Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Көп ұрықты жүктілік кезінде босануды жүргізу



Босану кезінде жиі болатын асқынулар көп ұрықты жүктілік кезіндегі босануды патологиялық және физиологиялық босану арасындағы шекаралық деп санауға негіз болады.

Көп ұрықпен босану кезінде акушерлік көмек пен операциялар жиі қолданылады. Сол себепті мұндай босанулар дәрігер бақылауымен жүргізілуі керек. Босануды жүргізу шыдамдылық пен ерекше назарды талап етеді. Ана мен нәрестелер жағдайын және босану динамикасын мұқият бақылап, уақытында босанатын әйелді өнімді және жеңіл сіңетін тағаммен тамақтандырып отыру қажет, қуық және ішек жұмыстарын қадағалап, жүйелі түрде сыртқы жыныс мүшелерін жуып отыру керек.

Толғақ әлсіз болғанда, босану әрекетін ынталандыру үшін дәрілік заттарды қолдануға тура келеді. Ашылу кезеңінде басқа араласулар, әдетте, қажет етілмейді. Тек су көп болғанда ғана, қағанақ қабығын мезгілінен бұрын жасанды жаруды қолданады (аранның 2-3 саусаққа ашылуы). Артық қағанақ суы аққаннан кейін тым қатты созылған жатыр кішірейіп, оның жиырылу әрекеті жақсарады. Қағанақ суының жылдам ағып кетуінің де өзіндік жайсыз салдары бар: кіндік түсуі, нәресте қолының түсуі, плацентаның жатыр қабырғасынан мезгілінен бұрын бөлінуі. Сондықтан, суды ақырындап ағызады. Ол үшін қағанақ қабығын ортасынан емес, шеткері қарай теседі, қолды қынаптан шығармай, қағанақ суының жылдам ағуын тежеп тұрады.

Қудалау кезеңі де өз ағымымен өтеді. Тек ана мен нәресте жағдайына қауіп туардай асқынулар болса ғана белсенді көмек көрсетіледі. Толғақ әлсіз болған жағдайда босану әрекетін ынталандырады; нәресте асфиксиясының алдын алу шараларын жүргізеді.

Бірінші нәресте туғаннан кейін кіндіктің тек ұрық шетін емес, анасы жақ шетін де байлау қажет. Бір ұрықты егіздер кезінде байланбаған бірінші ұрық кіндігінен кеткен қан нәтижесінде екінші ұрық шетінеуі мүмкін.

Нәрестенің біріншісі туғаннан кейін сыртқы тексеріс жүргізіп, екінші нәрестенің орналасу қалпы мен жүрегінің соғу мінезін анықтайды. Босанатын әйелдің жағдайы жақсы болып, іштегі нәресте тік жатса және асфиксия мен басқа да асқынулар байқалмаса, босанудың өз бетімен аяқталуын күтеді.

Егер 20-30 минут бойында екінші нәресте тумайтындай болса, іштегі қалған нәрестенің қағанақ қабығын жарып (қағанақ суын ақырын жібереді), босандырады.

Егер іштегі екінші нәресте көлденең орналасатын болса, оны аяғына бұрып, босану жолдарынан шығарып алады.

Асфиксия туындап, болмаса босану жолдарынан қан кететін болса, нәресте басы жоғары орналасқанда жедел түрде бұру жасап, нәрестені босану жолдарынан шығарып алады; егер нәресте басы жамбас қуысында немесе кіреберісінде болса, босануды акушерлік қысқыштар салу жолымен аяқтайды.

Босанудың үшінші кезеңі ерекше маңызды. Босанушы әйелдің жағдайы мен жоғалтқан қан мөлшерін мұқият бақылап отыру керек.

Бала жолдасының түсу кезеңінің басында көп мөлшерде қан кетудің алдын алу мақсатында әйелге 1 мл метилэргометрин енгізіледі. Қан кету пайда болса, жедел түрде жатыр қуысынан бала жолдасын алып шығады. Бала жолдасының бөлінгенінің белгілері пайда болысымен оны сыртқы тәсілдермен бөліп алады. Егер бала жолдасы бөлінбей, қан кету арта беретін болса, оны жатыр қуысына енгізілген қолмен бөліп, алып шығады.

Туған бала жолдастарын (бала жолдасын) мұқият тексеріп, оның тұтастығына көз жеткізеді және егіздердің бір не екі жұмыртқалы болғанын анықтайды.

Босанудан кейінгі алғашқы сағаттарда босанған әйелдің халін, жатырдың жиырылу жағдайын және жыныс жолдарынан бөлінген қан мөлшерін бақылайды.

Әйелдің ішіне мұзды мұйық қояды; қажет болған жағдайда қанды тоқтату үшін жатырға массаж жасайды, болмаса басқа әдістерді қолданады.





Дата публикования: 2014-10-30; Прочитано: 2274 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.006 с)...