Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып. Тірек-қимыл жүйесі, оның жас ерекшеліктері



Тірек қимыл жүйесіне адамның қаңқасы мен бұлшықттері жатады.

Адамның қаңқасы 200-ден астам сүйектен тұрады. Олар бір-бірімен буын арқылы жалғасып қозғалмалы келеді. Қаңқаға бұлшқеттер бекітілген. Әрбір сүйекке екі немесе одан да көп бұлшықеттер ұштасады.

Бұлшықеттердің негізгі қызметі - сүйектерді қозғау.

Сүйектің құрылысы. Сүйек остеон деп аталатын пластинкадан тұрады. Сүйектің сыртында сүйек қабы бар. Тек қана буындарда сүйек қабының орнына шеміршек болады. Остеондардың орналасуына қарай 2 түрлі заттардан тұрады: тығыз және кемік заттардан.

Тығыз заттар кемік сүйектердің сыртында орналасқан. Оның қалыңдығы әр сүйекте әртүрлі. Кемік сүйекте остеондар айқыш-ұйқыш орналасқан. Олар қысқа, жазық сүйектерде, ұзын сүйектердің екі ұшында көп болады. Жілік сүйегінің каналдарындағы майының түсі сары, ал кемігіндегі майыың түсі қызыл болады. Себебі сүйектің қызыл кемігінде эритроцит, лейкоцит, трмбоцит өсіп дамиды.

Сүйек қабы екі қабықтан тұрады: сыртқы және ішкі. Сыртқы қабығы тығыз, ішкісі жұмсақ борпылдақ дәнекер ұлпадан тұрады. Ішкі қабығында остеобластар болады. Олар сүйектің өсуін қамтамасыз етеді. Сүйек қабының қантамырлары мен нервтері бар. Сүйектің 1/3 бөлігі органикалық және 2/3 бөлігі бейорганикалық заттардан тұрады.

Сүйекті күйдіргенде оссейн жанады да, бейорганикалық заттар қалады. Ондай сүйектер тез сынады. Ал сүйекті тұз немесе азот қышқылына салса бейорганикалық заттары еріп, тек органикалық заттары қалады. Ондай сүйекті оңай майстыруға болады.

Жас балалардң сүйегінде органикалық, ересек адамның сүйегінде минералдық заттар көп болады.

Қаңқаның құрылысы. Адам қаңқасы бас, тұлға, аяқ-қол сүйектерінен тұрады.

І. Бас сүйектері – ми сауытынан және бет сүйектерінен тұрады.

Ми сауыты – маңдай, жұптасқан төбе, шүйде, екі самай, негізгі және көз торы сүйектерінен тұрады. Ми сауыты сүйектері бір-бірімен жіктесе байланысқан.

Бет сүйектері – жоғарғы және төменгі жақ сүйектері, бет, таңдай сүйектері, кеңсірік, мұрын сүйегі, көз қуысы сүйектерінен тұрады.

Бас сүйектерінде бір ғана қозғалмалы сүйек (төменгі жақ сүйегі) болады.

Кішкентай балалардың ми сауыты бет сүйектерінен ертерек дамиды. Бет сүйектері 1 жаста, жыныстық жетілу кезінде жақсы дамиды. Ми сауытының көлемі бет сүйегінің көлемінен (нәрестеде) 8 есе, ересектерде 2-2,5 есе артық.

Жаңа туған сәбидің ми сауытының сүйектері бір-бірімен жұмсақ дәнекер ұлпадан тұратын қабықшамен жалғасады. Бұл қабықша бірнеше сүйектерден қосылатын жерінде үлкен болады. Оны баланың еңбегі деп атайды. Оның саны төртеу. Маңдай еңбегі 1 жаста, қалғандары 2-3 айда бітеді.

Нәрестенің жақ сүйектерінде тістері болмайды. Ең алғаш сүт тістері 5-6 айда шыға бастайды. 6 жасқа жақындағанда сүт тістері түсіп, тұрақты тістері шыға бастайды.

ІІ. Тұлға сүйектері -омыртқа жотасы, көкірек қуысы сүйектерінен (12 жұп қабырға, төс сүйегі) тұрады.

Омыртқа жотасы 33-34 омыртқадан тұрады: 7 мойын омыртқасы, 12 арқа омыртқасы, 5 бел омыртқасы, 5 сегізкөз омыртқасы, 4-5 құймышақ омытқасы. Сегізкөз және құймышақ омыртқалары бір-бірімен бірігіп кеткен.

Әр омыртқаның денесі, доғалары болады. Омыртқаның тығыз жері денесі. Омыртқа денесі мен доғасы омыртқа каналын құрайды. Доғасынан 7 өсінді шығады: 1 артқа қараған, 2 жоғары қараған, 2 төмен қараған, 2 бүйір (горизонтальды).

Омыртқалардың өзіндік ерекшеліктері болады:

- І-ші мойын омыртқасы тікелей бассүйегімен жалғасып кеткен, денесі және өсінділері болмайды және омыртқа тесігі басқа омыртқалардан кеңірек. І-ші мойын омыртқасын атлант немесе ауыз омыртқа деп атайды.

- ІІ-ші мойын омыртқасының денесінен жоғары қарай бағытталған тісшесі болады. Тісшедегі бетімен ауыз омыртқамен жалғасады.

- ҮІІ-ші мойын омытқаның арқа өсіндісі ұзын болады.

- Көкірек омыртқаларының алдыңғы бүйір бетінде және көлденең өсінділерінде қабырға ойыстары деп аталатын буын беттері болады.

-Ауыртпалық көп түсетіндіктен бел омыртқаларының денесі жақсы жетілген және ірі болады.

-Сегізкөз омырқалары бірігіп кеткен. Оның алдыңғы және артқы бетінде жүйкелер мен тамырлар өтетін тесіктері болады.

Омытқа жотасының өсуі алғашқы 1 жасында жедел жүреді. Омыртқа арасындағы буындардың шеміршектері қалың және серпімді келеді. Сондықтан балалардың омыртқа жотасы ересектерге қарағанда жеңіл қимылдайды. Жаңа туған сәбидің омыртқа жотасында физиологиялық иілімдер болмайды. 2-3 айда мойны бекігеннен кейін мойын лордозы (лат. алға иілу), 6 айдан кейін отыра бастағанда арқа және сегізкөз кифозы (лат. артқа иілу), 1 жасқа жақындап, жүре бастағанда бел лордозы пайда болады. 2-3 жаста омыртқа сүйектене бастайды. Омыртқа жотасының физиологиялық қалыпты иілімдері күшейе түскенімен, әлі де тұрақсыз болады. Баланың бойын таңертең өлшегенде 5-6 см (ересектер 2-3 см) ұзын болса, кешке соншалықты қысқа болады. 4-5 жсқа дейін омыртқалар тез өсіп, иілімдері толық қалыптасады. Осы жастан бастап балалар мен ересек адамдардың омыртқа жотасында 2 лордозы (мойын, бел) және 2 кифозы (арқа, сегізкөз) түзіледі.

5-6 жастағы балалардың омыртқа жотасы тез қисаяды. Омыртқааралық шеміршектегі заттардың алмасуы күшті болады. Сондықтан түрлі жағдайлардың әсерінен омыртқа жотасында патологиялық лордоз, кифоз, сколиоз (омыртқа жотасының бір бүйіріне қарай иілуі) және т.б. өзгерістер пайда болады.

Жалпы омыртқа жотасының қимыл мүмкіндігі мол. Ол 1600-қа дейін еңкейіп, 1450-қа дейін шалқаяды, оңға-солға 1650-қа, ал, өз осінде 1200-қа дейін қозғалады.

Көкірек қуысы сүйектері - 12 жұп қабырға, төс сүйегі.

Адам денесінде 12 жұп қабырға бар. Қабырғаның басы, мойны және денесі болады. Омыртқамен жалғасқан жерін басы, жіңішке жерін мойны, төс сүйегімен жалғасқан жерін денесі деп атайды.

Әр қабырғаның пішіні мен құрылысында өзіне тән ерекшеліктері бар. Жоғарғы ҮІІ жұп қабырғаны шын қабырға деп атайды. Олар тікелей шеміршек арқылы төс сүйегіне бекиді. ҮІІІ-Х жұп қабырғлар ұзын шеміршек арқылы алдыңғыларымен жалғасады. Оларды жалған қабрғалар деп атйды. ХІ-ХІІ жұп қабырғалардың алдыңғы ұшы бос қалады. Оларды бос қабырғалар деп атайды.

Қабырғалардың сүйектенуі баланың 2 айлығында ҮІ-ҮІІ қабырғаларда басталады, 3-4 жасқа келгенде қабырғааралық ортасы мен бұрышында тығыз сүйектері болады.

Төс сүйегі – жалпақ сыңар сүйек. Төс сүйегінің денесі, тұтқасы, семсершесі болады. Төс сүйегінің бөлімдерінің арасындағы шеміршек 30 жасқа дейін болады. Төстің төменгі жағындағы шеміршектері 15-16 жаста, жоғарғы жағының шеміршектері 21-25 жаста сүйекке айналып, төс сүйегінің арасы бітіп кетеді, ал семсершесінің сүйектенуі 30 жасқа дейін созылады.

Көкірек қуысының пішіні жұмыртқа тәрізді болады. 1 жастағы баланың көкірек қуысы конус тәрізді. 12-13 жаста ересек адамдардыкіндей болады. Көкірек қуысы жүрек, қолқа және үлкен өкпе артериясын, өкпені қорғайды.

Партада дұрыс отырмаса баланың көкірек қуысы тарылады да, өкпе мен жүректің дамуы нашарлайды.

Аяқ-қол сүйектері – адам денесінің екі белдеуін құрайды: иық және жамбас белдеулері.

Иық белдеуін жауырын және бұғана сүйектері құрайды. Жауырынның сыртқы бұрыштары иықбасы сүйктері арқылы қол сүйектерімен жалғасады. Алдыңғы жағында бұғана сүйегімен жалғасады. Жауырын – жалпақ қос сүйек, ол омыртқа және қабырға сүйектерімен бұлшықет арқылы жалғасқан. Жауырын сүйектері жігіттерде 19-20, қыздарды 18 жаста қатаяды.

Бұғана латынның S әрпі тәрізді иілген сүйек. Бала туар алдында оның төс жақ ұшынан басқа жері сүйекке айналып үлгереді. Ал төс жақ ұшының сүйектенуі жігіттерде 24, қыздарда 23 жаста аяқталады.

Қол сүйектері – тоқпан жілік, білек (шынтақ пен шыбық сүйектен құралған), қол басы (білезік, алақан, саусақ) сүйектерінен тұрады.

Тоқпан жілік 20-25 жаста қатайып, екі басында тек шеміршектері қалады. Бұл жіліктің ұзарып өсуі оның басындағы өсу нүктелеріне байланысты болғандықтан, 22 жасқа дейін жілік басын кесуге болмайды. Кессе, жілік өспей қысқа болып қалады.

Кәрі жіліктің қатуы 20-25 жаста жігіттерде, 17-20 жаста қыздарда аяқталады.

Білезік сүйектерінің қатуы 14-16 жаста аяқталады.

Саусақ сүйектері 16-18 жаста қатып аяқталады.

Жамбас белдеуінің сүйектерін – сегізкөз, жамбас сүйектері (мықын, шат, шонданай) құрайды.

Аяқ сүйектерін - ортан жілік, асықты жілік пен шыбығы, табан сүйектері құрайды.

Ортан жілік адам денесіндегі ең ірі сүйек. Оның жілік басы, мойны, денесі болады. Бала туғаннан кейін алғашқы 5 жылда ортан жілік тез өсе бастайды да, 5-9 жас арасында қыздардың ортан жілігі жылдан жылға баяулап, ер баланың жілігі бір қалыпты баяу өседі. Ортан жілік 18-20 жаста өсуін тоқтатады.

Асықты жілік пен шыбығы қыздарда 16-17, жігіттерде 19-20 жасқа дейін өседі.

Табан сүйектері өкше, бақайшақ және аяқ саусақтарының сүйектерінен құралған. Табан сүйектері бір-бірімен буын арқылы күмбезденіп қосылған. Табан күмбезі баланың аяғын басу барысында толық қалыптасады. Табан күмбезінің дұрыс қалыптасуына тар аяқ киім, ауыр жүк тасу, ұзақ уақыт табанға күш түсіріп, кішкентай баланың түрегеліп тұруы кері әсер етеді. Мұндайда жалпақ табан пайда болады. Табан күмбезі 13-17 жасқа дейін қалыптасады. Сондықтан бойжеткендерге 17-18 жасқа дейін биік өкшелі аяқ киім киюге болмайды. Балалар мен жастардың аяқ киімдерінің өкшесі 1,5-2 см болу керек.

Бұлшықеттердің құрылысы мен қызметі. Жаңа туған сәбидің бұлшықеттері толық қалыптаспағанымен, дене салмағының 20-22%-дай ғана (ересек адамда 40-45%) болады. Адам денесінде 600-ден астам бұлшықеттер бар. Бұлшықеттердің екі түрі бар: көлденең жолақты және бірыңғай салалы бұлшықет. Қаңқа бұлшықеттері көлденең жолақты бұлшық ет. Бұлшықеттердің сүйекке бекитін сіңір бастары, денесі болады. Бұлшықеттердің пішіні әртүрлі болып, өзінің атқаратын қызметіне байланысты қалыптасады. Бұлшықеттің екі басы болса қарапайым, үш немесе одан да көп болса күрделі бұлшықет деп атайды. Қозғалтатын буындардың санына байланысты бір буынды, қос буынды, көп буынды деп бөлуге болады. Орналасуына қарай бас, мойын, арқа, кеуде, құрсақ, қол-аяқ еттеріне жіктеледі. Қызметіне қарай бүгілдіргіш, жазылдырғыш, айналдырғыш т.б. болып бөлінеді. Жалпы, адам денесінде 327 жұп және 2 сыңар бұлшықет бар.

Бұлшықеттердің қызметі – жиырылу. Бұлшықеттің жиырылуы нерв импульстерінің орталық жүйке жүйесінің әр жерінен келіп бұлшықетті қоздыруынан болады. Бұлшықеттің қызметі оның лобильділігіне де байланысты. Ұлпаның лобильділігі деп оның қозуды өткізу жылдамдығы мен қозу уақытын айтады. Бұлшықеттер жиырылғанда көп күш жұмсалады. Жиырылу күші еттің талшықтарының санына және қалыңдығына байланысты. Еттің күші деп оның ширау қабілетін айтады. Бұлшықеттің күші оның құрылысына да байланысты. Бұлшықеттер көп ядролы жуандығы 0,1 мм, ұзындығы 2 мм – 12 см ет талшықтарынан тұрады. Олардың сыртын фасция деп аталатын ет қабығы жабады.

Бұлшықеттерде көптеген нерв ұштары – рецепторлар орналасқан. Олар еттің қозуына байланысты жиырылу және созылу дәрежелерін сезеді.

Бұлшықеттердің өсіп жетілуі әртүрлі. Ең алдымен құрсақ еттері дамиды, кейіннен шайнау еттері жетіледі. Еңбектеу мен жүруге байланысты аяқ-қол, арқа еттері дамиды. Бұлшықеттердің дамуы 25-30 жасқа дейін байқалады.

Нәрестенің етінің жиырылу қабілеті ересек адамның шаршаған етінің қабілетіндей ғана болады. Жиырылу қабілетін хронаксия деп аталатын еттің тыныштық қалпынан қозуға ауысуына қажетті уақыты арқылы анықтайды. Оны арнайы хронаксиметр деп аталатын аспаппен сигма, яғни секундтың 1/1000 бөлігі мөлшерінде өлшейді.





Дата публикования: 2014-11-04; Прочитано: 9269 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.013 с)...