Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Екінші бӨлім 10 страница



Жәнібек қабағы қайта ашылды. Ол кебісін тастап, қызыл сафьян мәсісімен төрге шығып төрт қабат шәйі көрпенің үстіне, ақ мамық жастықты шынтақтай отырды.

Жаған қымыз құйылған күміс шара мен алтын кесені әкеп, төменірек тізе бүкті. Иісі аңқыған сары қымызды күміс ожаумен сапыруға кірісті.

— Хан ием, жақсы жатып жайлы тұрдыңыз ба? — деді ол көзінің қиығын күйеуіне аударып. Ханымның бұлай деп сұрауының әзіл астары бар еді. Өткен түн хан Ақжол бидің кіші қарындасы Жанбике арудың ордасына түнеп шыққан. Жанбикені Жәнібек былтыр алған. Оның жас иістігі есіне түсіп, хан кейде әйелдерінің кезегін бұзатын. Жас тоқалының ордасында өзге әйелдерінің үйінен гөрі жиірек болатын. Өткен түн кезегі Жағандікі еді. Жәнібек өзге әйелдеріне істеген тұрақсыздығын бұған әлі істеп көрмеген-ді. Намысқой Жаған күйеуінің сол қылығына қарай, бұл сөзді әдейі тигізіп айтып отыр. Ол қабағын да шытпай күлімсіреген қалпында сөзін жалғай түсті.

— Жанбике тоқал өзгемізден гөрі төсекті жұмсақ төсей біледі дейді ғой.

Бүкіл Дәшті Қыпшақтың жиырма сегіз басты руының басын қосамын деп талпынған Жәнібек хан, ешуақытта да жеті қатынын тату-тәтті ұстаймын деп ойлаған емес. Жиырма сегіз руға әлі жеткенмен, жеті қатынына әлі жетпейтінін ол жақсы білетін. Өйткені әр қатынының дауы бір тайпы елдің дауынан кем түспейтін. Солардың ішінде мұндай ошақ басы жанжалға араласа қоймайтыны осы Жаған еді. «Бұ да кірісе бастаған екен» деді ол ішінен. Қазір оған қандай жауап берсе де, қыңыр сөзге душар болады. Бәрібір жеңе алмайсың. Қатынның аты қатын, басы алтын, арты күміс болса да, өз дегенінен шыға алмайды. Ал қатынның кішкентай өзімдік жан дүниесі бүкіл әлемге бергісіз. Одан да үндемей құтылайын деді Жәнібек. Осындай ойдағы хан Жағанның көңілін бөтен сөзге аударғысы келгендей, бәйбішесі ұсынған алтын кесені алып жатып:

— Қасымды шақыртшы, — деді сөйлесетін сөз бар...

Жаған көзін ойнақшыта қарады.

— Хасан атекесін де шақыртайын ба, үнемі бірге жүреді?

Жағанның бұнысы да әлгі қыңыр сөздің жалғасы.

Жәнібектің жүрегін мысық тырнап алғандай ашып кетті, сөйтсе де сыр бермей:

— Шақырт, — деді.

Жаған түрегеліп, талдырмаш мықынын ырғалта, сұлу денесін ойната, аяғын былқ-сылқ басып барып есікті ашты.

— әбен! — деді сырттағы нөкеріне дауыстап. — Қасымжан мен атекесі Хасенді шақыртшы! Хан әкесі сөйлесем дейді.

«әйелдің аты әйел, — деді тағы да Жәнібек ішінен ойлап, Жағанның есікті қалай барып ашқанына сүйсіне, — қашан да болса еркектің көзіне ұнамды жерін түсіргісі келіп тұрады».

Жаған орнына келіп отырғаннан кейін Жәнібек босаған алтын кесесін
ұсынды.

— Қымызың балдан тәтті екен, тағы да құйшы.

Жаған жадырап сала берді.

— Сабасын Керейлерше ыстатқам. Әдейі өзіңе арнап...

Жәнібек риза боп күлімсіреді.

— Менің бабымды өзің ғана табасың...

Осымен арадағы кірбің бітті. Енді олар бір-біріне жадырай қарасты. Осы уақытта үйге Қасым кірді. Сәлем беріп, әкесінің оң жағына барып отырды. Жәнібек баласына көз қиығын аударды да, Жағанға қарады. «Айнымаған шешесі тәрізді. Тек мұрны мен иегі, қоюланып өсіп қалған мұрты да өзімдікі».

— әкең атекеңмен бірге келсін деп еді ғой, — деді Жаған баласына алтын кесеге қымыз құйып беріп жатып, — Хасен қайда?

— Екі аптадай болып қалды-ау деймін, қайын-жұртына кеткен.

— ә-ә!

Жәнібек мырс етіп күліп жіберді. «Жаңа Қасымды атекесімен жұбын жазбайды» деп, Хасенді де шақыртқанда, әдейі менің жаныма тисін дегені екен ғой. Өткен түннің өшін менен осылай алмағанда қалай алсын, бейшара... Намысына тиген ерін шымшыған түрі де... Жоқ, жоқ, Хасеннің қайда жүргенін де білмейді. Демек, бұның онымен еш байланысы болмаса керек-ті...

— Көке, мені жай шақырттыңыз ба? — деді Қасым әкесінің ойын бөліп.

— Жай емес, Қасым жігіт, — Жәнібек қолындағы кесесін жерге қойды, — үйді дауыл кезінде емес, бұрын тігеді, ақылдасатын жай бар...

— Дұрыс айтасың, көке. Кигіз жамылған су болмас, ақылдасқан жөн...

— Өзің де байқап жүрген шығарсың, бір қияпат айқас таяп келеді. Бұны қазір қайта күшейе түскен Көк Орда, Моғолстан дайындығынан аңғаруға болады. Бүгінгі күні біз де осал емеспіз. Осының бәрі арамыздағы көптен бері келе жатқан жанжалдың үлкен жанжалсыз бітпейтінін көрсетеді.

— Дұрыс айтасыз, хан ием. Күз келері көктемнен мәлім, Көк Ордадан іргеңді бөлек салғаннан-ақ, түбі бір ұлы айқастың болары хақ ғой.

— Бірақ бұл айқас тек Көк Орда жағынан ғана көрініп тұрған жоқ тәрізді. Батысың да, шығысың да қауіпті. Батысыңнан сенің жеріңе көзін тіккен Қазан, Астрахань, Қырым, Ноғайлы хандары бар. Олардың ар жағында, алыстан тулап жатқан дариядан — Түрік пен Стамбул сүлесі көрінеді. Екі жағың да жетісіп түрған жоқ. Бірі болмаса бірі бас салатыны аян. Ал, ондай халге жетпес үшін, біз өзіміз ерте қимылдауымыз керек.

— Дұрыс айтасыз, хан ием. Кім садақты алдымен тартса, сол жауын бұрын жаралайды.

— Міне осы жай еді менің сенімен ақылдасайын дегенім, Қасым сұлтан. Не айтасың?

Қасым көп ойланған жоқ.

— Ақылмен арыстанды да ұстауға болады, — деді ол. — Ақылға салған іс қашанда жеңісті келеді. Дұрыс істегенсің, көке, жалғыз менімен ғана емес, Бұрындықпен де, Қамбармен де ақылдасқан жөн...

— Олардың да кезегі келер, өзің не шертесің?

— Менің дерім бір-ақ ой. Жатсам-тұрсам көз алдымнан Әбілқайырдың сұрғылт жүзі кетпейді. Ол текке жатпаса керек.

— әрине ғой. Қауіп Көк Орда жағынан. Диірменде туған тышқан дүрсілден қорықпас. Бізбен алысып үйреніп қалған жау қаймығуды білмейді, бүгін болмаса ертең Әбілқайыр хан Ақ Ордаға қарсы жорыққа шығады.

— Дұрыс айтасың. Қазір ол Моғолстанға қарсы қол жинап жатыр деген сыбыс бар.

— Моғолстанға аттанғаны — бізге аттанғаны. Андыз барда ат өлмес, қолымызда күш тұрғанда бізге бос жатуға болмайды. Әбілқайыр Үргеніш жақта Моғолстанға қарсы қол жинап жатқанында, біз Түркістан уәлиетін басып алуымыз керек. Сығанақ, Сайрам, Яссы, Созақ, Отырар тәрізді мықты бекіністері бар қалаларды қолға түсірсең, Әбілқайырдың көк желкесіне мінеміз. Оны Дәшті Қыпшақ жеріне жібермек түгіл, бүкіл Мауреннахрдың өзіне қауіп туғызамыз.

— Өзім де солай топшылап едім, болжауымыз бір жерден шықты.

— Түркістан уәлиетін қайтару — Дәшті Қыпшақ елінің сауда-саттық жолын ашу ғана емес, әділеттік үшін күресу. Өз жерімізді, өз қалаларымызды өзімізге алу — тілектес Моғолстанды қанды көз Әбілқайырдан қорғау.

Бағанадан бері әкесі мен баласының сөзін құр тыңдап отырған Жаған сөзге кірісті.

— Сонда сендер Көк Ордаға қарсы соғыс ашпақсыңдар ма.

әкесі үшін Қасым жауап берді.

— Жоқ, апа, біздің елімізге, жерімізге қарсы жүз жыл бұрын Ақсақ Темір ашқан соғысты аяқтамақпыз.

— Ақсақ Темірдің жерінің өзін Аққозының хан атасы жаулап алған жоқ па?

— Жаулап алды. Жаулап алды да, Ақсақ Темір әулетімен бірігіп кетті. Қазақ руларының байырғы қонысы Түркістан өлкесін кеше Ақсақ Темір билесе, бүгін Әбілқайыр билеуде. Әділеттік іздесе, ол жерді бүгін біз қайтарып алуымыз керек.

— Тағы да қырғын қан төгіс болады екен ғой?

— Иә, апа.

— Аққозының балалары саған қарсы, сен оған қарсы шығады екенсіңдер ғой.

— Иә, апа.

Жаған кенет қабағын шыта қалды.

— Жоқ, оларың болмайды!

— Неге, апа?

— Аққозы марқұм екеуміз бір ана, бір әкеден тудық. Апалы-сіңлілі екі адамның балаларына бірін-бірі кескілердей не жетпейді? Атақ па, бақ па?

— Жоқ, апа, мен атақ, бақ үшін қан майданға шықпаймын. Мені ажалға айдап салар халқымның жағдайы, болашағы. Біздің заман қасқырлар заманы. Кімде-кім өзгеге үлесін жібермесе, тартып-жұлып өзінің тиесісін ала алса, соның қолында бұ жалғанның тірегі. Соның ғана сұм дүниеде тіршілік сүруге қақы бар. Егер біз өзімізді Әбілқайырға талауға берсек, ертең құл боламыз, жерімізден, елімізден айрылып, тарих бетінде мәңгі жоғалып кетеміз. Ал жаныңды құрбан етіп алыспасаң, болашақ ұлы айқастарда құрып кету оңай.

— Құрымаудың жалғыз жолы тек майдандасу ма? Жылы-жылы сөйлесе жылан інінен шығады. Сойыл ала жүгіргенше, жылы сөйлесіп, марқұм Аққозы бикенің атасымен де, балаларымен де тіл табуға болмай ма?

Анасы мен баласының сөзін үнсіз тыңдап отырған Жәнібек басын көтерді.

— Әбілқайырмен және оның ұрпақтарымен тіл табу — олардың айтқанына көну деген сөз. Айтқанына көнсең сол күні қаныңды ішеді.

— Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтан Қасымжанның қанын ішпейді. Былтыр аналары Аққозы қайтыс боларда екеуінің де берген анттары бар...

Былтыр Күзтоқсанның басында Жаған Аққозы хал үстінде жатыр деген хабар алып, Қараталға көшіп бара жатқан бетінде Яссыға бұрылған. О кезде қандай өшпенділік болмасын, мұндай қайғылы жағдайда ресми қатынасқа жол берілетін. Бірінің адамына бірі тимейтін. Аққозы ханым Мұхамед-әкім эль Таразидың тойынан кейін, екі баласының даңқына көз тимесін деп, пітір беріп құран оқытуға Яссы қаласындағы Қожа Ахмет Яссауидың мешітіне әдейі арнап келген-ді. Атақты қари [50] Қожа Мүлкім Аққозы ханымның атынан екі бие сауымдай мезгіл құран оқып батасын берген. Ханым садақаға молда, мүрит, қари, бейшараларға он топ жібек, барқыт, екі арба өрік, мейіз үлестіріп, құрбандыққа қырық қой, бес ту бие сойғызып, өзінің жібек шатырына қайта оралған. Шатырға кіре қалпақтай түскен. Жиналған бақсы-балгерлер ханымның қандай кеселменен ауырғанын таба алмаған. Сасып қалған Яссының хакімі Мұхамед-Мазит тархан Аққозының атасы Әбілқайырға, Аққозының сіңлісін алып отырған Жәнібекке ат шаптырған. Өзі сырқаттанып жүргендіктен Әбілқайыр кіші бәйбішесі Рабиу-Сұлтан-Бегімді жіберген. Жаған өзі келген. Қасымды Жәнібек біреу болмаса біреу қастық істеп жүрер деп алып қалған. Жаған жеткенде сұлу Аққозы хал үстінде жатқан. Әлі де аққудың көгілдіріндей сұлу Аққозының бір аптаның ішінде табытқа айналғанын көріп Жаған солқылдай жылап, апасын құшақтап ағыл-тегіл болған. Осы кезде барып Аққозы ең ақырғы күшін жиып, Жағанға өзінің енді бұл дүниенікі емес екенін айтып:

— Бауырым, Жаған, — деген, — о дүниеге өз күнәмды арқалап кеткім келмейді. Тек өзіңе ғана айтатын құпия сырым бар. Егер бұл сырымды иманыңдай сақтайтын болсаң...

— Аққозы-ау, о не дегенің? Сенің сырың менің иманым емес пе? — деп Жаған солқылдап жылап қоя берген.

— Менің ажалыма ешкім де айыпты емес, өзім ғана күнәлімін...

— Қалайша?

— Өсек сөздің шеті өзіңе де жеткен шығар. Орақ өлді дегеннен кейін ерге шықпаймын деп құран ұстап ант еткенімді өзің де білесің. Сол Орақ тірі болып шықты. Махаббат шариғаттан да күшті екен, сол Орақпен биыл екі рет кездестім... Екі ұлымның бетіне салық болмасын деп, іштегі күнәмды көрсетпеу үшін, бір балгерден іш тастатар дәрі алып іштім...

Аққозы сөйдеген де, Мұхамед пен Махмудты шақыртқан.

— Құлындарым, — деген жанына келген балаларының маңдайларынан иіскеп, — мен енді сендерге жоқпын... Сендердің алдарыңда күнәм бар еді, ол күнәмды өзіммен бірге әкетіп бара жатырмын, — деген қысыла сөйлеп. — Ал енді ажал алдында сендерге жалғыз ғана тілегім бар, орындайсыңдар ма?

Екі бала бірден:

— Орындаймыз, — деп тізелерін бүккен.

— Орындасаңдар... Менің тілегімді тыңдаңдар... Міне Жаған екеуміз сонау жат жерге келін боп түсіп едік. Мүмкін сол жат жерде екеуден-екеу болғандығымыздан ба, өмір бақи тату-тәтті өттік. Әкелерің қандай қастасып жүрсін, біріміздің біріміз титтей де көңілімізді қалдырған жоқпыз. Сендерден де тілейтінім — сол. Мына нағашы апаларың Жағанның баласы Қасыммен тату-тәтті болыңдар... Адам баласын аяуды білмеген ұлы бабаларың Тыңболаттың [51] сендер де тұқымысыңдар, түбі нәсілдеріңе тартып кетулеріңе күмәнім жоқ, бірақ мені зиратында тыныш жатсын десеңдер, Қасымға қол көтермейсіңдер! Құран ұстап осыған ант беріңдер.

Аққозы келін боп түскеннен кейін сегіз жыл сарғайып барып тұңғышын көрген. Содан шығар, анасы мен балалары арасындағы махаббат орасан берік болатын.

— Міне, құран, міне, антымыз, — деп екі жігіт Қасымды қан етпеске ант берген. Жаған да Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға Қасым жағынан қастық жасатпаймын деп апасы Аққозыны сендірген.

Сол күні Аққозы қайтыс болған. Ел болып, хан ұрпақтары оны құрметпен Ахмет Яссауи мешітінің іргесіне жерлеген. Шешесі Аққозы өлгенде ер жетіп қалған екі баласы бірдей жас нәрестелердей, жер бауырлап ағыл-тегіл боп жылаған. Сондықтан да оларға деген жүрегінде бір үлкен жылы сезім сақтап, Жаған еліне қайтқан. Қазіргі айтып тұрғаны осы жәйт.

— Жарайды, — деді Жәнібек, Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтан Қасым сұлтанмен тату-тәтті болсын. Түбі осы қос бөрінің бірі Әбілқайырдың тағына отыруы хақ. Ал Қасым менің тағымның түпкі иесі. Апалы-сіңлілі екі адамның хан тақтарында отырар балаларының жауласпауы керек-ақ тілек. Бірақ ол мүмкін бе? Хан тағындағы адам айдаһардың үстінде отырған адаммен бірдей. Өзін айдаһар жұтып жібермес үшін, ол сол айдаһарға туған әкесін, жалғыз баласын құрбан етуге бар. Хан тағын қорғау қашан да болса қымбатқа түскен. Екінің бірі бұл кеселден аман құтыла алмаған. Осы ауыртпалықтың бәріне шыдап Қасым сұлтан жерін, тағын аламын деп ұмтылған Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға қарсы сойыл ұрмай отыра ала ма?

— Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтан Қасымжанның тағын аламын деп, сойыл соғып соғысқа шықпайды. Қолына құран алып аналарына берген серті бар.

Серт тек арманға жету үшін ғана керек. Жарайды, Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтан Қасым сұлтанға тимесін, ал егер сол қос бөрінің бірі Қасымның туған ағасы Қамбарға, не әдікке найза салса, Қасым сұлтан не істейді? Ал Әбілқайыр болса ауру... Түбі оның тағына Шах-Будақтың қос бөрісінен ыңғайлы Әбілқайырдың басқа ұрпағы жоқ.

Жаған ерінің өзіне қойған сұрағының қаншалық ауыр екенін енді ұқты. Жауап қайтара алмай сәл кідіріп қалды. Кенет басын көтеріп алды.

— Онда ма? Онда... — Жағанның даусынан нәсілі Керейге біткен қайсарлық естілді. — Онда кекке — кек! Қанға — қан! Қасым сұлтан әкесі мен ағасының өшін қайтарады. Әбілқайырдың өзін өлтіреді. Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанның толып жатқан ағаларының басын алады. Бірақ өздері антын бұзбай екеуіне де қылышын көтермейді. Егер мені ана дейтін болса, тұңғышым Қасымжаннан осыны тілеймін. Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға бірінші боп шоқпар сілтемеймін, — деп екеуміздің алдымызда ант беруін өтінем. Егер бұл арманымды орындамаса ақ сүтімді көкке сауып өтем.

Ана тілегі Қасымның жүрегіне қанжардай қадалды. Дәл осы мезетте шешесі Жағанның апасы Аққозыға берген уәдесінің қаншалық қымбат екенін түсінді. Кенет ол орнынан атып тұрып, бір тізерлеп шешесінің алдына отыра қалды да, беліндегі наркескенін қынабынан суырып ап, екі жағынан ұстап маңдайына тигізді де, қылшылдаған жүзінен сүйді.

— Асыл болат наркескен, қос бауырым Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға сені бірінші боп қынабымнан суырмасқа ант етем, — деді ол. — Егер антымды бұзып қос бауырыма бірінші боп қастық етсем, мына тұрған асыл анам Жаған бикенің ақ сүті ұрсын!

Жаған бике орнынан түрегеліп баласының қолындағы жалаңаш ақ семсерді алды да ерніне тигізді.

— Асыл болат ақ семсер, егер қансырар болсаң, жалғыз ұлым Қасымға емес, ең алдымен менің жүрегіме қадал. Ана тілегін қабыл алғаны үшін, оның құрбаны болсам арманым жоқ деп күні бұрын ант етем!

Анасы мен баласының бұл қылықтарын өз көзімен көрген хан Жәнібек іштей екі сырды қатты түйді. Бірі — Қасымның анасы Жағанды аса жақсы көретінін. Екіншісі өткен түнде Жанбике тоқалдың үйіне кезексіз бардың деп әйелдік мінез көрсетіп, Жәнібекті өзіне дене сұлулығымен тартпақ боп отырған Жаған бикенің кенет шын ар-намысын қорғайтын іске келгенде, қандай табандылыққа болса да бара алатынын білді. «Сұлу әйел егер ақылды болса, еркекке тек өзінің сұлулығымен ғана емес, терең ойлылығымен де, табандылығымен де қымбатты болып көріне алады екен» деді ол ішінен. Ол осы сәтте үлкен жүректі әйелдің уақ әйелдік сезімінен де алыс тұрмайтынын қатеріне алды. Мұндай әйелдің намысымен ойнаудың қаншалық қауіпті екенін түсінді.

Ертеңіне Жәнібек жарлық беріп, хан кеңесін шақыртты. Бұл кеңеске Орда маңындағы сұлтан, батырлар, ерлік істерімен көзге көріне бастаған өз балалары мен Керейдің баласы Бұрындық сұлтан қатынасты. Екі күн кеңесіп, ақырында Күзтоқсанның басында Түркістан уәлиетіне шабуылға шықпақ боп ұйғарысты. Дәшті Қыпшақ әскерін екіге бөлмек болды. Жәнібек хан балаларымен өзі бас-
қаратын топ Созаққа, Керей ханның баласы Бұрындық сұлтан мен Найман батыры Қаптағай, Қоңырат батыры Сарыбалақ, Керей батыры Ойшыбай, Уақ батыры Жаубасар, Жалайыр батыры Бөрібай бастаған қалың қол Сығанаққа шабуыл салсын делінді. Өзінің ежелгі салты бойынша Арғын, Қыпшақ, Тарақты жасақтары Жәнібек ханның — хан Ордасының қасында қалды. Бұған Жайықтың бергі беті, Атырау теңізі мен Сырдың төмегі саласын жайлаған Кіші жүзден келген Адай руынан Теген батыр, Табын руынан Серке би, Шөмекей руынан Ақтаңдақ батыр, Тама руынан Қарабура батырлар басқарып келген жасақтар мен Ұлы жүзден Қаңлы, Ысты руынан Бахтияр би, Шапырашты руынан Қарасай батыр, Жаныс руынан Жанатай батыр басқарған шағын қолдар келіп қосылсын делінді. Хан Ордасынан осы әскерлер жиналып жатқан Саумалкөл, Телікөл, Жуанарық, Көкше теңіз Атырау жағасына ат шаптырылды. Бар қол Күзтоқсанның басында Сейхун дарияның төменгі шеніндегі Қараөзек қойнауында шоғырланбақ болды. Бұнымен қатар бұл шаһарлардың хакім, бектеріне жасырын кісілер жіберілді. «Біздің күшіміз қазір Әбілқайыр ханның күшінен артық, қазақ еліне ежелден жататын шаһарларымызды қан төгіспей өзімізге қайтарыңдар. Егерде бұл тілегімізді орындамасаңдар өз обалдарың өздеріңе» деп хат жазды. Бірақ бұған Әбілқайыр хан «арзани дашті» ретінде басыбайлы Созақты берген өзінің немересі Қызыр ханнан туған Бахтияр сұлтан да, Сығанақ хакиматының белағасы Манеден-оғлан да кекете: «Әбілқайыр ханнан күшті болса, ең алдымен сайыпқыран ханды жеңіп алсын. Содан кейін қалаларымызды қан төкпей бостан-босқа береміз» деп жауап берді. Жәнібек пен Бұрындық Ордаларын Телікөл мен Боқтықарынның бойына тастап, желтоқсан түспей-ақ Қараөзекке келді.

Осы араға көп кешікпей жүз мыңға таяу қазақ сыпайлары жиналды. Ортада азғантай қолмен Жәнібектің өзі, ал Маймене жағын Бұрындық сұлтан, Майсары жағын Жәнібектің үлкен балалары Жиренше мен Махмұд басқарып (Қамбар мен Қасым екінші шепте болған), жыланның айырма тіліндей екі бұтақ боп, Түркістанға қарай аттанған. Осы күнгі Шиелі жеріне келгенде екі бөлінген. Бұрындық Сығанаққа, Жиренше мен Махмұд Созаққа беттеген. Жәнібек өзі Арғын, Қыпшақтың таңдамалы жігіттерінен қалқан құрып, Шиелі қамысы Сейхун дарияның жағасына бекінген.

Қазақтардың айтып жүргендері құр қоқан-лоқы қорқыту деп ойлаған Сығанақ қожасы Манеден-оғлан мен Созақ билеушісі Бахтияр сұлтан жауын көрген жыландай кенет жиырыла қалды. Басын көтеріп, ысқырынып айбат шақырды. Қаланы қоршаған қамалдың дарбазаларын дереу бекітіп, қала жатақтарын лаш-
қарға алды. Бірақ бұл дайындықтың бәрі тығыз-таяң, асығыс болды. Қазақ әскерінің тым көп екенін естіген қала ақсақалдары, «жұртты босқа қырғызып, қан төгудің не қажеті бар, қаланы әзірге қазақтарға беру керек. Әбілқайыр ханнан көмек келгенде қайтып алу оңай ғой» деп күңкіл шығара бастады. Ел басы ақсақалдардың, керуенсарай ұстаған саудагерлердің көбі Маңғыт, Қаңлы, Жалайыр, Дулат руларынан шыққан қазақ қанды адамдар еді. Қала басы сұлтандар болғанмен, бекіністердің шын тағдыры осылардың қолында тұрған. Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша егер, қала билеушілері — ақсақал, сау-
дагер, қожа-молдалар ұйғарса, қаланы көңілдеріне ұнаған адамға тапсырар әдет бар. Сығанақ қожасы Манеден-оғлан жұрттың мұндай жағдайын көріп, Самарқант, Ташкент, Яссыдан жуыр арада көмек келе қоймайтынына көзі жеткен соң, «есің барда еліңді тап» деп Бұрындықтың әскерінің қарасы көріне бастағаннан-ақ бүкіл үй ішін, өзіне деген нөкер-құлдарын алып, Самарқантқа қашқан. Сөйтіп Бұрындық сұлтан Сығанаққа бір садақ оғын жібермей, сырнайлатып-кернейлетіп тал түсте кірген.





Дата публикования: 2014-11-04; Прочитано: 459 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.015 с)...