Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Перзентхананың құрылысы мен жұмысы



Перзентхана - ең ірі дәрігерлік мекемелердің бірі. Оның негізгі міндеті жүктілікті сақтау, босану, босанғаннан кейін бала мен ананың денсаулығын қорғау. Босану үйінің сапалы жұмысы дәрігерлердің біліктілік дәрежесіне, материалдық-техникалық жабдықталуына, санитарлық-эпидемиологиялық және анестезиологиялық жағдайына және анестезиологиялық-реанимациялық көмектің ұйымдастырылуына байланысты.

Қазіргі уақытта акушерлер емді басқа мамандармен (терапевт, хирург, анестезиолог, т.б.) бірлесе отырып жүргізеді. Жүрек-қан тамыр, жұқпалы аурулармен ауыратын және ыстығы 37,50-тен жоғары көтерілген, мезгілінен ерте босанатын әйелдер (28-37 жұма) арнайы босану үйлерінде емделіп, босанады.

Перзентхананың құрамына қабылдау блогы, әйелдер босанатын бөлімше, патология бөлімшесі (жүкті әйелдер алдын ала жататын), босанғаннан кейінгі физиологиялық бөлімше, ішкі обсервация, бөбектер бөлімшесі, анестезиология, реанимация, шығарып салу, емдеу мен басқарма шаруашылық бөлімдері және әйелдер кеңес орны кіреді.

Қабылдау бөлмесі. Қабылдау бөлмесінде беті клеенкамен жабылған кереуетше, үстел, орындық, тумбочка, әйел киімін уақытша қоятын шкаф, заттарды сақтайтын сейф болуы керек. Тумбочка үстінде дезинфекциялайтын ерітіндіге толық батырылған термометр мен шпательді салатын ыдыс, стерильденген корнцанг сақталатын қоңыр шыны ыдыс болуы керек.

Тумбочка ішінде залалсыздандырылған аяқ киім, сонымен бірге стерилді бикс болуы қажет.

Қабылдау бөліміне келіп түскен әйелдің жалпы жағдайын бақылайды (дене қызуын өлшейді, тері қабаттарын тексереді, тамағын көреді, тамыр соғысын есептейді, қан қысымын өлшейді). Дәрігер немесе акушер жүкті әйелдің анықтама қағазымен танысып, ауырған жұқпалы ауруларын анықтайды, содан кейін қай бөлімге жіберуді шешеді. Толғағы басталған әйелдерді босану бөліміне, толғағы жоқ әйелдерді патология бөліміне жібереді.

Жүкті әйелді қабылдау ережелері. Әйелдің бойы мен салмағын өлшейді. Аяқ-қол тырнақтарын алған соң, қолтық және жыныс мүшелеріне сұйық сабын жағып, түктерін қырып тастайды. Содан кейін сыртқы жыныс мүшелерін калий перманганат ерітіндісімен жуып, тазарту клизмасын жасайды. Жуыну үшін жүкті әйелге сабын, арнайы стерильденген езгіш (мочалка) береді. Денесін сүртіп құрғатқан соң, сүт бездеріне гауһар көгін (зеленка), ал тырнақтарына иодонат ерітіндісін жағады.

Жүкті әйелдер алдын ала жататын бөлім. Бұл бөлімде жоғары, орта және төмен дәрежелі қауіп-қатер тобындағы әйелдер тексеріліп, емделеді. Құрамына қарау, емдеу, асхана бөлмелері кіреді. Бөлімге түскен әйелдерден қажетті мәліметтер жинап, арнайы акушерлік зерттеулер жүргізіп, клиникалық-зертханалық анализдер алып, сырқаттың түрін анықтап, оның босану жолдарын шешеді.

Босанатын бөлім. Оның құрамына: босанар алдындағы бөлімше, босанатын және операция бөлімдері кіреді. Бұдан басқа қызметкерлер үшін буфет, санитарлар бөлмесі т.б. болу керек. Босану бөлмесіне кіреберісте дәкемен жабылған бикс тұруы керек.

Босанар алдындағы бөлмедегі төсектің саны физиологиялық бөлімге арналған барлық төсектердің 12 проценті (екі төсектен кем болмауға тиіс), Рахманов төсегінің саны 7-8 % болғаны жөн. Ал босануға арналған бөлмелердің саны екі есе көп болу керек. Себебі, тазалап, желдетіп, кварцпен аластау кезінде оларды кезекпен ауыстырып отырады. Әрбір әйелдің бөлек босану бөлмесі болғаны дұрыс.

Босанар алдындағы бөлме. Бұл бөлмеде никелденген төсек, астауша, наркоздық, қан қысымын өлшейтін аппараттар, стетоскоп, жамбас өлшегіш, «Малыш», «Лэпар» аппараттары болады. Бұл бөлмеде кезекші акушер жүкті әйелдің жалпы жағдайын, қан қысымын, тамыр соғуын, толғақтың сипатын, нәрестенің жүрек қағысын бақылап, күнделікке жазып отырады. Қынаптық зерттеуді босанып жатқан әйелдерде көрсеткіштері бойынша кіші операция бөлмесінде, ал жыныс мүшелерінен қан кеткен кезде үлкен операция бөлмесінде жүргізеді.

Босану бөлмелері. Бұл бөлмеде әйелдер босанатын Рахманов төсектері, дәрі-дәрмек, залалсыздандырылған құрал-аспаптар қоятын шкаф, үстел, жылжымалы рефлектор шамы, дәрі тамызуға арналған штативтер және залалсыздандырылған материалдармен (халат, мақта жұмыршасы, резинка қолғаптар т.б.) жабдықталған бірнеше бикстер болады. Сонымен қатар бұл бөлмеде нәрестенің тыныс жолдарын сорып тазартатын электросорғыш, оттекті баллондар, наркоз беретін аппарат, танометр, стетоскоп болады. Босанатын екі бөлменің арасында жаңа туған сәбиге арналған тиісті дәрі-дәрмек арнайы құрал-аспаптармен жабдықталған бөлме бар. Босануға арналған бөлмелерге таяу шағын операция бөлімшесі орналасады. Бұл бөлмеде баланы жатырдан жарып алудан басқа операциялардың бәрі жасалады.

Әйелдер босанатын бөлмелер мұқият оңашалануға тиіс. Сонымен қатар тез арада дәрігерлік көмек көрсету үшін залалсыздандырылған аспаптармен, қан, қан орнына жүретін ерітінділер, дәрі-дәрмектермен жабдықталуы керек.





Дата публикования: 2014-10-30; Прочитано: 3101 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.006 с)...