Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып. Әлеуметтану тарихының негiзгi бағыттары 2 страница



Сөйтіп, Э. Дюркгейм әлеуметтік фактінің шынайылығын мойындай әрі оны зерттей отырып, төмендегідей мәселелерге көңіл бөледі.

1. Э. Дюркгейм өзінің бүкіл социологиялық қызметі жолында қоғамдағы реттілік пен ретсіздіктердің себептерін зерттеудің маңыздылығына үлкен мән берді. Адамдардың бір-бірімен ымырашылдықта өмір сүруіне қандай нәрсе негіз болады? Кейде неліктен қоғамның құрылымы бұзылады? деген сияқты мәселелер көтереді. Осы сұрақтарға жауап беруге ұмтыла отырып, ол ұжымдық сана (коллективное сознание) немесе сенімдер мен пікірлер жиынтығы концепциясын ұсынды. Қоғам мүшелері (немесе топ мүшелері) ондағы жалпы нормаларға үлкен мән бергенде және өз өмірлерінде оны басшылыққа алғанда ғана әлеуметтік интеграция орнығады деп көрсетеді. Ал индивид жалпы нормаларды сақтағысы келмеген жағдайда әлеуметтік аномия пайда болады немесе жалпы норма жойылады. Бұл жағдай қоғамның әлеуметтік құрылымы кез келген күрт өзгеріске ұшыраудың нәтижесінде пайда болады. Мәселен, экономиканың күтпеген жерден күрт көтерілуі немесе төмендеуі жағдайында.

2. Э. Дюркгейм, сондай-ақ, адамның өзіне-өзі қол салуы мәселесімен де айналысқан. Осы мәселенің төңірегінде көптеген идеяларды тудырды. Статистикалық мәліметтерді кеңінен қолдана отырып, ол адамның өзіне-өзі қол салуын ұлттық, діни, жас ерекшелігі, жыныс, сондай-ақ, жыл мерзімдері сияқты факторлармен байланыстырған. Ең бастысы, ол адамның өзіне-өзі қол жұмсауынан болатын өлімнің өзгеруі әлеуметтік интеграция процесіне кері пропорционалды болатындығын дәлелдеді. Екінші сөзбен айтқанда, адамның өзіне-өзі қол салуы интеграция нығайған сайын көбейе түседі. Өзіне-өзі қол салу белгілі әлеуметтік топ өкілдеріне тән сипат және сондықтан да ол әлеуметтік құбылыс немесе Э. Дюркгеймнің сөзімен айтқанда, «әлеуметтік факт» болып табылады. Ондай құбылыстар көп жағдайда адамдардың жекедаралық ерекшеліктеріне байланысты болмайды, сондықтан, оларды биологиялық немесе психологиялық деңгейдегі себептермен түсіндіруге болмайды деп көрсеткен. Э. Дюркгеймнің бұл концепциясы адамның әлеуметтік қызметінің дамуына негізделетінін көрсетеді. Өйткені, ол: «Әлеуметтік фактіні түсіндіру үшін біз оның әлеуметтік реттілікті жасаудағы қызметін анықтауымыз керек», - деп жазады. Криминалистер көп жағдайда қылмыстарды жеке адам патологиясымен байланыстырған. Э. Дюркгейм мұндай қалыпты қоғамдық құбылыс деп есептейді. Ешқандай қоғам жалпыға ортақ нормаларды бір қалыпты жағдайда қамтамасыз ете алмайды және ауытқу (девиация) табиғи жағдай және ол керек те деп көрсетеді. Өйткені, қоғам әр кезде әр түрлі өзгерiстерге дайын болуы керек және қоғам барынша икемді болуы керек деген тұжырым жасайды.

3. Қоғамдық ғылымдар саласындағы басқа да ғалымдар сияқты Э. Дюркгеймді қобалжытқан мәселе, ол - өз заманындағы моральдық мәселе болды. Алайда, ол әлеуметтік институттардың қалыптасуы мен қызметін өте мұқият объективті түрде зерттеу керек деп есептеді. Тек қана ғылыми тұрғыдан зерттенгеннен кейiн ғана социолог қоғам ісіне араласуы керек деп көрсетедi. Э. Дюркгеймнің бұл пікірі ғылыми ойдың дамуына өте маңызды ықпалын тигізді.

Ауытқудың (девиацияның) себебі неде? Егер девиация мен конформизм — бір нәрсенің екі жағы болатын болса, онда бiрiншісіне жауап береді. Біріншіден, девиацияның өте бiр өзгеше құбылыс болуынан және оның адам көңiлiн өзiне тартқыштық қасиетінен деп көрсетсе, екіншіден, оған назардың басым болуын оған деген халықтағы, мемлекеттегi қобалжулықтардың көтеріңкі болуымен байланыстырады.

Басқа ғалымдар девиацияның себебін әр түрлі жолдармен түсіндіреді. Мәселен, XIX ғасырдың аяғында итальян дәрігерi Чезаре Ломброзо адамның физикалық қасиеттері девиацияға себеп болады дегенді айтады. Оның пікірінше, адамдар өзiнiң биологиялық құрылымына қарай белгілі бір мінезге ие болады. Ол «криминалды типке» жататын адамдарды әдетте адам қалыптасу эволюциясының алғашқы сатысына ұқсас болатындығымен байланыстырады. Мәселен, ондай адамның астыңғы иегі шығыңқы, сирек сақалды және ауруға деген сезiмi төмен болып келеді деп көрсетеді.

Бұл тұжырымдаманы жақтаушылар көп болды. Мәселен атақты американдық психолог және дәрігер Уильям Х. Шелдон да (1940) девиацияға байланысты адамның дене бітімінің маңызды орын алатындығын айтқан болатын. Мысалы, эндоморфты адамдар, яғни, біршама дөңгелектеу келген орташа толық адамдар әдетте көпшіл, елмен тіл табыса алатын және өз қалауын бірінші орынға қоймайтын, басқаның иіне көнгiш болып келедi. Мезоморфты адам, яғни, денесі мығым, сымбаттылығымен ерекшеленетін адамдар мазасыздыққа бейім, белсендi әрi сезгiштiк қасиеті төмендеу болып келеді. Ал эктоморфты адамдар, яғни, денесі жіңішке, нәзік адамдар өзіне-өзі талдау жасай алу қасиеті басым, сезімтал және тез көңілі қалғыш келеді деп көрсетеді.

Көптеген зерттеулердің негізінде Шелдон мезоморфты адамдар ауытқуларға бейім (девиацияға бейім) болады, бірақ, олар әр кезде қылмыскер бола бермейді дейді. Тағы да осындай зерттеулерге сүйене отырып, басқа да кейбір тұжырымдар жасайды. Мәселен, егер баланың бойының аласалығын бетіне баса беретін болса, ол өзінің эмоциялық күйзелісін қоғамға қарсы қоюы мүмкін, содан ол балада девиантты мінез пайда болуы мүмкін деген қорытынды жасайды. Алайда биологиялық фактор девиациялық құбылыс үшін көп себептердің бірі ғана болуы мүмкін, ол үшін, бұнымен бірге психологиялық және әлеуметтік факторлар да болуы ықтимал. Сондықтан, девиациялық құбылыстың себебін анықтау үшін көптеген күрделі факторлардың жүйесіне сүйену керек.

Психоаналитиктер адамның мінезіндегі құбылмалы (девианттық) жағдайларды психологиялық тұрғыдан талдау жасай отырып, «адамның ақыл-есіндегі деффекттерді», «дегенеративті», «ақылы баяу» және «психопатия» мәселелерін зерттеудің маңыздылығын көреді. Криминологтар осындай құбылыстармен криминалды мінездің арасындағы байланысын көрсететін ғылыми тәсілдерді табуға тырысады. Мәселен, Фрейд «өзін кінәлімін деп сезгіш» адам потенциалды бұзақы адам деген түсінікті енгізеді.

Сонымен, девиацияны биологиялық және психологиялық тұрғыдан түсіндіру, ең бастысы, адамның мінезімен байланысты болды. Ал социология ондай құбылысты әлеуметтік және мәдени факторлармен байланыстырады.

Э. Дюркгейм өзінің аномия теориясында алғаш рет девиациялық құбылыстардың себептеріне социологиялық тұрғыдан талдау жасайды. Э. Дюркгейм бұл теорияны өзінің классикалық адамның өзіне-өзі қол салу себептерін зерттеу концепциясында қолданған болатын. Сонымен, ол адамның өзіне-өзі қол салуы аномияға байланысты деп көрсетеді. Аномия деген сөз француздың «аnomіе» деген сөзінен шыққан, «заңның болмауы» деген мағынаны береді. Э. Дюркгейм өзінің теориясында адамның «өзін-өзі билеуін жоғалтуы», белгілі бір «норманың болмауы» деген мағынада қолданып отыр. Осыны түсіндіре келіп, ол адамның қоғами тіршілігін реттеуде әлеуметтік нормалар адамдардың мінез-құлқын реттеуші, басқарушы феномен болатындығын мойындайды. Алайда, күйзеліс немесе түбірлі әлеуметтік өзгеріс жағдайында (мәселен, инфляция) адамдардың дәстүрлі тәжірибесi қоғамдық нормаларда берілетін мұраттарға (идеалдарға) сәйкес келмейтін құбылыстарға ұшырайды. Міне, осындай аномиялық жағдайлардың адам мінез-құлқына ықпалын дәлелдеу үшін Э. Дюркгейм экономиканың кенеттен төмендеу жағдайында адамның өзіне-өзі қол салу құбылысының әдеттегiден көбейетіндігін көрсетеді. Э. Дюркгеймнің пікірінше, қоғамдағы күйзеліс немесе позитивті өзгерістер «ұжымдық реттiлiктiң өзгеруiне» байланысты болып келеді. Яғни, әлеуметтiк норма бұзылған жерде девиантты мінез пайда болады. Демек, әлеуметтiк тәртіпсіздік (дезорганизация) адамның девиантты мiнезiн түсіндіруде негізгі принцип екендігі социология ғылымында мойындалған. Әлеуметтік тәртіпсіздік ұғымы қоғамда әдеттегi мәдени құндылықтардың, нормалардың және әлеуметтiк байланыстардың жойылуынан туындайтын қайшылықтар мен тұрақсыздық жағдайларды көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда әлеуметтiк тәртіп үшін «әлеуметтік байланыс» ұғымының маңыздылығын көрсетеді. Мәселен, адамдар қоғамда қабылданған құндылықтарға неғұрлым берiк сенетiн болса, соғұрлым оларда әлеуметтік байланысы мықты болады және девиантты құбылыстар аз болады деген қорытынды жасайды.

Кез-келген ғылым белгілі бір теориялық жүйелерге сүйеніп қалыптасады. Мұндай жүйелер жалпы мойындалған бір немесе бірнеше теорияларды қамтып отыруы мүмкін. Сол сияқты өзінің қалыптасу сәтінен бастап, социология бірнеше теорияларға негізделіп дамып отырды. Социолог-ғалымдардың әр топтары өздерінің ғылыми бағыт-бағдарына қарай, идеялық мақсат, мұраттарына қарай әр түрлі теорияларды басшылыққа алып отырды. Олардың әрқайсысының өз методологиялық және әдiстемелiк принциптік негіздері болды. Міне, сол теорияларға негіз болған басты шарттар мен принциптердің жиынтығын парадигмалар деп атайды. Кең мағынада парадигмаларды социологиядағы теориялық тұжырымдамалар деп қарауға болады. Әр парадигма өзіндік талғампаздық сипатымен ерекшеленеді. Олардың қоғамдағы әр түрлі факторларға, адамдардың мінез-құлықтарына талдау жасауда маңызы зор. Сондықтан, олардың ешқайсысы жеке-дара қоғамға толық сипаттама бере алмайды. Бірақ олардың әрқайсысының қоғамды тануда белгілі бір қосатын үлесі бар.

Барлық социологиялық парадигмаларды қоғамды талдау жасау тәсілдеріне және өздерінің методологиялық принциптеріне қарай үлкен екі топқа бөлуге болады:

1) құрылымдық немесе макросоциологиялық парадигмалар;

2) интерпретативті немесе микросоциологиялық парадигмалар.

Бірінші топтағы (құрылымдық) парадигмалар қоғамды тұтас жүйе ретінде, оны ұйымдастыру, қызметтік мәселелерін және дамуын қарастырады. Ал, екінші топтағы парадигмалар негізінен әлеуметтік іс-әрекет ретінде адамның мінез-құлқына баса көңіл бөледі.

Бірінші топтағы құрылымдық парадигмаға жататын парадигмаларға тоқталатын болсақ, олар төмендегідей:

1) функционалдық (қызметтік) парадигмалар;

2) конфликтік (конфликтологиялық) парадигмалар.

Конфликтологиялық парадигманың өзі үш тармаққа бөлінеді:

а) марксистік, б) неомарксистік, в) беймарксистік конфликтологиялық социология.

Екінші топтағы интерпретативті парадигмаларға жататындар:

1) әлеуметтік әрекетті қарастыратын парадигмалар;

2) символикалық интеракционизм;

3) феноменологиялық парадигма;

4) этнометодологиялық парадигмалар.

Олардың әрқайсысына қысқаша тоқталатын болсақ, макросоциологиялық парадигмалардың бірі - функционалдық парадигма.

Құрылымдық - функционалдық парадигманың өкiлдерi: Огюст Конт, Герберт Спенсер, Эмиль Дюркгейм, Талкотт Парсонс, т.б. Олар қоғамды бір-біріне өзара тәуелдi құрылымы бар және қоғамдық бүтінді құрайтын тұтас жүйе ретiнде карастырады. Олардың пікірінше, қоғамдық құрылымдағы мемлекет, жанұя, дін сияқты кейбір институттар дербес құрылым бола алмайды, керісінше, әлеуметтік жүйенің белгiлi бiр құрамдас бөлiгi ғана болып есептеліп, олар қоғам қасиетіне белгiлi бiр үлесiн қоса алатын организм. Сондықтан, қоғамның тіршілiгi үшiн және ол жалғасуы үшін негіз болатын белгілі бір шартты жағдай қажет деп көрсетеді. Ол — сол институттардың қызметтік жағдайы болып табылады. Бұл теорияның өкілдері негізінен қоғамды құрайтын әрбір институттың қызметіне талдау жасай отырып, олардың әлеуметтік жүйедегі тұтастықтың, гармонияның сақталуына қосатын үлесі қандай екендігін анықтап көрсетуді мақсат етедi. Осы мақсатпен олар, мәселен, мемлекеттің қоғамды басқарудағы қызметіне, жанұяның келешек ұрпақты әлеуметтiк ортаға дағдыландыру және бейімдеу қызметіне талдау жасауды көздейдi. Сондай-ақ, олар қоғамдағы негізгі құндылықтарды бекiтудегi дiннің атқаратын қызметіне талдау жасауға баса назар аударады. Сонымен бірге, қоғамдағы әлеуметтік институттардың қызметiндегi дисфункциялық жағдайларға көңіл бөледi. Олардың пiкірінше, ондай дисфункциялық жағдайлар ондағы кез келген институттың, қоғамның дамуын бір қалыпты ұстап тұруға кедергi болатын әрекеттерiнiң салдары болып табылады. Сондықтан, бұл парадигманың өкілдері қоғам дамуындағы дұрыс негіздердің немесе шарттардың қалай қамтамасыз етілуiне талдау жасауға басты назар аударады.

Құрылымдық немесе макросоциологиялық парадигманың екіншісі — конфликтік (конфликтологиялық) парадигма. Мұның өкілдері де қоғамды кұрылымдық тұрғыдан қарастыра отырып, оның тұтас жүйе екендігін мойындайды. Құрылымдық принциптi мойындай отырып, өз теорияларын қоғамның әр түрлi топтық құрылымына, олардың мүдделерінің әр түрлі болуына және бiрi екіншісін пайдалану арқылы пайда табу әрекеттерiне талдау жасауға негіздейді.

Міне, сол топтардың мүдделерінің әр түрлі болуына байланысты конфликтердің болатындығын көрсетіп, ал өз тарапынан қоғамдағы әлеуметтік-саяси тұрақсыздық тудырып отыратындығын анықтау мақсаты қойылады. Яғни, олардың пiкiрiнше, әлеуметтiк әр түрлi топтардың болуына және олардың мүдделерiнiң бiр-бiрiне сәйкес келмеуiне байланысты қоғамда әр кезде конфликтiк потенциалдың болуы табиғи құбылыс болып есептеледi.

Конфликтік парадигмалар қоғамдағы әлеуметтік топтардың бөліну негізіне және конфликтердің сипатына қарай, марксистік, неомарксистік және беймаркситік конфликтік парадигмаларға бөлінеді.

Марксизм қоғамды тұтас әлеуметтік шындық ретінде қарастырады. Екіншіден, марксизм халықты қоғамды жасаушы және халық коғамның даму нәтижесі ретінде таниды. Сондықтан, халыққа әлеуметтік қатынас, идеялар жүйесі ықпал етіп отыратын болып есептеледі. Демек, қоғамдағы әр түрлі институттар, әсіресе экономикалық, саяси, құқықтық және діни институттар, өзара тәуелділікте болатын тұтастығы тұрғысынан қарастырылуы тиіс дейтін ұстаным басшылыққа алынады.

Үшіншіден, марксизм қоғамның қозғалу, өзгеру, даму тарихына диалектикалық көзқарасты қалыптастырады. Яғни, әлеуметтік өзгерістер қоғамдағы бір-біріне қарсы күштердің өзара күрестері негізінде болатындығын көрсетеді. Диалектикалық қозғалыс — ол қарама-қарсылықтардың күресі, қарама-қайшылықтардың конфликтінің жемісі деп көрсетіледі. Сол қайшылық немесе одан туатын конфликт қоғам дамуының қайнар көзі дейтін пікірді мойындайды марксизм. Әсіресе, экономикалық жүйедегі қайшылық және конфликт әлеуметтік өзгерістегі басты фактор болып есептеледі.

Марксистік парадигмада экономикалық конфликт, әсіресе, қоғамның үстем және тәуелді топтарға бөлінуінен, сондай-ақ олардың арасындағы, ең алдымен, экономикалық қайшылықтардан туындайтындығына талдау жасауға басты назар аударылған. Сайып келгенде, марксистік конфликтологиялық парадигма да қоғамның құрылымдық институттарына және оның топтық жіктерге бөліну принциптеріне сүйенеді.

Социологиялық жүйелері марксистік теорияның ықпалында болған ғалымдарды неомарксистерге жатқызамыз. Дегенмен, олардың кейбіреулері өз көзқарастарын қалыптастырды. Неомарксистер, әсіресе, Маркстің қоғам даму тарихын анықтауда экономикалық фактор маңызды немесе шешуші роль атқарады дейтін көзқарасына қарсы шығады. Неомарксистік парадигманың негізгі өкілдері қатарына Антонио Грамши, П. Уиллис, Инграм Тейлор,
П. Уолтон, Дж. Янг, Юрген Хабермас сияқты ғалымдарды жатқызуға болады.

Мәселен, Антонио Грамшидің пікірінше, билеуші таптың өндіріс құрал-жабдықтарына иегерлік етуі оның бүкіл қоғамдық деңгейде лидер болуына және ең ықпалды лидер болуына негiз де, кепіл де бола алмайды. Оның себебі, біріншіден, мемлекет ешқашан да бірыңғай тек өндіріс құрал-жабдықтың иегері болып отырған таптың мүддесіне қызмет ете алмайды деп көрсетедi. А. Грамшидің К. Маркстен өзгешелігі сол, ол таптардың өз iшiнде жiктелуіне, тап аралық қабаттардың болатындығына үлкен мән береді. Екіншіден, ол қоғам мәдениетіне, бұқаралық ақпарат құралдарына, білім беру жүйесіне, қоғамдық идеялардың саяси тұрақтылықты сақтаудағы роліне үлкен мән беріп, баса көңiл аударады.

Франкфурт мектебінің өкілі Юрген Хабермас К. Маркстен кейінгі әлеуметтік өзгерістерді ескере отырып, К. Маркстiң экономикалық күйзеліс капитализмінің күйреуіне әкеліп соғады деген пікіріне қарсы болады. Ю. Хабермас «Капиталистік елдердегi мемлекет өз экономикасына ықпал ете отырып, капиталистiк елдердегі экономикалық жүйенің күйзеліске ұшырауын болдырмауы мүмкін» немесе оның қолайсыз жағдайға ұшырауы мерзімін белгілі бір ұзақ уақытқа созуы мүмкін деген пікір айтады. Егер К. Маркс мемлекетті капиталистік қоғамның қондырмасының бір бөлігі деп есептеген болса, ал Ю. Хабермас оны қоғамдағы экономикалық базистің бөлігі ретінде қарастырады. Осыған орай, егер К. Маркс таптық конфликтің өсу тенденциясына сенiм білдірген болса, ал Ю. Хабермас, керісінше, дамыған капиталистiк елдердегі таптық компромиске сенім білдіреді. Сонымен, егер К. Маркс капиталистік қоғамның күйреуі тенденциясын экономикалық күйзелістен көрген болса, ал Ю. Хабермас оны идея саласынан көреді. Демек, Ю. Хабермас қоғамды басқару идеясындағы күйзелістеріне баса назар аударады. Яғни, билiктiң легитимдік сипатындағы күйзелістерге ерекше көңіл бөле отырып, мемлекет қоғамның экономикалық өміріне белсене араласа отырып, қоғамдық өмір формасын өзгертуге қабiлеттi деп көрсетеді. Мемлекет ондағы әділеттік, теңдік және бостандық принциптерін сақтауға қабілетті. Егер ондай болмаған жағдайда күйзеліске ұшырайтын экономика емес, ең алдымен билік жүйесi деп есептейді.

Қорыта келгенде, неомарксистер өздерiнiң парадигмаларында конфликт көзін экономика жүйесіне емес, керісінше, қоғамның мәдени және идеологиялық салаларынан iздейді. Бірақ, олар да қашан және қандай жағдайда мәдени фактор қоғам тағдыры үшін маңызды және шешуші роль атқаратындығына толық талдау бере алмады.

Беймарксистік конфликт парадигмасына келетін болсақ, бұл теорияның өкілдері де өз пікірлерін К. Маркске қарсы қояды. Олар қоғамда конфликтке түсетін, К. Маркстің айтқанындай, екі топ емес, одан басқа көптеген топтар бар деген пікірге келеді. Сондай-ақ, оларда экономикалық мүддеден басқа да мүдделер бар деп есептейді. Демек, ол топтар экономикалық билік үшін емес, ең алдымен әлеуметтік мәртебе үшін күресуі мүмкін деген тұжырым жасайды. Мәселен, беймарксистік конфликт парадигмасының қазіргі өкілдерінің бірі, неміс социологы Ральф Дарендорф, әлеуметтік конфликттер туралы Маркстің талдаулары ХІХ ғасырдағы жағдайға сәйкес келгенімен, оны бүгінгі экономикалық жағдайларға қолдануға болмайды деп есептейді, Мәселен, АҚШ пен Ұлыбритания посткапиталистік жағдайда өмір сүруде, жоғары мамандандырылған жұмысшылардың саны өсуде, аралық таптар ұлғаюда. Таптар арасындағы табысы жағынан алшақтық жойылуда деп айта келе, ол елдердегі бүгінгі өзекті мәселе, ол өндіріс құрал-жабдықтарға қожалық пен оған бақылау жасау құрылымдары арасындағы үйлесімдіктің бұзылуы деген қорытынды жасайды. Р. Дарендорф өндіріс құрал-жабдықтарға бүгінгі күні бақылауды оның қожасы емес, керісінше, менеджерлер жүргізеді деп есептейді. Осыған байланысты, Р. Дарендорфтың пікірінше, конфликт көзі басқару жүйесіне ауысқан. Ол белгілі бір индивидтің мекеме шеңберінде қандай да бір әлеуметтік роль атқаруынан туындайтығын көрсетеді. Өйткені, кез-келген басшы өз деңгейінде, өз мәртебесiне байланысты ресми түрде шешім қабылдауға құқы бар, ал оның жұмыскерінде ондай құқық жоқ. Осы жағдай, Р. Дарендорфтың пікірінше, қазіргі посткапиталистік елдерде әлеуметтік конфликттердің негізі бола алады.

Микропарадигмаларға келетін болсақ, оның алғашқысы — әлеуметтік әрекет парадигмасы. Бұл парадигманың жақтаушылары, әдетте, индивидтің мінез-құлқын айқындап отыратын қоғамда нақтылы әлеуметтік құрылымының болатындығына қарсы болады.

Дегенмен, олардың кейбіреулері қоғамдағы ондай әлеуметтік құрылымдардың болатындығын жоққа шығармайды, бірақ, олар адамдардың мінез-құлқын, ең алдымен олардың өздері өз мінездеріне қандай мән, мағына беру тұрғысынан түсіндірілуі және талдануы тиіс дейтін пікірді жақтайды. Мұндай тұжырымдаманың жақтаушысының бірі - неміс социологы Макс Вебер. Оның пікірінше, социологияның негізгі мақсаты әлеуметтік әрекеттерді оның себептері арқылы түсіндіру болып табылады. М. Вебердің түсінігінше, әлеуметтік әрекет — ол адамның өз ісіне өзі мән беруі арқылы жасалатын және ол іске асырылған жағдайда оған басқа адамдардың әрекеті немесе мінез-құлқы арқылы жауап қайтару мүмкіндігі ескерілетін іс-қимыл. Мәселен, адамның ойланбай істеген әрекеті немесе кенеттен болған жағдайлар, М. Вебердің пікірінше, әлеуметтік әрекетке жатпайды. Сондай-ақ, адамның іс-әрекетіне басқаның көңіл аударуы, эмоциясы ескерілмесе, ол да әлеуметтік әрекетке жатпайды. Мысалы, адамның жеке үйде отырып намаз оқуы, т.б.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 2598 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.011 с)...