Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Зияткерлік меншік ұғымына сипаттама



Зияткерлік меншік – азаматтық мүліктік құқықтар нысаны‚ жеке немесе ұжымдық зияткерлік еңбектің нәтижелеріне айрықша меншік. Зияткерлік меншік – материалдық емес игілікке жатады. Ол біреудің меншігіне берілмейді және тек құқық иесінің келісімімен ғана пайдаланылады. Зияткерлік меншік нысандарына:

өнертабысқа‚ жаңалыққа‚ оңтайландырма ұсыныстарға‚ селекциялық жетістіктерге‚ пайдалы үлгілемелерге‚ өнеркәсіптік үлгілерге‚ т.б. берілген патенттерден туындайтын құқықтар;

ғылым‚ әдебиет‚ өнер туындыларын жасаушы ақыл-ой адамдарының кітаптар‚ спектакльдер‚ опералар‚ музыкалық туындылар‚ сызбалар‚ тәсімдер‚ формулалар‚ т.б. түріндегі зияткерлік жұмысының жемісі болып табылатын шығармалық қызметтің нәтижелеріне авторлық құқықтар;

фонограммалар жасаумен‚ орындаушылықпен‚ телерадиоэфир арқылы хабарлар берумен‚ клиптермен‚ т.б. байланысты сабақтас құқықтар;

заңды тұлғаларды және олардың өнімдерін дараландыру құралдарына (фирмалық атаулар‚ логотиптер‚ тауар белгілері мен қызмет көрсету белгілері‚ тауарлардың шыққан жерлерінің атауы) құқықтар;

ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардан туындайтын құқықтар; ноу-хауға берілген құқықтар;

зияткерлік меншіктің дәстүрлі емес нысандарына (қызмет бабындағы құпия мен коммерциялық құпия‚ оны әзірлеу мен қорғау жөніндегі құжаттар‚ ішкі фирмалық нұсқаулар‚ ережелер‚ т.б.) құқықтар жатады.

Заңдарда белгіленген тәртіппен рәсімделген және материалдық тұлғаға көшірілген зияткерлік меншік нысандарының бәрі нарықтық тауар айналымында пайдаланылады және материалдық емес құндылықтар түрінде есепке алынады. Материалдық емес құндылықтар туралы мәмілелер нәтижесінде алынған табысқа жалпы белгіленген тәртіппен салық салынады.

№24 Экономикалық жүйе.

Экономикалық жүйе – экономиканың белгілі тәртіппен реттелген және өзара байланысты экономиканың элементтерінің қосындысы. Бұл ішкі құрылымы бар күрделі жүйе.

Әртүрлі өлшемдер негізінде экономикалық жүйелер 3-ке жіктеледі.

1-жіктеу – ашықтық дәрежесі бойынша. Ол бойынша:

a) жабық экономикалық жүйені;

b) ашық экономикалық жүйені ажыратады:

Жабық экономикалық жүйе – белгілі бір шекте өзінің қызметтік іс-әрекетін шектейтін жүйе.

Ашық экономикалық жүйе - өзінің байланыстарын басқалармен үнемі кеңейтетін жүйе.

2-жіктеу. Екінші жіктеу меншік және экономикалық байланыс қатынасы негізінде болады. Осы критерийлер негізінде 4 экономикалық жүйені белгілейді:

· Дәстүрлі;

· Әкімшіл-әміршіл;

· Нарықтық;

· Аралас.

Дәстүрлі жүйеге ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлер мен салттар негізінде құрылған қатынастар жүйесі жатады. Нарықтық экономикалық жүйе өндіріс өнімдерінің еркін алмасуына жеке меншікке, еркін баға құрылуына, бәсекеге негізделеді.

Әкімшіл-әміршіл жүйе мемлекеттік меншік, директивті баға құрылуына, орталықтан жоспарлауға негізделеді.

Аралас экономикалық жүйе экономиканы реттеудің нарықтық механизмдерімен мемлекеттік реттеудің қосындысы орын алатын экономикалық жүйе. Аралас құрылымдардың модельдері:

a) Американдық модель кәсіпкерлік әрекетті бүкіләлемдік қолдауға, халықтың анағұрлым белсенді бөлігін байытуға құрылады. Аз қамтылған топтарға жеке төлемдер мен жәрдемақылар арқылы қалыпты өмір деңгейі қамтамасыз етіледі. Модель еңбек өнімділігінің жоғары деңгейіне, жеке табысқа жетуге жаппай бағытталуға негізделеді.

b) Жапондық модель осы елдің тарихи дәстүріне, ұлтттың мүддесін жекеден, жоғары еңбек тәртібінен, барлық жаңалықтарға басым қоюға негізделеді.

c) Германдық модельге тән: мемлекеттік меншіктің басымдығы, дамыған басқару құрылымдары. Жеке кәсіпкерлік пен нарықтық механизмдердің жағдайы күшті. Мемлекет келісшарттардың сақталуын, өнім сапасын, бәсеке, негізгі құралдар қорғанысын бақылауға алады. Әлеуметтік мәселелерді шешуде ролі зор.

d) Аралас экономиканың шведтік моделі келесідей сипатталады:

· салық салудың жоғары деңгейі, ЖҰӨ 50% құрайды;

· бюджеттің шығындарының басым бөлігі денсаулық сақтауға,әлеуметтік қамтамасыз етуге, білім және мәдениетке жұмсалады.

Мемлекеттің осындай саясатының нәтижесі:

· өте аз жұмыссыздық;

· халықтың ағымдағы табысының біртектілігі;

· әлеуметтік қамтамасыз етудің жоғары деңгейі.

е) Қытайлық модель – бір жағынан нарық механизімімен экономиканың мемлекеттік емес секторының, екінші жағынан жоспарлау негізіндегі мемлекеттік реттеу мен әлеуметтік кепілдіктің үйлесімділігі Қытай экономикасында социалистік үлгінің қалыптасқанын көрсетеді.

3-жіктеу өндірістік революция және қазіргі ҒТР критерийлеріне негізделген. Осы жіктеу бойынша 3 экономикалық жүйелер белгіленеді:

· индустрияға дейінгі;

· индустриалдық;

· постиндустриалдық.

Индустрияға дейінгі экономикалық жүйе – ауыл шаруашылығы және ауыл халқы басым, шаруашылықтың дәстүрлі нысандары мен нарықтық еңбек басым болатын экономикалық жүйе.

Индустриалдық экономикалық жүйе – дамыған тауар-ақша қатынастары бар, ірі машиналық өндіріске негізделген жүйе.

Постиндустриалдық экономикалық жүйе - ақпарат бас ресурс болып табылатын экономикалық жүйе, экономиканық жетекші аумағы - өндірістік емес экономика, экономикалық даму мақсаты адамның өзін-өзі іске асыру үшін шарттар құру болып табылады.





Дата публикования: 2015-11-01; Прочитано: 1545 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.009 с)...