Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Информатиканы оқытудың дидактикалық принциптері



Информатика мұғалімінің педагогикалық жұмысына қойылатын негізгі талаптарының басқа пәндер мұғалімінің жұмысына қойылатын талаптардан гөрі елеулі ерекшеліктері, айырмашылықтары бар. Сол талаптарды іске асыру - мұғалімнің жұмыстарының өнімділігін күшейтіп, сабақта және сабақтан тыс уақытында нәтижелі әрі сабақ ұйымдастыруына мүмкіндіктер туғыздырады, ол үшін мынандай талаптарды естен шығармау қажет:

- мұғалімнен не талап етіледі;

- іске асырылу шаралары қалай және қандай жолмен мүмкін болады.

Педагогикалық әрекеттерге қойылатын талаптардың дидактикалық принциптеріне (ғылыми принцип, мұғалімнің материалды жүйелі түрде бере алу принципі, оқытудағы көрнекілік принципі, информатика сабағындағы тәрбиелеу принципі) сәйкестігін талдамас бұрын мыналарға ерекше көңіл бөлу керек: информатика қарастыратын проблемалардың көптігі сонша ма, тіпті компьютерлік техниканы қарастырумен қатар, білімнің физика, химия, биология, әдебиет сияқты бөлімдерінің проблемаларын да қарастыруға тура келеді. Себебі, информатика - басқа білім салаларын интегралдайтын білімнің мүлдем жаңа саласы болып табылады.

Информатика - басқа пәндердің де дамытылуын қамтамасыз ете алатын іргелі, әрі маңызды пән. Ол басқа пәндерде берілетін білімді бір ортаға жинақтап. сұрыптап, оларға жаңа мән беріп, әлемдегі болып жатқан үрдістер мен құбылыстарды жаңаша жүйелі түрде оқып білуіне, терең түсінуіне мүмкіндік береді. Информатика пәні - жаңа деңгейдегі және сапасы жағынан өзгеше пән болуы тиіс. Басқаша айтсақ "информатика - компьютердің көмегімен ақпаратты өзгерту және қолдана алу үрдістерімен байланысты адамзат әрекеттерінің бір бөлігі" (профессор Н.М.Макарова).

Информатика пәні мұғалімдерінің педагогикалық әрекеттеріне қойылатын талаптардың дидактикалық принциптеріне сәйкестілігі мыналардан түрады:

- мұғалімнің материалды берудегі ғылыми және жүйелілік принциптері;

- оқытудағы көрнекілік принциптері;

- информатика сабағындагы тәрбиелей оқытудың принциптері.

Дидактика принциптері – сабақ беруде (оқытуда) басшылыққа алынуға тиісті білім берудің және оқытудың ортақ теориясының негізгі қағидалары. Кейбір принциптерді білу кейбір білмейтін принциптердің орнын оңай толтырады. (Гельвеций К.). Бұл принциптердің нақтылы ұғымының өрнектелуін информатиканы оқыту контексінде қарастырайық.

1) Ғылыми принцип бойынша(С.И. Архангельскийдің пікірін қолданған дұрыс): "Барлық хабарланатын оқу мәліметтері қазіргі алдыңғы қатарлы ғылым жетістіктеріне толығымен сәйкес келуі керек", яғни, мұғалім берілетін (оқытылатын) материалдың дәлдігіне, шындылығына және нақтылығына ерекше көңіл бөлуі тиіс, материалдың мазмұнын, ғылыми ұғымдардың ұқыпты түрде іріктелуі қажет. Ғылыми принципін сақтау, білім беру мазмұнында осы облыстағы жаңа жетістіктерінің қамтылуын қажет етеді. Мысалы, «Электрондық кестелердің мүмкіндіктері» тақырыбын қарастырған кезде ғылыми принципін сақтау есебінде оқушыларды “Microsoft Exсel” бағдарламасымен іс жүзінде таныстыруға болады, себебі бұл бағдарлама қазіргі уақытта электрондық кестелер тобының ең кең қолданылатын әрі ең жетілдірілген түрі. Оқытудың ғылыми негізі сол сияқты оқыту әдістемесінің дәл бүгінгі таңда сәйкестігін де білдіреді. Бұл информатикаға қолданғанда ең алдымен модельдеу, оқушылардың зерттеу қызметін білдіреді. Оқу үрдісін ұйымдастырудың ғылыми негізінің тағы бір мысалы ретінде компьютерлік тестілеуді айтуға болады.

2) 0қудың жүйелілік принципі (М.И. Скаткиннің сөздері бойынша) "ұғымдар мен пән бөлімдерін оқытып, түсіндіргенде, олардың логикалық байланыстылығын және өзара алмаса алуын құрастыра алуында", яғни, жаңаны үйрену (ұғымдар, ережелер, талдаулар) оқушылар бұрын өтіп кеткен материалды терең түсінуінен.

3) Басқа пәндерден информатиканың өзгешілігі - ол білімнің жеңіл, жаттанды түрде ұғынылуын қабылдамайды. Яғни бұл жерде әрбір оқушының және тұтас сыныптың білімді белсенді және саналы түрде ұғыну принципінің маңызы зор. Бұл принципті іске асыру - оқыту барысында жекелік деңгейін арттыратын әдістерді қолданған кезде ғана мүмкін, мысал ретінде әрбір оқушының жеке өзі бір компыотерде жұмыс істеген кездерін келтіруге болады.

4) Оқытудың көрнекілік принципінің қағидасыбойынша білімді саналы игеру, оқушылардың ғылыми танымының және көзқарастарының қалыптасуы тек сезімдік-практикалық тәжірибесі негізінде ғана қалыптасуы мүмкін, яғни объектілер мен құбылыстарды саналы түрде қабылдау - мектеп қабырғасындағы танымның бастапқы қадамы болып табылады. Информатикадан жаңадан беріп жүрген жас мамандарда сабақта қолданылатын көрнекілік құралдар аз, сол себептен көбірек қолдануға тырысу керек.

5) Тізбектілік және циклділік принциптері. Тізбектілік оқу материалының ұғымдардың логикалық тізбегі немесе қайталау материалдың бекітілу ретінде жүрілетін және ешқандай шеңберлері болмайтын ағаш ретінде берілуін білдіреді. Информатикада тек қана тізбектілік принципін қолдану жеткіліксіз, тізбектілік циклділік формасында жүзеге асырылуға тиісті. Бұл ұғымдардың барлық жаңа контекстерімен байытылып қайталанатындығын білдіреді. Егер өзге пәндер үшін бұл қалаулы жол болса, информатика үшін бірден-бір мүмкін жол болып табылады. Ол бәрінен бұрын информатика мазмұнын сипаттайтын күшті ішкі пәнаралық байланыстан туындайды. Циклді формада материалды тізбектей беру мысалы ретінде информатиканың календарлық (күнтізбектік) жоспарының үзіндісін келтіруге болады:

1-ші мысал: 8 сынып. ЭЕМ құрылысы.

Компьютермен танысу. Мүмкіндіктерін көрсету. Құрылғыларының қызметі.

10 сынып. ЭЕМ аппараттық қамтылуы. Кеңейтілген түсінік.

2-ші мысал: 9 сынып. Алгоритімдеу және бағдарламалау.

1-ші тақырып Алгоритімдер типтері: сызықтық, тармақталған, циклдік.

2-ші тақырып Циклдік алгоритімдерді бағдарламалау. Циклдер түрлері. Циклдерді құру операторлары.

6) Тәрбиелей оқыту принциптері дидактикадағы оқыту мен тәрбиелеудің арасындағы тығыз байланыстылықты қамтиды. Әдетте тәрбиелік әсер оқу үрдісі кезінде пайда болып, оқушының өзіндік қасиеттері дәл сол кезде қалыптасады. Бұл принцип дидактикалық барлық принциптерін біріктіреді. Принципті іске асыру -мұғалімнің өзінің жеке қасиеттеріне, жеке тұлғасының сапалылығына байланысты екендігі әр мұғалімнің есте сақтағаны дұрыс.

Осы айтылған принциптердің бәрін информатиканы оқытуда қолдану оны тереңірек түсініп, тек жеке сабақ емес, іргелі, басқа пәндерімен тығыз байланысты пән ретінде қалыптастырады. Қазіргі кезде информатика мұғалімі өз сабағына бұрынғыдай тек математика, физика мысалдарын ғана емес тарих, биология, анатомия сабақтарынан да суреттер, үзінділер, анимациялық (қозғалыстағы) элементтер келтіру арқылы компьютер ерекшелігінде және мысал ретінде қолданылған пән ерекшелігінде жақсы түсіндіруге болады.

Өзін - өзі бақылауға арналған тапсырмалар:

Қорғауға берілген реферат тақырыптары:

1. Бастауыш сыныптарда информатиканы оқыту әдістерімен принциптері.

2. Орта сыныптарда информатиканы оқыту әдістері.

3. Жоғары сыныптарда информатиканы оқыту әдістерін тиімді қолдану.

Негізгі әдебиеттер /5-6/,

Қосымша әдебиеттер/20-21/.





Дата публикования: 2015-02-28; Прочитано: 3372 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.009 с)...