Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Екінші бӨлім 16 страница



Бұрындық осылай деді де, атының басын бұрып, аулына қарай жүре берді. Қасым оған тоқта демеді. Өйткені мұндай жағдайда Бұрындық шешімі бірден-бір дұрыс шешім еді. Халқын басқара алмаса да қайғысын жасыра білді.

Екі апта өтпей бүкіл Дәшті Қыпшақ әулетіне Бұрындық хан Самарқанттағы кіші қызы Жауһар-Бикенің қолына көшіп кетпек екен деген хабары тағы естілді. Біреу ер екен деді, біреу ез екен деді. Тегі ешкім бәлендей өкінбеді. Бірақ Бұрындық көшерінде тағы бір үлкен жамандық істеді. Қара түнде жүз жігітін жіберіп бір кезде өзі салдырған Бұрындық қаласын «өзіме де жоқ, бөтенге де қалмасын» деп күл-талқан етіп өртетті.

Сөйтіп ол уақытында көше алмай қалды. Ал көшем дегенінде халық оны көшірмеді. Қасым сұлтанға енді ру басшылары, би, батырлар емес, кеше найза ұстап, жауына қарсы шыққан, жаман далбағайлы, көн шалбарлы қара қазақ келді. Бірақ бұлардың келісі ел жақсыларының келісіндей емес, ашулы келіс еді. Аспанды қап-қара боп жауып алған қара бұлт тәрізді, түрлерінен адам шошынарлық, түнеріп кеткен. Қолдарындағы алдаспандарын, жай оғындай жарқ-жұрқ ойнатып, Қасым сұлтанға күндей күркіреп тілектерін айтты.

— Жоғалып кеткен «Жалғыз көз» батыр табылды! Бұрындықтың үйінде екен! Сары ала төбетімен бірге шынжырлап, бір итаяқтан ас береді екен! Аяулы батырымызды қазір босатып бер! Босатып бермейді екенсің, бізге өкпелеме! — деді.

Халықтың мұндай ашуланған түрін бұрын көрмеген Қасым сұлтан шошып кетті. Ашынған халықтың өкілі етіп Қаптағай батырды ертті де, ол көшкелі жатқан Бұрындық аулына өзі келді.

— Анау сойылды жұртты көріп тұрсың ба, Бұрындық хан? — деді Қасым ауылды қоршаған қалың жұртты көрсетіп.

— Көріп тұрмын. Талағалы жиналған сабалақ иттер тәрізді.

— Егер таламасын десең, қазір Орақ батырды босат!

— Босатпасам ше?

Қасым найзалы жұртты көрсетті.

— Қазір бүкіл аулыңның күл-талқанын шығарады.

— әттең, әттең! — деп барып Бұрындық әлі жығылмаған қараша үйдің есігін ашты.

Ашылған есіктен Қаптағай бүкіл Дәшті Қыпшаққа әйгілі, Бұрындықтың жолбарыс алар сары ала төбетімен қатар, шынжырлаулы отырған, бет-аузында адам кейпі жоқ кісіні көрді. Орақ екенін танып, Қаптағай ызалана қалды. Беліндегі қанжарына қолының қалай барғанын білмей қалды.

— Сабырлық, сабырлық! — деді қасындағы Қасым, шыдамдық көрсетіп.

әлсіреп қалған Орақты атқа отырғызып жатып, Қаптағай:

— Егер мына жұрт күліңді көкке ұшырмасын десең, қазір көш! — деді Бұрындыққа, сөйтті де өзі бұрылып жүре берді.

Бір ай өтпей осы Талас, Шу маңындағы қазақ руларының басшылары жиналып, Бұрындықтың орнына боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп, Қасымды хан сайлады.

Келесі көктемде Қасым хан жайлауға Ұлытау маңына көшпек боп тұрғанда, Сайрам хакімі Қаттыбектің бір топ арбабы [55] мен ресми уәкілі келді. Бұлар Қаттыбектің Сайрамды басқарсын деген сәлемін әкелді. Қасым хан көп қолменен Сайрамға беттеді. Қаттыбек қаланың кілтін беріп, өзі Қасым ханның қарамағында қызметте қалды. Бір аптадан кейін Қаттыбектің ақылымен бұлар Сүйіншік сұлтан басқарып отырған Ташкентті шабу дайындығына кірісті.

Осы кезеңнен қазақ халқының ежелгі қонысының бірі — Түркістан өлкесін өзінің қарамағына қайтарып алуы үшін жаңа күрес дәуірі басталды. Бұл дәуір ұзаққа созылды. Бірақ жеңісті болып аяқталды. Оған себеп Қасымның сол дәуірдегі ел билеу саясаты ғана емес, халықтың асқан ерлігі, өз жерін, өз елдігін қорғауға деген сүйіспеншілігі, қажырлылығы, табандылығы еді.

Қасым хан Мұхамед-Шайбани Ордасынан Түркістан өлкесін қайтарып алу үшін, Дәшті Қыпшақпен шекаралас бөтен хандармен тату-тәтті саясат ұстауды ойлады. Өзге жұртпенен араз бола тұрып, Мұхамед-Шайбанимен күресудің қиынға түсетініне шек келтірмеді. Әсіресе Қасым хан Дәшті Қыпшақтың жерімен шекаралас Моғолстанмен, әкесі Жәнібектің өсиетін орындап, үнемі бірге тізе қосып отыруды есінен шығармады. Әбусейіт мырзаның баласы Омар-Шайх көгаршын ұшырам деп мұнарадан құлап өлгеннен кейін, Жұныс ханның қызы баяғы Нигер-Сұлтан-Бегім Андижанда жесір қалған. Жәнібек осы Нигер-Сұлтан-Бегімді өзінің ортаншы баласы әдікке алып берген. Әкесі Омар-Шайх қайтыс болғаннан кейін Андижан дийары [56] Омар-Шайхтың үлкен баласы Бабур мырзаға қалған. Бұл кезде Самарқант, Бұқар уәлиеттерін әбусейіттің үлкен баласы Сұлтан-Ахмет мырза басқаратын. Әдік сұлтан осы Сұлтан-Ахмет мырзаның сенімді адамының бірі болып Самарқантта мұзалимдық қызмет ететін. Сұлтан-Ахмет мырза өлгеннен кейін, артынан оның кіші баласы жас Байсұңқар мырза билік құрған. Одан Самарқант, Бұқар, Андижан уәлиеттерін тартып аламын деп Сұлтан-Махмұт хан соғыс ашты. Бірақ жеңіліп қалып, амалсыз Дәшті Қыпшақ жеріне қашты. Онымен Дәшті Қыпшақ жеріне Сұлтан-Махмұт ханмен тілектес болған әдік сұлтан да бірге кеткен. Бірақ қазақ жеріне жеткен кезінде қайтыс болды. Соңынан қуып келген Нигер-Сұлтан-Бегім қайтадан Мұхамед-Шайбанидің жеріндегі өгей балаларының қолына барғысы келмеді. Көңілі ескі дос Қасым ханға ауды. Әрине бұл күндерде Нигер-Сұлтан-ханым бұдан он бес жыл өткен соң, Қасым хан өліп, Қашқардың ханы — ағасы Сұлтан-Сейіттің қолына барып, өзі бір кезде иттің етінен жек көрген әбдірашид сұлтанның гареміне жалғыз қызын беретінін білген жоқ. Ал қазір қарақат көз, оймақ ауыз сұлу Нигер-Сұлтан ханым өмір бойы арман еткен, ең бірінші бетін ашқан Қасым ханға қосылғанына өте-мөте қуанышты еді. Ағасы өлсе жесірі ініге мұра — көне қазақ дәстүрі, Қасым хан алтыншы қатыны етіп Нигер-Сұлтан ханымды алды. Сайрамның қақпасын ашқанда, өзінің ақрұғында осы Нигер-Сұлтан ханым да болды. Жастағы арманы орындалғанына Қасым бұрынғысынан да қатты рухтанып, енді хандық іске алаңсыз кірісті...

Хандық іс — ол кезде әскер ісі, кім де кімнің әскері күшті болса, сол — хан және күшті хан. Қасымның жас кезінен ұстаған жалғыз сара жолы бар. Ол жол — бейбітшілік жолы — өз жеріңді ешкімге берме, өзгенің жерін тартып алма. Өзгенің жерін тартып алмау оңайға түскенмен, күштілер жеңген опасыз сұрқия заманда, өз жеріңді бермеу оңай іс емес еді. Бұны жақсы түсінген Қасым Сайрамға келісіменен тек өз ықпалын Сарысу, Шу, Талас бойындағы қазақ еліне ғана жүргізуді ойламай, бүкіл Дәшті Қыпшақ жеріне құлаш ұрды. Әкесі Жәнібектей бұл да қазақтың бар руына «бірігіп ел болайық» деп кісі жіберді. Өзі әзірге бір өлкенің ғана ханы бола тұрып, енді бүкіл қазақты билейтін ұлы хандық құруды ойлады. Кімді хан етеді? Оны халық өзі шешсін деп, өз атын атаудан бас тартты. «Хан ақылы қырық кісілік, халық ақылы қырық мың кісілік: көппен кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деп бұл мәселені халықтың шешіміне қалдырды. Әкесі Жәнібектің диван [57] заңы етіп кеткен «Тағанақ кеңесі» мен «Тұрымтай кеңесін» қайтадан күшіне енгізді. Хан болдым деп бірден шабуылға кіріспей, алдымен өзін басқа біреу шауып алмас үшін, Созақ, Ұлытау, Сайрам, Сарайшық бекіністерін жөндеп, мықты әскер құруды арман етті.

Осы кезде тағы бір ұлы уақиға болды. Бүкіл Түркістан, Самарқант, Бұқар, Андижан, Шахия, Хизар, Хорезм, Құндыз, Бадахшанды жаулап алған Мұхамед-Шайбани хан енді Қорасанға аттанды. Адамның тасы өрге домалап тұрған кезде, қандай қиын істің болса да қиюы келе қалады. Мұхамед-Шайбани да қисынын тауып, Қорасанды жаулап алды. Адам баққа, атаққа тойған ба, Мұхамед-Шайбани бұған да қанағаттанбады. Өлер бала бейітке жүгіреді, ол енді сонау қарлы Памирды жайлаған Хазар еліне аттанды. Бірақ хазарлар жықпыл-жықпыл Гиндықұштың арасына тығылып алып, оған таптырмады. Амал жоқ, кейін қайтуға тура келді Ауған жеріндегі Тілман өзенінің жағасымен төмен түсті. Бірақ бұл өзен бірімен бірі жалғасып жатқан ұшы-қиыры жоқ шың құз тастардың арасымен өтеді. Сонау бұлт сүйген биіктегі жіңішке қоба жолмен қайтып келе жатқан көп әскерге құлама құздардан, пышақ кескендей жылтыр жартастардан төмен түсіп су алу, не аттарын суару ғажайып михнатқа айналды. Су жетпей біраз адамдары қырылды, аттары зорығып өлді. Осындай қиындықпен келе жатқандарында күз түсті. Кенет ақ жауын басталды. Енді бұрынғыдан да қиын жағдай туды. Күндіз-түні тынбай жауған ақ жауын тау арасындағы тас жолды жуып кетті. Аяқ басса тайғанап, адам, мал тұңғиық шыңырауларға қарай домалай жөнелді... Қаншама әскер апатқа ұшырады. Өстіп, өлдім-талдым дегенде әйтеуір қыс түсе, Мұхамед-Шайбани қалған әскерімен Қорасанға жетті. Азып-тозған, әбден жүдеген әскеріне енді ол елдеріне қайтуға рұқсат етті. Аштықтан көздері үңірейген, үстеріндегі киімдерінің жұлма-жұлмасы шыққан бір кездегі мұздай боп қару-жарақтанған айбарлы әскер, енді кенет қайыршы секілденіп, сонау Иран мен Ирактың шекарасынан Түркістан өлкесіне дейін шұбатыла босты.

Бұл бір ғажайып көрініс еді. Мұхамед-Шайбани лашкері келе жатыр десе, бұрын жылаған бала уанатын қаһарлы, айбарлы әскер енді қатын ұрып алатындай тобырға айналды. Олар өз елдеріне жеткенше күн көру үшін, топ-топқа бөлініп, жолдағы бейбіт жатқан дихтарды тонай жүрді. Көптеген жұрт енді өз әскерінен өзі қашты. Халықты үрей биледі.

Дәл осы кезде өзге хандардың демеуімен Иранның әміршісі Шах-Ысмайыл Қорасанға жорық салды. Бұл кездегі өзінің астанасы Гератқа әскерсіз жеткен Мұхамед-Шайбани, енді бұл арада қалуы — құр үйде отырып өлуі екенін сезіп, «жауынгерлер Мервке жиналсын» деп жан-жағына хабаршыларды шаптырды. Бірақ әбден азған-тозған, шаршаған әскер жинала қоймады. Өзі Мервке келген шақта, соңынан Шах-Ысмайыл да қуып жетті. Амал жоқ, жиналған бар әмір, баһадур, сұлтандарымен ұрысқа шығуға тура келді. «Тарихи Рашидида»: «Кім де кім өзгеге ажал азабының шербетін қанша ішкізсе, өзі де сол удан соншалық ішеді» деп айтқандай, оның да өлім ыдысы лықылдап толған еді. Осы айқаста атасы Әбілқайырдың жасына жетпеген, бүкіл Орта Азияны жаулап алған, атақты Мұхамед-Шайбани хан жекпе-жекте жас жолбарыс Шах-Ысмайылдың қолынан қаза тапты. Соңғы он жылдың ішінде елінің шетіне сан келіп, талай рет тыныш жатқан жұртты қан қақсатқан ұлы жиһангер батыр ханның бас сүйегінен Шах-Ысмайыл шарап ішетін ыдыс істетті.

Бұл уақытта Қасым хан ордасы әбден күшейіп алған-ды. Бүкіл Дәшті Қыпшақтың көп рулары ер жүрек әміршісін ту етіп көтеріп, маңына жинала түскен.

Қасым хан бұның алдында Мұхамед-Шайбанимен бірнеше рет майданда кездескен. Әбден кемеліне жеткен әккі әскер бірін-бірі жеңе алмай ит жығыс келе берген. Ал Қасым хан қаншалық бейбітшілік өмірді сүйгенменен, енді Әбілқайыр ұрпақтарымен алыспасқа мүмкіндігі қалмаған. Осыдан екі ай бұрын Мұхамед-Шайбани Түркістан жерінде қазақ саудагерлері сауда-саттық жүргізбесін деп жарлық берген. Бұнысы бүкіл Дәшті Қыпшаққа зорлық еді. Халыққа қаладан керек затыңды алма деу әрине, зор қиянат. Осындай жағдайда жүргенде Қасым хан Мұхамед-Шайбанидың өлгенін есітті. Бұл күндерде Қасым хан Түркістан өлкесін біржолата жаулап алуға дайын еді. Қазір оның қарамағында үш жүз мыңдай боп қаруланған атты әскер бар. Осы бір кез бытырап жүрген қазақ руларының басын қосып алтын тұғырына қонып, шын мемлекет бола бастаған кез еді. Қасым ханның да абыройы әбден көтеріліп болған. Оның Дәшті Қыпшақтың елдік, жауынгерлік даңқын «Тарихи Рашиди» айтқандай, Жошы ханнан кейін бүкіл Шығысқа жайған әлуетті шағы еді.

Күн айнадай ашық. Күзгі салқын жел сарғайып кеткен ен даланы аймалай сүйіп ақырын еседі. Бір топ батырларымен Қасым хан Созақтағы хан сарайының алдында тұр. Осы арадан қазақ жерін қайта шапқалы келе жатқан Қытай, Ойрат, Ақсақ Темір ұрпақтарының қалың әскеріне қарсы ұлы айқас басталмақ. Қолдарындағы темір найзаларының сүйір ұштары мен арқаларына таңып алған болат қалқандары күн көзімен шағылысып, хан сарайының алдынан майданға бара жатқан кілең жүйрік мінген қалың әскер лек-лек боп өтіп жатыр. Ұшы-қиыры жоқ, бүкіл даланы алып жарқ-жұрқ етеді.

Кенет Қасымның көзі әскерінің алдыңғы қатарында кетіп бара жатқан, бетін қара далбағайымен жапқан көк сауытты батырды шалып қалды. Бұл Орақ еді. Хан ақырын езу тартып күлімсіреді. «Халық қамын ойлаған батыр хан қолына келіп қосылса, бұл жақсы ырым. Хан саясатының онда халық көкейіне қонғаны».

Қасымның көзі енді дәл қасынан ақбоз сәйгүлігін ойнатып өтіп бара жат-
қан, ақ берен сауыт киген жас батырға түсті. Атының сымбаттылығына, жас батырдың отырысына сүйсінген хан көзін одан көпке дейін алмады. Бұл өзінің баласы — Хақназар еді. Ұрысқа алғашқы аттануы.

Қасым үндемеді, тек баласы ұзап кеткенше оның ту сыртынан қарай берді...

Эпилог

Қазақ хандары Түркістан өлкесі үшін сексен жылдай соғысты. Ақырында, осы Хақназар хан болған кезінде ғана тегіс өз жерін өзіне қайтарып алды. Хан астанасын Яссыға көшірді. Содан кейін барып оны Түркістан деп атап кетті. Және осы Хақназар хан кезінде үш жүз жылдан көп әңгіме болып келген жай — бүкіл қазақтың Үш жүзге бөлінуі аяқталды. Қасым хан осы баласын көргенде өзінің алғашқы жорыққа аттанғаны есіне түсіп, ішінен баласына «бақытты бол!» деп күбірледі. Иә, Сар даласында, сонау ұзақ тарихында қазақ халқы не көрмеді. Суға да батты, отқа да жанды, бірақ тірі қалды, құрып кетпеді. Осының бәріне айғақ халықтың ерлігі, тағдыры үшін күреседі.

Бағанадан бері әскерінен көзін алмай тұрған Қасым хан осыншама жауынгер ұл берген халқына риза болып кетті.

— Мына сұрапыл күшке қарап тұрып бір ойға келдім, — деді ол қайтадан жақында ғана майсары болған Оңай батырға, — қазақ елі нағыз бір алмас қылыш қой, қарашы, алмас қылыштан айни ма? Ол — жарқ-жұрқ етіп, байтақ даланы дүбірлеткен қалың әскерді көрсетті.

— Кәп осы алмас қылыш кімнің қолында болады, сонда ғой, — деді Оңай батыр ханға сәл бұрылып, — кім оны қалай ұстайды, қандай арман үшін жауына салады.

— Жөн айтасың, — деді Қасым, — бабын таппасаң қыран құс қасқыр ала алмайды, — сөйтті де ол қалың қол аттанып бара жатқан күншығыс пен оңтүстікке қобалжи қарады. — Ел шетіне жау келді, алмас қылыш тағы қынабынан суырылды... Арты немен тынбақ?


[1] І р б і з — ескі түркі тілі — леопард.

[2] Е р а т — ескі түркі тілі — әскер деген мағынада.

[3] П а н д н а м а — хандарға, ел басқаратын сұлтандарға арналған насихат кітабы (ескі түркі тілі).

[4] Н а с р а н и д і н і — несториан діні.

[5] Ж е й х ұ н — Амудария.

[6] С е й х ұ н — Сырдария.

[7] И м п р а м — көне түркі тілі, тобыр.

[8] Орыс пен Дәшті Қыпшақ жауынгерлерінен құрылған «әлен асы» атты әскер құрамасы.

[9] Б і р с а н а д а — жүз адам.

[10] И н а л — көне түркі тілі, шешесі хан тұқымынан, әкесі қара қазақтан шыққан кісі. Бұның да хан тұқымынан шыққан ақсүйек адам екенін білдіріп, арнаулы «инал» деген ат берген.

[11] Мамлюк мемлекет құлы деген сөз. Шығыс адамдары мемлекет сатып алып гвардия құрғандықтан солай аталған.

[12] Асат, әсет — июнь, июль айлары.

[13] Есірей — қолға түскен тұтқын деген мағынада (ескі қыпшақ термині).

[14] Қытай руы ол кездегі Жетісу маңындағы қазақ руларының бірі.

[15] П а с б а н — (көне түркі тілі) күзетші деген сөз.

[16] Ч и н г а Т ұ р а — қазіргі Тюмень қаласы.

[17] А т а л ы қ, а т е к е — әке орнына әке болып, баланы тәрбиелейтін адам.

[18] Х ұ н у — гунндардың қазақша аты.

[19] А - л у н ь — Арғын деген сөздің қытай транскрипциясы.

[20] Оңтүстік Венгрияда қазылып жатқан әтильдің астанасы Полонния қаласынан табылған өрнек, ескі мұра үлгілері қазақ, әсіресе Арғын руының үлгілерімен іспеттес. Қайсысы қайсысынан алды — белгісіз. Тек екі елдің бір мезгілде өмір сүргенін дәлелдейді.

[21] Е т р а т — көне түркі тілі, жауынгер деген мағынада.

[22] Қ о л а м а н — Комнин — Византия патшасы.

[23] Б а с ы м е л і — «қырық ру» Арғынның арғы атасы.

[24] Т а н — Қытайдың Тан династиясы (VІ—VІІ—VІІІ ғ.ғ)

[25] А р ғ ы н (көне түркі тілінде Арғұн) — ұлы, көп санды деген сөз.

[26] Т а - т а (қытай тілі) — Монғолия мен Манчжурияның күншығыс жағындағы жауынгер ел. Нағашы жұрты болса да Шыңғысхан жаулап алған, әйгілі татар деген сөз осыдан шыққан.

[27] Қотан хан — орыс тарихында Котаян хан деп аталады.

[28] К ө р е н — монғолша, бекінген әскер, лагерь.

[29] К ө р е г е н — Күрен деген сөзден алынған Шыңғыс титулы, қазақ бөтен мағына берген.

[30] Б а т п а н — салмақ өлшемі. Бір батпанда 200—300 грамм ауырлық бар.

[31] Т ұ н ш ы қ п а — астма.

[32] К ө к і л т а ш — бірге туыспаса да, хан шешімі бойынша жас балаға аға болып саналу. Кей көкілташтар өзіне іні еткен хан баласына туған ағасындай болып кеткен.

[33] Х и в а с т е ң і з і — Каспий теңізінің аты.

[34] К ө н е ж е р ө л ш е у м ө л ш е р і — бір тепеде екі шаршы шақырымдай.

[35] Х а н б а л ы қ — осы күнгі Пекин.

[36] Жағатайды қазақтар Шағатай деп те атайды.

[37] Б а с м а л ы — кейде Басым елі деп аталады.

[38] Ж е т е, я ғ н и ш е т е — қарақшы деген мағынада. Моғолдарды шағатайлықтар осылай атаған.

[39] Қ а р б а н а с — қырық рудан жаратылған деген мағынада, моғолдықтар шағатайлықты осылай атаған.

[40] Е с к і ш а ғ а т а й т і л і — уәзір деген мағынада.

[41] П а р у а — көне түркі тілі, хан соңындағы адамдар.

[42] М ү н ә з а р а — көне түркі тілі, талас, өзара шешім табу.

[43] Т ұ т ғ ақ — көне түркі тілі, түнгі күзетші тобы.

[44] М ұ з а л и м — көне түркі тілі, қызмет дәрежесі деген мағынада.

[45] С і н і ш қ ұ с ы — шөл құсы.

[46] Б а с а р — көне түркі тілі, тау жуасы.

[47] Қарбас — көне түркі тілі, мата деген мағынада (сәтен).

[48] М а й с а р ы, М а й м е н е — ханның оң жағында және сол жағында отыратын кеңесшілері. Ұрыс кезінде әскердің оң қолы, сол қолы.

[49] Алтын хан деп көне заманда Қытайдың солтүстігіндегі негізгі көшпелі елдерден құрылған хандықты айтқан.

[50] Қ а р и — құранды жатқа білетін діни адам.

[51] Шыңғысханды бертін келгенше, Шыңғыс ұрпақтарының қазақтан алған әйелдері, қазақ дәстүрі бойынша, Шыңғысхан деп атын атамай, Тыңболат деп келген.

[52] Е т р а қ — сары етрақ дала, сары дала деген мағынада. (Ескі түркі тілі).

[53] А ғ р ұ қ — көне түркі тілі, әскер соңындағы көш. Азық-түлік артқан керуен, кейде жорыққа бірге ала жүретін гарем, хан қызметкерлері.

[54] К е с т а м — көне түркі елі дайындаған ішімдік.

[55] А р б а б — қаланың белгілі адамдары деген мағынада.

[56] Д и й а р — облыc (Парсы тілінде).

[57] Д и в а н (фарсыша) — бұл арада хан кеңесі деген мағынада.





Дата публикования: 2014-11-04; Прочитано: 460 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.018 с)...