Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Экологиялық факторлар. Факторлардың организмдерге әсері



Сыртқы ортадегеніміз қарастырылып отырған объектіден немесе субъектіден тыс жатқан бірақ олармен тікелей байланыстағы табиғи күштер мен құбылыстар, оның заттегі мен кеңістігі. Экологиялық ортадеген түсінік сыртқы ортамен бірдей, алайда мұнда тірі организмдерге немесе объектілерге тірі заттектердің қатысуы қосылады. Кейбір өсімдіктер түрінің немесе жануарлардың тіршілігіне қажетті жағдайы бар ортаны сипаттау үшін мекендеу ортасы деген терминді қолданады. Қоршаған орта және қоршаған табиғи орта деген түсініктер кеңінен пайдаланылып жүр. Қоршаған орта объектімен немесе субъектімен тікелей байланыста болатын сыртқы ортамен бірдей орта. Қоршаған табиғи ортаға табиғат объектілері — жер, атмосфералық ауа, су, орман және басқа да өсімдіктер, жануарлар әлемі, табиғи ресурстар, табиғи кешендер (қорықтар, заказниктер, ұлттық табиғи саябақтар, табиғат ескерткіштері) жатады.

Табиғи ортада жүретін процестерге қозғаушы күш ретінде ықпалын тигізетін күштерді немесе жағдайларды фактор деп атайды. Табиғи жағдайда организм көптеген факторлардың ықпалына ұшырап отырады. Тіршілік иелері бейімделу реакцияларымен жауап қайыратын (бейімделу қабілеттерінен тысқарыда өлім факторы болады) кез келген орта жағдайының ішкі және сыртқы күшін экологиялық фактор дейді. Экологиялық факторлар организмдегі және экожүйелердегі процестердің жылдамдығы мен бағытын реттеп отырады.

Экологиялык факторлар мынадай түрлерге бөлінеді:

• тіршіліксіз орта факторлары немесе абиоталық факторлары;

• биоталық - тіршілігі бар ортаның факторлары;

• атропогендік — адамның шаруашылық қызмет әрекетінен тікелей немесе жанама түрде туындайтын фактор.

Абиоталық фактор деп тірі организмдерге тікелей немесе жанама түрде әсерін тигізетін бейорганикалық табиғаттың құбылыстары мен кұрамды (тіршіліксіз) бөліктері. Ортаның абиоталық факторлары Жердегі тіршіліктің тұрақтылық шегін анықтайды, олардың табиғаты физикалық-химиялыққа жатады.

Абиоталық факторлар климаттық, эдафиялық, гидрографиялықболып бөлінеді. Климаттық фактор деп Жердің бетіне күн энергиясының келу ерекшеліктерінен, ауа массаларының айналысынан, жылу мен ылғалдың теңдестігінен, атмосфералық қысымның динамикасынан және басқа да метеорологиялық элементтерден тұратын факторларды айтады. Климатгық факторларға температура, ылғалдылық, жарықтық режим, қысым, атмосфералық жауын-шашын, және т. б. жатады. Климаттық факторлардың ішінде өте маңызды рөлі бар фактор болып күн радиациясы саналады. Ол биосфераның термиялық режимі мен жылулық балансын анықтайтын энергияның негізгі көзі, барлық организмдердің морфологиясы мен физиологиясы, жалпы алғанда тіршілік осы факторға тікелей байланысты.

Жанды заттардың арасында тек құстар мен сүтқоректілер денелерінің температураларын тұрақты ұстай алады. Оларды гомойотермділердейді. Сүтқоректілердің денесінің температурасы әдетте 36-37 оС, құстардыкі 40 °С дейін көтеріледі. Гомойотермділердің организмдерінде заттек алмасу процесі өте жоғары жылдамдықпен өтіп отырады.

Абиоталық факторларға физикалық өрістерді (гравитациялық, магниттік, электрмагниттік), иондаушы және өткіш радиацияны, орта қозғалыстарын (акустикалык тербеліс, толқындар, жел, ағыс, тасу), табиғаттағы тәуліктік және маусымдык өзгерістерді жатқызуға болады.

Эдафикалық фактор — топырақ ерекшеліктерімен анықталатын фактор, сондыктан оны топырақтық фактор деп те атайды. Организм тіршілігінде топырақтық факторлар да маңызды рөл анықтайтын фактор.

Тазартылған судың +4 °С-де тығыздығы 1 г/см3 тең. Еріген тұздары болатын табиғи сулардың тығыздығы жоғары келеді, 1,35 г/см3 дейін көтеріледі. Судағы қысым әр 10 м-ге төмендеген сайын орта есеппен

1 •105 Па (1 атм) жоғарылап отырады.

Организмнің кейбір түрлері бірнеше жүздеген атмосфералық қысымды көтере алады. Мысалы, көптеген балықтар түрлері, омыртқасыз жәндіктер, теңіз жұлдыздары, шаян тәрізділер 400-500 атмосфералық тығыздыққа тең қысымы бар үлкен тереңдіктерде кездеседі.

Су тығыздығы су қабатында көптеген гидробионтардың жүзіп жүруіне жағдай туғызып отырады. Қалқыма, суда енжар жүзіп жүретін организмдерді ерекше экологиялық гидробионттар тобына біріктіріп, планктондар деп атайды. Бұл организмдер үшін тіршілік әрекетінде жүзуге бейімделу ең маңызды мәселе болып табылады. Олар батып кетпеу үшін денелерінің массасын азайтуға немесе үйкеліс күшін арттыруға бейімделеді. Сондықтан фитопланктонда микроскоппен көрінетін бірклеткалы балдырлар басым болады.

Бос түрдегі және топырақтағы суда болатын қышқылдар, сілтілер, тұздар жануарлар әлемі үшін қоршаған ортаның өте маңызды факторларына жатады. Өте қышқылды суы бар су қоймаларында тіршілік кездеспейді. Жануарлар әлеміне ең бай сулары бар көздерге рН мағынасы нейтралды немесе шамалы сілтілі су қоймалары жатады. Қышқылды немесе сілтілігі рН > 9 жағдайларда жануарлар әлемінің түрі мен саны күрт төмендейді.

Биоталық факторларға тірі организмдердің ортаға тікелей не аралық ықпалын тигізетін факторлар тобы жатады. Биоталық факторлар дегеніміз бір организм тіршілігінің екінші организм тіршілігіне, сондай-ақ өлі мекен ортасына тигізетін әсер-ықпалының жиынтығы. Биоталық факторларға зоогенді (жануарлар әсері), фитогенді (өсімдіктер әсері), микробогенді (микроорганизмдердің әсері) факторлар жатады. Мысалы, кейбір өсімдіктер (фитонцидтер) газ тәрізді (ұшпа) заттектер бөліп шығарады, ол микроорганизмдерге (бактериялар, саңырауқұлақтар) жойғыш әсер етуімен қатар табиғи ортаны сауықтырады және тұрақтандырады. Ал неше түрлі вирустар мен микроорганизмдер өсімдіктердің жұқпалы ауруларын кең таратады. Оған мысал ретінде астық дақылдарының тат кеселі мен қаракүйесін, картоп фитофторозын, т. б. келтіруге болады. Сондай-ақ ауру малдар арқылы жануарлар арасында да жұқпалы аурудың кенеттен тарайтын жағдайлары болады.

Организмдер арасындағы қарым-қатынас өте күрделі және алуан түрлі, оларды шартты түрде тікелей және жанамаға бөлуге болады. Тікелей байланыс қоректену жолымен анықталады: өзінің тіршілігіне энергияны кейбір жануарлар өсімдіктерді немесе басқа жануарларды жеу арқылы алады. Өз кезегінде олармен басқалар қоректенеді. Жыртқыш-кұрбан немесе ие-паразит жүйелеріндегі қарым-қатынас нәтижесі табиғи іріктелуді және икемделінгендердің сақталуын қамтамасыз етеді, популяция санының динамикасын анықтайды. Жанамалық қарым-катынаста бір организмдер екіншілерге ортатүзушілік рөлді атқарады. Мысалы, ормандарға локалдық және әлемдік ортатүзуші функция тән, олар топырақты және суды қорғап отырады. Сонымен қатар, орманда ағаштардың морфологиясына байланысты пайда болатын ерекше микроклимат тікелей арнайы орман жануарларының, шөп өсімдіктерінің, мүктің өсіп-дамуына жағдай туғызып отырады. Су коймаларында және суағарда өсетін өсімдіктер ортаға өте қажетті абиоталық фактор - оттектің негізгі көзі болып саналады.

Антропогендік фактор деп адамның қызмет әрекетінен жаңа түрде туындайтын фактор. Адамның шаруашылық іс-әрекеті салдарынан қоршаған ортаның кейбір жерлерінің өзгергені соншалық, табиғи құрауыштарының байланысы басқа болып, бұрынғы кешендермен салыстырғанда жаңа кешендер қалыптасады.

Дүние жүзіндегі шөлдердің шығу тегі негізінде антропогендік болып саналады. Қазіргі уақытта шөл аумағы 10 миллион шаршы километрге жетті, бұл бүкіл құрлық аумағының 7 пайызына жуық. Көптеген жер көлемінің өзгеруі шаруашылықтың, мысалы, eгіc алқаптарының тым үлкен болуы, олардың дұрыс күтілмеуі, қорғаныш орман-тоғай белделері мен ықтырма белдеулердің болмауы, құрылыс салу, пайдалы қазбалар өндіру кезінде үстіңгі қабаттың жалаңаштануы, малдың тым көп жайылуы тағы да басқа жұмыстардың дұрыс жүргізілмеуі салдарынан орын алды.

Қазіргі кезде антропогендік факторлар әсерінің артуынан күрделі экологиялық проблемалар: көшетхана эффектісі, қышқыл жаңбыр, ормансыздандыру, ядролық қыс, озон кабатының жұқаруы мен тесілуі, шөлейттену, т. б. туындады. Антропогендік факторларға өнеркәсіп индустриясының барлық салалары, көлік, ауылшаруашылығы, орман шаруашылығы, энергетика, атом қаруын сынау, мұнай, газ және тау-кен өндіріс салалары, т. б. жатады.

АҚШ-ның Вашингтон қаласында орналасқан бүкіл әлемдік бақылау институтының мәліметтері бойынша табиғи орта жылдан жылға нашарлауда. Институт жариялаған мәліметтерге сүйенсек жылына 16,8 млн. га тропикті ылғалды орман жойылып, жерді дұрыс пайдаланбау салдарынан 6 млн. га шөл пайда болып, қышқыл жаңбырдан 50 млн. га орман зақымдалып, планетадағы жыртылатын жердің 26 млрд, т. кұнарлы қабаты мен өсімдіктердің 25-30 мың түрінен айырылып қалатын жағдай туып отырғаны анықталған.

Жоғарыда карастырылған абиоталық, биоталык, және антропогендік факторлардың табиғи ресурстарды пайдалану процестеріне ықпал ететін кез келген әсерлерін табиғи пайдаланудағы фактор деп атайды. Табиғи пайдаланудағы фактор объектілер түрлеріне байланысты үш топқа бөлінеді:

• табиғи ресурстарға ықпал жасайтындар;

• өндірістің өзіне әсер ететіндер (мысалы, ортаның ластануы);

• табиғат пайдаланушы ретінде адамға әсер тигізетіндер.

Сонымен экологиялық факторлардың топтастырылуын талқылауды аяқтай келе, олардың барлығының жиынтығы экожүйенің қасиеттеріне ғана емес, оның даму процесіне де басшылық жасайтындығына ерекше назар аудару қажеттігі сөзсіз. Қоршаған ортаны корғау мен табиғи ресурстарды оңтайлы пайдаланудың бірде-бір мәселелерін табиғаттың жанды және жансыз компоненттері арасындағы байланыстардың ғылыми негіздерін ескермей шешуге болмайды.

Антропогендік өндірістік фактор. Жоғарыда антропогенді факторды кең аукымды мағынада карастырсақ, енді адам-өндіріс объектісі - қоршаған орта жүйесіндегі оның бір негізгі бөлігінің бірі болып саналатын антропогенді өндірістік факторға тоқталған жөн.

Антропогендік өндірістік фактор (АӨФ) деп тікелей өндіріс процесіне қатысатын қызметкердің денсаулығын өте-мөте қолайсыз зардаптарға ұшырататын және белгілі өндіріс процесінің нәтижесінде қоршаған ортаны антропогенді өзгерістерге итеруге қабілеті бар факторды айтады. Бұл жерде тағы да еңбектік, өндірістік әрекетке байланысты фактор туралы анықтамаға ерекше көңіл бөлініп отырғанын еске саламыз.

АӨФ әр-түрлі нышанмен топтастырылады. Өзінің табиғатына байланысты антропогендік өндірістік факторлар физикалық, химиялық, биологиялық, психофизиологиялық болып бөлінеді.

АӨФ тигізетін әсеріне байланысты мынадай түрлерге бөлуге болады:

• зиянды - әсерлері белгілі жағдайда өндіріс қызметшілерін ауыртатын немесе олардың жұмысқа қабілеттілігін төмендететін
антропогендік өндірістік факторлар (мысалы, шу, діріл,
электрмагниттік өрістер, зиянды заттектердің шығарындылары);

• қауіпті - әсерлері белгілі жағдайларда өндірісте жұмыс
істейтіндерді жарақаттандыратын немесе басқа да денсаулық-
тарының күрт төмендеуіне апаратын антропогендік өндірістік
факторлар (электр тоғы, белгілі денгейдегі газ түріндегі хлордың
мөлшері, шу, діріл және т. б.);

• ерекше қауіпті - белгілі жағдайда өнеркәсіптік апаттар
туғызатын, яғни өнеркәсіптік кәсіпорындардың өзіне тиісті
энергия қорының талқандататын түрі мен мөлшерінің бөлінуі,
сонымен қатар кейбір шикізат түрлері, аралық өнімдер,
кәсіпорынның негізгі өнімдері, өндіріс калдықтары, өнеркәсіп
алаңында орнатылған технологиялық құрал-жабдықтар апаттық
процеске тартылып халыққа, қызметкерлерге, қоршаған ортаға
және өнеркәсіп кәсіпорынының өзіне алапаттық зардап шектіретін факторларды тудыратын (иондандыратын сәулелену,өрт, жарылыс,көп мөлшерде газ тәрізді хлордың шығуы) антропогендік өндірістік факторлар болып саналады.

Бақылау сұрақтары:

1. Экологиялык факторлардың ағзаларға әсері.

2.Жер бетіндегі және сулы ортадағы организмдердің бір-бірімен өзара қатынасы

3. Абиотикалық фактор

4. Антропогендік өндірістік фактор (АӨФ).

5. Биотикалық фактор

Әдибиеттер:

1. Ж.Ақбасова., Г.Ә. Саинова. Экология. Алматы 2003.





Дата публикования: 2014-10-18; Прочитано: 10090 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.011 с)...