Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Екінші бӨлім 15 страница



«Бәріміз бірігіп Мұхамед-Шайбаниға қарсы шығайық» деп Бұрындық пен Жәнібек балаларына Сұлтан-Махмұт хат жазып кісі жіберді. Бұрындық бұл хабарға қуанып қалды. Біз моғолдармен бірміз деп қолына түкіріп шыға келді. Құран көтеріп, төс ұрысып уәделесіп Мұхамед-Шайбаниға көше бастаған Түркістан уәлиетін шаппақ болды. Ең алдымен Яссыны алсақ десе де, онда Мұхамед-Шайбанидың өзі отырғандықтан беттерін Отырарға бұрды. Бірақ бұлардың қолына Отырар да оңай түсе қоймайды. Осы кездегі қаланың билеушісі, Әбілқайыр ханның кіші баласы Мұхамед-Темір сұлтан өзгелерден жас болғанмен, соғыс тәсіліне ешкімнен кем соқпады. Ұялы қасқырдың бөлтірігі — өнерді ұяластарынан үйренеді. Жауынгер ордада өскенін білдірді, Бұрындық пен Сұлтан-Махмұтқа алдырмады. Олар енді әскерлерін Ташкент уәлиетіне жататын Сайрам қаласына көшіріп, күндіз-түні Түркістан уәлиетінің қышлақтарын, егінші, малшы, кіші-гірім дихтарын шаба бастады. Бұны көрген Мұхамед-Шайбани хан «сендер үйтсеңдер, мен бүйтем» деп қалың әскерін Дәшті Қыпшаққа жіберіп, қазақ ауылдарын қырғынға ұшыратты. Екі жақтан да халықтың көз жасы қан боп ақты. Өрт алған қалалар, малдарынан айрылып құр жер шұқып қалған ауылдар, құлдыққа — күңдікке айдалған қыршын жастар. Ел басына шын тозақ енді орнады. Мұндай күйге ұшыраған қазақ ауылдары жаппай атқа мінді. Бір кезде жауға дес бермеген кәрі шалдар, қайтадан қолына найза ұстады. Бұрын тек ән-күйді ғана паш еткен қазақтың жас арулары аға орнына садақ тартып жауға шықты. Бүкіл қазақ намысына шауып, ең аяғы алыстағы Алшын руларынан да топ-топ жігіттер келді. Осы кезде соңғы уақытта ұмытыла бастаған «Жалғыз көз» батырдың аты жерді жара қайтадан даланы тітіретті. Халық көтерілісінің басында енді Бұрындық та, Қасым да емес, осы халық ұлы «Жалғыз көз» батыр болды. Өзі жұрт көзіне көрінбесе де, оның құрған жасақтары жау шебіне қырғидай тиді. Халық жаралы жолбарыстай ақырып осылай жауына қарсы шыққан кезде, тағы бір суық хабар жетті. «Мұхамед-Шайбани хан мен Бұрындық хан ауыз жаласып бітімге келіпті. Соғысты тоқтатып қыз алысып, қыз берісетін болыпты» деген лақап бүкіл Дәшті Қыпшақ жерін алып кетті.

Бұл рас хабар еді.

Мұхамед-Шайбанидың Бұрындықпен бітімге келуі тәсіл еді. Түркістан мен Мауреннахрды әбден өзіне бағындырып алғанша қазақтармен жауласу Мұхамед-Шайбаниға тиімді емес-ті. Бір моғолдардың жаулығының өзі оған жететін. Ал Түркістан мен Мауреннахрды билеу — Мұхамед-Шайбанидың бер жағындағы ғана арманы. Айлакер ханның түпкі тілегі тіпті әрменде жатқан. Алдымен Түркістан мен Мауреннахрды алса, сосын Дәшті Қыпшақ пен Қорасанға қол созбақ. Бұларды бітіргеннен кейін Моғолстан, айдаһардың аузына өзі түскен көжектей, өзінен өзі келеді. Бүкіл шығысты билегенмен, атасы Әбілқайырдың Көк Ордасын қайта тұрғызу — оның шын көкейкесті мақсаты. Ал бұл арманға жетудің жалғыз ғана жолы бар — жауыңның басын қостырмай, біріне бірін айдап салып, шетінен біртіндеп бағындыру. Міне осы себептен қазір Түркістан мен Мауреннахрды бауырына әбден басып алғанша Дәшті Қыпшақпен жауласпау керек. Асықпаса оның да кезегі келеді. Шарттың қаншалық құны бар екенін Бұрындық хан сонда көрсін! әзірге тұлыпқа мөңіреген сиырдай, «Мұхамед-Шайбанимен татуластым, ол маған тимейді» деп жүре берсін. Мұхамед-Шайбани сыры осы. Ал Бұрындық болса, басқаша ойлайды. Қазір бұл арада күшті екі хан бар, бірі Бұрындықтың өзі, екіншісі — Мұхамет-Шайбани. Біз екеуміз тату-тәтті тұрсақ, өзге хандар қарамыздан қорқатын болады. Оның үстіне Мұхамед-Шайбани тәрізді арыстан іспеттес ханмен жақындассам, қазақтың батырларының көмейіне құм құйылады. Әнеугідей Қасым жағына шықпайды. Қазақ рулары тек қорыққанын сыйлайды. Мұхамед-Шайбани секілді одақтасы бар ханнан қорықпай көрсінші! Керек десе, осы Мұхамед-Шайбанимен төс соғыстырған құда боламын. Сонда не істер екен Қасым мен оның серіктері! Осындай далбаса ойға келген Бұрындыққа шынында Мұхамед-Шайбани құда түсті.

Ол әлі ешкімге айттырылмаған екі қызының бірін — қара көз Күлбаршын-Сұлтан-Бикені Махмуд-Сұлтанға, Жауһар-Сұлтан-Бикені Мұхамед-Шайбанидың шешесі бөлек кіші інісі Мұхамед-Темір сұлтанға берді. Отыз күн ойынын, қырық күн тойын өткізіп, қалың көшпен бір қызын, Мұхамед-Шайбани өзінен тартып алған Сауранға, екіншісін Отырарға ұзатты. Бірақ бұл қуаныш кейін Бұрындыққа қайғыға айналды.

Екі елді осыншама қан-жоса етіп бүлікке салып, мал-мүлкін талан-тараж етіп, ұл-қызын құлдық пен күңдікке айдатып, кеше қан майдан ашып ұрысқан екі ханның, бүгін елдің төгілген қанына, жерге тапталған ар-намысына қарамай оп-оңай ауыз жаласып кеткені халыққа қорлау сынды көрінді. Әсіресе қазақ рулары бұлқан-талқан боп ашуланды. Жұрт кәрі-жасы қалмай жерін, суын, малын қорғап атқа мінгенінде, Бұрындық хан оларды алдап кеткендей болды. Сонау талан-таражға түскен дүние-мүлік, төгілген көз жасы, — бәрі бірдей тек Бұрындықтың қыздарын Әбілқайыр ханның ұрпақтарына қатынға беру үшін істелгендей тәрізденді. Өздерінің көкейкесті тілегін, ата жауына сатып кеткені үшін халық Бұрындыққа түйіле қарады. Оның қаһарынан қорықпай, бізге бұндай адам хан болуға тиісті емес деп өктем-өктем сөйледі. Лепірген, қорланған, намыстанған жұрт, ақырында өзінің сүйікті батырлары Найман Қаптағай мен Алшын Оңайды Қасымға жіберді. «Не Бұрындықты елімізді шапқан, ұл-қызымызды құлдыққа, күңдікке тартып әкеткен қас-жауымызбен ауыз жаласуын тоқтатсын. Не хандығын тастатып өз жайына кеткізсін» деді. Халық ашуы қарғыстан да жаман... Дәшті Қыпшақ Ордасына түйілген бүліншіліктің тағы да бір қара бұлты шоғырлана түсті.

Қазақтың көп аулын шауып, мал-мүлкін талап, бүкіл Дәшті Қыпшақ елін өзіне қарсы қойған Мұхамед-Шайбанимен дәл бүгін құда бола қалудың қауіпті екенін айтып Бұрындықты көндіре алмаған Қасым, келген батырларды тік тұрып қарсы алды.

— Ел-жұртымызды шауып, мал-мүлкімізді талап, бүкіл Дәшті Қыпшақ елін қорлаған Мұхамед-Шайбанимен Бұрындық ханның құда түскені бізді қорлағаны. Хан не қыздарын бермесін, не бізден кетсін, — деді халықтың сөзін сөйлеп қарт Қаптағай батыр.

— Сонда сіздер ханның қыздарын бергеніне қарсысыздар ма, әлде бітім жасағанына қарсысыздар ма?

— Екеуіне де қарсымыз. Хан халықтың көзі. Олай болса хан қыздарын ежелгі жауымызға бере алмаса керек-ті. Ал бітім жасайтын болса, Мұхамед-Шайбани хан талаған мал-мүлкімізді, құлдыққа, күңдікке әкеткен ұл-қызымызды қайтарсын. Хан лашкарларының сойыл-шоқпарынан күнәсізден күнәсіз қаза тапқан мейірбан ерлеріміздің құнын төлесін. Сонда бітімге отырамыз. Ал қыздарын Мұхамед-Шайбанидың інілеріне қосып, бітімге келдім деп бізді қорламасын. Бұндай бітім бізге керек емес. Егер біз тілеген бітімге Мұхамед-Шайбаниды көндіре алмаса ерікті өзімізге берсін. Ақ найзаның ұшымен, қас батырдың күшімен ол кәззапты өзіміз көндіреміз.

— Сонда тағы соғыспақсыңдар ма?

Жаратылғалы соғысып келе жатқан жоқпыз ба? Бұрын ханға еріп соғыссақ, енді халық болып соғысамыз. Жеріміз, суымыз, намысымыз үшін бүкіл қазақ болып көтерілуге бармыз.

— Хан бұл тілектеріңді қабылдамайды.

— Онда ханды біз де қабылдамаймыз. Көшсін бұл арадан.

— Қайда көшеді?

— Құдасы Мұхамед-Шайбани жеріне.

Ел абыройына нұқсан келтіріп қайтесіңдер. Хан адасса да халық адаспау керек. Қыздарыңды бердің деп Бұрындықты елден қусаңдар, Мұхамед-Шайбанимен жасасқан бітім-шартын бұзған боламыз. Айып Мұхамед-Шайбанидың өзінен болсын. Шартты өзі бұзғанша шыдауымыз керек. Ал шартты Әбілқайыр бөлтіріктері алдымен бұзатынына дау жоқ. Оларға бұл шарт Түркістан мен Мауреннахрды алғанша ғана керек. Содан кейін қанды аузын бізге салмақ. Аталары Әбілқайыр билеген Дәшті Қыпшақты қайтарып алмай көңілдері көншімейтіні хақ.

— Біз де солай ойлаймыз. Мұхамед-Шайбанимен арамыз тым алшақ жатыр. Бір мықтап қан төгіспей екі жақтың дауының бітуі мүмкін емес. Хан бұны неге түсінбейді?

— Хан бұл арада шолақ ойлап отыр. Ал біздің борышымыз сонау келешек айқасқа осы бастан дайындалу. Қапы қалмауымыз керек.

— Сонда Бұрындықты қайтеміз?

— Екі бірдей қызын беріп отырған құдасымен алысуға Бұрындық қазір бара алмайды. Ол бұл тартыстан шығуы абзал. Майданға өзіміз дайындаламыз. Ал Бұрындық өз қатесін өзі түсініп, халқымен бір болғысы келсе, хан абыройын сақтап Арқа жеріне, не Сарайшыққа көшеді.

— Дұрыс айтасың. Ал Бұрындық көшпеймін десе?

— Көп қорқытады. Егер өзіне пайдалы шешімнен бас тартса, өз обалы өзіне!

Ертеңіне Қасым сұлтан басқарған бір топ ру бастықтары хан аулына келді. Бұрындыққа хан абыройын сақтап қалу үшін өздерінің шартын айтты.

Бұрындық хан шу дегенде бұлқан-талқан боп ашуланды. Бұл бүлікті шығарып жүрген сенсің деп Қасым аулын шауып алмақ та болды. Әйтсе де әрі тулап, бері тулап, қазақ батырларының темір тегеурініне шыдай алмай, Сарайшыққа көшпек боп пәтуаға келді.

Міне, осы кезде Бұрындық ханның қылығына ызаланған «Жалғыз көз» батыр бір топ серіктерімен ханның қалың жылқысын қуып әкетті. Кілең көк аланы айдап апарып ол, Мұхамед-Шайбани жасақтарынан жер шұқып қалған кедей ауылдарға бөліп берді. «Жалғыз көз» батырдың бұл қылығына сүйсінген қалың бұқара қайтадан дүрлікті. Бірақ ол бір түнде жоғалып кетті. Басшыларынан айырылған кілең жыртық тымақ, жаман шекпен кедейлер ру батырларының айтқанынан шыға алмай тартыс іркіліп қалды, тұтаса жауыққан жұрт қатары жүдеп, халық қозғалысы енді лажсыз кібіртіктей бастады.

Екі апта өткеннен кейін Бұрындық хан жеті қатыны жеті ауыл болып, ырғалып-жырғалып Сарайшыққа көшті. Бірақ ол бос көшпеді. Малын шапқан «Жалғыз көз» батырды хан алтынына сатылған екі арамза серігі Бұрындыққа ұстап берген. Жұртқа таралып кеткен малын қайтара алмайтынын білетін хан «малымның өшін өзіңнен алармын» деп сырт көзден тасалап «Жалғыз көз» батырды қол-аяғын шынжырлап, тулаққа орап өзімен бірге ала көшті.

Бұрындықтан іргесін алыс сала бастаған Жәнібек балалары хан Ордасынан алыс отырайын деп Шу бойында қалды. Күз әкелерінің ескі қонысы Қараталға көшіп келді. Қыстауына жеткен күннен бастап Қасым сұлтан бұл арадағы қазақ руларының басын қосып, сонау болашақ айқасқа қамдану әрекетіне кірісті...

Қасым сұлтанның болжағаны дұрысқа шықты. Мұхамед-Шайбани хан аз жылдың ішінде дегеніне жетті. Самарқант, Бұқар, Андижанды билеп отырған әбусейіт ұрпақтары мен Ташкент, Сайрам уәлиеттерін билеп келген моғол Сұлтан-Махмұт ханның араларындағы наразылықты пайдаланып, Сұлтан-Махмұт хан берген бес мың әскерді өз әскерімен қосып, ең алдыменен Самарқант, Бұқар, Андижанды алды. Содан кейін барып, Жағатай әскерін өз әскеріне қосып күшейтіп, Ташкент уәлиетіне ауыз салды. Ташкент, Түркістан, Самарқант, Бұқар, Андижан уәлиеттерін әбден өзіне бағындырғаннан кейін, Дәшті Қыпшақ жерімен шекаралас Хорезмді шапты. Сөйтіп Мауреннахр, Түркістан өлкесін тегіс жеңіп болып, енді Дәшті Қыпшақты жаулауды ойлана бастады.

Мұхамед-Шайбанидың жиһанкерлік әрекеті мінекей осылай, Қасым сұлтан ойлағандай боп шықты. Мұхамед-Шайбани хан елу мың атты әскерімен Созақ пен Ұлытауға аттануға дайындалып жатқанын естіп, Қасым сұлтан Қаратаудан қайтадан Шу бойына көшіп келді. Бұл кезде Бұрындық хан Сарайшықта болатын, абыройын айрандай төгіп алған ханның құр «хан» деген аты ғана қалған, бүкіл билік әскер басы Қасымға көшкен.

Қасым Шу бойына көшіп келісімен, «бәлем, сені ме!» — деп Мұхамед-Шайбаниға әбден өшігіп алған қазақ халқына дабыл қақты. Мұхамед-Шайбанидың достық шартын бұзып Ұлытау мен Созақты шапқалы жатқанын хабарлады. Егер Созақ пен Ұлытаудан айрылса Дәшті Қыпшақтың басқа жерлерін қорғап отыра алмайтындарын түсіндірді. Мұхамед-Шайбани хан Мауреннахр мен Түркістан өлкесіне аттанып, Моғол, Жағатай, Ақсақ Темір әмірлерімен қан-жоса болып қырылысып жатқанда, ешкіммен жөнді соғыспай әжептәуір тынығып қалған Дәшті Қыпшақ жауынгерлері қайтадан атқа қонды. Ұран салып топтанып, ру-ру боп өздерінің батырларының жанына жинала бастады. Дәл осы кезде Мұхамед-Шайбани елу мың атты әскермен Қорасанға аттанды. Ташкент уәлиетін билеп тұрған Сүйіншік сұлтанды жиырма бес мың адаммен Ұлытауға жүргізді. Рабиу-Бегімнің екінші баласы, Түркістан уәлиетінің осы кездегі әміршісі Күшкінші сұлтанды отыз мың әскермен Созақты алуға жіберді. Мұхамед-Шайбани бұл уақытта әбден күшейіп алған. Ол енді бұрынғыдай қалаларды біртіндеп алу саясатынан бас тартқан. Өз күшіне өзі сенген әміршінің ғұрпыменен оңтүстігі мен солтүстігіндегі екі елді бірден жаулап алуға кіріскен. Бірақ Мұхамед-Шайбани хан Қорасанда жеңіске жеткенмен, Созақ пен Ұлытауда сәтсіздікке ұшырады.

Ұлытау мен Созаққа келген Қасым мен Қамбар сұлтанның қалың әскері Сүйіншік пен Күшкінші сұлтанның лашкарларының быт-шытын шығарды. Елу мың әскердің тең жартысына таяуын қырып, қалғанын сонау Дәшті Қыпшақтың шекарасында жатқан құмайт, тақыр құмды далалармен Түркістан мен Ташкентке дейін қуды. Бұл жеңіліс бүкіл Орта Азияны өзіне бағындырып, енді Дәшті Қыпшақ пен Иранға ауыз сала бастаған, айбындарымен талай елді тітіреткен Әбілқайыр бөлтіріктерінің көптен бергі елеулі жеңілісі еді. Ал Дәшті Қыпшақ халқының рухын көтеріп тастады. Енді қазақ рулары Қасым төңірегіне жинала бастады. Дәл осы кезде Сарайшықтан Бұрындық хан бар балаларының аулымен көшіп келді. Құр ғана көшіп келген жоқ, өзімен бірге бір тайпа елге бақытсыздық ала келеді. Өткен қыс өте қатты болған. Әсіресе Тянь-Шань тауының теріскей жағында отырған көптеген қырғыз, қазақ ұлыстары жұттан бар малын қырып алған. Қатты күйзеліске ұшыраған. Сол себепті Дулат руының біраз ауылы өзінің жылдағы әдеті бойынша Шудың Жуанарықтан жоғарғы жағына жайлауға шыға алмай, Жаңғы қаласына таяу жердегі Талас өзенінің жағасындағы көкорай шалғынды жайылымға жылжып көше салған. Елдің ат жалын тартып мінер бар жігіті Қасым мен Қамбар батырға еріп, Ұлытау мен Созақты жаудан арашалауға кеткен. Міне, осы кезде тыныш жатқан Дулат аулына кенет жау тиді. Ел жаңа түнгі асын ішіп жатқан кез еді. «Бұрындық!», «Бұрындық!», «Керей!», «Керей!» деп салған ұраннан, шапқан ат, айқайлаған дауыстан ауыл үсті азан-қазан болды да қалды. Кәп мынадан шықты. Дулат руының осы қонған Талас өзенінің көгал шөпті, қамысты жағасы, Бұрындық ханның қыс ерте шыққан жылғы Дәшті Қыпшақ даласына көшкенше тұрақтайтын көктемгі жайылымы екен. Бұрындық Сарайшық жағында көшіп жүріп бұл жайылымға көптен бері соқпай қойған. Бұл ара биыл бос жатқан соң, қыстан күйзеліп шыққан Дулат ауылдары хан келе қоймас деген үмітпен осы жерге қонған. Бірақ Жайық жағасы да биыл қысы қарсыз, көктемі жаңбырсыздау боп Бұрындық бері қарай көшкен. Талас өзеніне таянған кезде көп жылдан бері көктемде қоныс ететін Дулат ауылдары отырғанын білген. Соңғы кезде ел қонбай, даласы да жайылымының оты басылмай тұрған шығар деп келе жат-
қан Бұрындық жерінің бос емес екенін естігенде, ашудан ат үстінде отыра алмаған. Соңғы жылдары қазақ рулары Қасым сұлтанға ауып кеткен. Сыныққа сылтау, соған іштей әбден ызаланып жүрген Бұрындық «бұл қай қорлаулары!» деп бұлқан-талқан болған да қалған. «Көрсетейін мен бұларға басынуды!» деп қолына темір табанды сойылын алған. Қарамағындағы бес жүз сарбазын ертіп, асқа дайындалып жатқан ауылдың, қойға шапқан қасқырдай, бір шетінен тиген. Шоқпарымен ұрып сан үйдің шаңырағын ортасына түсірген. Ауылдың заматта әлек-шәлегін шығарған. «Хан тақсыр, бос жатқан соң қонып едік», «Қарамағыңыздағы қазағыңбыз ғой, дәкпірімізді алмай, таң атқанша шыдаңыз, өзіміз де көшейік» деп жалынған ауыл ақсақалдарын долы мінезді Бұрындық ештеңеге қарамай «көш деген соң көш! Қарсыласайын деген екенсің!» деп табанда сойылға жыққан. Ойбайлаған қатын, жылаған бала, үрген ит, маңыраған қой-ешкі, ауыл үсті азан-қазан болған. Көптен бері алысатын жау шықпай, жынын алған бақсыдай, әбден қансырап қалған Бұрындық, жоқ жерден сойыл соғар қос тауып, баурын бір жазды. Ат ойнатып, ақырып рақаттанды да қалды. Хан өз елін жауынан қатты шапты. Таң атқанша Талас өзенінің осы арадағы бес-алты кедей ауылын бала-шағасын шұбыртып, өліктерін арқалатып құмға айдап салды. Бұл оқиғаны жорықтан қайтқан ел азаматтары естіп, қандары қызды, қаһарларына мінді, хан аулын күлін көкке шығарып тал түсте шаппақ болды. Жұрт дүрлігіп қол жиналды. Тек Дулат елінің ағасы, Бөрібай батырдың баласы Қасқалдақ би жұртқа ақыл айтып, аз уақытқа халық ашуын саябырлатты.

— Ел деген атымыз бар, хан ақымақтық істеді деп біз ақымақ болмайық. Бұрындық ханның бұл қылығын Қасым сұлтанға жеткізелік, аға да, хан да өзінікі ғой, әділетін өзі шешсін, — деді.

Жұрт осы сөзге тоқтады.

Бұл хикаяны естісімен қасына бір топ батырларын ертіп Қасым Бұрындық хан Ордасына аттанды. Хан бұлардың келетінін күні бұрын естігендей ауыл сыртында қарсы алды. Астында аты шулы, сүліктей жараған, жалқұйрығы жерге төгілген мұндайда жауға мінер қара айғыры, үстінде оба тастай боп дөңкиіп өзі отыр. Арт жағында оба тасының жанындағы балбалалардай төрт баласы. Бәрінің де мінгені осы қара айғырдың тұқымы, кілең тоқпақ жал нардай дүлдүлдер. Үстерінде кеуде тұсы тұтасқан қалқан темір, келте сауыт, жеңдері мен шалбарлары ғана шынжырдан тоқыған... Бәрінің қолдарында шойын шоқпар, ер басына іле салған темір табанды қайың сойыл. Жақындап келе жатқан батырларды олар сол түнерген қалыптарында, мызғымай күтіп тұр. Жайшылықта түсі суық, долы Бұрындық ашуланғанда, қаһары бетіне жан қаратпайтын аяздай тіпті ызбарлана қалатын. Бұ жолы да бет-әлпеті сондай еді. Екі бетінің түгі шығып, қара күреңденіп, ісініп, көзі қанталап кеткен.

Бұрындықтың осынау ызбарлы сұсы жеңді ме, батырлар тақа таямай сойыл жетпес жерге келіп тоқтады.

— Ассалаумағаликом, Бұрындық хан, — деді олар жамыраса амандасып.

Балалары «аликомассалам» деп еріндерін жыбырлатты. Бұрындық сәлемді алған жоқ.

— Бері тая, Қасым, — деді ол оң қолына ұстап тұрған шоқпарын сәл оңтайлап, — айтатын құпиям бар.

Түр-келбеті — Қасым таяса, қара шойын шоқпарымен салып қалатындай. Егер бұзау бас қара шоқпарды Бұрындық секілді алып күш ұрса, адамның несі қалады. Темір балғамен тақтайға шегені соққандай біржолата жерге кіргізіп жіберері хақ. Ал Бұрындықтан мұндай қылықты күтуге болады. Ол ашу үстінде қандай қылмыстан болса да бас тартпайды. Ойындағысы орындалса бітті, өліп кетуге бар. Бұ жағынан Бұрындық ашу үстінде өзін-өзі шағып өлтіретін бүйі тәрізді, алды-артына қарамайды. Ханның мұндай мінезіне қанық қазақ батырлары аттарын тебініп қап, Қасымды қорғай алға шыға берді. Бұны көрген Бұрындық ақырып жіберді.

— Қайт кейін, кілең қарашы! Хандар арасында қара қазақ тұрмас! Тая бері, Қасым, сөйлесетін сөзім бар!

Бұрындықтың даусы тым қаһарлы шықты, батырлар іркіліп қалды. Қасым оларға:

— Кейін шегініңдер, — деді. — Өзім сөйлесейін.

Қасым өзгелерден суырылып шығып, Бұрындықтың қасына барды. Ананың түрі түтігіп кеткен екен. Екі көзінен қара күреңденген бетін жуа, бармақтай-бармақтай жас тамшылап тұр. Ызаланған бураның көзінен жас шығатынын Қасым бұрын көргені бар. Денесі мұздап кетті. Шіркін, жан деген тәтті ғой, амалсыз ханның қолындағы қара шоқпарға қарады. Бұрындық бұған көңіл бөлген жоқ. Және көзімнен жас шығып тұр-ау деп қымсынбады. Сорғалаған жасын да сүртпей Қасымға алар бүркіттей түксие сестеніп, сәл қарлыққан даусын көтере сөйлеп кетті.

— Қарамағыңдағы елің теріс қарап кетсе, хан деген ит қорлық екен. Оны мен Әбілқайыр ұрпағына қыздарымды бергелі білдім. Қонысымды жайладың деп қамсыз жатқан елді шапсам, сынықтан сылтау іздегенім. Айып менен. Бірақ айыптымын деп қарашыға бас иер жайым жоқ. Оны жақсы білесің, Қасым. Жазылмас кеселдің емі — өлім. Ал менің кеселімнің жазасы өлімнен де ауыр. Бұл жазаны өзіме өзім таңдап алдым. Жазам сол! Ертең күйеу балам Мұхамед-Темір сұлтанның қолына, Самарқантқа көшемін. Сен жеңген жоқсың, мен жеңілгем жоқпын. Жұртымды басқара алмаған өз күнәмды өзім осылай жумақпын. Дәшті Қыпшақты билеген Бұрындық Мұхамед-Темір сұлтанды күшік күйеу етіп өз ордасына кіргізудің орнына, ата жауы Әбілқайырдың ордасына өзі күшік ата болып кірмек. Бұдан артық жаза, бұдан артық өлім бар ма? Сөз осымен бітсін, ана қабыландарыңды ертіп енді кейін қайт. Ақыл айтамын деп, хан болуға жеткізген сонау ақылды басыңа мына қара шоқпарымды жұмсатып алып жүрме!





Дата публикования: 2014-11-04; Прочитано: 482 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.013 с)...