Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып. Әлеуметтану әлеуметтiк-гуманитарлық ғылымдар жүйесiнде



1. Социология қоғам туралы ғылым ретiнде.

2. Әлеуметтанулық бiлiмнiң құрылымы.

«Социология» терминiмен әр қайсыңыз бiр неше рет кездескенсiз. Қазiргi кезде бәрiмiз жиi естiп отырамыз. Теледидар, радио, газеттер арқылы әр түрлi проблемалар бойынша тұрғындардың социологиялық сауалнамаларының нәтижелерi туралы баяндалады. Әр түрлi зерттеу орталықтарының, Президенттiң, парламенттiң социологиялық бөлiмдерi негiзгi әлеуметтiк-саяси және экономикалық мәселелер бойынша қоғамдық пiкiрдi зерделейдi: мемлекеттегi аса белгiлi тұлғалардың рейтингi, бағалық саясаттың проблемалары, өмiр деңгейiмен қанағаттаушылық және басқа мәселелер. Өндiрiс орындарында, аумақтарда ерекше өзiндiк социологиялық зерттеулер өткiзiледi. Жоғары оқу орындарында студенттер, тыңдаушылар анкеталарды толтыру арқылы оқытушылардың жұмысына баға бередi. Бiрақ, социологияның пәнi мен мiндеттерi осы мен шектеледi ме? Социология ғылым ретiнде ол не?

Социология пәнiнiң ең түбiрлi бiр категориясы «әлеуметтiк» деген ұғым. Оның мазмұнын дұрыс түсiнбейiнше, бұл пәндi ойдағыдай игеру мүмкiн емес.

Социологиялық бiлiмнiң негiзгi қызметi - әлеуметтiк құбылыстар мен проблемаларды дұрыс түсiнiп, олардың пайда болу, бой көрсету себептерiн ашу, оларды шешудiң әр түрлi жолдарын танып бiлу.

Бұл ғылымның «социология» деген атауы латын, грек сөздерiнен құралған: «societas» - латын тiлiнде қоғам, «logos» грекше iлiм, ұғым деген сөз. Бiрақ қоғам басқа ғылымдардың зерттеу объектiсi болып табылады. Сондықтан социология – қоғам туралы ғылым деумен шектелсек, бұл ғылымның өзiне тән объектiсi мен пәнiн ашып бере алмайды.

«Социология» терминi көп жағдайда шегiне жеткен кең мағынада, барлық қоғамдық ғылымдарды қамтитын мағынада қолданылады. Бұл жағдайда ол бүкiл қоғамтанудың баламасы, синонимі болып көрiнедi. Ал ғылыми тұрғыдан алғанда, социологияны тар мағынасында қарағанда, ол қоғамтанудың жеке бiр ерекше саласы болып шығады.

Социологияның басқа қоғамдық ғылымдар арасында өз алдына бөлек ғылым екенi мынадан да көрiнедi. Социология қоғамды, оның өмiр сүруi мен дамуын әлеуметтiк құбылыстар, процестер мен қатынастар тұрғысынан қарастырады. Оның зерттеу объектiсi – социум деп аталатын әлеуметтiк шындық.

«Қоғам» деген термин социологияда адамдар арасында болып жататын алуан түрлi қарым-қатынастардың күрделi жиынтығын бiлдiредi. Сондықтан, жалпы алғанда, қоғам барлық қоғамдық ғылымдардың зерттеу объектiсi - өндiрiс, өндiрiстiк қатынастар, тұтыну мәселелерi. Экономика саласымен салыстырғанда, саясаттанудың өз ерекшелiгi бар. Саясаттану саяси билiк жүргiзу мәселелерiмен тiкелей байланысты. Бұл саясаттанудың, саяси ғылымдардың объектiсi. Қоғамның рухани өмiрiн, яғни рухани байлықты өндiру, тарату iсiмен, адамдардың рухани қажеттерiн өтеудiң жолдарын, түрлерi мен әдiстерiн зерттейтiн мәдениеттану, педагогика, психология сияқты бiрқатар ғылымдар бар. Мiне, бұдан көптеген қоғамдық ғылымдардың зерттейтiн объектiсi – тұтас қоғам емес, оның белгiлi бiр саласы ғана екенiн түсiну қиын емес.

Демек, социология қоғамды тұтас қарастырмайды, тек сол қоғамның әлеуметтiк өмiрiн ғана зерттейдi. Атап айтқанда, адамдардың айтарлықтай кең қауымдастықтары арасындағы (таптар, халықтар және басқа әлеуметтiк топтар, ұлттар, ұйымдар т.б.) және осы қауымдастықтардың өкiлi ретiнде көзге түсетiн жеке адамдар арасындағы әлеуметтiк қатынастарды қарастырады. Осы қатынастардың субъектiлерiнiң ерекшелiктерiне сәйкес әлеуметтiк қатынастар әлеуметтiк топтар (топтар мен әлеуметтiк таптар), әлеуметтiк-демографиялық (ерлер, әйелдер, балалар, жастар, зейнеткерлер, жанұя мүшелерi), әлеуметтiк- территориялық (қала, ауыл тұрғындары), әлеуметтiк-этникалық (ұлттық, халықтық, этнографиялық топтар), әлеуметтiк-кәсiптiк (еңбек ұжымдары, кәсiптiк бiрлестiктер), жеке адамдар арасындағы қатынастар болып бөлiнедi. Сонымен, әлеуметтiк өмiрдiң өзегi – адамдардың және олардың бiрлестiктерiнiң iс-әрекеттерi, өзара байланыстары. Осыған сәйкес социология адамдардың өзара қарым-қатынасында бiлдiретiн мiнез-құлқы жайлы деуге де болады.

Әлеуметтiк қатынастардың бiр ерекшелiгi сол, олар бiртұтас комплекстi сипатта болады да, тек жекелеген экономикалық немесе тек саяси, тек рухани сипатта ғана болмайды. Жеке адам, тап, ұлт, демографиялық, кәсiптiк топтар әр уақытта қоғамдық қатынастардың барлық жиынтығының субъектiсi болып табылады. Сондықтан, адамдар арасындағы таптар мен ұлтаралық және басқа әлеуметтiк қатынастарды тек экономикалық, болмаса тек саяси, не рухани қатынас деп қана қарау үлкен қателiк болады. Демек, әлеуметтiк қатынас, осы тұрғыдан алғанда, экономика, саяси, рухани салаларымен қатар қоғамдық өмiрдiң бiр саласы ғана емес, тарихи даму субъектiлерiмен бiрге бiртұтас қоғамдық өмiр болып табылады.

Мұнда бiр жағдай ескерiлуi қажет – «әлеуметтiк» ұғымы «әлеуметтiк қатынастар» ұғымынан әлдеқайда кең ұғым, өйткенi оның мазмұны әлеуметтiк құрылым, әлеуметтiк институттар, әлеуметтiк нормалар, т.б. ұғымдарды да қамтиды. Социология осылайша қоғамды бiртұтас әлеуметтiк құрылыс деп қарай отырып, басқа қоғамдық ғылымдардың зерттеу салаларына қол сұқпайды, оларды ығыстырмайды. Ғылымдардың бәрiнiң зерттеу объектiсi – қоғам өмiрi, бiрақ олардың әрқайсысының пәнi – бiртұтас қоғам өмiрiнiң түрлi жақтары.

Жалпы ғылым объектiсiн сөз қылғанда, таным процесi белгiлi бiр ғылым шеңберiнде не нәрсеге бағытталған деген сұрауға тiреледi. Ал ғылымның пәнi жайлы сөз болғанда, ол ғылым нәрсенiң, объектiнiң қай жағын, қандай заңдылықтарын зерттейдi немесе зерттеуге тиiстi деген сұраққа жауап беруi керек. Осы тұрғыдан қарағанда, социология пәнiне мынадай анықтама беруге болады: социология – қоғамның құрылысы, өмiр сүруi мен дамуының жалпы және ерекше әлеуметтiк заңдылықтары жайлы және сол заңдылықтардың адамдар мен олардың бiрлестiктерiнiң және тұтас қоғамның өмiрi мен өзара қарым-қатынастарында iске асырудың жолдары, формалары мен әдiстерi жайлы ғылым.

Әрине, бұл анықтаманы жалпыға бiрдей мiндеттi, әбден пiсiп жетiлген, барлық социологтар мойындауға тиiстi анықтама деуге болмайды. Дүниежүзiлiк социологияда бұл ғылымның пәнiн анықтау мәселесiнде түрлi пiкiрлер баршылық.

А.А. Радугин, К.А. Радугин, мәселен, мынандай анықтама бередi: «Социология - әлеуметтiк бiртұтас жүйе деп қаралатын қоғам туралы, осы жүйенiң өзiнiң құрамдас бөлшектерi: жеке адам, әлеуметтiк бiрлестiктер, институттар арқылы атқаратын қызметi мен дамуы туралы ғылым».

Әйгiлi американдық социолог Нейл Смелзер: «Социология қоғамды және әлеуметтiк қатынастарды зерттеу ғылымы» дейдi. Оның пiкiрiнше, социология адамдарды танып бiлу, зерттеудiң бiр тәсiлi, ол адамдардың мiнез-құлқын, олардың жүрiс-тұрысын анықтауға тырысады.

Ғылымның iшкi логикасын, оның пәнi мен әдiстерiнiң сипатын ашатын, әлеуметтiк құбылыстар мен процестердiң мәнiн танып бiлудiң тiрегi – социологияның категориялары және заңдары. Категориялар - әлеуметтiк болмыстың мәндi жақтарын, қасиет-белгiлерiн, құрылымдық элементтерiн бейнелендiретiн негiзгi ғылыми ұғымдар. Ал осылардың арасындағы iшкi және қажеттi байланыстар мен қатынастарды бейнелендiретiн ұғымдар – заңдар болып табылады.

Социологияның ең негiзгi, мазмұны жағынан көлемдi категориясы - «әлеуметтiк» ұғымы. Бұл ұғым «әлеуметтiк жүйе», «әлеуметтiк құрылым», «әлеуметтiк институт», «әлеуметтiк ұйымдастыру», «әлеуметтiк топ», «әлеуметтiк әрекет», «әлеуметтiк мiнез-кұлық», т.б. көлемдi ұғымдарды қамтиды. Бұлардың әрқайсысы өз алдына бiрнеше маңызды категорияларға бөлiнедi. Мәселен, «әлеуметтiк топ» категориясы «тап», «әлеуметтiк қабат», «халық», «ұлт», «жанұя» ұғымдарымен тiкелей байланысты.

Социология әлеуметтiк болмысты, социумды зерттейтiн ғылым болғандықтан, оның заңдары да әлеуметтiк сипатта болады, яғни, коғамның, әлеуметтiк қауымдастықтардың, топтар мен жеке адамдардың ic-әрекеттерi мен өзара байланыстарының заңы болып табылады. Әлеуметтiк заңдар адамдардың және олардың топтарының мiнез-құлқын реттейдi, жеке адамдар мен олардың коғамдастықтарының арасындағы қарым-қатынастарды анықтайды. Ол заңдар адамдардың және олардың бiрлестiктерiнiң iс-әрекетiнен көрiнiс бередi. Әлеуметтiк заңдарға, мысалы, әлеуметтiк жiктелу, бiрiгу заңы, әлеуметтiк мобильдiк (бiр топтан басқасына өту) заңы, қоғамдық өмiрдiң интернационалдануы, жеке адамның әлеуметтенуi, т.б. заңдар жатады.

Әлеуметтiк заңдарды түрлiше белгiлерi бойынша классификациялауға болады. Жалпылылығы жағынан олар жалпы заңдар (қоғам дамуын, бiртүтас әлеуметтiк жүйе дамуын анықтайтын) және ерекше заңдар (әлеуметтiк жүйенiң жекелеген элементтерiн, қоғам бөлшектерiн сипаттайтын) болып бөлiнедi. Олардың сипатына, көрiнiс беру ерекшелiгiне қарай динамикалық, және статистикалық заңдарға бөлiнедi. Динамикалық заңдар нақты жағдайда өз ретiмен болатын оқиғалар арасындағы бiр мәндi, қатаң байланысты көрсетедi, олардың бағытын, түрлерi мен факторларын анықтап бередi. Статистикалық заңдар әлеуметтiк құбылыстарды қатаң қажеттiлiк түрінде айқындамай, белгiлi бip ықтималдыққа жол бередi, сөйтiп әлеуметтiк өзгерiстердiң негiзгi бағыты мен тенденциясын ғана көрсетедi. Социология әлеуметтiк құбылыстар мен процестердi түрлi дәрежеде, атап айтқанда, бүкiл қоғам көлемiнде, не қоғам өмiрiнiң жеке дәрежесiнде немесе жеке адамдар тұрғысынан зерттеуi мүмкiн. Осыған байланысты социология ғылымын төмендегiдей құрамдас бөлiмдерге бөлуге болады:

Бiрiншiсi - жалпы-теориялық социология. Бұл бiртұтас социумның өмiр cүpyi мен дамуының жалпы зандылықтарын анықтауға бағытталған макросоциологиялық зерттеу болып табылады.

Eкiншiсi - әлеуметтiк жүйенiң жекелеген құрамдас бөлiмдерiнiң әрекет eтyi мен өзара байланысының, заңдылықтарын зерттеуге бағытталған жалпылылығы орташа социология. Бұған, мәселен, қала социологиясы, экономикалық социология, бiлiм беру социологиясы, саясат социологиясы, т.б. жатады.

Yшiншiсi - микросоциология. Ол жекелеген адамдардың қимылы мен өзара қарым-қатынасын, мiнез-құлқын, жүрiс-тұрыстарын бақылау арқылы әлеуметтiк құбылыстар мен процестердi зерттейдi.

Социологияның бұл құрамдас бөлiктерi жалпы, ерекше және жекеше категорияларының байланысын көрсетедi.

Социологиялық зерттеулер нәтижесiнде алынатын ғылыми қорытындылардың жалпылық дәрежесiне сәйкес бұл зерттеулер теориялық және эмпириктiк болып екiге бөлiнедi. Теориялық зерттеу үшiн маңызды мәселе — әлеуметтiк өмiр саласындағы жиналған нақты материалдарға терең қорытынды жасау. Ал эмпириктiк социология тiкелей бақылау, сұрақ қою, құжаттарды талдау, статистикалық мәлiметтер негiзiнде нақты материалдар, фактiлер жинаумен шұғылданады. Әлеуметтiк құбылыстарды зерттеудiң бiртұтас процесiнiң бұл eкi жағы бiр-бiрiмен тығыз байланысты, бip-бipiн әрдайым толықтырып отырады.

Социологиялық зерттеудiң алдына қойылған мiндет пен мақсатқа сәйкес социология фундаментальды (iргелi) және қолданбалы (прикладная) болып екiге бөлiнедi. Фундаментальды социологиялық зерттеу қоғам жайлы теориялық және методологиялық бiлiмдер қорытып шығаруға және оларды дамытуға бағытталады, ал қолданбалы социология әлеуметтік өмірді дамытудың практикалық мәселелерiн зерттеп, практикалық ақыл-кеңес тұжырымдауға бағытталады. Зерттеудiң бұл екi бағытының екеуi де теориялық және тәжiрибелiк зерттеу жүргiзе алады.

2. Социология өз алдына жеке-дара дамымайды, басқа қоғамдық ғылымдармен үздiксiз тығыз байланыста дамып отырады.

Социология мен әлеуметтiк философияның арақатынасын қарастырғанда ең алдымен социологияның философиялық ғылымдарға жатпайтынын, өйткенi ол әлеуметтiк философияға қарағанда жалпылығы әлдеқайда төмен заңдылықтарды қарастыратынын атап көрсеткен жөн.

Олардың өзара тығыз байланысын анықтайтын мәселе — екеуi де қоғамды жүйелi де тұтас әлеуметтiк организм түрiнде қарастырады. Бiрақ, әлеуметтiк философия қоғамды бүкiл дүниеғаламның ерекше, құрамдас бөлiгi ретiнде қарастырып, оны жалпы философиялық ұғымдардың, категориялар мен зандардың көмегiмен түсiндiредi. Әлеуметтiк философия қоғам дамуын жалпы философиялық заңдардың, яғни, табиғат, қоғам және адам ойлауының, ең жалпы заңдарының әлеуметтiк көpiнici тұрғысынан зерттейдi.

Әлеуметтiк философияның заңдарының нақты мысалының бipi - қоғамдық болмыс пен қоғамдық сапаның ара қатынасы жайлы заң, қоғамның өздiгiнше дамуының қайнар көздерiн сипаттайтын заңдар. Бұлар материя қозғалысының әлеуметтiк формасының ерекшелiктерiн бейнелейдi. Жалпы философиялық заңдар қамти бермейтiн қоғамның өзiне тән ерекше әлеуметтiк көрiнiстерi, әр түрлi салалары, сипаттамалары бар. Оларды жалпылығы әлдеқайда кем заңдар мен категориялар арқылы зерттеуге болады. Бұл социологияның үлесiне тиедi. Оның объектiсi мен пәнi жалпы философиялық заңдар мен категориялардың нақты көpiнici болып табылатын, философиялық абстракциялық деңгейi төмендеу әлеуметтiк заңдар мен категориялар болады. Бұлар — социологияның заңдары мен категориялары. Социологиялық зерттеулер басқа қоғамдық ғылымдардың нәтижелерiн пайдалана отырып, тәжiрибе арқылы тексеруге көнетiн әлеуметтiк факторларды жинақтауға, талдауға социология шеңберiнде табылған тәжiрибелiк (эмпирикалық) мағлұматтарды тұжырымдауға негiзделедi.

Сонымен, әлеуметтiк философия социологияның жалпы теориялық және методологиялық негiзi болып табылады. Өйткенi, социология қоғамдық өмiрге нақтылы талдау жасағанда, әлеуметтік философияның категориялары мен заңдарын басшылыққа алады да, оның қағидалары мен қорытындыларын анықтау, нақтылау арқылы өзiнiң өмiр шындығымен, практикамен байланысын кеңейте, тереңдете түседi.

Социология мен тарих қоғамды зерттегенде тарихи процестiң субъективтiк, iс-әрекеттiк жағына ерекше көңiл бөледi, қоғамдық өмiрдiң нақты фактiлерiн зерттеуге көп көңiл бөледi. Бiрақ бұл ғылымдардың арасында елеулi айырмашылықтар да бар. Бұл ғылымдардың арақатынасы — теория мен тарихтың, қоғамдық дамудың теориясы мен тарихының арақатынасы. Социология жалпы қорытындылар жасаумен шұғылданса, ал тарих жеке уақиғаларға бой ұрады, тарихи оқиғалардың нақты-хроникалық желiсiнен, өзiндiк қайталанбайтын нақтылылығынан қол үзбейдi. Социология теориялық ғылым ретiнде өткендегi мен қазiргi жағдайдағы әлеуметтiк тәжiрибенi, әлеуметтiк құбылыстар мен процестерде қайталанатын заңды да қорытып, мәндi жақтарын ipiктеп алады. Әрине, тарих та тарихи фактiлерге талдау, ғылыми қорытынды жасамай отыра алмайды. Бiрақ социологиялық жалпылау мен тарихи жалпылаудың сипаты мен денгейiнiң сапалық айырмашылығы бар. Социология қоғамдағы әлеуметтiк мәселелердi зерттейтіндіктен, оның объектiсi тарих объектiсiнен тарлау жене өзiнiң зерттеулерiнде қазiргi жағдайға, осы кезге баса көңiл аударады, әлеуметтi жоспарлау, болжау мәселелерi оның қажеттi бөлшегi болады.

Социология мен тapиx өзара бiр-бiрiне әcepiн тигiзедi. Социологиялық қорытындылар тарихи тәжiрибеге, фактiлерге сүйенедi, сөйтiп, оның табыстарына себепшi болады, өмiрден алшақтауына, шамадан тыс абстракциялық жалпылауларға жол бермейдi. Социологиялық зерттеулер тарихшыларға тарихи процестердi терең талдауға көмектеседi. Осы екi ғылымның өзара байланысының күшеюi тарих социологиясының тууына әкеледi. Сонымен, әлеуметтiк философиямен бipгe социология да тарих ғылымы үшiн жалпы теориялық және методологиялық негiз болып табылады.

Социология мен политология (саясаттану) тығыз байланысты. Өйткенi, әлеуметтiк қауымдастықтар, әлеуметтiк ұйымдар саясаттың субъектiсi және объектiсi болып табылады. Қоғамдағы әлеуметтiк өзгерiстерге тiкелей әсер ететiндер - жеке адамдар және олардың бiрлестiктерiнiң саяси қызметi. Саясат - кең, де күрделi, жан-жақты құбылыс. Ол қоғамның барлық салаларын қамтиды. Сондықтан, экономикалық саясат, әлеуметтiк саясат, мәдениет саясаты, т.б. қоғамдық дамуға зор әсерiн тигiзедi.

Саясаттану мен социологияның тығыз байланысы мен өзара әсерi саясат социлогиясы деп аталатын арнаулы социологиялық теорияның тууынан айқын көрiнедi. Солай болғанымен, бұлар өз алдына жеке ғылымдар. Социология әлеуметтiк болмысты, қоғамның әлеуметтiк өмiрiн зерттейтiн ғылым болса, ал саясаттану қоғамның, саяси болмысын, саяси өмiрiн зерттейдi. Өздерiнiң пәнi мен тәсiлiне сәйкес бұлардың әрқайсысы бiртұтас қоғамдық құбылыстарды өз тұрғысынан ерекше зерттейдi.

Қоғамның саяси өмiрiнiң заңдылықтары жалпы әлеуметтiк-философиялық және социологиялық заңдылықтар арқылы түсiндiрiлетiндiктен, әлеуметтiк философия мен социология саясаттанудың жалпы теориялык және методологиялық негiзi болып табылады. Ал политологиялық зерттеулер теориялық және эмпирикалық материалдарды жинауды қамтамасыз ете отырып, кең көлемдi социологиялық қорытындыларға жол ашады.

Экономикалық және басқа қоғамдық ғылымдар да қоғамның жеке салаларын, бөлектерiн зерттейдi. Бұлардың социологиядан айырмасы осында. Ал, социология қоғамды бiртұтас әлеуметтiк жүйе деп қарайтыны белгiлi. Экономикалық ғылым материалдық өндiрiстi, адамдардың экономикалық қатынастарын зерттейдi. Ал бұлардың өзгepici әлеуметтiк процестерге әсер етпей қоймайды. Сондықтан, социология экономикалық теорияға сүйенедi. Сонымен қатар, экономикалық процестердiң өзi, керiсiнше, әлеуметтiк жағдайлар мен факторлардың әсерiнен, олардың өндiрiсте, өнiмдi бөлiсуде, айырбас пен тұтынуда пайдалануынан тәуелдi екенiн өмiрдiң өзi дәлелдеуде. Бұл тәуелдiлiк экономика мен социология ғылымдарының өзара әсерiн күшейте түсудi талап етедi. Экономикалық ғылым қоғам өмiрiнiң аса маңызды саласының iшкi, айрықша заңдарын зерттесе, ал социология осы салада әлдеқайда жалпы социологиялық заңдардың еркеше бой көрсетуiн зерттейдi.

Социология басқа да арнайы қоғамдық ғылымдармен тығыз байланысты. Мысалы, құқықтану ғылымын алайық. Социология құқықты, құқықтық қатынастарды жеке-дара қарастырмай, бүкiл қоғамдық өмiрдiң бiр бөлiгi ретiнде қарап, социологиялық заңдылықтардың құқық саласындағы көрiнiстерiн қарастырады. Социологияның алдына қоятын мiндетi — құқыққа және оның әлеуметтiк ролiне әлеуметтiк факторлардың, қатынастар мен институттардың және әлеуметтiк ұйымдардың тигiзетiн әсерiн анықтау.

Заңгер үшiн басты мәселе жасалған қылмысқа заң қандай баға берiп, қандай айып тағатынын анықтау болса, ал социолог қылмыс жасағандардың жалпы заңға қалай қарайтынына көз жеткiзуi керек.

Социологияның әлеуметтiк-қоғамдық қызметi алуан түрлi. Солардың негiзгi үшеуiн арнайы қарастыру қажет сияқты. Олар: теориялық-танымдық, саяси-практикалық және идеялық-тәрбиелiк қызметтер. Теориялық-танымдық қызметiн iске асыру арқылы социология қоғамның мәнi, оның құрылысы, заңдылықтары мен оның қызметi жайлы, дамуының негiзгi бағыттары мен тенденциялары, жолдары жөнiндегi бiлiмдi тереңдете, нақтылай түседi. Теориялық социологияның дамуында эмпирикалық социологияның және онымен байланысты арнаулы социологиялық зерттеулердiң ролi ерекше.

Социологияның практикалық-саяси кызметiнiң маңызы жайлы сөз өткенде, бұл ғылым әлеуметтiк болмысты танып бiлумен шектелiп қалмайтынын, ол өз зерттеулерiнiң нәтижесiне сәйкес әлеуметтiк өмiрдi жетiлдiруге бағытталған саяси жене практикалық ұсыныстар тұжырымдайтынын атап көрсету қажет. Социология әлеуметтiк өмiрдi және оның әр саладағы көрiнiстерiн зерттеп қана қоймайды, гуманизм, жалпы адамзат прогресi тұрғысынан белгiлi бip баға бередi. Теорияны дамыту өзiндiк мақсат емес, ол адамдардың еркiн және жан-жақты жетiлуiне сәйкес әлеуметтiк өмiрдi өзгертудiң алғышарты. Осы тұрғыдан алганда, социология саясат пен практиканың теориялық негiздерiнiң бipi болып табылады.

Социология шеңберiнде iргелi теориялық зерттеулермен қатар эмпирикалық қолданбалы зерттеулердiң жүргiзiлуi социологиялық теорияның әлеуметтiк саясатпен және практикамен тығыз байланысын көрсетедi. Эмпирикалық социологиялық зерттеулер қоғамының әлеуметтiк халiнiң мүшкiлдiгiн, әлеуметтiк тоқырау, тозудың күшейгенiн ашып бepiп, бұл кемшiлiктердi түзеудiң саяси және практикалық шараларын белгiлеп, iске асыруға мәжбүр етедi. Осы тұрғыдан алғанда, социологияның саяси-практикалық қызметiн iске асырудың, нақты формалары ретiнде әлеуметтiк болжаудың және жоспарлаудың маңызы зор. Социологиялық зерттеулердiң нәтижесiн пәрмендi әлеуметтiк саясатты белгiлеу және қоғамдық процестердi басқару практикасын жетiлдiру үшiн тиiмдi пайдалану қазiргi қоғам мен мемлекеттi дамытуда кезек күттiрмейтiн көкейтестi мiндет болып отыр.

Социологияның идеялық-тәрбиелiк қызметi — оның зерттеулерiнiң тәрбие жұмысында қандай нәтижелер беретiнiнен көрiнедi. Социология әлеуметтiк болмысты объективтi бейнелейтiн ғылым ретiнде таптар мен әлеуметтiк топтардың мақсат-мүддесiне бейтарап қарайды. Бiрақ, осы таптар, әлеуметтiк топтар өздерiнiң таптық, әлеуметтiк топтық мүддесi мен мақсатын белгiлеу және қорғау үшiн, өздерiнiң саясаты мен практикалық iс-әрекеттерiн ақтау, негiздеу үшiн социологиялық зерттеулердiң нәтижелерiн кеңiнен пайдаланады.

Социологиялық зерттеулерде объективтi-ғылыми тұрғыдан түсiндiру мен идеологиялық мүдделердiң арасалмағын анықтауда сыңаржақ пен бұрмалаушылық жасауға болмайды. Зерттеу нәтижелерiн таза идеологиялық мақсатқа бұрмалау шындықты объективтi түрде дұрыс түсiндiру принциптерiнiң өрескел бұзылуына әкелiп соғады. Бұл принцип сақталмаса, ешбiр шынайы ғылым, оның iшiнде социология да өмiр өркендеуiне қызмет ете алмайды, даму жолының шетiнде қалады. Сонымен қатар, идеологиялық факторды мүлдем ескермеуге, оларды жоққа шығаруға да болмайды, өйткенi, ол социологияның негiзгi бағыттарының әр қилы болу себептерiн түсiнудi қиындатады. Маңызды мәселелер әлеуметтiк сыңаржақтылықтың, өз мүддесiн ғана жақтаудың жетегiнде кетiп, объективтiк шынайы ғылыми зерттеу iciн құрбан етуге жол бермегенi жөн.

ХХ-ғ. 90-жылдарының басында күрделi қоғамдық мәселелердi шешуде социологияның алатын ролiн арттыруға күрт көңіл бөлiндi. Жоғары оқу орындарында социология пәнi оқытыла бастады, бiрталай социологиялық зерттеулер жарық көрді, әcipece қоғамдық пiкiрдi анықтаудағы мағлұматтар радио, теледидар, ақпарат құралдары арқылы кең жариялана бастады. Бiрақ, социологияны оқып үйренуде, ғылыми-зерттеу жұмыстардың тереңдiгi мен пәрмендiлiгiн дамытуда мешеулiк пен самарқаулық әлi орын алуда. Осы жағдайлардан үзiлдi-кесiлдi арылу үшiн социологияны оқып үйрену, зерттеулердiң өpiciн кеңейту мәселелерiн шындап қолға алу қажет. Өйткенi, қазiргi дүниежүзiлiк тарихи даму барысында социологияның ролi мен маңызы барған сайын күшейе түсуде. Бұған бiрталай жағдайлар өз әсерiн тигiзуде. Олардың кейбiр аса маңыздыларын атап кетелiк.

Көптеген елдерде маңызды әлеуметiк-саяси өзгерiстер жүрiп жатыр. Олардың қарқыны мен салдары мықтап ескерiлуде. Осы өзгерiстер ағынынан Қазақстан Республикасы да сырт қалып отырған жоқ. Елiмiзде өмiрдiң барлық жақтарын терең реформалау жүрiп жатыр. Қоғамның бiртұтас организм ретiнде даму заңдылықтарының, оның қимыл-әрекетiн, өзара байланысының механизмiн тыңғылықты зерттеудiң теориялық, саяси және практикалық маңызы зор. Мұның барлығы ең алдымен социологиялық зерттеулерге байланысты екенi белгiлi. Егер де жүргiзiлiп жатқан реформалық өзгерiстер ғылыми жағынан терең негiзделсе, оны iске асыру жолдары жан-жақты жоспарланған болса, онда реформаның нәтижелерi халық көңiлiнен шыққан болар едi.

Қоғамның қaзipгi даму кезiнде әлеуметтiк факторлардың және қоғам өмiрiнiң әлеуметтiк саласының ролi мен маңызының шапшаң өскенiн көpiп отырмыз. «Күштi әлеуметтiк саясат», «халықты әлеуметтiк жағынан қорғау», «реформалардың әлеуметтiк салдары», т.б. көпшiлiк жұртшылықтың арасында көкейтесті мәселеге айналды. Әлеуметтiк факторлар мен реформалардың әлеуметтiк салдарына немқұрайды қарау немесе олардың ролi мен маңызын жете бағаламау - бұл реформалардың жүзеге асуына қатерлi қауiп туғызатынын өмiрдiң өзi дәлелдеп отыр.

Қоғам өмiрiн тығырықтан шығарып, қайта құру мәселелерi социология ғылымына жаңа мiндеттер жүктеп отыр. Сондай күрделi де маңызды мiндеттердiң бipi — азаматтық қоғам қалыптастыру. Мұнсыз экономиканы терең дағдарыстан құтқарып, оны сенiмдi түрде iлгерi дамыту, азаматтық қоғам қалыптастыру мүмкiн емес. Мұның бәрi жеке адамдар мен әлеуметтiк топтардың қоғамдағы әлеуметтiк орны мен ролiн, жеке адам мен қоғамның қарым-қатынасы проблемаларын, т.б. жан-жақты зерттеудi бiрiншi қатардағы мiндет етiп қойып отыр. Ал бұлар социологияның ең басты зерттеу пәнi болып табылады.

Сонымен, қорыта айтқанда, қоғамдық өмiрдiң өзi, әcipece оның дағдарысқа ұшырап, қайта құруды талап еткен кездерi, социологияның алдына жаңа әлеуметтiк проблемалар мен мiндеттер қойды, ескi проблемаларды жаңаша шешудi ұсынды.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 1912 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.012 с)...