Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Информатиканы оқыту әдістері



Информатиканы оқытуда әдістерді дұрыс таңдай және сабақта тиімді қолдана білу керек. Әдіс (грек тілінен - бірденеге бағытталған) дегеніміз бір мақсатқа жету тәсілі.

Дидактикада оқытудың әдістері деп мұғалім мен оқушылардың біріккен іс-әрекетін және оқушылардың танымдық іс-әрекетін құру әдісін түсінеді. Оқытудың әдістерінің мәселелерін шешуде атақты дидакт Бабанскийдің оқытудың әдістерін мұғалім мен оқушылардың реттелген бір-бірімен байланысты іс-әрекеті ретінде анықтайтын тұжырымын ұстанамыз. Бұл білім беру мәселелерін шешуге, жеке тұлға тәрбиелеп, дамытуға бағытталған.

Педагогикада оқытудың әдістерінің үлкен арсеналы жиналған. Әдісті жіктеудің өзінің анықталған ережесі болады. Алайда функционалды жағынан информатиканы оқытуда жіктеудің ең қолайлысы түсіндірмелі- иллюстративті, репродуктивті, мәселелік, бөліктеп іздеу, зерттеу әдістерімен ерекшеленеді. Берілген жіктеудің міндеттерімен информатика курсының мазмұнына сәйкестенуі үшін оны бағдарламаланған, модельді әдістермен және жобалау әдісімен толықтырған жөн.

Түсіндірмелі-иллюстративті әдіс оқушылардың жаңа теоретикалық материалмен танысқанда компьютермен, бағдарламалық қолданбалармен жұмыста алғашқы білімдерінің қалыптасуында пернетақтамен жұмыс істеп үйренуінде қолданылады. Оқушыларға белгілі бір фактілерді дайын күйінде жеткізу үшін мұғалімнің оны әңгімелеп беруіне болады. Мұндай әдістерді (әңгіме, мазмұндама, түсіндірме) материал ақпараттық түрде болғанда немесе практикалық жұмыстың әдістерін сипаттағанда қолданған дұрыс.

Репродуктивті әдіс информатика сабақтарында тренажер- бағдарламалармен жұмыста (мысалы, пернетақталық тренажер), оқытушы және бақылау бағдарламаларымен әртүрлі кіріспе, жаттықтырушы жаттығуларды орындағанда, комментариймен жаттығуларда қолданады.

Мәселелік әдісті (мәселе сұрақтар, жағдайлар) графикалық ақпаратпен жұмыста қолданған жөн.

Бөліктеп-іздеу әдісін қолданғанда оқушылар болжам құруға, есепті бақылау, тәжірибе, жоспар құру немесе танымдық есептің алгоритімін шешу, жобалау және тағы басқалары арқылы шешуге қызығады.

Зерттеу әдісіне бақылау, тәжірибе, компьютермен, плакаттармен және басқаларымен жұмыс кіреді. Бұл жағдайда мұғалім оқушылардың өзіндік ізденушілік іс- әрекетінің ұйымдастырушысы ретінде танылады.

Бағдарламалық оқыту әдісінде информатика сабақтарында үйретуші бағдарламалар қолданылады. Бұл әдіс «Есептеуіш техникасының сандық негіздері», «Бағдарламалық қамтамасыздандыру» тақырыптарында аса тиімді. Үйретуші бағдарламада берілген материал қатаң тәртіпте беріледі, әрбір кадр жаңа материал, бақылау сұрағы мен тапсырмадан тұрады.

Модельді әдіске математикалық немесе компьютерлік құрылуы кіреді. Бұл «бәсеңдейтін жобалау» әдісі. Орта мектептің информатика мұғалімі модельдерді құру үшін электронды кестелермен жұмыста қолданады. Алған тапсырмасына сәйкес оқушы математикалық модель құрады да, оны дайын күйде алады. Бұл модельдер келесіде оқудың объектісі болады.

Жобалар әдісі. Соңғы кезде информатика пәнінің мұғалімдері педагогикалық тәжірибеге жобалар әдісін белсенді түрде енгізе бастады.

1919 жылы Дальтон қаласында (АҚШ) Е. Паркхарст сынып-сабақтық жүйені әрбір оқушының педагогпен бірге құрылған жоспар бойынша индивидуалды жұмысымен ауыстыруға тырысты. Оқушылар мектеп бағдарламасын оқуда әркім өзінің жылдамдығы бойынша жылжу мүмкіндігін иеленді. Оқу күнінің бірінші жартысында олар ешбір оқу кестесінсіз жұмыс құралдары негізінде өз бетінше жұмыс жасады. Екінші жартысында – қызығушылық тудырған тақырып бойынша оқыды. Бұл тәжірибе "Дальтон-жоспар" деп аталынды. Бұл әдіс қазір де қолданылуды.

Жобалар әдісі – оқу үрдісін жекешелеуге, оқушыға жоспарлау барысында өзінің тәуелсіздігін көрсетуге, тапсырмалар орындағанда шығармашылығын көрсетуге мүмкіндік беретін кешенді оқыту әдісі. Жобалар әдісін технология деп есептеуге болмайды – ол басқа әдіс-тәсілдермен біріге отырып, нақты бір мақсаттарға жету үшін қолданылады.

Жобалар әдісінде ең алдымен оның болашақ жоба аумағы таңдалады. Келесі маңызды мәселе – жобаның ұзақтығы. Жоба бір сабаққа немесе одан да ұзақ уақытқа (1 тоқсанға) есептелуі мүмкін. Бірінші жағдайда жобаға тек бірнеше оқушы қатысуы мүмкін, ұзақ уақытқа есептелген жағдайда әрбір оқушы немесе оқушылардың шағын тобы ортақ үлкен жоба шеңберіндегі жеке тақырыптарды алады. Үштен көп оқушыдан тұратын топты құрған қолайсыз – үлкен топтардың жұмысын құру мәселелер тудырады.

Жобаның ортақ тақырыбы мұғалімнің тапсырмаларына байланысты таңдалады. Оқушыға немесе топқа берілген нақты тақырып жалпы тақырыппен үйлесуі керек.

Жобаны жүргізуге уақытты қалай табуға болады. Ең алдымен, жоба формасында қайталауды, әсіресе оқу жылы соңында жалпылама қайталауды ұйымдастырған жөн. Сонымен қатар, информатикада жобамен жұмыс жасаудың жаңа материалды оқумен қатар сәтті жүретін бөлімдер де бар. Мысалы, "есептерді компьютерде шешудің кезеңдері", "Үлгілеу және Есептеуіш эксперимент" және т.б..

Жобамен жұмыс жасау кезінде мұғалім консультант рөлінде болады, бұл жерде оған біршама даярланған оқушылар көмектеседі. Ең дұрысы, егер оқушылар есептің қойылымын анықтауды өз бетінше жүргізсе. Ол үшін мұғалім оларды бұрын орындалған жобалармен таныстырса жеткілікті.

Жобамен жұмыстың нәтижелері міндетті түрде сыныпта жариялануы керек. Жұмысты көпшілік алдында қорғау жобалар әдісінің ең маңызды бөлігі болып табылады, себебі ол оқушыларға жұмыс барысында алынған білімдерін қорытындылап, жүйелеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сабақты өткізу формасы классикалық семинар болу міндетті емес, ойын да болуы мүмкін. Егер жазбаша есеп беру қарастырылса, онда оған қойылатын талаптар алдын ала құрылады. Жобалардың көпшілік алдында қорғалуы емтиханды өткізу формасы да болуы мүмкін.

Ұзақ жоба үшін ортақ баға келесі локальды бағалардың қосындысынан шығады: жобалық жұмыстың сапасы, жазбаша есеп берудің сапасы, көпшілік алдында қорғаудың бағасы.

Оқушылардың көпшілігіне мұндай жұмыс формасы ұнайды, ол оқушылардың мотивациясын және алған бағаларының сапасын арттырады.

Орындалған жобалардың кейбір тақырыптары: «кішкентай жолдастарға арналған компьютерлік оқулық» (мақсаты – жай ғана оқу бағдарламасына сәйкес жазу емес, сондай-ақ басқалар үшін де маңызды өнім құру), "Әлеуметтік сауалнама" (үлкен ақпарат көлемін өңдеу есептерін шығару кезінде информатиканың әдістерін қолдану), "Болашақтың компьютері" (мини-жобаның «Компьютерлік көрме» ойынымен үйлесімділік мысалы)».

Жобалар әдісі оқытудың топтық формаларымен сәйкес келеді, бұл әдіс әрқашан қандай да бір мәселенің шешімін болжайды.

Информатикадағы жобалар әдісі есептің шешімін табудың жүйелік тәсілінің дағдыларын қалыптастырумен, жұмыс үрдісі кезінде тәуелсіздігінің артуымен және мұғалім мен оқушының арасындағы қатынас стилін орнатумен сипатталады.

Жалпы жобалау белгілі бір қасиеттеріне қарай топтастырылады және оларға қойылатын шарттар мен талаптарына сай келеді, атап айтсақ төмендегідей типтегі жобаларды ұсынуға болады:

1.Демонстрациялық жобалау;

2.Зерттеушілік жобалау;

3.Шығармашылық жобалау;

4.Рольді – ойындық жобалау;

5.Ақпараттық жобалау;

6.Үйретуші жобалау;

7.Моножобалау;

8.Пәнаралық жобалау;

9.Тәжірибелі және бағдарлы жобалау;

10. Қысқа мерзімді жобалау;

11. Ойын жобалауы.

Жобалау мен шығармашылық. Жобалауды шығармашылықпен байланыстыратындар көп, олар жобалауды жаңа шығармашылық мүмкіндіктерді ашу деп түсінеді. Алайда бұл түсінік дұрыс емес. Шығармашылық бұл - жаңаның пайда болуы. Бұл жерде жобалаумен байланысы бар, бірақ шығармашылықтың жобалауға айналуы үшін уақыт факторы негізге алынып, нақты нәтижені елестету керек. Алайда шығармашылықты нақтылықпен байланыстыру мүмкін емес.

Жобалау мен басқару. Практиканың қандай бір түрінде өзгерістерді жобалап, іске асырып, оларды басқарғанда ғана біздің жұмысымыз алға басады. Қазіргі кезде менеджмент сөзі пайда болды, ол басқару дегенді білдіреді. Білімде де менеджмент сөзі қолданылады. Қазіргі таңда білім алу түрлері де көбейді, ол территория мен уақытқа қарай бөлінеді. Осыған орай өзінің білім алу үрдісін басқару, білім алғандағы нәтижені жобалау міндетті түрде қажет болды. Сонымен практика нысанында пайда болған жобалау үлкен әлеуметтік контекстке шығады. Осының бәрі әлеуметтік ғылымдардың басты мәселесіне жобалаудың білімдегі орнын жатқызады.

Жобалау мен даму. Жобалау теориясында белгілі бір мәселенің дамуына әкелетін өзгерістер айтылған, яғни біз тек мәселенің өзгеруіне әкелетін жобаларды қолдануымыз керек. Бірақ бұл тек теорияда қолданылады, яғни біз жасаған жұмысымыз оның нәтижесіне тең емес. Мысалы, гүл отырғызу мақсаты, отырғызатын орны, жасалған жұмыстар мен гүлдердің өзі жобалау болып табылады.

Жобалаудың құрылымы:

- нақты нәтиже шығару жобасы;

- нақты мәселенің талдауы;

- нақты уақыт белгілеу;

- жұмыс жүргізу жобасы;

- нәтиже шығару.

Жоба белгілі бір тақырып бойынша құрастырылады. Ол оқушының қызығушылығына орай таңдалуы мүмкін. Жобалау жұмысын орындаудағы талаптар төмендегідей:

- Оқыту жобасының классификациясын таңдау;

- Жоба презентациясын дайындау;

- Жобаға баға беру критериилерін айқындау;

- Жасалған жобаның нәтижесіне баға беру;

- Жобалау әдісін оқытудағы мұғалімдердің мақсаты мен міндеттерін айқындау.

Жобамен жұмыс жасаудың кезеңдері:

Іздеу кезеңі:

- Мәселені іздеу және талдау.
- Жоба тақырыбын таңдау.
- Кезеңдер бойынша жобалау іс-әрекетін жоспарлау.
- Жоба тақырыбы бойынша ақпаратты жинақтау, зерделеу, өңдеу.

Конструкторлық кезеңі:

- Жоба тапсырмасының оңтайлы шешімін іздеу.
- Дизайн талаптарын ескере отырып, құрылым нұсқаларын зерттеу.
- Дайындау технологиясын таңдау.
- Экономикалық баға беру.
- Экологиялық сараптама жасау.
- Конструкторлық және технологиялық құжаттарды құрастыру.
Технологиялық кезең:

- Жобаны тәжірибеде жүзеге асырудың жоспарын құру, қажет материалдарды, құралдарды және құрылғыларды таңдау.
- Жоспарланған технологиялық операцияларды орындау.
- Сапаға ағымдық бақылау жасау.
- Қажет болған жағдайда құрылымға және технологияға өзгерістер енгізу.
Қорытынды кезең:

- Жобаның орындалуының сапалық бағасы.
- Жобаның орындалуындағы нәтижелерді талдау.
- Жобалаудың нәтижелерін қолданудағы мүмкіндіктерді зерделеу (көрме, сату, жобалар банкіне қосу, жариялау).

Демонстрациялық жобалау– демонстрациялаушы жоба көп жағдайда оқушылардың фантазиясына байланысты құрылады. Оларды орындау нәтижесінде қандай да бір демонстрациялаушы бағдарлама алынуы керек. Мысал ретінде «Сағат», «Светофор», «Айналу денелері», «Сөзжұмбақ», «Фраза», «Караоке», «Жарнама», «Ауа райы», «Музыкалық үзіліс» және т.б. алуға болады.

Үйретуші жобалау– бұндай жобалау оқушыға жаңа білімдерді өз бетінше әрі қызықты түрде меңгеруге мүмкіндік береді. Мысалы «Рим цифрлары», «Жазба кітапшасы», «Тест», «Магиялық квадрат», «Көбейту кестесі», «Европа елдері» және т.б.

Қорыта айтатын болсақ, жобалау әдісі - бұл оқу жүйесі, оқу үрдісінің ұйымдастырылған моделі, ол оқушылардың интеллектуалды және физикалық мүмкіндіктерін жаңа жобаларды құру үрдісінде шығармашылық қабілеттерін дамыту жолымен өзіндік тұлғаны жүзеге асыруға бағытталған.

Теориялық тұрғыдан жобалау - белгілі бір мәселенің өзгеруі, дамуы деп танимыз. Жобаның құрылымы мәселенің талдауынан басталып, оны шешіп нәтижесіне жету үшін жасалатын қадамдардың жобалауынан тұрады. Жобалау жұмысында ой өрісінің дамуы, критикалық ойлау, креативтілік, сонымен қатар мәселелерді шешу қабілеті пайда болады.

Мұғалім оқушыны өз бетімен білім алып, алған білімін арнайы рәсімдеумен жобалау әдісі арқылы дәлелдей білуге үйретеді. Осы жұмыстың арқасында мұғалім мен оқушының арасында шығармашылық байланыс, жаңа көзқарас пайда болады. Мектеп қабырғасында оқушыда зерттеу, іздеу, анықтау, дәлелдеу, синтез, анализ жасау дағдылары қалыптасады және жобалау әдісі белгілі мерзімге берілуіне байланысты оқушы уақытты ықшамдап үйренеді. Бұл келешекте оқушының өз өмірінде пайдалануға қажет қасиет пен дағды.





Дата публикования: 2015-02-28; Прочитано: 4672 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.011 с)...