Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Мақсаты мен міндеттері



Ауыл шаруашылығы материалдық өндірістің негізгі салаларының бірі болып табылады. Оның басты мақсаты халықтың тамақ өнімдеріне, ал өндірістің шикізатқа деген өскелең талабын толық қанағаттандыру мақсатында өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерін өндірудің көлемін одан әрі арттыру болып табылады.

Бухгалтерлік есептің көмегімен кәсіпорынды басқару, өнімге баға қою үшін қажетті өндірістің көлемімен өнімді тарату,оның өзіндік құны, еңбек өнімділігі, рентабельділіктің дәрежесі және басқалары туралы сенімді сенімді де уақытылы мәліметтер алынады. Есептің мәліметтері меншіктің сақталуын бақылауға, техниканы жөндеуге және күрделі құрлысқа жұмсалынатын шығындарды анықтауға, машиналар мен жабдықтарды пайдалану, жаңа техниканы игеру, химияландыру, егістіктерді өңдеудің интенсивті технологиялардың, суландыру және басқа да құралдарды қолданудың экономикалық тиімділігі жөнінде мәліметтер алуға мүмкіндіктер береді.

Жалпы ауыл шаруашылығындағы өндірістің тиімділігіне ұйымдастыру-басқару, жоспарлау, нормалау, талдау, ішкі бақылау шаралары маңызды әсер етеді. Қазіргі ауыл шаруашылығы тәжірибесінде бұл мәселелерге дұрыс көңіл бөлінбей, соның салдарынан ауыл шаруашылығы кәсіпорындары өндірісте шығындарды тиімсіз жұмсап, көп жағдайда материалдық шығынға ұшырап отырады. Сондықтан, өсімдік және мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындарда кез-келген уақыт мерзімінде және технологиялық процестің әрбір сатысында өндіріс шығындарының тиімді әрі үнемді жұмсалуын бақылауды қамтамасыз ететін және соның негізінде қажетті жедел шешім қабылдауға мүмкіндік беретін ішкі өндірістік есепті қайтадан жандандырудың қажеттілігі туындап отыр.

Өсімдік және мал шаруашылығы өндірісін тиімді жүргізу үшін және осы салалардың рентабельділігін жоғарылату мақсатында шығындарды жедел талдап, бақылап және өндірістік тапсырмалардың орындалуын қадағалап отыру қажет.

Өндірістегі еңбек және материалдық шығындардың жұмсалуына кешенді бақылау жүйесін орнату үшін өндіріс шығындарын әрбір технологиялық процестер (жер жырту, өңдеу, жақсарту, тұқым отырғызу, оны күтіп-бағу, малды азықтандыру, ұрықтандыру, төл алу, жүн қырқу, қозыларды анасынан айыру және т.б.) бойынша алғашқы есептерде қатаң көрсетудің қажеттілігі туындайды. Бұл процестер шығындар есебінің объектісі болып саналуы қажет.

Сонымен бірге, ауыл шаруашылығында шығындардың басқарушылық есебінің тиімділігіне саланың технологиялық ерекшелігімен қатар, шаруашылықты ұйымдастырудың сипаты да әсер етеді. Атап айтатын болсақ, шаруашылық ішіндегі еңбекті ұйымдастыру нысандары, ішкі есеп айырысу формалары, субъектінің ұйымдық-құқықтық нысаны және т.б. Бұл ерекшеліктер тек өндіріс процесін жедел басқарумен байланысты емес, сонымен бірге осы саладағы әрбір тұлғаның материалдық жауаптылығын, өнім сапалылығын жоғарылатудағы жауапкершілігін де жоғарылатуға мүдделі болуымен байланысты.

Ауыл шаруашылығы ұйымдарының басшыларына тиімді басқару шешімдерін қабылдау үшін жедел ақпараттар қажет, бірақ қазіргі кезде көптеген кәсіпорындар басқару мақсаты үшін өткен мерзімдегі бхгалтерлік есеп жүйесіндегі мәліметтерді пайдаланады. Демек, ауыл шаруашылығы ұйымдарының өндірістік-қаржылық қызметтері туралы толық және жедел мәліметтерді алу үшін олардың құрылымдық бөлімшелері бойынша, яғни «жауапкершілік орталықтары» бойынша жедел есепті ұйымдастырудың қажеттілігі туындап отыр.

Нарықтық экономика жағдайында ауыл шаруашылығын тиімді жүргізу мақсатында өндіріс шығындарын жедел талдау мен бақылау, сондай-ақ қажеттілігіне қарай өндірістік тапсырмаларды уақытылы түзетіп отыру қажет. Басқарудың осы аталған қызметтерін ойдағыдай жүзеге асыру үшін ақпараттық негіз болып есеп беру болып саналғандықтан, ол жедел басқару мен ұйымдастыру үшін басшыларды толықтай ақпараттармен қамтамасыз етуі тиіс. Бұдан ауыл шаруашылығы ұйымдарында бухгалтерлік есепті, бақылау қызметтерін күшейтудің нәтижесінде оның айғақтылығын, жеделдігін, нақтылығын жоғарылата отырып, есепті өндіріс шығындарын жедел бақылау мен басқару механизмдеріне қарай жетілдірудің қажеттілігін көрсетеді.

Өсімдік және мал шаруашылығында материалдық және еңбек шығындарын төмендетуді жүйелі бақылау үшін әрбір технологиялық процеске (жер жырту, өңдеу, жақсарту, жұмыртқаларды отырғызу, оны күтіп-бағу, малды азықтандыру, қой қырқу, ұрықтандыру, төл алу, оларды анасынан айыру, жүн қырқу жұмыстарын ұйымдастыруға) қатысты шығындарды нормалап және қатаң түрде есепте көрсету қажет.

Жоғарыда аталған ұйымдастыру ерекшеліктері, соның ішінде еңбектің ұжымдық нысаны, мердігерлік жалдау өндіріс шығындарының есебін әрбір құрылымдық бөлімшелерде (бригадалар мен фермаларда) ұйымдастыруды қажет етеді. Бұл тек өндірістік процесті жедел басқаруға ғана емес, сонымен қатар әрбір құрылымдық бөлімшелердегі өнімнің көлемі мен сапасын арттыруда жұмысшылардың материалдық қызығушылықтарын және жұмыс нәтижесін жоғарылатады.

Сондықтан, жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында бухгалтерлік есептің негізгі міндеттері болып төмендегілер саналуы қажет деп есептейміз:

- өндіріс процесінің технологиялық ерекшелігіне байланысты өндіріске жұмсалынатын негізгі және үстеме шығындар міндетті түрде нормалау қажет және есепті мерзімнің соңында нақты шығындар нормамен салыстырылып, ауытқу есебі бөлек жүргізілуі тиіс;

- өндіріске жұмсалынған шығын мөлшері мен алынған өнім көлемін дер кезінде және толық есепті көрсетілуі тиіс;

- құрылымдық бөлімшелерге қызмет көрсететін басқа құрылымдардың (көмекші өндірістер мен қосалқы өндірістердің) қызметі дер кезінде есепке алынуы тиіс;

- құрылымдық бөлімшелерде өндіріс құралдарының, еңбек ақы қорының дұрыс пайдалануын, отырғызылатын материалдар, жем-шөп және басқа да материалдық ресурстардың мөлшерге сәйкесті жұмсалуын жедел бақылауды қамтамасыз етуі қажет.

Ауыл шаруашылығы ұйымдарында жедел басқару үшін алғашқы құжаттарды дер кезінде әрі толық рәсімдеумен қатар, ұйымдағы материалдық жауапты тұлғалардың есеп бөліміне дер кезінде есеп берулерді тапсыруы маңызды әсер етеді. Жалпы ауыл шаруашылығына бағытталған кішігірім фермерлер мен серіктестіктерде бұл мәселеге жеткілікті түрде көңіл бөлінбей келеді. Оның негізгі себептерінің бірі – бүгінгі күнге дейін ауыл шаруашылығы үшін шығындар есебі мен өнімнің өзіндік құнын калькуляциялау және бақылауға байланысты арнайы қабылданған нормативтік актілердің немесе әдістемелік ережелердің жоқтығы болып отыр. Сонымен қатар, көптеген ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары есептің өндірісті басқарудағы қажеттілігін және маңыздылығын әлі де болса бағаламай келеді.

Ауыл шаруашылығында өндірісті және өзіндік құнды тиімді басқару үшін ұйымның есеп бөлімінде және өндіріс орындарында әрбір жауапты тұлға бойынша алғашқы құжаттар дұрыс және уақытылы рәсімделіп, беріліп отыруға тиісті. Өкінішке орай, қазіргі таңда ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындарда құжат айналымын тиімді ұйымдастыру мәселесіне айтарлықтай назар аударылмайтыны анық байқалып отыр.

Қазіргі таңда ауыл шаруашылығындағы өндіріс технологиясының жағдайы, еңбекті ұйымдастыру нысандары, сондай-ақ ауылдағы баға саясаты және бәсекелестік мәселелері тұрғысынан алып қарағанда есеп пен бақылау жүйесі түбегейлі қайта жаңартуды және жетілдіруді қажет етіп отырған күрделі мәселе. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы басшылары әлі де болса да, бухгалтерлік есепті басқарудың негізгі құралы ретінде мойындамай, соның нәтижесінде үнемділік, тиімділік және басқарудың маңыздылық ұстанымдарының әсері де жоғары болмай отыр.

Демек, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына шаруашылықты жүргізудің негізгі әдісі – өндірістік есеп. Оның негізіне еңбек, материалдық және қаражат ресурстарын үнемді жұмсау, әртүрлі ысырапты және өнімсіз шығындарды болдырмау, ұтымды пайдалану тәртібін жүргізу арқылы жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізуга болады. Шаруашылықты жүргізудің бұл әдісін қолдануда бухалтерлік есеп маңызды рөл атқарады. Ол шаруашылықтың тұтастай және оның бөлімшелерін өндірістік міндеттерін орындауды бақылап отыруы тиіс. Бұған осы заманғы компьютерлік бағдармаларды, есептеудің озат түрлері мен әдістерін қолданып, қызметкерлердің мамандығын арттыру арқылы қол жеткізуге болады. Бухгалтерлік есептің алдында тұрған міндеттерді шешу, оны ұтымды түрде ұйымдастырмайынша мүмкін емес.

Бухгалтерлік есепті ұтымды ұйымдастырудың алғышарттары болып мыналар саналады:

1) Ауыл шаруашылығындағы меншік түрлерінің ұйымдық-құқықтық әрекет ету ерекшеліктеріне байланысты бухгалтерлік есепті жүргізудің арнайы ережелерін дайындау;

2) Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының есеп тәжірибесін қазіргі ұлттық және халықаралық есеп стандарттарына сәйкестендіру;

3) Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін алғашқы есеп құжаттары мен есеп регистерлерінің үлгілерін дайындау;

4) Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін есеп берудің тиімді нысандарын дайындау;

5) Агроөнеркәсіп саласына бағытталған білікті есеп және қаржылық басқару қызметкерлерін дайындау.

Демек, бухгалтерлік есепті тиімді ұйымдастыру қолда бар материалдық, еңбек және ақша ресурстарын бақылап, дұрыс пайдалануды, өнімдер өндіріп, оның өзіндік құнын төмендету жоспарын орындау мақсатында ішкі резервтерді пайдалануды, белгіленген уақытта есеп беріп және оның мәліметтерінің жедел талдануын қамтамасыз етуі тиіс. Есепті тиімді жүргізу үшін есеп жұмысын ұйымдастыруды жоспарлаудың үлкен маңызы бар. Есепті ұйымдастырудың жоспары бұл - есеп және салық саясаты, құжаттар айнылымы, түгендеу жүргізу, тексеру, бақылау, есеп беру жоспарларынан тұрады.

Есеп және салық саясатында ұйымның бухгалтерлік есепті алғашқы ұйымдастыру мен қаржылық және салықтық есеп беруге байланысты есептің әрбір объектісіне тиісті ережелер мен әдіс-тәсілдердің тәжірибелік жиынтығы көрсетіледі.

Құжат айналымының жоспарында құжаттарды алғашқы рәсімдеу сәтінен оларды мұрағатқа өткізгенге дейінгі қозғалыс кезеңі көрсетіледі. Бұл кезеңде құжаттарды жасап, олармен әріқарай жұмыс істейтін адамдар атап көрсетіледі.

Түгендеуді жүргізу жоспары ұйымның негізгі құралдары, өнім малы мен жұмыс малы, тауарлық-материалдық игіліктері, ақша қаражаттары, аяқталмаған өндірісі, күрделі қаржы мен есеп айырысулардың (жылдық және жыл ішінде) нақты бары мен құжаттағы мәліметтеріне түгендеу жүргізу мерзімдерін қарастырады.

Тексеру мен бақылау жүргізудің жоспарын ұйымның қаржылық-шаруашылық қызметін тексеріп, бақылап отыру үшін жасайды. Жоспарды әрбір тексеру мен бақылаудың сипаты (толық, ішінара), уақыты, тексерудің мерзімі, орындаушылары және тексерудің немесе бақылаудың қорытын-дысын қарайтын күні көрсетіледі.





Дата публикования: 2014-10-30; Прочитано: 2314 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...