Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Екінші бӨлім 12 страница



Жәнібек өзінің дүдәмалданған ісін, Хан Кеңесіне қоймай тұрып, көбіне Қасым сұлтанмен ақылдасатын. Бұ жолы да осы әдетіне сап баласын, өзі отырған Жаған бәйбішесінің ордасына шақырттырды.

Күн жаңа батып, төменгі ауылдың малы келіп азан-қазан болып жатқанда, кешке таманғы аласапыран әлеті еді. Күндіз ыстық боп, күн бата ғана самал жел тұрған. Орда іші салқындай түссін деп хан есікті әдейі ашып қойған. Баласымен сөйлесер сөзін жат құлақ естімеске күзет жігіттерін де «әрірек барып күзетіңдер» деп, Орда маңынан алыстау жерге қуып жіберген.

— Ымырт үйіріле Қасым да келді. Әкесі оның сәлемін алып оң жағына отырғызды да:

— Пешпентіңді шешіп таста, денеңді жел аймаласын, — деді, сөйтті де қымыз құйып отырған бәйбішесіне, — шам жағасың ба, қайтесің, — деп көз қиығын аударды.

Сонау Жанбике оқиғасынан кейін үш жыл өтсе де, Жаған бәлендей өзгере қоймаған-ды. Сәл толығайын деген тәрізді, әйтпесе сол баяғы көл жағасына шығып таранған аққу-қаздай сәнді қалпы. Жасы қырықтан асып кеткенін есіне тұтып, баласының көзінше орнынан ілтипатпен тұрып, жайшылықтағы еріне деген қылтың-сылтың мінез көрсетпей, әдеппен сәндене майыса, керегеге ілулі қытай шамын жағуға кірісті.

Жәнібек аспай-саспай, алдындағы алтын кеседен уыз қымызды бір ұрттап қойып әңгімесін бастады:

— Бүгін Алмалықтан Жұныс ханнан кісі келді, — деді ол. — Кеше Сауран хакімі Құлмұхамед-тархан мен Сайрам хакімі Қатта бектен жеткен хабарды естіген шығарсың?...

— Еміс-еміс қана...

— Құлмұхамед-тархан әлі өр көкіректігіне салып, — деп келе жатты да, кенет тоқтай қалды. Дәл осы сәтте есік жанындағы қоржыннан шақпақ тас алуға бара жатқан Жаған Қасымды әлденеден қорғай «алла» деп дауыстап жіберді де, жерге шалқалай келіп гүрс құлады. Жәнібектің көргені ашық есік алдында қараң етіп пайда болған қара далбағайлы жат кісінің кенет найзағайдай жарқ еткізіп лақтырған болат қанжары болды.

Жәнібек атып тұрып есік алдына барғанша, қоюланып келе жатқан түн қараңғысынан аруақтай пайда болған түсі суық адам, сып етіп үйді айнала беріп, сиқыршы жандай жоғалып кетті.

Жәнібек тек:

— Ұстаңдар! — деуге ғана шамасы келді.

Сірә есік алдында кенет елең еткен жат бейнені күзетшілердің де көзі шалып қалған тәрізді, енді олардың су жағасындағы қамысқа қарай жүгіріп бара жатқан дүбірлері естілді. Әлден уақытта: «Қап, әттеген-ай, ұстатпай кетті-ау!» деген әлдекімнің өкінішті даусы шықты.

әкесінің сөзін тыңдап бетіне қарап отырған Қасым, шешесінің даусы шыққан шақта ештеңе түсінбей қалды, тек Жаған шалқалай түсіп құлағанда бір-ақ ырғып қасына барды. Қара көлеңкеленіп кеткен бейуақта үн-түнсіз жатқан анасының дәл көкірегіне қадалған қанжардың сабын көрді. Жанталасып мүйіз сапты қанжарды кеудесінен жұлып алды. Атылған ыстық қан бетіне шапшып жуып кетті. Анасы «құлыным» деп ышқына бір бұлқынды да тына қалды. Осы кезде үйге басқа адамдар да келіп, шам жағылды. Енді жұрт қызыл қанға батып өліп жатқан ханымды көрді.

Бүкіл хан аулы түнімен Жағанды өлтірген адамды іздеді. Таба алмады. Тек таң ата ғана оның Сейхун дарияның жағасында жатқан қара жүн далбағайы мен жеңіл пұшпақ ішігін, түйе терісінен илеген көн етігін тауып әкелді. Шамасы арғы бетке жүзіп өтіп кеткен тәрізді. Ағысы қатты, кімді болса да оп-оңай алып кететін бұл кездегі Сейхун дариядан әлгі адамның қалай жүзіп өткеніне жұрт жағасын ұстап таң қалды. «Адам емес, хан Ордасына арнап келген бұл бір албасты болар» деді ішінен ғаламатқа сенгіш кейбір кемпірлер. Ал тастап кеткен киімдерінен бұл келген жын да, албасты да емес, нағыз адам, адам болғанда Дәшті Қыпшақтың өзінен шыққан, тіпті сонау Жайықтың арғы бетінен келген жау екеніне ешкім де шек келтірмеді. Бұған киім үлгісі, көмкеруі, оюы куә еді.

Жағанды бүкіл ел-жұрт боп арулап қойып, жетісін бергеннен кейін, Жәнібек тағы Қасымды өз ордасына шақырды. Қасым келгеннен соң, оның беліндегі қанжарды алды да, қолына ұстап тұрған, Жағанның кеудесінен суырылған қанжармен екеуін баласының алдына қойды.

— Көрдің бе, екеуі бірдей, — деді Жәнібек, — саған осы екі қанжар қандай сыр айтып тұр?

— Бір шебердің жасағаны ма?

— Одан бөтен?

— Есіңізде ме, анам марқұмға Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға тимеймін деп ант бергенімде менің қолымнан мынау қанжарды алып, «саған қадалар қанжар менің жүрегіме қадалсын» деп еді ғой? Анамның сол тілегі орындалған тәрізді.

— Рас, анаң адал жан еді. Адал жүрегінен тілеген тілегі орындалды. Топырағы торқа болсын. Ал бұдан басқа бұл қанжардың лақтырылуынан не ұқтың?

— Қанжар не сізге, не маған арналып лақтырылған.

— Дұрыс айтасың. Бұл қанжарларды Мекеге барған Ноғайлы хандығының бір биі Стамбулдан алып келген. Маған біреуін берген еді. Сен жеті жасқа толғаныңда әдейі беліңе байлағам. Ал қалғандары сол Ноғайлы елінде болатын. Мына қанжарды лақтырған адам не саған, не маған арнап лақтырды. Және өзі со жақтан келді. Бұдан не ұқтың?

— Еділ бойындағы ағайындар да тек жатпайтын тәрізді ғой.

— Дұрыс айтасың. Дәшті Қыпшақ жері — түйенің терісі тәрізді мол дүние. Әркім-ақ одан бір ұлтандық жұлып алып қалуға құмар. Тегі Түркістанға тым көңіл бөліп кеткен тәріздіміз. Біз бұ жақта әуре болып жүргенде, Еділ бойындағы Ноғайлы Темір би мен Астрахань Ордасының әміршісі Қасым сұлтан да бос жатпағаны көрініп тұр... Қазан мен Қырым хандарымен тіл табысқандай ма, қалай. Төрт жұрттың төртеуі де бізге дос емес. Түркістанды аламыз деп жүргенде, олар Дәшті Қыпшақтың бүкіл батысын басып қалуға дайындалып жатпағанын кім білсін. Жоқ, артыңды бекітпей тұрып алдыңды қармай берудің жөні болмас... Қандай ақылың бар?

— Ақылым өзіңіз ойлағандай: жау екі жақтан. Астананы екі жағыңа бірдей қарай алатын жерге көшіру керек.

— Оның Ұлытау ма?

— Жоқ, Ұлытау екі жақтың дүбірінен де алыс. Бізге тегі қауіпті тұстан тақа алыс кетпеу жөн. Дәшті Қыпшақ хандығы бұл жақтағы шекарасын қазір әжептәуір бекітіп алды. Енді Сауранды жаулап алсаңыз өздері бүлініп жатқан Әбілқайыр мен Темірлан тақтарынан бәлендей қауіп әзірге туа қоймас... Қауіп дүмпуі Ноғайлы жақтан. Дәл Ноғайлы хандығы болмаған күнде де, ар жағында Түрік патшалығы бар. Біз о жақтан тым алыстап кеттік. Сығанақты — Бұрындық сұлтанға қалдырып, хан Ордасын Жайық бойындағы көне қала — Сарайшыққа көшірген жөн.

— Өзім де осылай болжап едім. Дәшті Қыпшақ хандығы болу үшін қарамағымызда Еділ, Жайық, Жем, Торғай өзендерін жайлаған туыстардың бір бол-
ғаны жақсы. Ал олар біздің құрығымыздың мойындарына түсуіне тым шалғай жатқанын місе тұтып, бөліне жайылып жүрген түрі бар... Оның үстіне ар жағында тағы қас жауларымыз тұр...

Күзтоқсанның бас кезінде хан «Тағанақ кеңесін» шақырды. Бұл кеңес хан ұсынысын дұрыс деп тапты және қыс түсе Сауранды қайтарып алуды мақұл деп шешті.

Жәнібек қыс түсе Сауранды басып алды да, келесі жылы жаз шыға Сығанақты — Бұрындыққа, Созақты — Махмұдқа, Сауранды үлкен баласы Жиреншеге тастап, өзі Жайық бойындағы Дәшті Қыпшақтың көне қаласы Сарайшыққа көшті.

Баласы Қасым жөн айтқан сынды, егер тағы бір бес жылдай бұ жаққа көңіл бөлмегенде, бүкіл Еділ, Жайық бойы Мұғажар тауына дейін Ноғайлы, Астрахань, Қазан, Башқұрт хандарының үлесіне кетуі мүмкін екен. Оның үстіне Жәнібекті «бар қазақтың ханы» деп құр атағаны болмаса, бұл арадағы рулар оның ықпалынан тым алыс жатқан-ды. Хан өзінің тегеурінді мінезіне басып, тағы қауіп-қатерлі, кейде қан төгіссіз бітпейтін жаңа айқастарға кірісіп те кетті. Енді ол өзіне арналған қанжардың неге батыстан лақтырылғанын ұқты. Оңаша отау, жеке хан болуды арман еткен басшыларының азғыруы салдарынан Еділ, Жайық, Елек, Жем, Торғай, Ор өзенінің бойындағы рулар Жәнібекке бағынудан айни бастаған. Жәнібек өзінің он мың атты әскерін ерсілі-қарсылы дүбірлетіп, көк құрыш алдаспанын найзағайдай жарқылдатып, енді оларды ойлануға мәжбүр етті. Осылай бұ жақтағы қазақ руларының басын біріктіріп, Дәшті Қыпшақ хандығына күшпен бағындырам деп жүргенінде балаларына тастап кеткен Дәшті Қыпшақтың күншығыс жағына Әбілқайыр ханның кезінен де зор қауіп туғанын білмей қалды.

Әбілқайыр өзі өлместен бұрын Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанды өзінің бұрынғы атекесі Бай-Шайх ұйғырға тапсырған. Және оларға атеке етіп бұрынғы күкілташы қосшы руынан шыққан Дәулет-Қожа бектің баласы Дарвиш-Хұсайын-Қарашыңды тағайындаған. Бұл екеуі де Әбілқайырмен бірге Көк Орданы тігіскен ер жүрек, сенімді адамдар болатын. Шайх-Хайдар өлгеннен кейін Әбілқайыр тағына отыру Мұхамед-Шайбанидың кезегі еді. Өйткені оның әкесі Шах-Будақ сұлтан Әбілқайырдың үлкен баласы. Ал өзі Шах-Будақтың Аққозыдан туған тұңғышы. Екі жылдан кейін, Махмуд-Сұлтан туған. Екеуі де түрге келбетті, алып күшті, жас жолбарыс тәрізді ер жүрек жандар. Оның үстіне екеуі де оқуға зирек, өнер-білімге жақын. Хан маңындағы адамдар түбі әлемге Сайбан тұқымының атын шығарар осы екеуінің бірі болар деп жоритын. Бар үміттерін олар Мұхамед-әкім эль Тарази тойында ақтағандай да еді. Осындай үміт күткен екі ханзаданы Әбілқайыр қайтыс болысымен, әмірлер кеңесі «көзіңнің қарашығындай сақта» деп Әбілқайырдың ең сенімді, ең ер жүрек батыры Қарашыңға тапсырған. Сол себептен бұл батыр өзін осы екі ханзаданың өміріне жауапты санайтын. Жалғыз жанын құрбан етіп оларды қауіп-қатерден сақтауға ант еткен.

Осы екі ханзаданы Шайх-Хайдар қаза болған ұрыстан алып шығысымен Қарашың батыр Хаджитархандағы, яғни Астраханьдағы Жошының үшінші ұлы Құтлық-Темірдің ұрпағы, Қасым ханға бірден тартқан. Мауреннахр жерінде жүрсе, тірі қалуларынан Қарашың батыр күдіктенген. Астрахань тағына отыруға кезінде Әбілқайыр үлкен жәрдем берген Қасым хан, қашып келген ханзадаларды құшағын жая қарсы алған. Қарашың батырмен ақылдасып, Қасым хан Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанды жаудан жасырып бағуды Маңғыт руынан шыққан Темірбекке жүктеген.

Темірбек ханзадаларға тамаша құрмет көрсетіп, қызмет істей бастаған. Бұл жағдай Әбілқайыр әулетіне жаны қас жауы, қай жерден қос бөрі шыға қалар екен деп құлағын түріп отырған Айбақ ханға, моғол Ахмед хан мен Аббас бекке жеткен. Бұлар көп әскермен Хаджитарханға қарай шыққан. Соғысуға күші жеткіліксіз Қасым хан Темірбек пен Қарашыңды шақырып алып, екі ханзаданы Хаджитарханнан Мауреннахрға қашырған.

Жолай бұларға Әбілқайыр тағына берілген бірнеше сұлтандар, батырлар қосылып, өздерін қоршап алған Айбақ ханның әскерімен соғысады. Осы айқас-
та Мұхамед-Шайбани, Махмуд-Сұлтан, Қарашың үшеуі ханның інісі мен бір баласын өлтіріп қоршаудан шығады. Соңынан қуып жеткен Ахмед ханның қолбасшыларының бірі Қоныш-Қыпшақ батыр басқарған мың адаммен айқасып, олардан тағы құтылып кетеді. Бұл айқаста әсіресе Мұхамед-Шайбанидің інісі Махмуд-Сұлтан, Бахтияр сұлтанның балалары әлік пен Хамзе, Әбілқайырдың баласы Сүйіншік аса ерлік көрсетеді.

Осы адамдармен ол Түркістан уәлиетіне келеді. Бұл мезгілдегі Түркістан уәлиетінің әміршісі Ұлықбектен туған Мираншох-мырзаның немересі, Сұлтан Ахмед, Яссы қаласының хакімі моғол Мұхамед-Мазит-тархан, Отырардың хакімі оның баласы Құлмұхамет-тархан, Ташкент уәлиетінің әміршісі Сұлтан Махмуд-тархан көптен көп Көк Ордаға мейлінше дос-жар адамдар. Бәрінде де қазақ хандары жеңіп, билігімізден айырылып қаламыз ба деп зәре жоқ. Бұларға хакімі әмір әбдуәли-тархан, қосшы әміршісі Ақсофы батыр қосылып, Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанды ту қылып көтеріп, құрып кеткен Көк Орданың шаңырағын қайта көтеруді ойлаған. Бұлар Мұхамед-Шайбаниды Дәшті Қыпшаққа хан етіп көтеріп, өздерінің қастары қазақ пен Жағатай хандарына қарсы күш етіп пайдаланбақ болды. Осындай саясаттың арқасында осыдан екі-үш жыл бұрын қашқын боп жүрген ханзадалар Дәшті Қыпшаққа қауіпті күшке айналды. Оның үстінде Мұхамед-Шайбанидың өзінің жеке басының қасиетін, ер жүректігін, ақылдылығын, оқығандығын қоссақ, шынында да, Дәшті Қыпшаққа бүгін болмаса ертең нағыз қатерлі күн тууы сөзсіз еді. Осы қауіп іс жүзінде айқындала бастады. Бұрындық Сарайшық жағына серуендеп кеткенде, Мұхамед-Шайбани Сығанақты басып алды. Мұхамед-Шайбани жаққа шыққан қала ақсақалдары көмегімен, осының алдында ғана Яссыға жорық салып, ештеңе өндіре алмай келген Жиренше сұлтанға да Саураннан айрылу қаупі туды. Көп кешікпей ол да Саураннан айырылды.

Ақ Орданың — қазақ Ордасының екі бірдей бұрынғы астанасын жоғалтуы Жәнібек пен Бұрындыққа, Жәнібектің баласы Махмұд-Қамбар, Қасымдарға Дәшті Қыпшақтың күншығысында қандай қауіптің туғанын анық көрсетті.

Бұл әрекеттердің бәрі де, тоқ етерін айтқанда, күшейіп келе жатқан қазақ елін қайтадан басқа ұрып, кейін шегіндіру еді. Түркістан өлкесін кім алса, Дәшті Қыпшаққа сол үстемдігін жүргізеді. Осы себептен Түркістан қалаларының маңайында тағы төрт хандық түйісіп, қырғын басталуға жақын қалды.

Қазақтар Түркістан өлкесі арқылы өзінің ежелгі жері мен қалаларын қор-
ғап, хандық дәрежесін жоғалтпағысы келсе, Моғолдар бұл өлкені өздері басып қалып, Жетісудан қазақ елін тайдыруды ойлады. Ал Темірдің быт-шыт бола бастаған әмірлері Түркістан арқылы өздерінің бұрынғы Ақсақ Темір кезіндегі патшалығын сақтап, Дәшті Қыпшақты қарамағында ұстап, сауда-саттығын өркендетуді арман етсе, Әбілқайыр тұқымдары бұл өлкені қолына алып, бүкіл Дәшті Қыпшақты қайтадан басқармақ болды. Осындай қарама-қарсы келген төрт ниеттің тағдыры осы Түркістан өлкесіне кеп тірелді. Мұндай жағдайда Жәнібек Жайық бойында қала алар ма? Кеше ғана өзі қожа бола бастаған Түркістаннан айрылғысы келмеді. Түркістаннан айырылуы қайтадан қазақ хандығын жоғалтуы еді. Сондықтан Жәнібек Сарайшықты тастап, қайтадан бұрын-
ғы қонысына көшуді ойлады. Түркістанды жаулап алу үшін құр ғана әскер емес, ол жерді жайлайтын, бауыр басып қалатын ел керек. Сол себептен де ұлы жырау Асан Қайғының:

«Қырыңды киік жайлаған,

Суында балық ойнаған.

Оймауыттай тоғай егіннің

Ойына келген асын жейтұғын

Жемде кеңес қылмадың.

Жемнен де елді көшірдің

Ойыл деген ойыңды

Отын тапсаң тойынды

Ойыл көздің жасы еді,

Ойылда кеңес қылмадың,

Ойылдан елді көшірдің»,

деп толғай ұрысуына қарамай, хандығының келешегін ойлаған Жәнібек бұл жолы да өз айтқанынан қайтпады.

Жәнібек жорық үшін қайтадан қоныс етпек болған Шу, Сарысу бойын Асан Қайғы жамандап: Мына шіркіннің екі жағы борбас екен; баланың іші қуырылмайтұғын, пышағы қынынан суырылмайтұғын, еркегі ат болатын, ұрғашысы жат болатын жер екен» деп, не болмаса Жәнібектің көп елі жайлай бастаған Қаратауды көріп: «Көкектен басқа құсы жоқ, көк шөптен басқа ісі жоқ, жер азғыны мұнда екен, қатыны семіз, ері арық ел азғыны мұнда екен, аты бестісінде қартаятұғын, жігіті жиырма бесінде қартаятұғын жер екен» деп Еділ мен Жайық бойын тастамауды айтса да, Жәнібек көнбеді. Түркістаннан айрылса, Дәшті Қыпшақтан айрылатынын, Ордасы жоқ, ошағы жоқ, азық-түлік, сауда-саттығы жоқ, бөтен жұртпен байланыс жасай алмайтын көшпелі елді күншығысындағы Әбілқайыр ұрпағы мен Темірлан тағы, күнбатысындағы Ноғайлы, Астрахань, Қазан хандықтары бөлшектеп жұтып жіберетініне көзі жеткендіктен өз дегенінен таймады. Ол енді ештеңеге қарамады. Өз жолының жөн екенін біліп тұрғандықтан, Асан Қайғының дегеніне көнбеді. Бүкіл жұртты шұбырта тағы көшті. Келе сала Сығанақ үшін Мұхамед-Шайбанимен соғысуға дайындалды. Бірақ бұл кезде Мұхамед-Шайбани әжептәуір күшейіп алған-ды.

Екі жақ Сауран мен Яссының ортасындағы кең жазық далада кездесті. Бұ жолы ешкім де жекпе-жекке шықпады. Жәнібек бастаған қалың әскер екінді кезінде Мұхамед-Шайбанидың шебіне ат қойды. Жау жағы да қарсы шапты. Бірақ Мұхамед-Шайбани қулығын асырды. Қазақ әскерінің мақсаты қан майданда жауын жалпы жеңу болса, Әбілқайыр Ордасының ойлағаны хан Жәнібекті құрту еді. Бетпе-бет кеп тұра қашқан бір топ әскерді қуа түскен Жәнібек пен батыр Саян кенет өздерінің Мұхамед-Шайбани мен Ақсофы батыр басқарған қосшы омағының ер жүрек он сан жауынгерлерінің ортасына қалай түскендерін білмей қалды. Алпыстан асқан Жәнібек қанша айбын көрсеткенімен, Мұхамед-Шайбанидың қасындағы алып күшті жас батырға қарсы тұра алмады. Бетпе-бет келіп қалғанда, ананың қос қолдап ұрған шоқпарының салмағымен омырт-
қасы үзіліп ат-матымен жер құша омақата құлады. Осы кезде сәл соңынан келе жатқан батыр Саянның да жігіттері жолындағы жау шебін қамыстай бытырлатып жетіп үлгерді. Жолбарыстай ақырып бір тобы Мұхамед-Шайбаниға ұмтылды. Бірақ бір арманына жеткенін көзімен көрген хан баласы ұпайым түгел дегендей, бұларға бұрылып та қарамастан астындағы жел жетпес күрең атына қамшыны үсті-үстіне басып, өз тобына қарай құйындата жөнелді. Ал батыр Саян жерде жатқан хан денесін алдына өңгеріп алып, екінші жағынан келіп қалған жау тобынан сытылып шыға берді. Сөйткенше түн болып қараңғылық түсті. Ұрыс тоқталды. Ай туа әскері ойсырап қалған Мұхамед-Шайбани, таңертеңгі ұрысқа төтеп бере аламайтынына көзі жетіп, Яссы қаласына барып бекінбекші боп кейін шегінді.

Ханы өлген қазақ әскері жауының соңынан қумады. Жәнібектің денесін ақ кигізге орап, ақ түйеге артып, екінші баласы Махмұт билеп тұрған Созаққа беттеді. Қайғылы ел күңірене күрсініп, алғашқы ханның бірі Жәнібекті ардақтап ақырғы сапарына шығарып салды. Әбілқайыр жатқан Жуантөбедегі көк күмбезді мазардың жанында тағы бір салтанатты алтын айлы мазар пайда болды. Тірі жүргендерінде бүкіл Дәшті Қыпшақтың кең даласына сыймаған қос тарлан, енді он шаршы құлаш жерге қатарласа көмілді. Өмір татуластыра алмаған екі ханды, енді өлім татуластырды.

Жәнібектің қырқын берісімен ел жиылып, кезегіне қарай Керейдің өзге ұлдарынан батыр туған Бұрындықты ақ кигізге көтеріп хан сайлады. Бұрындық хан болысымен Әбілқайырға еліктеп жұртты отырықшылыққа бейімдей бастады. Бөген мен Шілік өзенінің түйіскен жеріне өзінің астанасы Бұрындық деген қала салуға кірісті. Екі жағында екі өзен, түйіскен жерінің алдыңғы жағынан қамал жүргізді. Бірақ бұл қаланы салып бітіре алмады. Самарқантқа қашқанында әдейі кісілер жіберіп өртеп кетті. Бұл арада осы күнге дейін жұрт Бұзық деп атап кеткен қорғанды қала орны әлі тұр. Бұрындық хан болған дәл осы күндері Ташкент, Яссы, Отырар шаһарларын билеп отырған моғол хакімдері мен Темірлан әмірлерінің жинап берген әскерлерін басқарып Мұхамед-Шайбанидің інісі Махмуд-Сұлтан Созаққа аттанды. Бұ жолы да қырғын ұрыс болды. Қан судай ақты. Тағы да Әбілқайыр балалары жеңіліп кейін шегінді. Бірақ Махмуд-Сұлтан Созақ билеушісі, Жәнібектің ортаншы ұлы Махмұт-Сұлтанмен жекпе-жекке шығып, найзамен үстіңгі ерні мен мұрынын алып түсті. «Шайбани-намеде» айтқандай, «тағдыр басындағы бар ақылын мұрнынан қан етіп ағызды». Бірақ аттан құлап түскен Махмұт сұлтанды қазақ жауынгерлері жау қолына қалдырмай бірден ат қойып аман құтқарды.

Бір халықты өзбек, қазақ деген екі елге бөліп алған хандар тартысы шиеленісе түсті. «Бұл тартыстың аяғы немен тынбақ?» — Өзгеден гөрі Қасым сұлтан көбірек ойланды. Күрестің алғашқы кезеңі аяқталған тәрізді. Анасының анты орындалып, өзін Қасым үшін құрбан етті. Ал әкесі Жәнібек, он жыл бұрын айтқанындай, Мұхамед-Шайбанидың өзінен болмаса да, оның жауынгер батырынан қаза тапты, туған ағасы Мұхамед-Шайбанидың інісі Махмуд-Сұлтаннан бет-аузы адам қарағысыз боп жараланды... Бәрі осыдан он жыл бұрын анасына ант берген күніндегі әңгімедей болып шықты. Осындай тартыс қанды кекке айналып бара жатқан жағдайда, енді өзі сондағы анасына берген антын орындай алар ма?





Дата публикования: 2014-11-04; Прочитано: 482 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.013 с)...