Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тұлғаның даму үдерісі



Даму – адамның сандық және сапалық өзгерістерінің жүрісі мен нәтижесі. Даму нәтижесінде адам биологиялық түр және әлеуметтік тіршілік иесі болып жетіледі. Адамның биологиялық сипаты өз ішіне морфологиялық, биохимиялық, физиологиялық өзгерістерді қамтыған тән-дене дамуынан көрінеді. Ал әлеуметтік даму адам психикалық, рухани, зияткерлік кемелденуінен байқалады.

Егер адам сана және өзіндік санаға ие болып, өз бетінше жаңғыртушы іс-әрекет орындауға қабілетті болса, онда ол адам тұлға деп аталады. Адам тұлға болып туылмайды, ондай қасиеттік дәреже даму барысында қалыптасады. «Адам» ұғымынан өзгеше «тұлға» түсінігі - адамның қоғамдық қатынастар, басқа адамдармен араласу ықпалында қалыптасқан әлеуметтік сапа-қасиеттерін білдіреді. Тұлға ретінде әрбір адам әлеуметтік жүйеде мақсат бағдарлы және ойластырылған тәрбие, тәлім барысында қалыптасады. Әрбір тұлға, бір жағынан, қоғамдық тәжірибені игеру деңгейімен, екінші жағынан, материалдық және рухани құндылықтар қорына қосқан қоғамдық үлесімен танылады. Тұлға болып жетілу үшін адам өзіне табиғаттан берілген және өмір мен тәрбие желісінде қалыптасқан ішкі қасиеттерін нақты практикалық қызметте аша білуі шарт.

Адам дамуы - бұл өте күрделі, ұзақ мерзімді және қарама-қайшылықты үдеріс. Біздің ағзамызда болып жатқан өзгерістер өмір бойына ұласады. Ал адамның тән-дене болмысы мен рухани дүниесі әсіресе балалық және жас өспірімдік шақта қарқынды ауысуларға кезігеді. Адамның дамуы сандық өзгерістердің қарапайым жиынтығы немесе төменнен жоғары бағытталған ілгерілі қозғалыс тобы емес, бұл үдерістің өзіне тән ерекшелігі – сандық өзгерістердің тұлғаның физикалық, психикалық және рухани сапалық қасиеттеріне диалектикалық түрде өтіп, жаңалануы. Бұл құбылыстарды түсіндіруде әртүрлі көзқарастар қалыптасқан. Мамандардың бір бөлігі адамдардың дамуын кездейсоқ, басқарымға келмейтін өзінше жүрісі бар деп пайымдаса, енді бір тобы даму өмір шарттарына тәуелсіз, сондықтан, тумадан берілген күштерге байланысты; адамның дамуын ешкім, еш уақытта өзгертуі мүмкін емес, тағдыр белгілейді деп топшылайды. Ал басқа бір зерттеушілер тобының пайымдауынша: даму – бұл әуел бастан қозғалысқа қабілетті құбылыс. Даму жолында көне жойылып, жаңа туындайды. Өмірге енжар икемдесуші жануарлардан адам өз дамуы үшін қажеттерін өз еңбегімен жасай алатындығымен ажыратады.

Дамудың қозғаушы күші – қарама-қарсылықтар тайталасы. Қарама-қарсылықтардың арқасында үздіксіз қайта жасалулар мен жаңғыртулар дүниеге келеді. Қарама-қарсылықтар – бұл өзара екі қайшылықты күштердің бір-біріне сиымсыздығынан туындайтын диалектикалық үдеріс. Адам қайшылықтарды іздеп немесе ойдан шығарып, әлектенуінің қажеті жоқ, олар қадам сайын өмірлік қажеттіктердің өзгеру салдарынан пайда болып отырады. Табиғаттан адамның өзі де қарама-қайшылықты дүние болмысы.

Қарама-қайшылықтар барша адамдардың дамуына ықпал жасаушы ішкі және сыртқы, жалпы (әмбебап), сонымен бірге әр жеке адамға тән – даралықты болып ажыралады. Адамның қарапайым материалдық және ең жоғары рухани қажеттерінің және оларды қанағаттандыру мүмкіндіктері арасындағы қарама-қайшылықтар әмбебап сипатқа ие. Ішкі қарама-қайшылықтар әр адамның өз болмысынан қанағаттанбауынан туындайды. Олар жек-дара ниеттерде көрінеді. Негізгі ішкі қайшылықтардың бірі-жаңадан пайда болған қажеттіктер мен оларды іске асыру мүмкіндіктерінің арасындағы алшақтықтар. Мысалы, балалардың өз психикасы мен зияты, әлеуметтік деңгейінің жетімсіздігіне қарамай, мүмкіндіктері толысқан ересектермен бірге іс алып баруға ұмтылуы. «Қалаймын» - «қолымнан келмейді», «білемін» - «білмеймін», «мүмкін» - «болмайды», «бар» - «жоқ» - мәңгі қарама–қайшылықтарды белгілейтін қосарлы ұғымдар. Адам дамуын зерттей отырып, ғалымдар даму және оның нәтижелері – бір жағынан, және оларға ықпал жасаушы себептер – екінші жағынан, арасындағы заңдылықты байланыстарды аңдатушы бірнеше маңызды тәуелділіктерді ашты.

Неліктен кей адамдар өз дамуында өте биік нәтижелерге жетіседі, ал екінші біреулер – ондай мүмкіндікке ие емес? Бұл үдерістің және оның нәтижесі неге байланысты? Ұзаққа созылғын зерттеулер осы сұрақтарға орай жалпы заңдылық ашты: адам дамуы ішкі және сыртқы жағдайларға тәуелді. Ішкі жағдайлар – адам ағзасының физиологиялық және психикалық қасиеттері. Сыртқы жағдайлар – бұл адамның қоршаған ортасы, ол жасаған және дамыған аймақ, Сыртқы ортамен ықпалды араласу үдерісінде адамның ішкі мәні өзгереді, жаңа қасиеттері қалыптасады, ал бұл, өз кезегінде, алдағы өзгерістерге жол ашады.

Сонымен, адамның дамуы сандық және сапалық өзгерістердің желісі мен нәтижесі. Даму барысында адам тұлғаға айналып, сана мен өзіндік сана, дербес жаңғыртушы іс-әрекет иесі болып жетіледі. Дамудың қозғаушы күші – қарама-қарсылықтар күресі. Адамның дамуы ішкі және сыртқы жағдайлармен анықталады.





Дата публикования: 2015-03-29; Прочитано: 1967 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.006 с)...