сұқ және ортаңғы саусақтарын қынапқа енгізеді.

Тексеруді келесі тәртіпте жүргізеді:

1. Қынап саңылауының кеңдігін және қабырғаларының созылғыштығын анықтайды; тыртық, ісік және басқа патологиялық жағдайлардың бар-жоғын тексереді.

2. Жатыр мойнын тауып, оның қалпын, көлемін, консистенциясын; босанатын әйелді тексеру кезінде мойынның тегістелу дәрежесін (сақталған, қысқарған, тегістелген) анықтайды.

3. Жатыр мойны өзегінің сыртқы саңылауының жағдайын (дөңгелек немесе тесік тектес, ашық немесе жабық) анықтайды. Босанатын әйелдерде өзек шеттерінің (жұмсақ немесе ригидті, жуан немесе жіңішке) жағдайын және өзектің ашылу дәрежесін анықтайды. Өзекке бір немесе екі саусақтың ұшын енгізіп, оның ашылған-ашылмағанын және қандай дәрежеге дейін (1-2-3-4 см) немесе толық ашылғанын (өзекке енгізілген бір саусақ 1,5-2 см сәйкес) анықтайды.

4. Қағанақ қабығының жағдайын анықтайды (сақталған, ширығу дәрежесі, бұзылған).

5. Нәрестенің жамбас қуысына жақын жатқан және босану жолдарынан бірінші өтетін бөлігін (басы, аяғы, бөксесі), орналасқан жерін (кіші жамбасқа ену жерінде, қуыста, жамбастан шығаберісте), бөліктегі айыру белгілерін (басында – тігістер мен еңбектер, бөкседе – сыртқы өту саңылауы, жыныс мүшелері, т.б.) анықтап, олардың орналасуы бойынша босану механизмі туралы болжам жасайды.

6. Қынаптың, жатыр мойнының, өзектің, қағанақ қабығының және нәрестенің жамбас қуысына жақын жатқан және босану жолдарынан бірінші өтетін бөлігінің жағдайы туралы толық мәлімет алғаннан кейін, босанатын әйел сегізкөзінің ішкі бетін, симфизді және жамбастың бүйір қабырғаларын тексеруге кіріседі. Жамбасты тексеру жамбас сүйектерінің ақауын және жамбас сыйымдылығын анықтауға мүмкіндік береді.

7. Тексеру соңында диагональді конъгатаны өлшейді.

Босану кезінде нәресте басының қозғалуы туралы түсінікті Пискачек әдісі береді. Сұқ және ортаңғы саусақтарды залалсыздандырылған дәкемен орап, саусақ ұштарын оң жақ үлкен жыныс еріндерінің бүйір шеттеріне қояды. Одан әрі қынап түтігіне қатар нәресте басына жеткенге дейін ішке қарай басады. Нәресте басы жамбас қуысында немесе шығаберісінде болған жағдайда, саусақ нәресте басына жетеді. Егер де нәресте басы жамбастың кіреберіс жазықтығында кіші сегменттпен тұрса тұрса, саусақ ұшы нәресте басына жетпейді. Пискачек әдісін орындау барысында саусақтың қынап саңылауына өтпеуін мұқият бақылау қажет.





Дата публикования: 2014-10-30; Прочитано: 6541 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.006 с)...