Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Гестоздың пайда болу себептері мен даму жолдары



Гестоздың пайда болу себептері мен даму жолдары толық анықталмаған. Ғылыми тұрғыда 30-ға жуық теориялар бар. Көптеген авторлар гестоздың дамуын жүктіліктің пайда болуымен байланыстырады. Мысалы, тоқтаусыз құсатын әйелдің жатырын тазалап, ұрықты алып тастаса, әйел жағдайы бірден жақсарады, сол сияқты босанған әйелдерде гестоз белгілері бірден жоғалады.

Қазіргі кезде көп теориялардың ішіндегі негізгілері:

1. Нейроген теориясы.

2. Иммунологиялық аллергия теориясы.

3. Ортаға бейімделу теориясы.

Нейроген теориясы бойынша, жүктілік кезінде жатырдан орталық жүйке жүйесіне патологиялық толқындар келіп түседі, соның әсерінен олардың қарым-қатынасы бұзылып, мүшелер мен жүйке жүйесінің қызметтері қалыптан тыс ауытқиды.

Иммунологиялық аллергия теориясы бойынша жүктілік кезінде ана, бала жолдасы, ұрық өзара қалыпты иммунологиялық қарым-қатынаста болады. Жүктіліктің дамуы барысында осы қалыпты жағдай көптеген сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен бұзылады. Олар: 1) сыртқы ортаның әсері; 2) әйел ағзасындағы өзгерістер; 3) плацента жүйесіндегі өзгерістер; 4) ұрықтың өзіндегі өзгерістер.

Сонымен қатар ана мен ұрықтың арасында иммундық генетикалық сыйыспаушылық, яғни олардың антигендік құрылыстарының әр түрлі болуының да маңызы зор. Тканьдік антигендер ана қанына өтіп, ағзаның сезімталдылығын күшейтеді, оның қарсы тұру қабілетін арттырып, гестоздың пайда болуына үлкен себепкер болады.

Бейімделу теориясы. Жүктілік кезеңі әйел ағзасына елеулі өзгерістер енгізеді, осыған байланысты ағзаға ең жоғарғы талаптар қойылады. Осы жаңа талаптарға сәйкес әйел ағзасының бейімделуі физиологиялық және де патологиялық салада болуы мүмкін.

Жүктіліктің екінші жартысындағы токсикоз кезінде, ана ағзасы жаңа талаптарға бейімделу саласында үлкен патологиялық өзгеріске ұшырайды. Бұл өзгеріске бірден-бір әсер ететіндер ­ ана, ұрық және плацента жүйесіндегі иммунологиялық қозғалыстар. Бұл патологиялық өзгерістер мен нейрогуморалдық қарым-қатынастың бұзылуы салдарынан жүктілік гестозы кезінде бүкіл ағзада қан тамырларының тарылуы (тамыр спазмасы) пайда болады. Осыған байланысты, олардың барлық қасиеттері бұзылады, сөйтіп оның физиологиялық күш-қуаты кеміп, қан айналымының өзгеруіне әкеліп соғады. Жоғарыда аталған қасиеттер бүкіл ағзадағы оттегінің азаюына душар етеді, осының салдарынан жасушаларда оттегі жетіспейді. Осы аталған жағдайлардың барлығы да әйелдің жүктіліктің екінші жартысындағы токсикозға шалдығуына әкеледі.





Дата публикования: 2014-10-30; Прочитано: 1990 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.005 с)...