Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Даму және тәрбие



Нәсілдік пен қоршаған орта ықпалдары тәрбие арқылы қажетті бағдарға келтіріледі. Тәрбие – табиғаттан болған кемшіліктер мен ортаның зиянды әсерлерін «жөндейтін» - басты күш. Осы тәрбиеге ғана байланысты қоғамға толыққанды тұлға келеді. Тәрбиенің тиімділігі оның мақсат бағдары, жүйелі болуымен бірге кәсіби маманданған басшылықтан. Тәрбиенің нәтижелілігі оның адам санасына негізделіп, және сол адамның өзінің қатысуын талап етуінде. Ал онымен бір уақыттағы нәсілдік және орта ықпалы ырықсыз, санадан тыс жүріп жатады. Осы жәйттерге орай тұлғаның қалыптасуындағы тәрбиенің рөлі, орны, мүмкіндіктері айқындалады. Тәрбие күші (тиімділігі) әр түрлі бағаланады, бұл бағалардың шектері өте кең. Қолайсыз нәсілдік немесе қоршаған ортаның келеңсіз ықпалы басым болса, тәрбие нәтижесі мәнсіз, тіпті жоқтың қасы. Ал қолайлы жағдайларда – адам табиғатын өзгертіп, оның керекті бағытта қалыптасуындағы бірегей де ең күшті құрал – тәрбие. Дегенмен, «бәрі тәрбиенің қолында» деп жар салған педагогикалық теория өзін ақтамады. Тәрбиемен, әлбетте, көп нәрсеге жету мүмкін, бірақ, адамды толығымен өзгертуге оның күші жетпейді. Адамдар тағдырында тәрбиенің көзге көрінбейтін әсерден бастап, ең жоғары мүмкіндіктерді дамытуға дейін, әрқилы үлесі бар.

Орынды ұйымдастырылған тәрбиенің маңызды міндеттерінің бірі – қабілеттері мен табиғи мүмкіндіктеріне сәйкес адамды дамыту және оның бейімділігі мен дарынын ашып, айқындау. Табиғаттан берілген нышандарға арқа сүйеген жағдайда ғана тәрбие қажет болған сапалардың дамуын қамтамасыз ете алады. Егер табиғи ерекшеліктер ескерілмесе, тәрбие нәтижесін күту – босқа кеткен еңбек. Бұған жарқын мысалдар бар. Зерттеуші Н.И.Ладыгина-Котс өз сәбиімен бірге маймылдың баласын қоса тәрбиелеуді жоспарлапты. Тамақ, күтім, ойындар және тағы басқалар, яғни өмірлік шарттар екеуіне де бірдей болған. Маймыл баласына сәбиге болған жағдайлардың бәрі де теңдей жасалса да, ол адамға тән болған бірде бір психикалық сапаны меңгере алмаған.

Адам дамуына ықпал жасай отырып, тәрбие сол дамудың өзіне тәуелді келеді, сонымен бірге дамудың әр деңгейінен жаңа бастаулар алып отырады. Осыдан даму мен тәрбиенің күрделі диалектикалық өзара қатнасы көрінеді. Тәрбиенің тиімділігі баланың тәрбие ықпалдарын қабылдауға деген дайындық деңгейінен байқалады.

Адамдар тәрбие ықпалына теңдей түсе бермейді. Әрқилы адамдар әртүрлі жағдайлардағы тәрбиелік ықпалдар күшін әртүрлі қабылдайды. Тәрбиеге икемдік әр балада әрқилы: кей балалар жылдам әрі көп еңбектенбей-ақ тәрбие жолына түседі, ал екінші бір балаларды көзделген мақсатта тәрбиелеу көп еңбек сарп етуді қажет қылады. Тәрбиеленушілер тарапынан болатын сыртқы күштерге, яғни тәрбиеге қарсылық соңғы нәтижеден күні ілгері дерек береді. Сондықтан, тәрбиеде нақты жағдайлар мен адамдар арасындағы қарым-қатынас үлкен маңызға ие.

Тәрбиелік ықпал күші бірнеше шарттар мен жағдайларға тәуелді. Танымал педагог және психолог Л.С. Выготский (1896-1934) тәрбие мақсаттары мен әдістері тек қана баланың енді жетісетін, «ең жақын даму» аймағына да сәйкес болу заңдылығын ашты. Мұндай деңгей екеу: 1) нақты даму аймағы, 2) жетілуі қажет даму аймағы. Бұл деңгейлерді келесідей белгілеріне қарай анықтау мүмкін. Бірінші деңгейде бала тапсырманы өз бетінше орындайды, ал екінші деңгейде оны өз бетінше атқара алмайды, сондықтан оған ересектердің жәрдемі қажет. Жақсы тәрбие – бұл даму алдынан жүретін тәрбие. Тәрбиенің міндеті алдымен «жақындатылған даму өрісін» түзіп, оны кейін «нақты даму алаңына» ауыстыру. Әрдайым тұлға қалыптасуына ықпал ететін дамуды өз жетегіне алушы – бұл тәрбие. Мұндай тәрбие әлі пісіп жетілмеген, бірақ тіктелу шағына түскен үдерістерге бағытталады. Балалардың мейлі тән - денелік, мейлі ақыл дамуы болсын, ешқайсысын да шектен тыс асықтыруға, олардың іс-әрекетін ойластырмай, көлем жағынан көбейтуге және күрделендіруге болмайды. Зерттеулердің көрсеткеніндей, жас балалардың көбі алты жастан жүйелі оқу-үйретімге қатысуына болады. Бірақ, бұл жаста бастаған оқу-үйретім сабақтары ерекше ұйымдастыруды, қажетті қозғалыс, дем алу, тамақтану жағдайларын қамтамасыз етуді талап етеді.

Сонымен, адам дамуы тәрбиеге негізделеді. Ол табиғат және қоршаған орта толтыра алмаған кемшіліктерді түзейтін басты күш. Тәрбиенің ықпалды болуы оның мақсат бағдарлылығына, жүйелілігіне, маманданған басшылығына тәуелді. Бірақ, тәрбие мүмкіндіктері кейбір жағдайларда шектеулі болады.





Дата публикования: 2015-03-29; Прочитано: 2631 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...