Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Алыпты орналасқан плацентаның мезгілінен бұрын бөлінуі



Әдетте плацента нәресте туғаннан кейін бөлінеді. Кейбір жүктілік жағдайларда босану кезеңдерінде плацента жатыр қабырғасынан бөлініп, ана мен баланың өміріне қауіп төндіреді. Жүктіліктің осындай асқынуын қалыпты орналасқан плацентаның мезгілсіз бөлінуі дейді. Жиілігі – 0,1-0,5% аралығында.

 
 

 
 

Негізгі себептері:

1. Жатыр қабаттарының аурулары − ұзаққа созылған қабыну, ісік, жатыр тыртығы.

2. Жатыр қабырғасының созылуы (қағанақ суы көбейгенде, егіз жүктілікте).

3. Плацентаның дегенеративтік өзгерістері (ұзаққа созылған жүктілікте).

4. Жүрек-қан тамыр аурулары және гестоздар.

Жатырдың жарақаттануы, бала кіндігінің қысқа болуы да плацентаның мезгілінен бұрын бөлінуіне тікелей себепкер болады. Плацента ең алдымен бір азғантай жерден, сосын шетінен не орталық жерінен бөліне бастайды. Плацента мен жатыр қабырғасының арасынан қан ағып, ұйиды, бұл ұйыған қан плацентаның ары қарай бөлінуіне әсер етеді. Ол ақырындап жатырдың көк еттеріне сіңе бастайды. Егер плацентаның бөлінуі ұлғайса, қан бүкіл жатыр қабырғасында сіңіп, оның сыртында көптеген көтерген орындар пайда болып, жатыр мрамор сияқты жылтырап, сұрланады. Мұндай жатырды «Кувелер» жатыры деп атайды не болмаса жатыр мен плацентаның апоплексиясы дейді. Бұл жатырдың жиырылу қасиетін әлсіретіп, атониялық не гипотониялық қан кетуіне әкеліп соғады.

«Кувелер» жатыры тромбопластин сияқты қанның ұюын жоғарылататын заттарға өте бай. Сол себепті тромбогеморрагиялық синдром пайда болып, босану кезеңі қатты асқынуы мүмкін. Ұйыған қан жатыр қуысына жиналып, қуыстың қысымын ұлғайтады, жатыр қатайып, ауыратын болады. Плацента бөлінген кезде ана қанына көптеген тромбопластиндік заттар еніп, қанның ұю жүйесін бұзады, қанның тамыр ішіндегі шашыранды ұюы деп аталатын синдром басталады (ДВС).

Клиникалық белгілері: іш ауырып, жатыр қуысына қан құйылады. Бұл белгілердің айқындалуы қан кету мен плацентаның бөліну дәрежесіне байланысты. Әйелдің кенеттен іші қатты ауыра бастайды, басы айналып, әлсірейді, денесін тер басады. Өңі, еріндері бозарады, қан қысымы төмендеп, тамыр соғуы жиілейді. Жүкті әйелді қараған кезде жатыры қатайып, оның барлық жері не болмаса бір ғана бөлігі ауырып, пішіні өзгереді, көбінде қан сыртқа ақпайды. Жатырдағы нәрестенің жағдайы нашарлап, оның жүрек соғысы өзгереді. Плацентаның 50% мезгілінен бұрын бөлінген жағдайда, жатырдағы нәресте тұншығып, шетінеуі мүмкін.

Клиникалық белгілеріне байланысты бұл асқыну үш түрлі болады:

Жеңіл түрі – бұл түрі кейде елеусіз өтуі мүмкін, әсіресе, толғақ кезінде, тек баланы туғаннан кейін плацентаның бетінде ұйыған қанды және оның жаншылған орнын байқауға болады. Бұл жағдайда плацентаның бөлінген жері кішкентай болады, нәресте түрі, жағдайы көп өзгермейді.

Орташа түрі − әйел ішінің аздап ауыратынын, жатырдың қай жері ауырып тұрғанын көрсетуі мүмкін. Жатыр аздап қатаяды, қан аға бастайды, нәрестенің жүрек қағысы нашарлайды.

Ауыр түрі − жоғарыда көрсетілгендей, әйелдің жағдайы тез ауырлай бастайды, нәресте жатырда өліп те қалуы мүмкін. Бұдан кейін тромбогеморрагиялық синдромның өте ауыр түрі басталып, қанның ағуы тоқтамай, ана да өліп кетуі мүмкін. Аурудың бұл асқынуы мәлімет жинау, объектілік және қынаптық зерттеулер арқылы анықталады. Қынаптық зерттеуде плацента ұлпасы анықталмайды.

Емдеу жолдары. Бұл асқынуды емдеу оның түріне байланысты болады. Жеңіл түрі кезінде толғақ басталып, жатыр мойны 5-6 см ашылса, қан ақпай, ананың жағдайы өзгермесе, ол өзі босанады. Егер қалыпты орналасқан плацентаның мезгілінен бұрын бөлінуі жүктілік кезінде байқалса, ішке қан кету белгілері артқан кезде, тіпті нәресте өлі болса да әйелді тез арада кесар тілігі арқылы босандырады. Ал егер операция кезінде «Кувелер» жатыры байқалса, онда жатырды түгел алып тастайды. Босанудың екінші кезеңінде дұрыс орналасқан плацентаның мезгілсіз бөлінуі байқалса, әйелді тез арада босандыру қажет. Егер нәресте басы жатыр қуысында немесе жатыр қуысының шығаберіс жазықтығында орналасқан болса, онда акушерлік қысқаш арқылы босандырады.

Бұл асқыну егіз жүктілікпен босану кезінде кездессе, екінші нәрестені ішкі бұру операциясы арқылы тез арада босандыру қажет. Ал нәресте өлі болған жағдайда, оны бөлшектеп шығарады.

Босанғаннан кейін бала жолдасын қолымен бөліп алады, әйелге қан құйып, геморрагиялық шокпен күреседі.





Дата публикования: 2014-10-30; Прочитано: 3250 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.006 с)...