Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тамақ өнімдерін тасымалдау, сақтау, өлшеп-орау және өткізу жағдайларына қойылатын талаптар



108. Тауарларды тиеу арнайы тиеу үй-жайы болған кезде тұрғын үй ғимаратының терезесі жоқ бүйірінен және/немесе жерасты туннельдерінен, және/немесе магистраль жағынан көзделеді. Тауарларды тұрғын үй ауласы жағынан тиеуге жол берілмейді.

109. Объектінің жүк түсіру платформалары тамақ өнімдерін атмосфералық жауын-шашыннан қорғайтын қалқамен жабдықталады, сондай-ақ платформаны жуу үшін су жеткізіледі.

110. Тамақ өнімдерінің әр партиясы қабылдау, сақтау, тасымалдау және өткізу кезінде олардың сапасын, қауіпсіздігін куәландыратын құжаттармен және олардың қадағалауын қамтамасыз ететін құжаттармен, сондай-ақ тез бұзылатын тамақ өнімдерін сақтау, тасымалдау және жарамдылық мерзімі/сақтау мерзімі шарттары туралы ақпаратпен – өнімдерді өндіру уақытын және күнін, сақтау температурасын және өткізудің соңғы мерзімін көрсете отырып жүк құжатымен қоса жүреді.

111. Қабылданатын, тез бұзылатын тамақ өнімдерінің саны объектідегі тоңазыту жабдығының (өнімдердің осы түрін сақтауға арналған) көлемімен айқындалады.

112. Тамақ өнімдерінің сақтау орындарына түсуі таза, құрғақ, бөтен иісі жоқ және бүтіндігі бұзылмаған ыдыс пен қаптамада жүзеге асырылады. Тамақ өнімдерін өнім берушінің ыдысынан неғұрлым кіші ыдысқа қайта салуға жол берілмейді.

113. Өнімнің жарамдылық, сақтау мерзімі мен түрі көрсетілген әр ыдыс орнының таңбалаушы жазба белгісі (затбелгі) жарамдылық/сақтау мерзімі аяқталғанға дейін, өнімді толық пайдаланғанға дейін сақталады.

114. Объект тамақ өнімдерін сақтау және өткізуге дайындау үшін қойма үй-жайларымен, шикізатты, дайын өнімді, қаптамалайтын және қосымша материалдарды бөлек сақтау үшін тоңазыту жабдығымен қамтамасыз етіледі, олар жеңіл жуылатын және дезинфекцияланатын материалдардан жасалған және биіктігі еденнен кемінде 15 см сөрелермен, стеллаждармен, тұғырықтармен және контейнерлермен, салқындату камералары конденсатты жинау және аластату жүйесімен, ал қажет болған кезде, қалайыланған ілмегі бар немесе тот баспайтын құрыштан жасалған аспалы арқалықтармен жабдықталады.

115. Объектілердегі барлық тамақ өнімдері стеллаждарда, тұғырықтарда, табандықтарда сақталады, бұл ретте, еденнен кемінде қашықтық 15 см болады. Тамақ өнімдерін еденде сақтауға жол берілмейді.

116. Тамақ өнімдерін тоңазыту камерасына және/немесе қойма үй-жайына орналастыру партияның шығарылу күні мен нөмірі көрсетіле отырып партиямен жүзеге асырылады.

117. Тамақ өнімдерін сақтауға арналған үй-жайда тағамдық емес материалдарды бірге сақтауға жол берілмейді.

118. Тамақ өнімін өнім түрі бойынша қабылданған сыныптамаға сәйкес сақтайды: құрғақ (ұн, қант, жарма, макарон өнімдері және басқалары), нан, ет, балық, құс, жұмыртқа, сүт-май, гастрономиялық, көкөністер мен жемістер.

119. Өзіне тән иісі бар тамақ өнімдерін (дәмдеуіштер, балық, ірімшік және басқалары) бөтен иісті сіңіріп алатын өнімдерден (шикі ет, сары май, жұмыртқа, шай, тұз, қант және басқалары) бөлек сақтайды.

120. Шикі өнімдерді (ет, құс, балық, көкөніс, жемістер, жұмыртқа және басқалары) тұтынуға дайын тамақ өнімдерімен, қаптамаланбаған дайын өнімдермен бірге сақтауға, қауіпті тамақ өнімдерін басқа тамақ өнімдерімен сақтауға, сондай-ақ оларды су құбыры мен кәріз құбырларына, жылыту құралдарына жақын, қойма үй-жайларынан тыс сақтауға жол берілмейді. Тамақ өнімдерін тікелей еденге жинауға жол берілмейді.

121. Тамақ өнімдерінің мына түрлерін сақтаудың ерекше шарттары қамтамасыз етіледі:

1) салқындатылған және тоңазытылған ет (тұтас ет, тұтас еттің жартысы, төрттен бір бөлігі) ілгектерге ілінген күйінде, тұтас еттің өзара, үй-жайдың қабырғасымен және еденімен жанасуына жол бермейтіндей сақталады. Блоктардағы (немесе ыдысқа салынған) етті стеллаждарда, тұғырықтарда және контейнерлерде сақтауға жол беріледі. Еттің жартылай фабрикаттары, субөнімдер, тоңазытылған және салқындатылған құс еті өнім берушінің ыдысында сақталады, қатарластырып жинаған кезде ауа айналысы қамтамасыз етіледі;

2) салқындатылған балық өнім берушінің ыдысында, сақтау температурасы 0-ден минус 20 С дейін болған кезде екі тәуліктен асырмай сақталады;

3) сусымалы өнімдерді сақтау құрғақ, таза, жақсы желдетілетін, қамба зиянкестерімен ластанбаған, салыстырмалы ауа ылғалдылығы 75% аспайтын үй-жайда, қатарлардың арасы кемінде 75 см аралықпен, қабырғадан 50 см аралықтағы стеллаждарда қаптарға салынып қатарластырып жатқызылған күйі жүргізіледі;

4) иерсиниоздың және псевдотуберкулездің алдын алу мақсатында көкөністер сақтау үдерісінде кезең-кезеңмен тексеріледі және қайта өңделуі және тазартылуы тиіс;

5) азық-түлік картобы қараңғы үй-жайларда және/немесе оны тіке немесе шашыранды күннің сәулесінен қорғайтын ыдысты, қаптамалау материалдарын пайдалана отырып сақталады.

122. Бастапқы қаптамаланған және бастапқы өлшеп-оралған өнімді өндірушінің өндірісінен тыс қайта таңбалауға, қайта қаптамалауға және қайта өлшеп-орауға жол берілмейді.

123. Нормативтік және техникалық құжаттама талаптарына сәйкес емес деп танылған, халық денсаулығына қауіп төндіретін тамақ өнімдері өткізуден алып тасталады. Оны одан әрі пайдалану немесе жою мүмкіндігі туралы шешім тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңнамаға сәйкес қабылданады.

124. Тамақ өнімі өлшеп-оралады және тамақ өнімдерімен жанасу үшін қолдануға рұқсат етілген материалдардан жасалған ыдысқа қаптамаланады. Ыдыс қаптамалайтын материал берік, таза, құрғақ, бөтен иіссіз және бүтіндігі бұзылмай пайдаланылады, арнайы бөлінген орында сақталады, оларды еденде сақтауға жол берілмейді.

125. Тамақ өнімдерін өткізу алдында тұтыну ыдысының беттері сүртіледі және алдын ала тазаланады және өлшеп-оралады.

126. Бос шынылар қорабын ашу үстел үстінде тұтынушыға жіберер алдында жүргізіледі. Консервіленген және банкі өнімдері бомбаждың және бөгде қосылыстардың болуына алдын ала мұқият тексеріледі.

127. Ашылған тұтыну қаптамасынан алынған өнімдерді өткізу бір жұмыс күні ішінде, бірақ сақтау шарттарын (температура, ылғалдылық) сақтаған кезде қаптамасын ашқан сәттен бастап 12 сағаттан аспайтын уақытта жүзеге асырылады.

128. Балалардың құрғақ қоспаларын өндірушінің талаптарына сәйкес ауаның температурасы мен салыстырмалы ылғалдылығы кезінде сақтайды және өткізеді.

129. Алкогольсіз сусындар 0°С төмен емес және плюс 12°С жоғары емес температура кезінде салыстырмалы ылғалдылығы 75% аспайтын құрғақ желдетілетін және қараңғыланған үй-жайларда сақталады, сақтау мерзімі кемінде 30 тәулік сусындар 0°С төмен емес және плюс 18°С жоғары емес температурада сақталады.

130. Алкогольсіз сусындар мен шырындарды құйып сату кезінде бір рет қолданылатын ыдыс пайдаланылады.

131. Шикі және тұтынуға дайын тамақ өнімдерін өлшеу және қаптамалау бөлек жүргізіледі.

132. Сатып алушыларға өлшеп-оралмаған тамақ өнімдерін сату кезінде сатушы қысқашты, қалақты, қалақшаны пайдаланады.

133. Мыналарға:

1) тамақ өнімдерін орауыш қағазынсыз және басқа да қаптамалау материалдарынсыз тікелей таразыда өлшеуге;

2) тамақ өнімдерін сатуға дайындауға үй-жайларды және дәретханаларды жинаумен айналысатын техникалық персоналды тартуға;

3) даналап сататын ұсақ кремді өнімдерді қаптамасыз өткізуге;

4) нан және нан-тоқаш өнімдерін үйіп, үй-жайлардың қабырғаларына тығыз, тауар асты төсемінсіз, сондай-ақ еденнен 35 см аз аралықта орналасқан стеллаждарда сақтауға;

5) қосалқы жұмысшылар мен сатып алушылардың нанды кесуіне;

6) нан және нан-тоқаш өнімдерін «үйіп», сондай-ақ басқа өнімдер үшін пайдаланылатын ыдыста тасымалдауға;

7) өндіру кезінде пестицидтердің және/немесе ветеринариялық препараттардың қолданылғаны (немесе осындайдың жоқтығы) туралы ақпараты жоқ өсімдіктен және жануардан алынған азық-түлік шикізатын қабылдауға, тасымалдауға, сақтауға және өткізуге;

8) тамақ өнімдерін өткізетін ұйымдардың мұздатылған тамақ өнімдерін жібітуіне (дефростациялауға);

9) сатып алушыларға еденге құлаған немесе өзге де жолмен ластанған, сондай-ақ өзге де себептер бойынша санитариялық жарамсыз деп танылған тамақ өнімдерін сатуға жол берілмейді. Бұл өнімдерді кейіннен жою үшін арнайы таңбаланған сыйымдылыққа жинайды.

134. Үйде қызмет көрсетуді ұйымдастыру кезінде тамақ өнімдерін тапсырыс берушіге жеткізуді өнімдердің ластануын және олардың бүлінуін болдырмайтын жағдайларда жүзеге асырады.

135. Белгіленген мерзімде өткізілмеген кремді-кондитерлік өнімдер өткізу мерзімі аяқталған сәттен бастап 24 сағаттан кешіктірмей кері қайтарылуы тиіс. Кремді өнімдерді тасымалдауды температураның плюс 6°С артық жоғарылауын болдырмайтын жағдайларда салқындатылатын көлікпен жүргізеді.

136. Бәлішті тасымалдау мен қабылдауды қақпағы бар контейнерлерде жүзеге асырады, торттар жеке-жеке қаптамаланады.

137. Нан-тоқаш өнімдерін сатуды мамандандырылған және фирмалық нан-тоқаш және кондитерлік объектілерде және объектілердің бөлімдерінде жүргізеді.

138. Нан-тоқаш өнімдерінің әр партиясына пісірілген уақытын көрсете отырып, тауарлы-көлік жүкқұжаты қоса жүреді.

139. Нан және нан-тоқаш өнімдерін таза, құрғақ, жақсы желдетілетін үй-жайларда сақтайды.

140. Сақтау және өткізу үдерісінде нан мен нан-тоқаш өнімдерінің картоп ауруымен ауыру белгілері анықталған жағдайларда, осындай өнімдерді саудадан дереу алып тастайды. Сақтауға арналған сөрелерді жуу құралын қолдана отырып жылы сумен жуады және сірке қышқылының 3%-дық ерітіндісімен сүртеді. Картоп ауруының алдын алу мақсатында аптасына 1 реттен сиретпей нанды сақтауға арналған сөрелерді жуу құралдарын қолдана отырып жылы сумен жуады, сірке қышқылының 1%-дық ерітіндісімен сүртеді және содан кейін кептіреді.

141. Нан және нан-тоқаш өнімдерін іріктеу және жаңа пісірілгендігін анықтау үшін объектілерде (бөлімдерде) арнайы шанышқы, қысқаш қолданылады. Нан-тоқаш өнімдерін қаптамалау үшін қағаз немесе полиэтилен пакеттер қолданылады.

142. Өсімдіктен алынған азық-түлік шикізатының партиясына ауыл шаруашылық дақылдарын өңдеу кезінде пайдаланылған пестицидтер, азық-түлік қорларының зиянкестерімен күресу мақсатында сақтауға арналған үй-жайлар мен ыдыс фумигациясы туралы ақпарат қоса жүреді.

143. Жануардан алынған азық-түлік шикізатын өңделмеген және қайта өңделмеген күйінде тек ветеринариялық-санитариялық сараптама нәтижелері бойынша ғана, ветеринариялық ілеспе құжаттары болған кезде қабылдау, сақтау, тасымалдау және халыққа тамақ мақсатында өткізу үшін жол беріледі.

144. Сұйық тамақ өнімдерін (сүт, қаймақ, сүзбе, өсімдік майы мен басқалары) сату кезінде өнімдерді сатып алушының ыдысынан ортақ ыдысқа қайта құюға жол берілмейді. Құйып алуға арналған сауда мүкәммалын сүті, қаймағы, сүзбесі бар ыдыста қалдырмайды, арнайы ыдыста ұстайды, күн сайын жуады. Мүкәммал мақсатына сай пайдаланылады.

145. Сүт өңдейтін объектілер жеткізілетін фляга сүтін өткізу кезінде айналым ыдысы өндіруші кәсіпорында өңделеді, өткізу орындарында алдын ала жуылады.

146. Объектілерде:

1) қайдан алынғанын, сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарынсыз;

2) тиісті таңбасы жоқ;

3) қаптамасының бүтіндігі бұзылған және ластанған ыдыста, затбелгісіз

(немесе жапсырма қағазсыз);

4) ұсынылған ақпаратқа сәйкес болмаған кезде;

5) жалған өнім болса;

6) сақтаудың температуралық және ылғалдылық жағдайларын сақтау үшін жағдай болмаған кезде;

7) ішек-қарыннан тазартылмаған құсты, сальмонеллез бойынша қолайсыз шаруашылықтардан алынған жұмыртқаларды, қабығы лас, жарамсыз және кертілген жұмыртқаларды, үйрек пен қаз жұмыртқаларын;

8) ветеринариялық таңбасы жоқ етті, ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өтпеген шартты түрде жарамды етті және ет өнімдерін, сондай-ақ жануардан алынған азық-түлік шикізатын және өнеркәсіптік емес дайындаудан шыққан тамақ өнімдерін;

9) пастерленбеген сүттен дайындалған сүзбені, қышқылдығы жоғары сүт пен кілегейді;

10) ақауы бар консервілерді – бомбаж, шартылдаған, аққан, тесілген және тесілген сызаты бар, пішіні өзгерген, микробиологиялық бүліну белгісі бар (көгерген, ашыған, шырышты) және басқаларын;

11) шіріген, бүлінген, қабығының бүтіндігі бұзылған көкөністер мен жемістерді, көктеген, өскін картопты, жартысы қалған және тілінген бақша дақылдарын;

12) дефростацияланған және екінші рет мұздатылған тамақ өнімдері мен азық-түлік шикізатын;

13) торттарды кесуге және оны бөліп сатуға;

14) жылу және/немесе өзге де өңдеуге түскен өнеркәсіптік емес (үй) дайындаудан шыққан тамақ өнімдерін (кептірілген ет, ет фаршы, котлеттер, іркілдек, шұжық өнімдері (қанды, өкпе-бауыр, қуырылған және басқалары), балық, көкөніс, ұн, кондитерлік өнімдер, ысталған азық түрлері, зельц, ет жартылай фабрикаттары және басқа да аспаздық өнімдер, жартылай фабрикаттар, сондай-ақ жануардан алынған басқа да өнімдер), квасты, шырынды, қайта өңделген саңырауқұлақты, сондай-ақ өнеркәсіпте дайындалмаған консервілерді;

15) азық-түлік базарларынан тыс өнеркәсіптік емес дайындаудан шыққан тамақ өнімдерін;

16) белгіленген жарамдылық/сақтау мерзімі болмаған кезде немесе жарамдылық мерзімі аяқталған;

17) сапасыздығының айқын белгілері, техникалық құжаттамада көрсетілген тамақ өнімі белгісінен айырмасы бар;

18) қауіпсіздік бойынша сәйкес болмаған кезде;

19) сатып алушының лас ыдысында және басылған макулатураны;

20) мемлекеттік тіркелуі тиіс өнімнің Мемлекеттік тіркеу туралы куәлігінің (көшірмесі) жоқ тамақ өнімдерін қабылдауға, сақтауға, тасымалдауға және өткізуге жол берілмейді.

147. Тамақ өнімдерін азық-түлік емес тауарлармен бірге өткізуге тек өнеркәсіптік қаптамада ғана жол беріледі. Азық-түлік емес тауарларды (тұрмыстық химия, жеңіл өнеркәсіп заттары) өткізу үшін сауда залдарында сауда аймақтары (бөлімдер, орындар) бөлінеді. Азық-түлік емес тауарларды өлшеп-орауға тыйым салынады. Сауда залдарынан және біртекті тауарлар тобын орналастыру қағидаты бойынша азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға арналған бөлек қойма үй-жайлары көзделеді.

148. Жаңа ауланған балық пен балық өнімдерін сақтау және өткізу үшін объект бөлек тоңазытқыштармен қамтамасыз етіледі.

149. Тамақ өнімдерін сауда объектілерінен (көрсетілген объектілер жүзеге асыратын жылжымалы сауданы қоспағанда) тыс өткізуге жол берілмейді.

150. Объектілерде тамақ өнімдерін вакуумда қаптамалау жүргізуге жол берілмейді.

151. Тұтынуға дайын өлшеп-оралмаған өнімдерді өткізетін бөлімшелерде (секцияларда) жұмыртқаларды өткізуге жол берілмейді.

152. Тамақ өнімдерін тасымалдау үшін арнайы көлік пайдаланылады. Сақтау температурасы мен ылғалдылық параметрлері регламенттелген тамақ өнімдерін тасымалдауға арналған мамандандырылған көлік құралдары мен көлік жабдығы тасымалдаудың қажетті температурасын ұстап тұратын жабдықпен және температуралық режімнің тиісті параметрлері мен ылғалдылық деңгейін өлшеудің бақылау құралдарымен жарақталады. Тамақ өнімдерін азық-түлік емес тауарлармен бірге тасымалдауға жол берілмейді.

153. Тасымалдаушы тасымалдау үдерісінде тамақ өнімдерін тасымалдау талаптарын сақтауды қамтамасыз етеді.

154. Дайын тамақ өнімдерін азық-түлік шикізатымен және шикі тамақ өнімдерімен бірге тасымалдауға жол берілмейді.

155. Сұйық және сусымалы, қаптамаланбаған тамақ өнімдерін тасымалдау таңбасы бар, тек сұйық және сусымалы тамақ өнімдерін тасымалдауға арналған пломбаланған сыйымдылықтарда, цистерналарда жүзеге асырылады.

156. Өнімді тиеу, тасымалдау және түсіру кезінде оны атмосфералық жауын-шашыннан, ылғалдан қорғайды.

157. Тамақ өнімдерін сақтау, тасымалдау және өткізуді өнімнің қауіпсіздігі мен сапасы көрсеткіштерінің сақталуын қамтамасыз ететін температуралық-ылғалдылық және жарық беретін режімдер кезінде жүзеге асырады.

158. Тамақ өнімдерін сақтау, тасымалдау және өткізу шарттарын, мерзімін өндірушінің өнімнің нақты түріне арналған нормативтік және/немесе техникалық құжаттамасына сәйкес сақтайды.

159. Жылдың жылы мезгілінде тез бұзылатын өнімдерді тасымалдау плюс 6оС аспайтын температура кезінде:

1) салқындататын шанағы бар арнайы көлікте 6 сағаттан асырмай;

2) суық келмейтін изотермиялы шанақтарда 1 сағаттан асырмай жүргізіледі.

160. Тасымалдау авторефрижераторларда: суыған және салқындатылған етті – плюс 6оС температура кезінде, тоңазытылған етті – 0оС температура кезінде жүргізіледі.

161. Тірі балықты мұзға арналған арнайы сыйымдылығы, сондай-ақ суды ауамен қанықтыруға арналған жабдығы бар жылу оқшаулағыш автомобильдерде-цистерналарда тасымалдайды.

162. Көлікті санитариялық өңдеуді су құбырына және кәріздеуге, ыстық сумен жабдықтау жүйесіне қосылған жуу блоктарында немесе алаңдарында жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып жүргізеді. Шанақтың ішкі бетін дезинфекциялау он күнде бір реттен сиретпей жүргізіледі.

163. Өнімді, ыдысты, өнеркәсіптік қаптаманы кәдеге жарату және жою тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.





Дата публикования: 2014-12-11; Прочитано: 3994 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.017 с)...