Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Ауыл шаруашылығы өндірісіндегі шығындар және оларды жіктеу



Ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысатын кәсіпорындардың негізгі мақсаты өнім өндіру, жұмыстар мен қызмет көрсету және оларды сатудың нәтижесінде пайда табу болып табылады. Ауыл шаруашылығы өндірісінің және жалпы кәсіпорын мен оның құрылымдық бөлімшелерінің тиімділігін сипаттайтын көрсеткіштер жүйесінде өзіндік құн маңызды орын алады. Өзіндік құнның құрамын оны қалыптастырушы шығындар анықтайды.

Өнімнің өзіндік құны ұйымның өндірістік-шаруашылық қызметін сипаттайтын негізгі экономикалық көрсеткіштердің бірі бола отырып, кәсіпорын табысының қалыптасуына, қорлар мен резервтердің жасақталу деңгейіне ықпал етіп қана қоймайды, сонымен бірге бағаның қалыптасуына да әсер ететіні сөзсіз анық. Оңтайлы басқару шешімдерін қабылдау мақсатында ұйымның өндірістік қызметінің барлық кезеңдеріндегі шығыстарды анықтаудың маңыздылығы өте жоғары. Себебі, осы уақытқа дейін экономикалық әдебиеттерде шығындар жөніндегі бірыңғай пікірлердің жоқтығынан отандық тәжірибеде «шығындар», «шығыстар» және «өндіріс шығындары», «өндіріске жұмсалынған шығындар» бірдей ұғымда пайдаланылып келді.

Ұзақ уақыт бойы шығындар «қазандық» деп аталатын тәсілмен анықталып, ол кәсіпорынға өндірістегі шығынның бағыты, пайда болу орындары және шығарылатын өнімнің түрлері бойынша шығындарды бақылау үшін қажетті мәліметтерді алуға мүмкіндік бермейтін. Сондықтан, шығындардың сыныпталуын қарастырмас бұрын отандық және шетелдік авторлардың шығындарды жіктеу тәртіптеріне және оларға берген анықтамаларға назар аударып, авторлық пікірді берген жөн.

Біздің ойымызша, өндіріс шығындары деп - ұйымның өнім өндіру, жұмыстар мен қызметтер орындау кезінде жұмсаған заттай және еңбек шығындарының жиынтығы деп түсінеміз, яғни бұл шығындарды біз өндіріске жұмсалған шығындар деп айта аламыз. Демек, өнімге жұмсалған шығындар өнімнің өндірістік өзіндік құны болып саналады.

К.К. Кеулімжаев «Өндіріс шығындары - деп өнімдер мен тауар өндіруге (жұмыстар мен қызметтер көрсетуге) жұмсалынатын тірі және заттай еңбектердің шығындарын мойындаған дұрыс»,- деп көрсетеді. Демек, өнімнің (жұмыстар мен қызметтердің) өндірісімен байланысты шығындар өзінің құрамы, экономикалық маңызы, өндірістегі орны және өнімнің өзіндік құнына қосылу тәртіптері бойынша бірдей емес деп түсіндіреді. Бұл автордың өндіріс шығындарына берілген анықтамысын талдай отырып, біз өндіріс шығындары экономикалық мазмұны, өндіріс көлеміне қатысы, өзіндік құнға қосылу тәртіптері, пайда болу мерзімі, тиімділігі, жоспарды қамту дәрежесіне байланысты әртүрлі болып бөлінетінін атай отырып, олардың шығыстардан айтарлықтай айырмашылығы бар екенін толық дәлелдеуге мүмкіндіктер бар.

Демек, бұл шығындар – өнім (жұмыстар мен қызметтер) өндірісі кезінде тұтынылатын материалдық, еңбек және ақшалай ресурстардың және ұйымның балансында көрсетілетін, болашақта табыс әкелу мүмкіндігі бар активтердің (запастардың немесе қорлардың) құны. Бұдан шығатын қорытынды «шығыcтар» ұғымы «өндіріске жұмсалған шығындар» ұғымынан кең екендігін анықтауға болады. Сонымен, «өндіріске жұмсалған шығындар» - өнімді (жұмыстар мен қызметтерді) өндіру кезінде тұтынылатын ресурстардың бөлігі.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында қаржылық есепке қатысты нормативтік құжаттарда «шығындар» мен «шығыстар» түсінігі арасында ешқандай шектеу қоймайды. Мәселен, №2 «Қорлар» қаржылық есептіліктің халықаралық стандартында (ҚЕХС) тек «шығыстар» терминіне түсініктеме берілген, яғни шығыстар – бұл акционерлік капиталдың құрылтайшылары арасында капиталды бөлумен байланысты емес есепті мерзімнің ішінде активтердің ағымы немесе олардың тозуы және міндеттемелердің жоғарылауы салдарынан капиталдың азаюына әкелетін экономикалық пайданың төмендеуі.

Қаржылық есептің ұлттық стандартында шығыстар деп - қатысушылардың шешімі бойынша салымдардың азаюын қоспағанда ұйым капиталының төмендеуіне әкелетін активтердің (ақша қаражаттары мен басқа да мүліктердің) азаюы немесе міндеттемелердің пайда болуы деп түсініктеме берілген. Демек, қаржылық есептің ұлттық стандартында «шығыстар» түсінігіне берілген анықтама ҚЕХС-дағы анықтаманың ұстанымымен толықтай сәйкесті болып отыр.

Ал, біздің пікірімізше шығыстар – бұл шаруашылықтың есепті мерзім бойы табыс алумен байланысты ұйым активтерінің төмендеуі, яғни шығыстарға өнімнің өзіндік құнына енбейтін басқа да шығындар жатады.

М.Б. Байдаулетов өзінің ғылыми еңбегінде «... өндіріске жұмсалынған шығындар алдыменен материалдандырылып, актив ретінде нақты өзіндік құн бойынша тіркеліп, дайын өнім (жұмыс пен қызмет) түрінде болашақта табыс әкелу қасиетіне ие болады. Өндіріске жұмсалынған шығындардың табыс әкелу қасиеті шығынның жұмсалу мақсатынан туындайды» - деп көрсеткен. Яғни, өндіріске жұмсалынған шығынның түпкілікті мақсаты – бұл табыс әкелу. Соған байланысты «шығындар» өндіріске жұмсалған шығындар мен сату шығындарының жиынтығын білдіре отырып, сатылатын өнімнің, орындалатын жұмыстың және көрсетілетін қызметтің ең төменгі құнын қалыптастырады.

Ал кезең шығындары болып табылатын әкімшілік шығындар, өнімді сату мен қызметтерді көрсету шығындары, пайыздар бойынша шығындар өнімнің өзіндік құнына қосылмай, есепті мерзімнің соңында ұйымның қаржылық нәтижесіне апарылады.

Болашақ мерзімде табыс алумен байланысты жұмсалынған шығындар активке апарылады. Оларға болашақ мерзім шығындары, аяқталмаған өндіріске шығындар және материалдық қорлар жатқызылады.

Сонымен, ұйымның шығыстарына оның негізгі қызметінде активтерді пайдалану мен оларды есептен шығаруға байланысты табыстың кемуінің нәтижесінде капиталдың азаюына және міндеттемелердің көбеюіне, сондай-ақ зиян шегуге әкелетін басқа да шығындар жатады деп тұжырым жасаймыз.

Ауыл шаруашылығында өндіріс шығындары есебіне объективті сипаттама беру үшін ғылыми негізделген шығындардың жіктемесі болуы қажет. Өндірістік шығындарды топтастырудың қажеттілігі шығындардың құрамы мен экономикалық мазмұны бойынша өнімді дайындау, жұмыстарды орындау мен қызметтерді көрсету кезінде олардың технологиялық процесі кезіндегі алатын орнына қарай, шығындар есебінің бағыты мен мақсаты, сондай-ақ өзіндік құнға қосылу тәртіптеріне байланысты біртекті еместігінен пайда болып отыр. Сонымен қатар, өндірістік шығындарды экономикалық маңызы мен рөліне қарай топтастыру арқылы өндіріс процесін тиімді және ұтымды ұйымдастырып, тиімді басқару шешімдерін қабылдауға толық мүмкіндіктер болады.

Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындарда өндірістік шығындардың жіктемесін беру үшін, алдыменен мына жағдайларға жете назар аудару қажет деп санаймыз:

- ауыл шаруашылығы өндірісінің технологиялық-ұйымдық ерекшелігіне;

- әртүрлі меншік нысанында ішкі шаруашылық байланыстар мен шаруашылық субъектісін басқарудағы ұйымдық-құқықтық құрылымға.

Ауыл шаруашылығында шығындарды өндіріс процесіне қатысы бойынша бөлу өте маңызды болып табылады, өйткені өндіріс сатысының айналымындағы шығындар бұл - өндіріс процесіндегі шығындар болып есептелінеді. Бірақ, бұл - шығындардың барлығы өндіріс процесіне бірдей қатынаста болады дегенді білдірмейді. Олардың бірі - өндіріс процесін жүзеге асырумен тікелей байланыста болатын болса, яғни негізгі шығындар болып саналса, басқалары ұйымдастыру және басқарумен байланысты болады, яғни олар өндірісті ұйымдастыру және оған қызмет көрсету шығындары болып табылады.

Ауыл шаруашылығында, соның ішінде өсімдік және мал шаруашылығы саласында өнім өндіру технологиясымен тікелей байланысты негізгі шығындарға өндіріс жұмысшыларының еңбек ақылары, отырғызылатын тұқым, жанар-жағар май, азық шығындары, малдарды қорғау құралдарын, яғни дәрі-дәрмектерді, азық құрамындағы қоспа заттарды жатқызады. Бұл шығындар өндіріс технологиясына қатысы бойынша, сонымен қатар өндірілетін өнімнің өзіндік құн құрамындағы үлес салмағы бойынша да негізгі шығындар болып саналады.

Үстеме шығындар деп - өндірісті басқару, ұйымдастыру және қызмет көрсетумен байланысты, кешенді сипатқа ие және құрамында шығын элементтерінің барлық түрлері көрініс алатын шығынның түрін айтамыз. Үстеме шығындар өндіріске немесе жалпы салаға ортақ қатысы бар және өндіріс түрлері мен есеп объектілері арасында жанама бөлінуге жататын шығындарды білдіреді.

Шығындарды тікелей және жанамаға бөлу өнімнің белгілі-бір түрін өндіруге тікелей қатысты болатын және оның өзіндік құнына бірден апарылатын шығындардың, яғни өндірістік жұмысшылардың еңбек ақылары, азық, малдарды қорғау құралдары және т.б., сонымен қатар бір уақытта бірнеше өндіріс объектісіне қатысты, яғни белгілі бір өнімнің өзіндік құнына тікелей қосылмайтын, жанама бөлінетін шығындардың бар болуына байланысты. Әсіресе, бұл ауыл шаруашылығында көп кездеседі, өйткені ауыл шаруашылығы бірнеше өндірістік бөлімшелерден және әртүрлі шығындар есебінің объектілерінен құрылады.

Өндіріс көлеміне қатысы бойынша шығындар өзгермелі және тұрақты болып бөлінеді. Өзгермелі шығындар өнім көлемінің өзгерісіне байланысты пропорционалды өзгеріп отыратын шығындар болатын болса, ал тұрақты шығындар өндіріс көлемінің өзгерісі кезінде өзгермейтін немесе маңызсыз өзгеретін шығындар болып табылады

Демек, өндіріс шығындарының жіктемесіне қарай толық анықтама беру үшін оларды төмендегі белгілеріне қарай жіктеп көрсетуге болады:

· өндіріс процесіндегі экономикалық рөліне қарай – негізгі және үстеме;

· құрамы бойынша – бір элементті және кешенді;

· өндіріс көлеміне қатысты - өзгермелі және тұрақты; шартты-өзгермелі және шартты-тұрақты;

· әрбір өнімнің өзіндік құнына қосылу тәсіліне қарай – тікелей және жанама;

· пайда болу жиілігіне қарай – ағымдағы және бір реттік;

· өндіріс процесіне қатысуына қарай - өндірістік және өндірістен тыс (кезең шығындары);

· жұмсалу маңыздылығына, тиімділігіне қарай - өндірімді және өндірімсіз;

· жоспарды қамту мүмкіндігіне қарай – жоспарланатын және жоспарланбайтын.

Негізгі шығындарға өнім (жұмыстар мен қызметтер) өндірісі немесе технологиялық процеске байланысты шығындар жатады. Оларға шикізат, материалдар, өндірістік жұмысшылардың еңбек ақылары, технологиялық мақсатқа отын және т.б. шығындар жатады.

Үстеме шығындарға өндірісті ұйымдастыру мен қызмет көрсету шығындары атап айтқанда өндірістік бөлімшелердегі әкімшілік-шаруашылық қызметкерлердің еңбек ақылары, жарықтандыру, өндірістік ғимараттарды жылыту, өндірістік негізгі құралдарды жөндеу және т.б. шығындар жатады.

Бір элементті шығындар деп – бір типті экономикалық элементтен құралған және құрамдас бөліктерге бөлуге келмейтін шығындар жатады.

Кешенді шығындарға бірнеше экономикалық элементтен тұратын шығындар жатады. Оларға үстеме шығындар, кезең шығындарын жатқызуға болады.

Өзгермелі шығындар деп өнім (жұмыстар мен қызметтер) өндірісінің көлеміне тікелей қатысы бар шығындарды айтамыз. Оларға шикізаттар мен материалдар, технологиялық мақсатқа отын мен жылыту шығындары, жұмысшылардың кесімді еңбек ақылары және т.б. шығындар жатады.

Тұрақты шығындар өндіріс көлемінің өзгерісіне байланысты өзгермейтін немесе маңызсыз өзгеретін яғни шартты-тұрақты шығындар жатады. Оларға үстеме шығындар және әкімшілік шығындарды енгізуге болады.

Сонымен қатар, нақты тәжірибеде өзгермелі тікелей шығындар мен жанама тұрақты шығындар арасындағы айырмашылықтарды анықтау кезінде белгілі-бір қиыншылықтарға кездесеміз. Оның пайда болу себебі, тәжірибеде материалдық шығындарды қоспағанда, мысалы комиссиондық сыйақыларды төлеу және рояльти сияқты шығындар бірдей уақытта өзгермелі және тұрақты бола алады. Мысалы, қызмет көрсету барысында жұмыс күшіне жұмсалған шығындарды өзгермелі және қызметке тиісті тікелей шығын деп қарастырған жөн. Ал егер, орындалатын жұмыс болмай қалып, жұмыс күші тартылып қойса, онда бұл жағдайда жұмыс күшіне жұмсалған шығындар тұрақтыға айналып, кез-келген қызметке қатысты жанама шығындар болып саналады.

Ағымдағы есепті мерзімде өнім өндірісі мен оларды сатуға байланысты жұмсалған және жиі қайталанатын шығындарды, соның ішінде шикізаттар мен материалдар, өндірістік жұмысшылардың еңбек ақыларын жатқызуға болады.

Бір реттік шығындарға өнімнің, цехтар мен өндірістік қуаттардың жаңа түрлерін игеру, басылымдарға жазылу шығындарын жатқызуға болады.

Өндірістік шығындар деп өнімді өндіруге және оның өндірістік өзіндік құнына енетін шығындарды айтамыз.

Өндірістен тыс шығындарға кезең шығындары ретінде ұйымның қызмет нәтижесіне тікелей апарылатын шығыстар жатады.

Өндірімді шығындарға өндіріс технологиясын сақтай отырып, сапа стандартына сәйкес өнім өндірумен тікелей байланысты шығындар жатады.

Өндірімсіз шығындар технология мен өндірісті ұйымдастырудағы жетіспеушіліктерге байланысты жұмсалынған шығындар. Оларға ішкі себептерге байланысты өндірістік кідірістерден жоғалтулар, өндірістегі ақау, артық орындалған жұмыс уақыты үшін еңбек ақы және т.б. шығындар жатады.

Өндірістік шығындар жоспарланады, сондықтан олар жоспарланатын шығындар болып саналады.

Өндірімсіз шығындар жоспарланбайтын шығындар болып есептелінеді.

Құрамы бойынша, яғни құрамдас элементтеріне жіктелу мүмкіндігіне қарай шығындарды бір элементті және кешенді деп бөледі. Бір элементті шығындар деп экономикалық мазмұнына қарай шығындардың құрамдас элементтеріне бөлуге келмейтін (тұқым, жанар-жағар май, азық, жем-шөп, еңбек ақы және одан аудырмдар шығындары және т.б.), ал кешенді шығындар деп – бірнеше экономикалық элементтерден тұратын (жалпы әкімшілік, ұйымдастыру және тағы басқа да) шығындарды айтуға болады.

Демек, қаржылық есептіліктің халықаралық және ұлттық стандарттары бойынша экономикалық элементтеріне қарай шығындар төмендегідей топтастырылады:

- материалдық шығындар;

- еңбекке ақы төлеу шығындары;

- әлеуметтік аударымдар;

- құралдардың тозуы;

- басқа да шығындар.

Қаржылық есептіліктің халықаралық және ұлттық стандарттары бойынша өндірістік шығындар есебі мен өнімнің өзіндік құнын калькуляциялау төмендегі шығын баптары бойынша жүзеге асырылады:

- материалдар;

- өндірістік жұмысшылардың еңбек ақылары;

- еңбек ақыдан аударымдар;

- үстеме шығындар.

Шығындардың экономикалық элементтері бойынша жіктемесінің калькуляциялық шығын баптары жіктемесінен айырмашылығы сол, мұнда кешенді шығындарды қоса алғанда барлық шығындар олардың экономикалық мазмұнын сипаттайтын түрлері бойынша көрсетіледі.

Элементтері бойынша шығындардың жіктемесі өндіріске не жұмсалғанын анықтаса, ал калькуляциялық баптарына қарай шығындардың жіктемесі шығындардың мақсаттық бағытын, олардың техника-экономикалық мазмұнын яғни бұл шығындар қайда және не үшін жұмсалғанын анықтайды.

Осы аталған шығын баптарының жіктемесінде бір типті шығындар құрамы мен мазмұны бойынша бірдей емес және жалпы шығындардың құрамында әртүрлі үлес салмаққа ие болады.

«Материалдық шығындар» элементінде ұйымның басқа жақтан сатып алған негізгі және көмекші материалдары (отырғызылатын тұқым, жем-шөп пен әртүрлі мал азықтары, құрама жемдер), жартылай фабрикаттар, жанар-жағар май, химикаттар, биопрепараттар, дәрі-дәрмектер, электр энергиясы, отын және газ, қосалқы бөлшектер, ағымдағы жөндеу материалдары, құрал-саймандар, киім-кешектер, өнеркәсіптің басқа да өнімдердің құндары мен оларды басқа ұйымдардың көліктерімен қоймаға дейін тасымалдауға байланысты шығындар көрсетіледі. Демек, материалдық шығындарды экономикалық элементтеріне жіктеген кезде өндіріске жұмсалынған материалдар толық өзіндік құнмен көрсетілмейді, яғни сатып алынған материалдарды ұйымның өз көліктерімен тасымалдау шығындары және тиеу-түсіруге байланысты жұмысшылардың еңбек ақылары шегеріліп көрсетіледі.

Ал, калькуляциялық баптарына қарай «Материалдар» бабында басқа жақтан сатып алынған шикізаттар мен материалдармен қатар, ұйымның өзі дайындаған материалдардың құндары да көрсетіледі.

Сонымен, «Материалдық шығындар» элементі бойынша шығындарды жіктеген кезде өндіріске жұмсалынған, сатып алынған материалдардың құнынан материалдарды ұйымның өз көліктерімен тасымалдау шығындары және тиеу-түсіруге байланысты жұмысшылардың еңбек ақыларынан басқа төмендегілерді де шегеру қажет:

- өндіру және өңдеу кезінде пайда болған қалдықтардың құнын;

- қоймаға қайтарылған отырғызылатын тұқымдардың, материалдардың құнын;

- ұйымның өзінде өндірілген материалдардың құнын (егер, ұқсас материалдар, құрал-саймандар және т.б. ұйымның өзінде өндіріліп және басқа жақтан сатып алынатын болса, онда алдыменен өз өндірісінде дайындалған материалдарды пайдалану қажет);

- мүмкін пайдалану бағасы бойынша ақауды;

- артық қалған материалдар, яғни «Материалдар» шотының дебеті бойынша кірістелгендер.

«Еңбекке ақы төлеу шығындары» элементінде өндірістік нәтижелері үшін сыйақыларды, ынталандыру төлемдерін, сонымен бірге ұйымның штатында тұрмаған негізгі өндірістік жұмысшылардың еңбек ақыларын қоса алғандағы барлық өндірістік жұмысшылардың негізгі және қосымша еңбек ақы сомалары көрсетіледі.

Бұл шығындарды калькуляциялық баптарына қарай жіктеген кезде өндірістік жұмысшылардың еңбек ақылары бөлек баптар бойынша, ал цехтық қызметкерлердің еңбек ақысы үстеме шығындардың құрамында, әкімшілік-басқару қызметкерлерінің еңбек ақысы жалпы және әкімшілік шығыстарға, сату бойынша қызметкерлердің еңбек ақылары дайын өнімді (жұмыстар мен қызметтерді) сату шығындарына бөлінеді.

«Әлеуметтік аударымдар» элементінде Қазақстан Республикасының Салық Кодексіне сәйкес еңбек ақы қорынан есептелінетін әлеуметтік салық және міндетті әлеуметтік аударымдар көрсетіледі. Бұл аударымдар есепте «Еңбек ақыдан аударымдар», «Үстеме шығындар», «Жалпы және әкімшілік шығыстар» және «Өнімді (жұмыстар мен қызметтерді) сату бойынша шығындар» құрамы арқылы көрсетіледі.

«Құралдардың тозуы» элементінде ауыл шаруашылығы фермалары мен бригадаларындағы меншікті және жалға алынған өндірістік негізгі құралдарға, ұйымның территориясында орналасқан қоғамдық тамақтандыру, медициналық мекемелер ғимараттарына есептелген тозу сомалары көрсетіледі (көмекші және қызмет көрсетуші өндірістегі негізгі құралдар құндарын қоспағанда). Есепте бұл шығынды калькуляциялық баптарына қарай жіктегенде «Үстеме шығындар», «Жалпы және әкімшілік шығыстар», «Аяқталмаған өндіріс» және «Өнімді (жұмыстар мен қызметтерді) сату бойынша шығындар» құрамында бөлек көрсетіледі.

«Басқадай шығындар» элементіне өнімнің өзіндік құн құрамында көрсетілетін міндетті сақтандыру төлемдері, өрт сөндіру мен күзет қызметтері үшін төлемдер, кадрларды дайындау және қайта дайындау шығындары, жұмысшыларды жұмысқа шақыру мен оларды жұмыс орындарына тасымалдау шығындары, жалдау ақылары және лизингтік төлемдер, материалдық емес активтердің тозуы мен өзіндік құн құрамына енетін басқа да шығындар қосылады.

Шығындарды элементтеріне қарай жіктеу арқылы өндіріс жоспарларын жасауға, оның орындалуын бақылауға, айналым қаражаттарын жоспарлауға және оның пайдалануын талдауға толық мүмкіндіктер болады деп санаймыз. Ал шығындарды калькуляциялық баптарына қарай жіктеу шығындардың талдамалық есебін жүргізуге, өнімнің өзіндік құнын калькуляциялауға және бақылауға қажет. Шығындардың бұл жіктемесі өндірістік шығындарды пайдалану мақсатын, яғни қандай-да бір шығынның өнім (жұмыстар мен қызметтер) өндірісіне немесе қызмет көрсетуге тікелей байланыстылығын көрсету үшін арналған.

Шығындарды мерзіміне қарай ағымдағы және бір реттік шығындар деп бөлуге болады.

Ағымдағы шығындар үздіксіз өндіріс процесімен байланысты жұмсалатын шығындар, оларға қой шаруашылығында еңбек ақы, жем-шөп, мал азығының басқа құрама бөліктері жатады. Ал, бір реттік шығындарға малдарды дәрілеу, дезинфекциялау шығындарын жатқызуға болады.

Жоспарды қамту деңгейіне байланысты өндірістік шығындарды жоспарланатын және жоспарланбайтын деп жіктейді. Мұнымен бірге біз қой шаруашылығының өндірістік ерекшелігіне байланысты ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында шығындарды нормативті (жоспарлы) және нақты шығындардың нормадан ауытқулары деп жіктеген дұрыс. Шығындардың мұндай жіктемесін нормативтік есеп әдісін қолданатын кәсіпорындармен қатар, процестік және бөлістік есеп әдістерін қолданатын ауыл шаруашылығы ұйымдарында кеңінен қолдануға болатынын айтып өткен жөн.

Өсімдік және мал шаруашылығында өндіріске жұмсалған барлық шығындар негізгі және жанама өнімнің өзіндік құндарына таратылады.

Өндіріс шығындарын баптары бойынша жіктеу олардың әрбір түрлері бойынша және жұмсалған жерлері бойынша бақылау үшін және талдау үшін қажет. Сонымен қатар, шығындардың баптары бойынша есепті ұйымдастыру (еңбекке ақы төлеу, тұқым, жем-шөп, жанар-жағар май, автокөлік қызметтері және т.б.) осы шығындардың әрбір құрылымдық бөлімшелердегі өнімнің өзіндік құнының қалыптасуына тигізетін әсерін анықтауға, сондай-ақ өзіндік құнды төмендетудің резервтерін шығаруға және оны нақты іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді.

Енді шығындардың калькуляциялық баптарына жеке тоқталатын болсақ, онда:

«Материалдар» шығын баптары бойынша өткен жылы шаруашылықтың өзі дайындаған отырғызылатын тұқымы, жем-шөптер, яғни мал азықтары өнімнің өзіндік құнына баланста көрсетілген құны бойынша, ал есепті жылы шаруашылықтың өзі өндірген немесе дайындаған тұқымы, жем-шөптері яғни мал азықтары өзіндік құнға жоспарлы өзіндік құнмен қосылып, жыл соңында жоспарлы өзіндік құн нақты өзіндік құнға дейін жеткізіліп, түзетіледі.

Сатып алынған тұқым, жем-шөп, отын, жерді өңдеуге жұмсалатын химиялық тыңайтқыштар, малды қорғаудың химиялық құралдары, дәрі-дәрмектер мен биопрепараттар, дезинфекциялау құралдары, мұнай өнімдері, ыдыстық материалдар, қосалқы бөлшектер және басқа да материалдар сатып алу бағалары мен осыларды шаруашылықтың қоймаларына дейін жеткізу шығындарының негізінде есепке алынады. Жанар-жағар май оларды сатып алу бағалары мен сақтау орындарына дейінгі жеткізу шығындары негізінде есепке алынады.

Өндіріске тікелей қажетті электр энергиясы, су және жылу шығындары, егер шаруашылықтың өзінде өндіріліп пайдаланылатын болса, онда оны өндіру мен жеткізуге жұмсалған барлық шығындардың негізінде есепке алынады да, ал басқа жақтан сатып алынатын болса, онда олардың сатып алу бағалары мен жеткізу шығындарының мөлшерінде есепке алынады.

«Еңбек ақы шығындары» бабы бойынша өсімдік шаруашылығында жұмысшылардың өндірген өнім (жұмыс пен қызмет) көлемі үшін немесе жұмыс істеген жұмыс уақыты үшін тарифтік баға мен қызмет ақысы бойынша есептелген жалақы; өнімділікті арттырғаныегісті аман сақтағаны, төжәне өнім сапасын жақсартқаны үшін, сондай-ақ көп жылғы еңбегі үшін төленетін қосымша ақы; өсімдік шаруашылығы өндірісінде тікелей жұмыс істейтін мамандардың, яғни агрономдар мен ферма меңгерушілерінің негізгі және қосымша еңбек ақылары көрсетіледі.

«Еңбек ақыдан аударымдар» бабында ҚР Салық Кодексіне сәйкес еңбек ақы қорынан есептелінетін әлеуметтік салық пен міндетті әлеуметтік аударымдар (шығын бағыттары) бойынша көрсетіледі.

Жалпы өндірістік (үстеме) шығын бабына жоғарыда айтылған шығындардан басқа отарды бағумен тікелей айналысатын жұмысшыларды техникалық қауіпсіздендіру, оларға тұрмыстық қызмет көрсету, шопандардың көп жылғы еңбегі үшін сыйақылар, кадрларды дайындау және қайта дайындау шығындары, жұмысшыларды жұмысқа шақыру мен оларды жұмыс орындарына тасымалдау шығындары, күзет қызметтері және негізгі шығындар құрамында көрсетілмейтін басқа да материалдардың (сым, жіп, құрал-саймандардың) құндарын, мал өлімінен және ақаудан жоғалтулар, өлген және ұрланған қой басының құны (кінәлі тұлға жоқ болса), белгіленген стандарттар мен талаптарға сәйкес келмейтін алынған ақау терілер мен жүннің құны есепке алынады.

Ауыл шаруашылығы ұйымдарында бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікті дайындау негізінен №41 «Ауыл шаруашылығы» қаржылық есептің халықаралық стандарты және Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес, сондай-ақ жеңілдетілген декларацияның негізінде шаруа немесе фермерлік қожалықтарға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін заңды тұлғаларға арналған арнайы салық режимдерін қолданатын шағын кәсіпкерлік субъектілерінің бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау тәртібін анықтау үшін арналған №1 Қаржылық есептің ұлттық стандартына сәйкес ұйымдастырылады.

Сонымен, шығындардың экономикалық мәнін, оның құрамы мен жіктемесін зерттей отырып «шығындар» – бұл өнім (жұмыстар мен қызметтер) өндірісі кезінде тұтынылатын материалдық, еңбек және ақшалай ресурстардың сондай-ақ ұйымның балансында көрсетілетін, болашақта табыс әкелу мүмкіндігі бар активтердің немесе қорлардың құны. Ал «өндіріске жұмсалған шығындар» яғни ұйымның өнім өндіру, жұмыстар мен қызметтер орындау кезінде жұмсалған заттай және еңбек шығындарының жиынтығы, сондай-ақ «шығыстар» деп ұйымның негізгі қызметінде активтерді пайдалану мен оларды есептен шығаруға байланысты табыстың кемуінің нәтижесінде капиталдың азаюына және міндеттемелердің көбеюіне, сондай-ақ зиян шегуге әкелетін басқа да шығындар жатады.

Бақылау сұрақтары:

1. Ауыл шаруашылығы саласының технологиялық ерекшеліктеріне сипаттама беріңіздер және олардың бухгалтерлік есепті ұйымдастыруға тигізетін әсері қандай?

2. Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі және қолданылып жүрген заңдар мен заңдылықтарға сәйкес ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының ұйымдық-құқықтық нысандарына сипаттама беріңіздер.

3. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында бухгалтерлік есептің негізгізгі міндеттеріне шолу жасаңыздар.

4. Ауыл шаруашылығы өндірісіндегі «шығындар», «шығыстар» «өндіріске жұмсалынған шығындар» түсініктерінің бір-бірінен айырмашылықтары қандай?

5. Өндіріс процесіндегі экономикалық рөліне қарай бөлінетін негізгі және үстеме шығындарға сипаттама беріңіздер.

6. Құрамы бойынша бір элементті және кешенді шығындарға сипаттама беріңіздер.

7. Өндіріс көлеміне қатысты өзгермелі және тұрақт, шартты-өзгермелі және шартты-тұрақты шығындарға сипаттама беріңіздер.

8. Өнімнің өзіндік құнына қосылу тәсіліне қарай тікелей және жанама шығындарға сипаттама беріңіздер.

9. Пайда болу жиілігіне қарай ағымдағы және бір реттік шығындарға сипаттама беріңіздер.

10. Өндіріс процесіне қатысуына қарай өндірістік және өндірістен тыс

шығындарға сипаттама беріңіздер.

11. Жұмсалу маңыздылығына, тиімділігіне қарай өндірімді және өндірімсіз шығындарға сипаттама беріңіздер.

12. Жоспарды қамту мүмкіндігіне қарай жоспарланатын және жоспарланбайтын шығындарға сипаттама беріңіздер.

13. Материалдық шығындар бабының құрамына шолу жасаңыздар.

14. Өндірістік жұмысшылардың еңбек ақы шығындары бабының құрамына сипаттама беріп өтіңіздер.

15. Еңбек ақыдан аударымдар шығын бабының құрамына сипаттама беріп өтіңіздер.

16. Үстеме шығындар бабының құрамына сипаттама беріңіздер.

Тест сұрақтары:





Дата публикования: 2014-10-30; Прочитано: 4322 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.024 с)...