Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Лекция. Тақырыбы: Қазақстан тарихында мектептің, тәрбие мен педагогикалық ой- пікірлердің дамуы( XV-XVIII ғ



Тақырыбы: Қазақстан тарихында мектептің, тәрбие мен педагогикалық ой- пікірлердің дамуы(XV-XVIII ғ. Қазақ хандығы).

Жоспары:

1. Қазақстан территориясындағы тәрбие мен қоғамдық дамудың ежелгі көздері.

2. Араб-шығыс мәдениетiнiң қазақ даласына тарауы, Орта ғасыр оқымыстыларының тәлiмгерлiк ой-пiкiрлерi (X-XV ғ.ғ.).

3. Қазақ хандығы тұсындағы ұлттық тәлiм-тәрбие (Жыраулар поэзиясындағы тәлiмдiк ойлар).

4. Халық педагогикасы жөніндегі ғылыми-зерттеулер.

Негізгі ұғымдар: қоғамдық даму, дәуір, халықты ағарту, жазудың дамуы, ағартушылық іс-әрекет, медресе, діни мектептер, әлеуметтік институт.

1. Қазақ халқының ұрпақ тәрбиелеу жөнiндегi сонау көне ғасырлардан келе жатқан тәжiрибесiн, қазақ хандығы құрылған кезеңнен (ХIҮ-ХҮғ.ғ.) бастап қарастыру, тарихи-әлеуметтiк тұрғыдан алып қарағанда дұрыс емес. Өйткенi кешегi өткен тарих беттерi — Шығыс мәдениетiнiң қайнар көзi болып саналатын ұлы Даланы мекендеген түркi тектес (тiлдес) халықтардың, одан әрi ғұндар мен сақтардың бiр елдi, бiр жердi мекендеп, оны сыртқы жаулардан қорғап, бiр тiлде сөйлеп, бiр дiнге сенiп, әлем мәдениетiнiң қалыптасуына тендесi жоқ үлес қосып, бүгiнгi түркi халықтарына ортақ мәдениет пен тарихтың көне бастауы болғанын бүгiнгi ұрпақ өмiр тәжiрибелерiнен көрiп отыр.

Алғашқы қауымдық құрылыс кезеңi тапсыз қоғам болды. Адамдар өздерiнiң iс-әрекеттерiн көпшiлiк болып топтасып, бiрге атқарып отырған. Мұндағы тәрбие жас пен жыныс ерекшелiктерiне қарай қоғамдық сипат алды. Ұл балалар садақ тарта бiлдi, аң аулауға көмектестi, қыз балалар үй жұмыстарына араласты, киiм пiштi, тұрмыстық салт-дәстүрлердiң рәсiмдерiне қатысты.

Алғашқы адамдар Қазақстан территориясының Арпаөзен, Қаратау, Тәңiрқазған, Шарбақты және Ұлытау өңiрлерiн мекен еткен.

2.Ежелгi түркiлердiң ауызекi поэзия дәстүрi бiзге IX ғасырда ғұмыр кешкен әншi, әрi сазгер небiр тамаша күй шығарған Қорқыт атаның есiмiн жеткiздi. Ол адамзат өмiрiнiң соншалықты қысқалығына наразы болып, пенде атаулыны ажал кұрығынан құтқармақ болды. Қорқыт өзiнiң жанын жегiдей жеген ой-сезiмдерiн қазалы жанның үрейiн, өлiмнен қашып құтылудың амалын қобыздың азалы күйiмен, поэзиялық көркем тiлмен баяндайды

IX—X ғасырларда ұлы Түркi қағанаты бiрнеше мемлекеттерге (қарлұқ, Түркеш, Қарахан, Қыпшақ, Ұйғыр, Хазар, Қимақ т.б.) бөлiнiп, Араб Халифаты империясының Орта Азия мен Қазақстан территорияларына үстемдiк жүргiзулерiне әкелiп соқты. Арабтар ислам дiнiн уағыздаумен бiрге ғылым мен бiлiм де әкелдi. Нәтижесiнде түркi халықтарының ұлы ғалымдары: Фараби, Фердоуси, Авиценна, Бируни, Низами, Науаи, Қашқари, Яссауи, Баласағұн және басқалары араб тiлi мен мәдениетiн меңгердi. Оның үлкен прогрессивтiк маңызы болды. Көптеген шаһарларда дiни медреселер ашылды, ғылым мен бiлiм деңгейi артты. Медреселер дiни iлiмдермен ғана шектелiп қалмай, арифметика, медицина, жақаннама (философия), дiнтану, астрология сияқты әлемдiк маңызы зор дәрiснама берудi басты мақсат еттi. Бұл жерде қазақ топырағындағы Отырар қаласында дүниеге келген, Шығыстың екiншi Аристотелi атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидiң (870-950) еңбегiне ерекше болды. Ол математика, музыка, логика, философия, психлогия ғылымдарының негiзiн салды.

Iзгiлiк, имандылық, адамгершiлiк қасиеттердi паш еткен Жүсiп Баласағұнидың “Құтты бiлiк”, Ахмет Жүинекидiң “Ақиқат сыйы”, Махмұт Қашқаридiң “Түркi сөздерiнiң түсiндiрмесi”, Қожа Ахмет Яссауидiң “Диуани хикмет” атты еңбектерiнiң ХI-ХII ғ.ғ этикалық-педагогикалық мән-мағынасының зор болғаны, бұл еңбектердiң он ғасыр өтсе де өзiнiң тағылымдық қадiр-қасиетiнiң бiр сәт төмендетпейтiнi сөзсiз.

Алтын Орда ыдырап, қазақ даласы Ресей қол астына қарағанға дейiн (1731) қазақ жерi кескiлескен шайқастардың, майданның аренасына айналды.

Моңғол шапқыншылығына Алтын орданың ыдырауына дейiнгi аралықта (ХIII-ХҮ ғ.ғ.) түркi тiлдерiнде едәуiр жазба мұралар жасалды. Мәселен Р.Хорезмидiң “Махаббатнама” поэмасы, ақын Сайф Сарайдың “Гүлстан” аты дастаны атты еңбектер адалдықты, әдiлдiктi, махаббаты марапаттады.

Дiни медреселерде Шығыс халықтарына ортақ “Чөр кiтаб” атты тәлiмдiк-танымдық педагогикалық туынды дүниеге келдi.

Атақты астроном Ұлықбектiң әлемде тендесi жоқ обсерваториясы ортағасырлық үлкен ғылыми жетiстiк болып саналды.

Алтын Орда мемлекетiнiң кезiнде пайда болған “Бабырнама” (“Бабыр дастаны”), ал Хорезмидiң “Мухаббатнама”, Саиф Сарайдың “Қырық бiр батыр жыры”, “Гулстан бит турки”, Құтыптың “Хусрау Шырын” сияқты туындылары сөзсiз жас ұрпақтарға тәлiм-тәрбиелiк ықпалын тигiздi. Бұл кезеңдердегi тәлiм-тәрбие көрiнiстерi әскери-жауынгерлiк бағытта өрбiдi.

3.Қазақ хандығының құрылуы — ХIҮ-ХҮ-ғасырларда, Алтын Орда мемлекетi мен Ақсақ Темiр империясының өзара бақталастықтарының нәтижесiнде әлсiреп, ыдырай бастаған кезеңдерге тура келедi. Қазақ хандығы — сөзсiз кешегi ата-бабаларымыз сақтар мен ғұндардың, ежелгi түркiлердiң, Шыңғыс хан мен Алтын Орда империяларының заңды мұрагерлерi болып саналады.

Қазақ хандығы жаңа мемлекет болып қалыптасуы барысында (1470-1718 ж.ж.) 250 жылдай тәуелсiз ел болып, дербес өмiр сүрдi. Бiрнеше ауыр қасiреттердi, жойқын соғыстарды басынан кешiрiп, тiптi жер бетiнен жойылып кете жаздады.

Қазақ халқының өзiндiк мәдени, рухани, әдеби ұлттық дәстүрi қалыптасты. Қазақ ұлтының дамуы мен қалыптасуына зор үлес қосқан хандар мен сұлтандар, билер мен жыраулар, батырлар мен ақындар: Жәнiбек, Керей, Асанқайғы, Мұхаммед-Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыр, Қасым, Есiм, Хақназар, Тәуекел, Тәуке, Қазтуған, Ақтанбердi, Шал, Әнет, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Әбiлқайыр, Абылай, Бұқар, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек, Сырым т.б. көптеген адамдар болды.

XV-XVII ғасырлардағы жыраулар шоғырынан өздерiнiң тәлiмдiк идеяларымен Асанқайғы, Шалкиiз, Жиембет, Бұқар жырау секiлдi дала философтары ерекше көзге түскен едi. Халқының қамын жеп, оның береке-бiрлiгiн, келешектегi бағытын, келер күнiн аңсаған Асанқайғы (XV ғ.) өз отандастарының алдағы тағдыры не болмақ деген толғаныспен күн кештi.

Қазақтың халық педагогикасының ең алғашқы iргетасының қалана бастауына негiз болған Асанқайғының, Мұхаммед-Хайдар Дулати, Қадырғали Жалайыр, Қазтуған, Шалкиiз, Үмбетей, Сыпыра, Доспамбет, Бұқар, Жиембет, Марғасқа т.б. көптеген ақын-жыраулардың шығармаларын атап өткен жөн (39).

XV-XVII ғасырларда өмiр сүрген қазақ ақын-жырауларының поэзиясынан ғасырлар сырын, халықтың салт-дәстүрiн, ой-арманы мен тiлек мақсатын айқын аңғарамыз. Өйткенi, жыраулар толғауларынан халықтың небiр нәзiк сырлары, мұң-мұқтажы, ой-толғанысы, қуаныш-сүйiнiшi, келер ұрпаққа айтар өнегелi өсиетi өзектi орын алған. Яғни, олар халықтың тәлiм-тәрбие мектебiнiң ұлағатты ұстаздарының рөлiн атқарды.

Жалпы ХV-ХIХ ғ.ғ. акын жыраулар поэзиясын сөз еткенде олардың халық үшiн еткен еңбегiне, ой қиял өрiстеу өресiне, қимыл, әрекет-iсiне қарай үш топқа бөлiп: жауынгер жыраулар:(Доспанбет, Жиенбет, Ақтамбердi, Махамбеттер); мәмiлегер (Асанқайғы, Сыпыра жырау, Үмбетей, Бұқар); тәлiмгер (Шал, Базар, Майлықожа) жыраулар деп шартты түрде жiктеуге болады. Ақын-жыраулар өлең-жырларымен де, өнегелi iсiмен де халыққа белсене қызмет етiп, тәлiм-тәрбие мектебiнiң ұстазы бола бiлдi.

Тәуке ханның “Жетi Жарғысы”— бүгiнгi Қазақстан Республикасы қабылдаған Ата Заңымыздың (Конституциямыздың} негiзгi iргетасы болып саналады. Сондай-ақ сол кезеңдерде дұниеге келген Мұхаммед-Хайдар Дулатидың “Тарихи-и-рашиди”, “Жаханнама”, Қадырғали Қосынұлы Жалайыридың “Жамиғат тауарих” (Жылнамалар жинағы), халық туындылары: “Наурыз бәйiтi”, “Нысабнами казах” (“қазақтар шежiресi”) т.б. ұрпақ танымы үшiн аса зор тәлiмдiк мәндi шығармалары едi.

Лекция





Дата публикования: 2015-03-29; Прочитано: 2538 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...