Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Йел жыныс мүшелерінің физологиясы, етеккір циклы



Жыныстық пісіп-жетілген жүкті емес әйелдің ағзасында жүктілікке дайындайтын күрделі өзгерістер болып тұрады. Бұл табиғи маңызды, белгілі бір ретпен қайталанып тұратын өзгерістер е т е к к і р ц и к л ы деп аталады.

Етеккір циклының ұзақтығы әр түрлі. Әйелдердің көпшілгінде цикл 28 күнге (4 апта) созылады, кейбіреулерінде 21 күнге (3 апта) қысқарады, сирек етеккір циклы 30-35 күндік әйелдер де кездеседі.

Әйел ағзасында жүретін циклдік өзгерістер жыныс жүйесінде, әсіресе аналық бездер мен жатырдың шырышты қабатында айқын көрінеді. Етеккір циклы кезінде белгілі бір ретпен қайталанып тұратын өзгерістер түгел ағзада, аналық безде – безді цикл, жатырда – жатырлы цикл болып тұрады.

Барлық ағзада болып тұратын циклдық өзгерістер. Аналық без бен жатырда болатын өзгерістер орталық жүйке жүйесіне әсер етеді. Бұл тек тітіркендіру жолымен ғана жүзеге аспайды, сондай-ақ орталық жүйке жүйесіне, етеккір циклының әр түрлі фазасында өзгеріп отыратын аналық без гормондары да әсер етеді.

Жүйке жүйесінде өзгерістер болып тұратындықтан, көптеген әйелдерде етеккір алдында тітіркендіргіштік, шаршағыштық, ұйқышылдық байқалып, етеккір біткеннен кейін өзіндегі сергіштікті қайта сезеді. Қалыпты еттекір циклы кезінде жүйке жүйесіндегі өзгерістер физиологиялық тербелістер шегінен шықпай, әйелдің жұмыс істеу қабілеттерін төмендетпейді. Жүйке жүйесіндегі физиологиялық тербелістерге байланысты етеккір циклы бойы қан айналымда, термореттеуде, зат алмасуда толқын тәрізді өзгерістер болып тұрады. Еттекір қызметін реттеу гипоталамо-гипофизарлық құрылымдағы циклды өзгерістер әйелдің репродуктивтік денсаулығын қамтамасыз ететін барлық процестерді реттейді. Гипоталамо-гипофизарлы жүйенің қызметі орталық жүйке жүйесінің жоғарғы бөліктерімен реттеледі. Гипофиздің алдыңғы бөлігінде (аденогипофизде) аналық бездің қызметін күшейтетін гонадотропты гормонның синтезі және оның қанға бөлінуі өтеді. Ол гипоталамус ядросынан бөлінетін, оны шешетін фактор (рилизинг-факторлар) немесе либериндер деп аталады.

Гипофиз 3 гонадотропты гормондар: фолликул жетілуін күшейтетін гормондар (ФСГ), лютеинді (ЛГ) және лютеотропты (ЛТГ) немесе пролактин бөліп шығарады. Гонадотропты гормонның түзілуі (гипофизбен) етеккір циклының сатысына сәйкес циклды өзгертіп отырады. Етеккір циклының бірінші жартысында ФГС түзілуі күшейеді, ол циклдың 7-8-күндерінде жоғарғы дәрежесіне жетеді. Одан кейінгі күндері оның түзілуі төмендеп, керісінше ЛГ бөлінуі жоғарылайды, ол циклдың ортасында жоғары деңгейге жетеді.

Аналық без циклы. Гонадотропты гормондардың әсерінен аналық безде қайталанатын өзгерістер болып тұрады, олар үш сатыдан өтеді: а) фолликулдың жетілуі – фолликулинді сатысы; б) жетілген фолликулдың жарылуы - овуляция сатысы; в) сары дененің дамуы – лютеинді сатысы.

 
 

а) Фолликулдың жетілуі. Біріншілік мордиалды фолликул эпителиалды жасушалардың жалғыз қабатымен қоршалған жетілмеген аналық безден тұрады; сыртынан фолликул дәнекер тінімен қапталған, мордиалды фолликулдар жатыршілік кезеңде және ерте балалық шағында түзіледі. Жыныстық жетілу шағы келгенде 400000-500000 біріншілік фолликулалардан 35000-40000 ғана қалады, ал қалғандары кері дамуға ұшырайды. Қалған біріншілік фолликулалардан 450-600 ғана толығымен жетіліп, қалғандары физиологиялық атрезияланады.

Фолликулдың жетілу процесі еттекір циклының бірінші жартысын алады, яғни, 28 күндік цикл кезінде –14 күнді, 21 күндік циклда – 10-11 күнді.

Фолликулдың даму процесі кезінде оның барлық негізгі бөліктері өзгеріске ұшырайды: аналық безі, дәнді қабығы, дәнекертінді қабығы.

Жұмыртқа жасушасының көлемі 5-6 рет ұлғайып, оның бетінде жылтыр қабықша (zona pellucida) пайда болады және цитоплазмада күрделі өзгерістер байқалады. Жұмыртқа жасушасы екі рет бөлінгеннен кейін ғана толық пісіп-жетіліп, ұрықтануға дайын болады.

Фолликулдың эпителийі пролиферациялық өзгерістерге ұшырап, көп қабатты (membrana qranuloza folliculi) құрайды. Бұл қабаттың жасушалары бір жағынан жұмыртқа жасушасына, екінші жағынан фолликула қабырғасына жылжиды. Жұмыртқа жасушасын қоршаған қабат сәулелі қабат (corona radiata) деп аталады, ол фолликуларлық сұйықтықта болады. Бұл сұйықтықта эстроген гормондары түзіледі, эстрогендер әйел ағзасына әр түрлі әсерін тигізеді.

1. Жыныстық жетілу кезеңінде эстрогендер жатырдың, қынаптың, сыртқы жыныс мүшелерінің өсуі мен дамуын, екіншілік жыныс белгілерінің пайда болуын қамтамасыз етеді.

2. Эстрогендер жыныстық жетілу кезеңінде жатыр кілегей қабатының пролиферациясын (көбеюін) тудыртады.

3. Эстрогендер жатыр бұлшық еттер тонусын, жатырдың жиырылтатын заттарға оның қозғыштығын және сезімталдығын жоғарылатады.

4. Бұл гормондар сүт бездерінің қызметінің жоғарылауына әсер етеді, сонымен қатар олар жыныстық сезімін күшейтеді.

Фолликул өсіп-дамыған сайын, оның тінді қабықшалары да өседі. Өсіп-жетілген фолликуланың көлемі ұлғайып, оның полюсі аналық бездерінің бетіне бұлтиып шығады, орналасқан жері жұқарады.

б) Овуляция сатысы. Овуляция дегеніміз ­ жетілген фолликулдың жарылуы және оның қуысынан ұрықтануға дайын жетілген жұмыртқа жасушаның шығуы. Сorona radiata-мен қоршалған жұмыртқа жасушасы фолликулярлы сұйықтықпен бірге іш қуысына түсіп, кейін жатыр түтігіне енеді.

28 күнді цикл кезінде овуляция етеккірдің алғашқы күнінен бастап 14-15-күні жүреді (қысқа цикл кезінде бұдан бұрын болады). Бұл шақ ұрықтану үшін ең қолайлы болып табылады.

в) Сары дененің дамуы (лютеинді сатысы). Жарылған фолликул орнына прогестерон гормонын өңдіретін сары дене пайда болады, оның өсіп дамуы, қызметі 14 күнге дейін сақталады.

Егер аналық жасуша сперматозоидпен ұрықтанбаса, ақ денеге айналады. Ал егер ұрықтанса, онда сары дене жүктіліктің бірінші үш айына дейін сақталып, өз қызметін атқарады.

Сары дене түзетін гормон ағзаға әр түрлі әсерін тигізеді:

1. Прогестерон әсерінен жатырдың кілегей қабығында оны жүктілікке дайындайтын өзгерістер жүреді (секреция сатысы);

2. Прогестерон жатырдың қозуы мен жиырылуын төмендеті, жүктіліктің дамуына қолайлы жағдай жасайды.

3. Эстрогендермен бірге прогестерон сүт бездерін лактацияға дайындайды.

Сонымен, бұл сатылар аналық без циклінде кезектесіп отырады. Қалыпты жағдайда етеккір екі сатылы, әрбір саты орта есеппен екі аптаға созылады. Бірінші фолликулалық сатыда эстроген гормондары, екінші сары дене сатысында прогестерон гормондарының өндірілуі артады.

Етеккір жатырдың шырышты қабатында болатын циклдік өзгерістермен сипатталады. Етеккір циклі кезінде эстроген мен прогестеронның әсерінен жатырда болатын өзгерістер төрт сатыға бөлінеді, оның ұзақтығы аналық без циклы сияқты 28 күн болады (сирек 21 немесе 30-35 күн). Жатыр циклында келесі сатыларды ажыратады: а) десквамация; б) регенерация; в) промеферация; г) секреция.

А) десквамация сатысы – жатырдың (эндометрий) ішкі кілегейлі қабығының функционалдық қабаты үлбіреп, ыдырап, сыдырылып, қанмен араласып, 3-5 (7 күнге дейін) күн аралығында етеккір қан кетуімен сыртқа шығады. Физиологиялық қан кету көлемі 50-100 мл болуы керек. Бұл сатының басталуы сары дененің жойылуымен сәйкес келеді.

Б) регенерация сатысы. Үлбіреген қабық сыдырылып түсе бастағаннан, оның астынан жаңа жасушалар өсіп, жара жазыла бастайды. Жара 5-7 күнде жазылып, қайтадан функционалдық үлбір қабық пайда болады.

В) пролиферация сатысы. Үлбір қабықтың өсіп-өніп толуы, функционалдық қабаттың пайда болуы, фолликул пісіп-жетілгеннен бастап, оның жарылуына дейін созылады. Егер етеккір циклі 28 күн болса, үшінші сатының ұзақтығы 14 күнге дейін созылады.

Г) секреция сатысы. Бұл кезеңде жатырдың ішкі кілегейлі қабығы «гүлденіп, жайнап», оның без жасушаларына сұйықтық толып, үлбірше қабығы толықсып, құлпырып, ұрықты қабылдауға дайындалады. Егер аналық жұмыртқа жасушасы сперматозоидпен ұрықтанбаса, онда үлбіреген қабық ыдырап, сыдырылып түсіп, қайтадан бірінші саты басталады. Бұл саты 14-28 күн аралығында аналық безде сары дененің өсіп дамуына сәйкес келеді.

Көрсетілген циклдық өзгерістер әйелдің жыныстық жетілу шағында дұрыс уақыт аралығымен қайталанып тұрады. Циклдық процестердің тоқтап қалуы жүктілік және кеудемен тамақтандыру сияқты физиологиялық процестермен байланысты. Етеккір циклдарының бұзылуы патологиялық процестерде де байқалады (ауыр ағымды аурулар, психикалық әсерлер, құнарлы тамақтану және т.б).





Дата публикования: 2014-10-30; Прочитано: 3736 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.008 с)...