Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Жанұяны жоспарлау



Соңғы он жыл көлемінде денсаулықты сақтау, әсіресе, әйел адамның бала туу қызметін сақтау мәселелері әр түрлі мамандықтағы дәрігерлердің жалпы ортақ жұмысына айналды. Денсаулықтың жалпы негізгі параметрлеріне: дұрыс тамақтану, спорт және дене шынықтырумен айналысу, ағзаға зиянды әсер ететін әдеттерден аулақ болу, көңіл-күйді жоғары ұстау, әр түрлі жұқпалы аурулардан сақтана білу, тұқым қуалайтын ауруларды болдырмау, қолайлы экологиялық ортада өмір сүру жатады. Осының бәрі салауатты өмір сүрудің негізгі шарттары болып табылады.

Әйелдің денсаулығы мен бала туу қызметі арасында тығыз байланыс бар. Соңғы кездері жүктілік пен босану процесі 25 шамасына дейінгі әйелдерді онкологиялық /қатерлі ісіктер/ аурулардан сақтайды, қорғайды деген ұғымдағы ғылыми жұмыстар пайда болды. 19 жасқа дейінгі жыныстық қатынаста /ерте/ болу жатыр мойнының обырын көбейтуде. 20-24 жас аралығындағы жыныстық қатынас әйелдердің жасанды түсік жасатуын /медициналық аборт/, сүт безінің обырын 2 есеге дейін көбейтуде. Әйелдің бала туу қызметін реттеу, ретсіз жүктілікті болдырмау жанұяны /отбасын/ жоспарлау мәселесінің негізі. Бұл мәселе өте ертеден келе жатқан, ежелгі тарихы бар дүние. Жанұяны жоспарлау ­ бала санын шектеу ғана емес, ол ана мен бала денсаулығын қорғау, өмірге дені сау, үмітті, көптен күткен ұрпақ әкелу деген түсінікті білдіреді. Сондықтан осы ұғымды дұрыс түсініп, қарапайым халық арасында дұрыс насихаттай білу қажет. Ерте уақыттан бастап, жүктіліктен сақтану заттары ойластырылған, ол жөнінде мақала жазған дәрігерлерді айыпқа тартатын болған. Осыдан 40 жыл бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында Дүниежүзілік жанұяны жоспарлау ассоциациясы құрылған. Бұл ұйым бүгінде өз қарамағында 123 елді біріктіріп отыр, ТМД аймағында жанұяны жоспарлау қызметі ХХ ғасырдың 20-жылдарында біраз жетістіктерге қол жеткізді, кейіннен оның дамуы қоғамдағы әр түрлі себептерге байланысты тоқтап қалған. 80-жылдардың басындағы демографиялық жағдай осы мәселеге қайта оралуға себебін тигізді.

Жанұяны жоспарлаудың негізгі мақсаттары:

1. Бедеулі некені емдеу.

2. 19 жасқа дейінгі және 35 жастан кейінгі жүктілік пен босанудың алдын алу.

3. Босану арасындағы аралық кем дегенде 3 жылдан аспауы керек.

4. Экстрагенитальді ­ жыныс мүшесінен тыс аурулары бар жоғарғы қауіпті топ әйелдерінде жасанды түсікті болдырмау, оның алдын алу.

5. Бірінші жүктілігін жасанды жолмен /медициналық аборт/ алдырмау, онын алдын алу.

Сонымен, жанұяны жоспарлау – дүниеге тек қана үмітті баланың туылуын, сонымен қатар әйелдің бала туу қызметін бақылауды қамтамасыз ету болып табылады. Адамзаттың дамуы ­ денсаулықты сақтау және қорғау, жанұяны жоспарлау, экономикалық прогресті дамыту деген ұғымды білдіреді.

Жанұяны жоспарлап, ретсіз, үміттенбеген жүктілікті болдырмау үшін әрбір әйел жүктіліктен қалай қорғанудың, яғни, жүктіліктен сақтанудың жолдарын білгені абзал.

Жүктіліктен сақтану жолдары. Адамзат ерте уақыттан бері бала туу қызметін бақылауға тырысқан. Әйелдің етеккір қызметін реттеу механизмі: бас ми қабығынан, гипоталамус, гипофиз, аналық без және жатырдан тұрады. Қазіргі уақытта ерлі-зайыптылар жүктіліктен сақтану заттарын өздері таңдайды.

«Контрацепция» ­ латын сөзінен аударғанда «жүктіліктен сақтану» деген ұғымды білдіреді. Жүктіліктен сақтану заттарын қолдану нәтижесінде әйелдер арасында шамамен 40-50% жағдайда, жасанды түсікті 2 есеге төмендетуге мұмкіндік болады. Жүктіліктен сақтану заттары әсер ету принципіне сәйкес: а/ әйелдердікі, б/ ерлердікі болып 2-ге бөлінеді. Олар өзара механикалық, химиялық, физиологиялық, хирургиялық және биологиялық немесе гормондық препараттар болып бөлінеді. Бұл заттардың белгілі бір түрін қолдану әйелдің денсаулығына, оның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына, жыныс қатынасының жүйелілігіне байланысты. Ерлердің бала туу қызметін реттеу әдістеріне: презерватив, жыныстық қатынасты үзу, стерилизация ­ ұрық жолдарын хирургиялық жолмен байлау жатады. Әйелдердің бала туу қызметін реттеу әдістеріне – биологиялық, физиологиялық, химиялық, механикалық тығындар, хирургиялық ­ жатыр түтікшелерін байлау жатады.

Жүктіліктен сақтану заттарын белгілеу барысында 3 фактор: тиімділігі, асқынудың мүмкін болу қауіптілігі, әйел денсаулығына пайдалы әсері есепке алынады.

Жүктіліктен сақтанудың механикалық әдістеріне ­ презервативтер, қынаптық диафрагмалар, жатыр мойына кигізетін қапшалар және жатырішілік тығындар /ВМС/ жатады. Қазіргі кезде тығынның 50-ден астам түрі бар, олар әр түрлі материалдардан жасалған және әр түрлі пішіндес (С – Т) болып келеді. Құрамында мыс бар тығындар қабыну ауруларының алдын алуға, асқынулардың сирек кездесуіне ықпал етеді. Инертті тығындар: Липпс ілмегі ­ полиэтиленнен дайындалған, оның 4 өлшемі бар: 1 - 25 мм, 2 - 27,5 мм, 3 - 30 мм, 4 - 30 мм, бірақ салмағы жағынан ауырлау болып келеді. Контрацептивтік тиімділігі – 91-97%.

Мыстан тұратын тығындардың контрацептивтік тиімділігі – 93-98%, бұлардың Си- Т – 380, Си –Т – 200 және т.б. түрлері бар. Жатырішілік тығындар ұрықтану процесіне механикалық кедергі жасайды. Инертті және мыстан тұратын тығындардан басқа, жер шарында жүктіліктен сақтанудың жаңа 3-ші түрі – прогестероннан тұратын жатырішілік заттар кеңінен қолдауда. Тығын силиконды қапшықтағы /капсула/ прогестерон гормонынан тұрады, ол әйел ағзасында біртіндеп бөлініп, өзінің контрацептивтік әсерін тигізеді. Бұл прогестеронды тығындар қолданудың алғашқы 3 айлығында қанды бөліндінің жұғып келуін жиілетеді, бірақ кейінгі айлардан бастап, етеккір кезіндегі қан кету мөлшерін біраз төмендетеді.

Жүктіліктен сақтану заттарының түрін, салыну уақытын дәрігер шешеді. Тығындарды салардан бұрын гинекологиялық тексеру жүргізіледі, онда жатырдың орналасуы анықталады. Тығындарды салуға болмайтын қарсы көрсеткіштер:

- Жүктілік;

- жатыр денесінің миомасы;

- жатырдың туа біткен дұрыс орналаспауы;

- жатыр ішінің деформациясы;

- жатырдың жедел немесе жедел үсті қабынуы;

- жатыр мойнының жарасы;

- жатыр денесі мен мойынының қатерлі ісіктері;

- жатырдан дисфункционалды қан кету;

- қаназдық;

- мысқа аллергия жағдайы.

Тығын етеккірдің соңғы күні немесе етеккір цикілінің 5-7 күндері өзінің арнайы шприці мен өткізгішімен асептика және антисептика жағдайында емханада салынады. Тығындардың көбінің қолдану уақыты 3 жылдан 5 жылға дейін. Тығын етеккірдің 2-3 күндері арнайы ілмекпен алынып тасталады.

Тығынды салғаннан кейін асқынулардың алдын алу және тығынның дұрыс салғандығын бақылау жүргізу үшін УДТ жүргізіліп отырады. Бұл тексеруді 1 айдан соң, сосын әр 3 ай сайын өткізіліп отырады. Жатырішілік тығындардың тиімділігі әйел жасына, медицина қызметкерлерінің тығынды әйел денсаулығына сәйкестеп, таңдай білуіне, босану процесінің өту ерекшеліктеріне, бала санына, әйел денсаулығына, салған адамның тәжірибелік дағдысына, білімнің тереңдігіне тығыз байланысты болады.

Тығындар – жүктіліктен сақтанудың өте ыңғайлы, тиімді, қауіпсіз әдістерінің бірі. Көбіне асқынулар босанбаған әйелдерде байқалады, сондықтан тығындарды 18-45 жас аралығындағы әйелдерде қолданған жөн. Босанбаған әйелдерде қолдануға тиімді тығындардың бірі – мультилоуд /Голландия/ тығыны, көлденең және тік тармақтары қысқарған, мысы бар Т пішіндес тығындар.

Жүктіліктен сақтанудың химиялық әдістері. Грамицидин /паста/ қоймалжыңы, тюбикте паста күйінде 20-50,0 г шығарылады, сыртында қолдану мерзімі көрсетілген.

Қынаптың қабынуы – кольпит, эндоцервит – жатырдың мойын каналының шырышты қабатының қабынуында қолданылады. Емдік әсері бар. Тюбикпен бірге салынған арнайы ұштықпен қынапқа енгізіледі, жыныс қатынасынан бұрын 5-6,0 г, ал жыныс қатынасынан кейін 3-4,0 г мөлшерінде қолданылады. Қынаптық қақпақшалар және презервативтермен қатар қолданған жөн.

Т – контрацептин – қынаптық балауыз, құрамында хинозол, танин, бор қышқылы бар және майлы негізден тұрады. Жыныстық қатынастан 5- 6 минут бұрын салынады.

Трацептин – калий тұзы, крахмал, тальктен тұратын таблетка. Алдын ала жылы суға батырып алып, қынапқа жыныс катынасынан 10-15 минут бұрын салады.

Галаскорбин – аскорбин және галла қышқылының, калий тұздарының комплексті косындысынан тұратын таблетка. Жыныс қатынасынан 10 минут бұрын қынапқа салады.

Әр түрлі дәрілік ерітінділермен бүрку жасау. 1 литр қайнаған суға 2 шай қасық сүт қышқылының ерітіндісі; 1 литр суға 2 ас қасық сірке қышқылының ерітіндісі; 1 литр суға 1 г галаскорбинді еріту; 1 литр суға 1 шай қасық салицил қышқылының ерітіндісі ­ осы қоспалардан бүрку жасалады.

Спермицидтер – химиялық заттарға жатады, олар ерлер ұрық клеткаларының қозғалуын тежейді, өлтіреді. Осы топ дәрісіне 9 ноноксинол жатады. Бұл дәрі қынап қабырғаларына түгелдей жағылуы керек, сол кезде тиімділігі жоғары болады. Химиялық заттардың жалпы тиімділігі – 50-70 %.

Биологиялық әдіс немесе гормонды препараттар. Дүние жүзінде қазіргі кезде 60-70 млн. әйел биологиялық-гормонды заттарды қолданады. Гормонды препараттарды:

- 18-ден жас және 35-40 жастан асқан әйелдерге;

- көпіршікті тығын және хорионэпителиомада;

- кесар тілігінен кейін /6 айға дейін/;

- әр түрлі мүшелердің туберкулезінде;

- сәулелі- және химиотерапиядан кейін;

- қатерлі ісікте;

- алкоголизм және жүйке ауруларында;

- алдыңғы жүктілігінде тромбофлебит ауруының болуында;

- жедел үсті эндокардит және ревматизмнің жедел сатысында;

- гипертония ауруында;

- кифосколиоздың ауыр түрлерінде;

- лимфогранулематозда;

- кез келген жердің қатерлі ісіктерінде;

- геморрагиялық диатез ауруында;

- бүйрек, бауыр, өт жолдарының ауыр түрдегі ауруларында;

- жаңа соз ауруында /гонорея/;

- өкпе эмфиземасы, демікпе, гепатит, қызамық, паротит /шошқа мойын/, полимиелит, скарлатина ауруларымен ауырған науқастармен байланыста, қарым-қатынаста болғанда;

- темекі шегушілікте /күніне 15 дана/;

- бой ұзындығы 150 см-ден төмен, яғни, қысқа болғанда;

- етеккір қызметі тоқтағаннан кейінгі 2 жыл аралығында қолдануға болмайды.

Гормонды препараттардың қолдану сүт безі, аналық бездерінің ісік ауруларының жиілігін 40% дейін төмендететіні тәжірибе жүзінде дәлелденген. Гормонды препараттарды қабылдау кезінде барбитураттарды, антибиотиктерді, сульфаниламид препараттарын қатар қолдануға болмайды, өйткені олар гормондардың тиімділігі төмендетеді. Гормонды препараттар ең алдымен жүрек-қан тамырлар жүйесіне әсер етеді, тромбофлебит, миокард инфарктісі, инсульт ауруларына әкеліп соқтыруы мүмкін. Гормонды препараттарды әйелдің гормондық фонын ескеріп, дәрігердің өзі ұсыныс беріп, өзі белгілейді.

Құрамы мен қолданылу әдістеріне сәйкес гормонды препараттардың 5 негізгі түрі бар:

1. Эстроген және гестаген компоненттерінен тұратын қосарланған препараттар.

2. Гестагеннің микродозасы /мини-пили/.

3. Гестагеннің немесе эстрогеннің үлкен дозасынан тұратын жыныс қатынасынан кейін қолданылатын препараттар.

4. Әсері ұзаққа созылған, гестагеннен тұратын, 3 айда 1 жасалатын /жамбасқа/ депо – препараттар.

5. Эластикалық қапшықтағы /капсула/ теріастылық имплантанттар. Тері астынын шел қабатына 5 жыл мерзімге отырғызылады.

Қазіргі кезде қолданылатын эстроген-гестагенді қосарланған гормонды препараттары 2 негізгі топқа бөлінеді: 1/ әр таблеткада күнделікті эстроген мен гестагеннің жеткілікті мөлшері бар бір сатылы /фаза/ қосарланған гормонды препараттар. Оған: бисскурин, овидон, ритевидон, демулен 1/35, лемулен 1/50, минизисто, марвелон, марселон 2/2 және 3 сатылы гормонды препараттар: 2 сатылы гормонды препаттар 2 сатылы гормондарға – антевин жатады, 21 таблеткадан тұрады, оның 11 таблеткасы – ашық – қызыл түсті. Етеккір цикілінің 5-ші күнінен бастап күніне 1 таблеткадан бір мезгілде ішеді. 3 сатылы гормонды дәрілерге триквилар, тризистон, трирерол жатады. 21 драже, оның 6-уы ­ ашық қызыл түсті, 9-ы ­ сарғыш түсті. Жыныс қатынасы қайталанғанда 3 сағат өтісімен 2 таблетка ішіледі. 1 айдың көлемінде 4 таблеткадан артық қолдануға болмайды. Бұл әдістерді жедел түрде, жүктіліктен сақтанудың механикалық заттарының ақаулығында /ерлер презервативті, қынаптық қапшалар/ қолданылады. Сонымен қатар, топтағы дәрілер – даназол, анодорин, динордрин-1 қолданылады.

Жүктіліктен сақтанудың физиологиялық әдістері. Жүктіліктен сақтанудың ең қарапайым және табиғи жолдарының бірі – физиологиялық әдіс болып табылады. Огине мен Кнаус деген екі ғалым етеккір циклінің белгілі бір мезгілде ғана ұрықтану процесі болатындығын анықтаған. Бұл мерзім етеккір келген күннен бастап санағанда етеккір циклінің 10-16 күндерінде болады. Осы кезеңде аналық безде фолликул жарылады да, оған сперматозоидтер қосылғанда ғана ұрықтану болады. Егер ұрықтану жүрмесе, овуляциядан кейінгі үшінші күні аналық ұрық клеткасы өледі. Сперматозоидтердің әйел жыныс мүшелерінде өсіп-өну қабілеті 2-3 күнге дейін созылады. Сол себептен жыныс қатынасы овуляциядан 2-3 күн бұрын немесе 6 күннен соң болса, ұрықтану процесі жүрмейді. Сондықтан, әрбір әйел бала көтеріп, туғысы келмесе, қауіпті күндерді есептеп біліп, сол күндері жыныс қатынаста болмағаны жөн. Әрине, мұндайда ең қиыны ­ овуляция болатын күндерді анықтану. Ол үшін дәрігерлер бірнеше әдістерді қолданады. Солардың ішіндегі ең қарапайымы ­ дене температурасы /қызу/ мен негізгі тік ішек қызуын өлшеу. Овуляцияны анықтану үшін күн сайын таңертеңгісін төсектен тұрмай тұрып, яғни, ағзаның тынығуы кезінде 1-3 етеккір циклі бойы температураны өлшейді. Ол үшін бір градусникті қолтық астына, ал екіншісін тік ішекке салады. Оларды өлшеген сайын жазып, кестеге түсіріп отырады. Сонда аз да болса, температураның өзгергендігін байқауға болады. Овуляция болатын алғашқы күннен бастап негізгі температура (тік ішектегі) 0,5-0,8 градуске көтеріледі де, етеккір келгенше бір қалыпта тұрады. Ал етеккір келер алдындағы 1-2 күн бұрын температура қайтып төмендейді. Мысал ретінде етеккір циклы бір мезгілде келіп тұрғанда (ай сайынғы келу мерзімі өзгермесе), овуляция күнін анықтауға болады. Әйелдің етеккір келу мерзімі ай сайын /етеккір циклі/ өзгеріп отырса, бұл кестені қолдану қиынға түседі. Кестеде көріп отырғандай, әрбір етекір циклі 3-ке бөлінен. 1 – ұрықтанбайтын, 2 – ұрықтанатын, 3 – қайтадан ұрықтанбайтын мерзім. Әр етеккір циклінің ұзақтығына байланысты бірінші ұрықтанбайтын күндердің саны өзгеріп отырады.

3 кесте

Етеккірдің циклі /ұзақтығы/ Ұрықтанбайтын күндер Ұрықтанатын күндер Ұрықтанбайтын күндер
       

Кестені қолдану тәсілі. Әйелдің етеккір циклі 28 күнде қайталатын тұрады делік. Сондықтан кестеден 28 күндік етеккір циклін табамыз. Оның тұсында ұрықтанбайтын бірінші мерзім 8 күн, яғни, етеккір келген күннен бастап 9-шы күнге дейін жыныс қатынасы болса да, ұрықтану процесі жүрмейді. Одан кейінгі 8 күн ­ ұрықтанатын күндер. Демек, бұл күндері жыныс қатынасында болмаған дұрыс, болмаса жүктіліктен сақтану әдістерін қолдану қажет.





Дата публикования: 2014-10-30; Прочитано: 7244 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.011 с)...