Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып: Ортақ меншік құқығы



Мақсаты: Жеке меншiк құқығының тоқтатылуы және пайда болу негiздерiмен таныстыру.

Сұрақтар:

1 Ортақ меншік үғымы.

2 Ортақ үлесті меншік қүқығы.

3 Ортақ бірлескен меншік.

1. Мүлік меншік құқығында бір немесе бірнеше адамда бола алады. Белгілі бір мүліктің меншік құқығында тиесілі бола алатын субъектілерінің (тұлғаларының) санына қарай бұл құқық бірсубъектілік және көпсубъектілік болып бөлінеді. Екі немесе бірнеше адамның меншігіндегі мүлік оларға ортақ меншік құқығымен тиесілі болады, - делінген АК-ның 209-бабының 1-тармағында. Сонымен, заңдық мағынада ортақ меншік екі немесе одан көп тұлғаларға меншік қүқығында тиесілі мүлікті білдіреді. Бұл тұлғалар АК-да ортақ меншікке қатысушылар, ал құқық ғылымында және оқулық әдебиеттерде ортақтас меншік иелері деп аталады.

Көпсубъектілік ортақ меншіктің субъективтік құқығының ерекшелігін көрсетеді. Бұл ерекшелік АК-да өзінше ортақ меншік құқығы институтын бөліп алуға әкелді (АК-ның 11-тарауы).

АК-ның ортақ нормалар ретінде көрініс табатын бірсубъектілік құқық нормалары ортақ меншік құқығын да реттейді. Әрине, ол ортақ меншік туралы арнайы құқықтардан алшақ кетпейтін шамада реттейді.

Ортақ меншікті АК екі түрге: үлесті меншікке және бірлескен меншікке бөледі (209-баптың 2-тармағы). Үлесті меншікте мүлік меншік иелерінің әрқайсының меншік құқығындағы белгілі бір үлесімен ортақ меншікте болады, ал бірлескен меншікте ондай үлестер анықталмайды. Егер заң актілерінде өзгедей белгіленбеген болса, мүлікке ортақ меншік үлесті болып табылады.

Ортақ меншік ұғымы - кең ауқымды ортақ мүлік үғымының негізгі түрі. Соңғы ұғым тек ортақ меншікті ғана емес, сонымен қатар ортақ заттық және міндеттемелік мүліктік құқықтарды да қамтиды. Сондықтан, ортақ меншік құқығын, ортақ мүлікке құқықтың түрі ретінде, басқа ортақ заттық және міндеттемелік құқықтардан айыру қажет. Ортақ заттық құқықтың неғұрлым көп таралған және неғұрлым заң жүзінде реттелген түрі - ортақ жер пайдалану құқығы. Бұл құқық, егер заңды түрде азаматтық айналымда жүрген болса, өзінің сипаты жағынан меншік құқығына жақын. Ортақ жер пайдалану құқығы, ортақ меншік құқығы сияқты үлестік және бірлескен болуы мүмкін (Жер кодексінің 53-бабы) [10]. Басқа ортақ заттық құқықтар, мысалы, ортақ шаруашылық жүргізу құқығы немесе ортақ оралымды басқару құқығы, заң тұрғысынан онша реттелмеген, бірақ ондай құқықтардың болуын заң жоққа шығармайды.

Ортақтас меншік иелері құқығының үшінші жақпен қатынастарда да, өзара қатынастарда да өз ерекшеліктері бар, олар жайында алда толығырақ айтылады.

2. Ортақ үлесті меншік құқығында оның әрбір қатысушысының белгілі бір үлесі болады. Бұл ортақ мүліктегі немесе оның құқығындағы үлес емес, ортақ меншік күқығындағы үлес. Бұл үлес ортақ үлесті меншіктің барлық басқа қатысушыларының үлестеріне қатысты бөлшекпен өлшенеді, мысалы, үлесті меншіктің барлық ортақ құқығына қатысты 1/4, 1/2, 3/5, т.с.с. Сонымен, ортақ мүлік үлесті меншіктің қатысушылары арасында бөлінбейді, ортақ мүліктің құнындағы үлес бөлініп алынбайды.

Қатысушылардың ортақ меншік құқығындағы үлестері тең де, тең емес те болуы мүмкін. АК үлестердің теңдік презумпциясына сүйенеді. Егер заң құжаттарында немесе үлесті меншіктің барлық қатысушыларының келісімдерінде өзгеше көзделмеген болса, олар тең (АК-ның 210-бабының 1-тармағы).

Меншік құқығындағы үлес дегеніміз - заңдық конструкция, оның көмегімен үлесті меншіктің қатысушыларының әрқайсысының ортақ мүлікті иемдену, пайдалану және билік ету өкілеттіктерін жүзеге асыру мүмкіндіктері анықталады, осы мүліктен табыстағы және оны ұстау шығынындағы үлес, сондай-ақ ортақ мүлікті бөлу және одан үлесті бөліп алу тәртібі анықталады. Шындығына келгенде, үлесті меншіктің қатысушыларына меншік құқығындағы абстрактылы үлес емес, сол үлестер әкелетін нақты мүліктік игілік керек.

Ортақ үлесті меншік құқығы өзіне АК-да меншік құқығы үшін көзделген барлық құқық өкілеттіктерін, яғни иемдену, пайдалану және билік ету құқықтарын қамтиды. Бірақ, үлесті меншік құқығындағы бұл құқық өкілеттіктерін жүзеге асырудың өз ерекшеліктері бар. Осы ерекшеліктерді АК-да қалай берілсе, сол ретімен қарастырайық, ал ол мүлікке билік етуден басталады. Бұл жерде АК ортақ үлесті меншіктегі мүлікке билік етуді үлесті меншік құқығындағы үлеске билік етуден бөліп қарайды.

Үлесті меншіктегі мүлікке билік ету оның барлық қатысушыларының келісуімен жүзеге асырылады (АК-ның 212-бабының 1-тармағы).

Ортақ үлесті меншікке билік ету оның қатысушыларының бірауыздылық принципіне негізделген. Үлесті меншіктегі мүлікті оның қатысушылары сатуы, сыйға тартуы немесе оған басқадай билік жасауы үшін, меншік құқығындағы әрбір адамның үлесінің мөлшеріне қарамай, олардың барлығының келісімін алуы тиіс.

Кондоминиум. Ортақ үлесті меншіктің кондоминиумдағы құқықтық режимі тіптен бөлекше, онда заттың жекелеген бөліктеріне бөлектелген (дара) меншіктік құқық бөлек меншіктегі сол заттың сол бөлігіне ортақ үлесті меншік құқығымен әрқашанда үйлеседі. Бұл жерде кондоминиумдағы үлесті меншік құқығы бөлек меншік құқығының туындысы, оны толықтырады, ол құқықтан бөлінбейді, соған ілесіп отырады.

Кондоминиум институты - Қазақстанның азаматтық заңнамасы үшін жаңалық. АК-да кондоминиум ұғымы ғана берілген, ал ол туралы нормалар «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңда [11] және Жер кодексінде [10] берілген. Кондоминиум туралы нормалар 26-тарауда толығырақ талданған. Айта кететін бір жағдай, кондоминиумдағы ортақ меншік туралы нормалардың өзіндік ерекшеліктері соншалық, АК-ның үлесті меншік туралы жалпы нормаларын, мысалы, үлесті меншіктегі мүлікке билік ету туралы, бұл мүлікті иемдену және пайдалану туралы, үлесті меншіктегі мүлікті сату, бөлу және еншілеудегі артықшылық құқық туралы нормаларды кондоминиумда қолдану мүмкін емес.

3. Ортақ бірлескен меншік. Ортақ үлесті меншікке қарағанда ортақ бірлескен меншік құқығындағы үлестер бөлінбейді. Үлесті еншілеу бірлескен меншікті бөлгенде немесе еншілегенде оның тоқтаған немесе өзгерген сатысы ретінде бола алады.

Ортақ бірлескен меншік, үш түрде болады: ерлі-зайыптылардың меншігі, шаруа (фермер) қожалығының меншігі, жекешелендірілген тұрғын үйге меншік (АК-ның 219-бабының 1-тармағы). Заң құжаттарында бірлескен меншіктің басқа да түрлері көзделуі мүмкін. Бірақ қазіргі кезде бірлескен меншіктің жоғарыда көрсетілгендерден басқа түрлері қарастырылмаған.

Ортақ бірлескен меншік, ол заң құжаттарында көзделген кезде және бірлескен меншіктің қатысушыларының келісімімен өзгедей көзделмеген кезде және ол кез келген уақытта үлесті меншікке айнала алатын болса, белгіленеді.

Ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі. Мүлік ерлі-зайыптыларға бөлектелген, ортақ бірлескен немесе ортақ үлесті меншік құқығында тиесілі болуы мүмкін. Заңның жалпы ережесі бойынша ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүлкі олардың бірлескен меншігі болып табылады. Ерлі-зайыптыларға некеге тұрғанға дейін тиесілі болған, сондай-ақ олардың некеде тұрған кезінде сыйға тартылған немесе мұрагерлік тәртіппен алған мүлкі олардың әрқайсысының меншігі болып табылады (АК-ның 223-бабының 1 және 2-тармақтары).

Шаруа (фермер) қожалығының бірлескен меншігі. АК шаруа (фермер) қожалығы мүшелерінің ортақ меншігінің құқықтық режимін анықтағанда шаруа және фермер шаруашылығының арасын сараламайды. Ол шаруа (фермер) қожалығының мүлкі, олардың арасындағы шартта өзгеше белгіленбегендіктен, бірлескен меншік құқығында оның мүшелеріне тиесілі болады деп белгілейді (АК-ның 224-бабының 1-тармағы).

Кейінгі арнаулы заңнама біртұтас шаруа (фермер) қожалығы ұғымында оның үш негізгі формаларын бөліп алды [12].

Жекешелендірілген түрғын үйге бірлескен меншік. АК-ның бір бабы (227-бап) жекешелендірілген тұрғын үйге бірлескен меншікке арналған. Бұл тұрғын үйге ортақ меншіктің түрлерінің бірі - бірлескен меншікті реттемелейді. Тұрғын үйге құқық, оның ішінде жекешелендірілген тұрғын үйге бірлескен меншік құқығы Тұрғын үй қатынастары туралы заңда толығырақ реттемеленген.

Әдебиет: 1, 2, 3, 4, 11, 13, 16, 17

Бақылау сұрақтары:

1. Үлесті меншіктегі мүлікке билік ету.

2. Ортақ бірлескен меншік.

3. Ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі.





Дата публикования: 2014-12-11; Прочитано: 2977 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...