Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Дыбыс талдағышы



Есту анализаторы - үш бөлімнен (сыртқы, ортаңғы және ішкі құлақтан) тұрады.

Сыртқы құлаққа– эластикалық шеміршектен тұратын құлақ қалқаны мен сыртқы дыбыс жолы жатады. Сыртқы дыбыс жолының ұзындығы 2,5 см-ге жуық. Ол самай сүйегінің пирамида бөлігінде орналасады. Сыртқы дыбыс жолының ішкі жағында түрі өзгерген тер бездерінен сарғыш түсті құлық бөлінеді. Олар дабыл жарғағын сыртқы ортаның түрлі қолайсыз жағдайларынан қорғап тұрады.

Ортаңғы құлақ – дабыл қуысынан, есту сүйекшелерінен (балғашық, төс, үзеңгі) және есту түтікшесінен (евстахиев түтігі) тұрады. Ортаңғы құлақтың артқы жағында 2 тесік (кіреберіс және ұлулы дене) бар. Бұл тесіктер ортаңғы құлақ пен ішкі құлақты бір-бірімен байланыстырып тұрады. Ортаңғы құлақтағы үш сүйек (төс, балғашық, үзеңгі) бір-бірімен буын арқылы байланысқан және олар дабыл жарғағын ішкі құлақпен байланыстырып тұрады. Ортаңғы құлақтағы дыбыс түтігінің ұзындығы 3,5 см және ол жұтқыншақпен байланысып жатады. Сондықтан да, ортаңғы құлақ қуысында үнемі атмосфералық ауа болады.

Ішкі құлақтың немесе шытырманның (лабиринт) құрылысы күрделі болып келеді. Оның ішкі жағында орналасқан жарғақты түтікшелердің ішінде эндолимфа сұйықтығы болады, оны кейде жарғақты шытырман деп те атайды. Оның сыртын сүйекті шытырман қоршап тұрады. Жарғақты шытырман мен сүйекті шытырманның арасын перилимфа сұйықтығы толтырып жатады.

Сүйекті шытырман үш бөліктен (кіреберіс, ұлулы дене және үш жарты иірім өзекшелер) тұрады.

Кіреберіс бөлік екі тесік арқылы ортаңғы құлақтағы дабыл қуысымен байланысып тұрады. Ондағы жоғарғы сопақша тесікті үзеңгі сүйегі жауып тұрады. Ал, төменгі дөңгелек тесікті жұқа жарғақ керіп тұрады. Ішкі құлақтағы үш жарты иірім өзекшелер де кіреберіс бөлікке келіп ашылады. Ішкі құлақтағы сүйекті ұлулы дененің пішіні конус тәрізді. Ондағы орамды өзекше 2,5 иірім жасап орналасқан. Кіреберіс пен үш жарты иірім өзекшелерді қосып вестибулярлық аппарат деп те атайды. Вестибулярлық аппарат пен ұлулы дене бір-бірімен өте тығыз байланысты. Бұлармен мидан тарайтын VIII жұп есту жүйкесі байланысады. Есту анализаторының орталығы ми қыртысының самай бөлігінде орналасқан.

Дыбыс талдағышының жас ерекшелігі. Жаңа туған сәбидің сыртқы құлақ түтігі тар, оның терісінде түктер көп болады. 1 жасқа дейін құлақ түтігі өсіп, ұзарып кеңейеді. Сәбидің ортаңғы құлағы сұйыққа толы болады да, біртіндеп барып ауаға толады. 1 жастағы балада Евстахи түтігі қысқа, кең, түзу болады.

Жаңа туған сәбидің дыбыс нерві әлі миелинденіп болмаған, төрт төмпешіктің және басқа аймақтарының нейрондары дифференцияланбаған. 1 жаста дыбыс жүйкесі жылдам дамып жетіледі де, 4-6 жаста ересек кісінің дыбыс жүйкесімен бірдей болады.

Баланың дыбыс есту қабілеті алғашқы жылдың ішінде тез жетіліп, қарапайым дыбыстарды есту қабілеті болады. Тіпті 1 жастан аса музыкалық қарапайым әуенді аздап ажырата алады. Дегенмен ми қыртысындағы дыбыс орталығы алғашқы жылы нашар жетіледі.

Есту гигиенасы. Айқай-шу есту талдағышына 2 түрлі әсер етеді: құлақтың дыбыс өткізушісі мүшелерінің қызметін бұзады және орталық жүйке жүйесіндегі есту орталықтарының қызметін нашарлатады. 90 децибел шамасындағы қатты айқай есту қабілетіне ғана әсер етіп қоймай, асқорыту, қан-тамырлар жүйелерінің қызметін бұзады. 4-5 жыл бойы 120 децибел шуда еңбек еткен адамның жүйке жүйесінде кемшіліктер пайда болады: ұйқысы бұзылады, басы ауырады, зат алмасуы әлсірейді.

Есту кемшіліктерінің адын алу үшін дыбыс гигиенасының талаптарын орындау қажет. Әсіресе мктепте гигиеналық талаптарды сақтаудың маңызы зор. Мектептегі шуды азайту үшін оның ауласының көше жағын қорғаныс аймағына айналдырып, оған ағаштар мен бұталар отырғызады.

Есту қабілеті төмен оқушыларды алдыңғы қатардағы партаға отырғызған жөн. Мектеп үйінің шулы бөлмелерін (спорт залы, шеберханалар) негізгі оқу бөлмелерінен бөлек алыс орналастырылады. Балалар жұмыс істеп жатқан шеберханаларда, шулы жерлерде әр 30-50 минөт сайын 10-15 минөтке созылатын үзіліс жасау керек.

6-7 жаста мектепке барар алдында емханаларда баланың есту қабілетін тексереді, балалар бақшасына баратын балаларды мектеп алдындағы тексеру кезінде балалар бақшасының комиссиясы тексереді.

Қатты дауысты музыканы тыңдау мөлшері 7-10 жаста 30 мин, 11-16 жаста 1-1,5 сағ, 17-20 жаста 1,5-2 сағ.





Дата публикования: 2014-11-04; Прочитано: 5506 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...