Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Тақырып: мәмілелер



Мақсаты: Мәмiленiң негiзгi элементтерi мен белгiлерiн оқу, процедура мәнiң, мәмiленi жарамсыз деп танудың нәтижелерi мен негiздемесiн ашу.

Сұрақтар:

1 Мәміле үғымы және мәміленің түрлері.

2 Мәміленің нысаны және оның маңызы.

3 Жарамсыз мәмілелер.

4 Мәмілелердің жарамсыздығының салдары.

1. Мәміле үғымы және мәміленің түрлері. Мәміле заң фактілерінің бірі болып табылады. Оның үстіне, азаматтық айналым саласында құқық қатынастарын үздіксіз тудырып, дамыта келе, мәмілелер осындай айналымның серпінді дамуын қамтамасыз етіп отырады. АК-ның 147-бабына сәйкес, азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық қүқықтары мен міндеттерін белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған әрекеттері мәмілелер деп танылады. Демек, субъектiлердің мақсаты әрекеттері мәмілелер деп танылады. Олардың тікелей мақсаты азаматтық құқықтарды немесе міндеттерді белгілеу (мысалы, мүлікті сыйға тарту тікелей затқа меншік құқығының сыйға тартушыдан сый алушыға өтуіне бағытталған), мұндай құқықтар мен міндеттерді өзгерту (мысалы, тараптар жалға берілген мүлікті қайтару мерзімін ұзарту жөнінде уағдаласты), не, ең ақырында, оларды тоқтату (несие беруші борышқорды берешегін өтеуден босатты) болып табылады.

Басқаша, заңға қайшы нәтижелерге жетуге бағытталған, бірақ заңның ұйғарымына байланысты ол да азаматтық құқықтар мен міндеттердің пайда болуына, өзгеруіне немесе тоқтатылуына әкеп соқтыратын іс-қимылдар мінез-құлықтың өзге актілеріне қарағанда мәміленің заңдық салдарына мақсатты әсер етуімен көзге түседі. Мысалы, азамат өзінің тұрғылықты жерінен науқас анасын көру үшін басқа қалаға сапар шекті. Мұнда ол біраз болған соң бұрынғы тұрғылықты жеріне оралмауға бекінді. Анасына сапар шеккенде азамат өзінің бұрынғы тұрып келген мемлекеттік пәтеріне құқығынан бас тарту ниетінде болған жоқ. Бірақ осындай жағдайды көздейтін заңның талабына қарай ол пәтерге құқығынан айрылады.

Мәміле дегеніміз - бұл заңды, рұқсат етілетін, көп реттерде заң қолдап отыратын іс-әрекет. Күнделікті өмірде кейде қоғам теріс бағалайтын әрекеттерді «мәміле» деп атайды. Сөзді бұлайша қолдану оның заңды мағынасымен үйлеспейді. Заңдылық белгілері жөнінен мәміле мақсатты заңсыз әрекеттерден, яғни басқа адамдарға нұқсан келтіретін әрекеттерден ерекшеленеді.

Мұңдай әрекеттер де келтірілген залалдың орнын толтыру қажеттігіне байланысты азаматтық құқықтар мен міндеттерді тудырады, бірақ олар мәміледен емес, залал келтіру фактісінен, яғни деликтіден туындайды.

Мәмілелер - бұл саналы түрде жасалатын әрекеттер, оларда әрекет ететін тұлғалардың еркі байқалады. Мәміле жасайтын тұлға еркінің ішкі мазмұнын (оның шын ниетін) және еріктің сыртқы көрінісін (айтылған не қағазда баяндалған сөзді, ымды, әдеуір күрделі әрекеттерді) айыра білу керек.

Адамның сөзі мен іс-әрекеті бойынша оның еркінің шын бағыты туралы пікір түюге болатындықтан, еріктің сыртқы көрінісі оның ішкі мазмұнына сай келеді деп жорамалданады.

Мәміле дегеніміз - бұл қашан да ерікті білдіру болатындықтан, оны заң еркіне заңдық маңыз беретін тұлғалар ғана жасай алады. Мәмілелер өзге де түрлерге бөлінеді. Каузальдық және абстрактілік мәмілелердің арасындағы айырмашылықтың өте зор практикалық маңызы бар.

Каузальдық (cabsa - себеп, негіз) немесе себепті мәміленің тағдыры тұтасымен оның өзі жасалған негізге тәуелді болады. Негізінің бұзылуы жасалған бір жақты мәміленің заңдық күшін жояды. Мысалы, сатып алушы сатып алған тауарының бағасын алдын ала төлеп қойған, бірақ сатушы тауарды жеткізіп бермеген. Сатушының сатып алушыдан алынған ақшаға құқығы жойылады.

Егер мәміленің өзі оны жасаған тұлғаның шынайы еркін білдірген болса, абстрактілік мәміленің заңдық күші оның негізіне тәуелсіз болады. Мысалы, сатып алушы сатушыға тауардың құнына сай сомаға вексель беріп, алынған тауар үшін есеп айырысты. Егер кейін тауардың сапасыз екені анықталса, вексель қайтарып алынбайды, керісінше, вексель бойынша құқық вексель ұстаушы үшін де, одан кейінгі вексель ұстаушылар үшін де, оны төлейтіндер үшін де күшін сақтайды.

Негізгі және қосымша (акцессорлық) мәмілелер (шарттар) арасындағы айырмашылықтың практикалық маңызы бар. Акцессорлық мәміле негізгі мәмілені толықтырады, қамтамасыз етеді және нақтылайды. Егер заңнан, мәміленің мәнінен не тараптардың келісуінен өзгеше жағдай туындамаса, акцессорлық мәміленің тағдыры негізгі мәміленің тағдырына тәуелді болады.

Кепіл туралы (АК-ның 322-бабының 1-тармағының 1-тармақшасы), кепілдік және кепіл болушылық туралы (АК-ның 336-бабының 1-тармағы), кепілпұл туралы (АК-ның 338-бабының 1-тармағы) және басқа мәмілелерді қосымша мәмілелер деп атауға болады.

Сонымен, мәміле - бұл тектік ұғым, ал шарт - түрлік ұғым. Кез келген шарт - бұл мәміле, ал кез келген мәміле - шарт емес. Күнделікті тұрмыстағы және тіпті ресми тәжірибеде шарт басқа терминдермен де белгіленеді: келісім-шарт, тараптардың келісімі. Бірақ мұның бәрі - шарттар. Шарттар мәмілелердің басым бөлігін құрайды.

АК-ның 156-бабында көзделген биржалық мәмілелер мәмілелердің ерекше түріне жатады. Биржада жасалатын мәмілелерді биржалық мәмілелер деп түсінеді. Олар қатысушылар арасында негізінен жалпы тәртіппен жасалған тиісті мәміле туғызатындай құқықтар мен міндеттерді өмірге келтіреді және мәмілелердің жарамдылығы және жарамсыздығы жөніндегі жалпы заң ережелеріне бағынады. Сонымен қатар, олардың бірқатар айтарлықтай ерекшеліктері бар, бұл ерекшеліктер биржалық мәмілелерге қатысушылардың құқықтық жағдайына, мәміленің нысанасына, оларды жасасу және рәсімдеу тәртібіне, олардың орындалуын және биржалық даулардың шешілуін қамтамасыз етуге қатысты болады.

Әдетте, биржалық мәміле делдал (брокер, дилер) арқылы жасалады. Бағалы қағаздармен мәмілелер жасауға, әдетте, бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушылары (кастодиан, орталық депозитарий, тіркеуші, атаулы бағалы қағаз ұстаушы және басқалары) қатысады. Биржалық мәмілелер тіркелуге жатады.

2. Мәміленің нысаны және оның маңызы. Мәміле заңмен белгіленген нысанға ие болғаннан кейін ғана заңдық маңыз алады, ал ол арқылы мәмілеге қатысушы өзінің еркін білдіреді.

АК-ның 151-бабы мәміленің ауызша және жазбаша түрлерін ажыратады. Ал жазбаша түрі, өз кезегінде, жай және нотариалдық болуы мүмкін.

Сөз жүзінде жасалатын мәмілелер ауызша түрде жасалған мәмілелер деп есептеледі. Қатысушының еркі тікелей, шарт жасасуға бағытталған конклюденттік әрекеттер арқылы білінетін мәмілелер (мысалы, тандап алған тауар үшін сатушыға ақша беру) де, сондай-ақ қатысушының еркі үндемеу арқылы білінетін мәмілелер де ауызша түрде жасалатын мәмілелерге жатады. Бірақ заңдарда тікелей белгіленетін жағдайларда немесе тараптардың келісімімен ғана үндемей қалуға осындай маңыз беріледі. Мысалы, тауар сатып алушы оны жеткізіп берушіге жазбаша тапсырыс береді, онда жеткізіп берудің керекті шарттары көрсетіледі, егер жеткізіп беруші бес тәулік ішінде көрсетілген шарттарға қарсылық білдірмесе, шарт жасалды деп есептеледі.

Заң мәміленің қандай жағдайларда жазбаша түрде жасалатынын айқындайды. Бірақ мәміле жасасудың ауызша нысанын қолдану мүмкіндіктері үшiн айқын заңи нұсқаулар жоқ. Сондықтан бұл жерде баршаға тән мынадай ереже қолданылады: заңдардың белгілі бір нормаларына немесе тараптардың келісіміне қайшы келетін жағдайлардан басқа реттерде мәмілені қашан да ауызша түрде жасасуға рұқсат етіледі.

АК-ның 151-бабына сәйкес, мәміленің ауызша түрі ол жасалған кезде атқарылатын жағдайда қолданылады. Бұл арада ауызша мәміленің ең жоғарғы шегі қызметін атқаратын мәміленің сомасы белгіленбейді (АК-ның 152-бабының 1-тармағын қараңыз). Жазбаша мәміле жасамай-ақ құны миллион теңгелік затты сатып алуға болады. Бірақ мұнда тараптар уағдаласқан соң біріне-бірі затты да, ақшаны да қолма-қол береді. Алайда, егер, нақ сол зат несиеге немесе ақысын алдын ала төлеу арқылы сатылса, сатып алу-сату мәмілесі жазбаша түрде жасалуы тиіс.

Мәміленің шын мәнінде жасалғаны және оның шарттарының қандай болғаны жөнінде дау туатын жағдайда ауызша жасалған мәміле оған қатысушылардың жағдайын жеңілдетеді. Мұндай мән-жайлар кез келген заңды құралдармен, оның ішінде куәлардың айғақтарымен дәлелденуі мүмкін. АК-ның 151-бабының 3-тармағы жетон, билет немесе әдеттегідей қабылданған өзге де растайтын белгі арқылы расталған мәмілелерді ауызша түрде жасалған белгілерге жатқызады. Мұндай мәмілелердің жасалуы мен мазмұны куәлардың айғақтарымен дәлелденуі мүмкін. Аталған растайтын белгілер мәмілелерге қатысушылардың есімдерін атауы немесе атамауы мүмкін. Егер, алайда, мұндай белгілер қатысушыларды атап қоймастан, олардың қойған қолдарын да көрсететін болса, онда мәмілені жазбаша түрде жасалған деп есептеу керек.

Мәмілелерді өзгерту, орындау немесе тоқтату, әдетте, мәмілелердің жасалуы ресімделетін тәртiппен жүргізіледі. Алайда, кейбір жағдайларда, нормативтік актілердің заңдарға қайшы келмейтін тікелей нұсқауына немесе тараптардың қалауына қарай жазбаша түрде жасалған тиісті шарт әрекеттер жасау жолымен, яғни әрбір әрекетті ресімдейтін жазбаша құжат толтырмастан мәміле жасау арқылы орындалады (АК-ның 151-бабының 5-тармағы). Мәселен, сатып алушыға тауарларды сағаттық график бойынша жеткізуді көздейтін жазбаша шарттың орындалуы оны растайтын белгі беру арқылы және басқа осындай әдіспен, графикке белгі соғу жолымен ресімделуі мүмкін.

Қарыз беру шарты бойынша берілетін ақша, әдетте, борышқордың несие иесіне қолхат беруі жолымен жазбаша түрде ресімделеді, ал шарттың орындалуы - ешқандай жазбасыз, қолхатты қайтару арқылы жүргізіледі. Ауызша мәміле жасауға кең мүмкіндіктер беретін АК-ның 151-бабынан өзгеше, оның 152-бабы жазбаша мәміле қажеттігінің едәуір қатаң шекарасын белгілейді.

Аталған бапқа сәйкес мынадай мәмілелер жазбаша түрде жасалуы тиіс:

- егер мәмілелердің жекелеген түрлері үшін заңдарда өзгеше жағдай арнайы көзделмесе немесе іскерлік қызмет өрісінің әдеттегі құқықтарынан туындамаса, мәмілелерді жасау кезінің өзінде орындалатындарынан басқа, кәсіпкерлік қызмет үрдісінде жүзеге асырылатын;

- мәмілелердің жасалу кезінің өзінде орындалатындарынан басқа, 100 айлық есептік көрсеткіштен астам сомаға;

- заңдарда немесе тараптардың келісімінде көзделген өзге дереттерде.

Аталған жағдайлар үшін мәміленің жазбаша түрінің тиімділігі - ол мәміленің болуын да, оның мазмұнын да неғұрлым дұрыс көрсетеді. Бұл мәмілеге қатысушылардың мүдделерін барынша сенімді қорғауды және бухгалтерлік есеп жүргізудің барынша дәл жүйесін жасауды қамтамасыз етеді.

Мұндай қызметті мәміленің екі қатысушысы да немесе оның біреуі ғана жүзеге асыратынына қарамастан, кәсіпкерлік қызмет барысында жасалатын мәмілелер оларды жазбаша түрде жасауды талап етеді.

Азаматтық заңдар АК-ның 152-бабын толықтыра отырып, олар да жазбаша түрде жасалуға тиісті мәміленің бірқатар нақты түрлерін көздейді (мысалы, АК-ның 294, 331, 337, 544, 709, 772 және 825-баптарын қараңыз).

Егер іскерлік айналым салттарынан өзгеше жағдай туындамаса, жазбаша мәміле, әдетте, тараптар немесе олардың өкілдері қол қоятын бір құжат толтыру жолымен жасалады. Хат, жеделхат, телефонжазба, оферта және акцепт алмасу жолымен жазбаша түрде мәміле (шарт) жасасу жиі қолданылады (АК-ның 393-397-баптарын қараңыз). Бұл жағдайда шартты жазбаша жасауды растау үшін тараптың әрқайсысында олар шарт жасасқан кезде өзара алмасқан құжаттардың бәрі болуға тиіс: барлық алынған құжаттардың түпнұсқалары және барлық жөнелтілген құжаттардың көшірмелері қажет.

Соңғы жылдардың тәжірибесінде, әсіресе бір жолғы, қысқа мерзімдік және т.с.с. шарттарды жасасуда факсимилелік жолмен көшірілген хатгар алмасу барынша кең таралуда. АК-ның 152-бабы жалпы ереже ретінде факсимилелік көшіру құралдарын пайдалануға рұқсат етеді.

Мәмілелердің кейбір түрлерін жасау үшін олардың стандартты немесе үлгіге келтірілген нысандары (тасымалдау, сақтандыру, тауарларды несиеге сату және т.с.с.) қолданылады. Бұл, мысалы, жария шарттарды, әсіресе қосылу шарттарын жасаудың әдеттегі тәжірибесі (АК-ның 387-389-баптары).

Заңдар кейбір мәмілелер үшін тараптар қол қоятын құжатты құрастыруды ғана талап етпестен, сондай-ақ мәміленің мазмұның белгілі бланкіде баяндауды, қойылған қолдарды мөрмен куәландыруды және т.с.с. талап ете отырып, мәміленің жай жазбаша түрін күрделендіре түседі. Егер олар заңда не тараптардың келісімінде көзделсе, мәміленің жазбаша түріне мұндай талаптар қою міндетті болады. Қалған жағдайларда, егер тіпті мәмілені заңды тұлғалар жасайтын болса немесе олардың қатысуымен жасалатын болса да, аталған талаптардың сақталуы міндетті емес. Мұнда мәмілені жазбаша түрде жасаудың жалпы ережелерінің бұзылмауы жеткілікті болады.

Егер азамат дене кемістігіне, науқастығына немесе сауатсыздығына байланысты құжатқа өзі қол қоя алмайтын болса, онда оның өтініші бойынша мәмілеге басқа азамат қол қоя алады. Егер заңда өзгеше көзделмесе, басқа адамның қойған қолын нотариус немесе осындай нотариалдық әрекеттер жасауға құқылы басқа лауазымды адам мәміле жасаушының оған тікелей өзі қол қоя алмауының себептерін көрсете отырып, куәландыруы тиіс.

Жазбаша түрде жасалған мәмілені орындаған тарап келесі тараптан да орындағанын растайтын құжатты талап етуге құқылы. Жасалуы кезінде орындалатын мәмілелерден басқа, ауызша жасалған кәсіпкерлік мәмілені орындаған тарап та осындай талап қоюға құқылы. Қолхат, квитанция, жүк қағаздары, әдетте, осындай құқық бола алады.

Заң құжаттарында немесе тараптардың келісімімен белгіленген реттерде жазбаша мәмілелер оларды нотариат куәландырғаннан кейін жасалды деп саналады (АК-ның 154-бабы).

Мәмілелерді нотариалдық куәландыру қажеттігі туралы талаптарды заң мәмілелердің нақты түрлеріне ғана қояды. Мысалы, АК-ның 58-бабының 5-тармағы шаруашылық серіктестік құру жөніндегі құрылтай шартын нотариалдық куәландыруды талап етеді.

Заң талап етілетін нысанды оны қарапайымдату жолымен бұзуға тыйым салады. Мәмілені нотариалдық куәландыруды талап ету кезінде оны жай жазбаша түрде жасаумен не жазбаша түрде жасаудың орнына ауызша түрді қолданумен шектелуге болмайды. Керісінше, мәмілеге қатысушылардың өзара келісе отырып, белгіленген нысаннан оны күрделендіруге қарай шегінуі әбден мүмкін және ол тараптар үшін ешқандай теріс зардаптар туғызбайды. Мысалы, заң ауызша мәміле жасауға жол беретін реттерде де, тараптар мәмілені жазбаша түрде жасауға құқылы; заң мұны талап етпесе де, тараптар жазбаша мәмілені нотариалдық куәландыруға құқылы.

Заң бірқатар жағдайларда жасалған мәмілелерді тіркеуді талап етеді (мысалы, АК-ның 118, 238-баптарын қараңыз). 155-бапта белгіленген, мәмілелерді және тиісті құқықтарды тіркеу туралы ереже мынаған келіп саяды: заң бойынша тіркеуді керек ететін мәміле осындай тіркеуді тиісті тіркеу органында жасағаннан кейін ғана заңдық күшіне енеді.

Мәмілелерді тіркеу мынадай бірқатар проблемаларды шешеді:

- біріншіден, жоғарыда атап өткеніміздей, мәміле толық заңды күшіне енеді;

- екіншіден, тіркеу туралы құжат субъектінің мәміле бойынша иеленген құқықтарын құжатпен растайды;

- үшіншіден, бірыңғай тіркеу жүйесі оларды жасау жеке емес, жария мүддені білдіретін мәміленің толық есебін жолға қоюға мүмкіндік береді;

- төртіншіден, ең ақырында, мәмілені тіркеу, егер мұндай әрекетке заңда тыйым салынбаған болса, мүдделі тұлғаларға белгілі бір мәмілемен және олардан туындайтын құқықтармен танысуға мүмкіндік береді.

3. Жарамсыз мәмілелер. АК-ның 157-бабы мәміленің нысанына, мазмұнына және қатысушыларына, сондай-ақ олардың ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған жағдайда мүдделі адамдардың, тиісті мемлекеттік органның не прокурордың талабы бойынша мәміле жарамсыз деп танылуы мүмкін деп көрсетеді. Аталған талаптардың біреуі бұзылатын болса, мәміле жасалған заңдық факті ретінде таныла алмайды және заң күшіне ие болмайды. Заң шығарушылар мәмілені жарамсыз деп танудың нақты негіздерін белгілеуде нақ осы мән-жайды басшылыққа алады. Ең маңызды және кең таралған негіздер АК-ның 4-тарауының баптарында шоғарыландырылған.

Мәміленің жасалу түрлерінің бұзылуы себептері бойынша мәмілені жарамсыз деп тану негіздерін жоғарыда қарап өткенбіз. Ендігі жерде АК-ның 4-тарауында көзделген мәмілені жарамсыз деп танудың басқа да нақты негіздері және жарамсыздықтың салдары баяндалатын болады.

Егер құқық бұзушылық жеке адамдардың мүдделеріне нұқсан келтіретін болса, онда мәмілені жарамсыз деп тануды тек мүдделі жеке түлғаның талап етуімен сот шеше алады. АК-ның 2-бабына сәйкес мемлекеттік органдардың мұндай дауға араласу құқығы жоқ. Керісінше, жария мүдделер бұзылғанда мәмілені жарамсыз деп тану туралы сотқа қойылатын талапты, мәміленің екі қатысушысы оның шарттарымен келіскен болса да, оны қоюға жария орган құқылы болады.

Мұндай ара жігін ажыратудан бұдан былайғы баяндаулар келіп шығады. Сонымен, егер мәміле мынадай талаптарды бұзатын болса, мәміле жарамсыз деп танылуы мүмкін: а) оның шарттарының заңдылығы туралы, яғни оның мазмұнының заңдылығы туралы; б) мәмілеге қатысушылардың мәміле жасасу қабілеттілігі туралы; в) олардың ерік білдіруінің бостандығы және барабарлығы туралы.

АК-ның 158-бабы бұл жөнінде мәміленің аса маңызды талабы - оның заңға толық сәйкестігі деп айқындайды. Лицензиялау шарттарын бұзатын мәміле жарамсыз болып табылады. Азаматтық кодексте белгіленген кейбір ерекшеліктерді ескермегенде, әрекетке қабілетті барлық азаматтардың әрекет қабілеттілігі болады. Мұндай ерекшеліктер АК-ның 159-бабының 3-7-тармақтарында ескерілген. Кәмелетке толмағандар өз бетінше жасауға құқылы болатын ұсақ мәмілелерден басқа, 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер жасаған мәміле орындалмауға тиіс (АК-ның 23-бабы). Мәмілені осындай жасөспірімнің атынан оның ата-аналары (асырап алушылары, қорғаушылары) жасайды.

АК-ның 159-бабының 8-10-тармақтарында көзделген мән-жайлар адамның еркін білдіру бостандығын бұзу және еркін білдірудің еріктің ішкі мазмұнына сай келуі секілді себептері бойынша мәмілені жарамсыз деп тануға негіз болады. Адамның өзі жасайтын мәміленің сипаты мен элементтері туралы теріс, қате түсінігінің болуын жаңылысу деп түсінеді. Мысалы, азамат затты сатып алуда оны сирек кездесетін данаға жатады деп жаңсақ ойлайды. Сатушы да осылай ойлайды. Алайда, мамандар олардың қателігiн анықтайды.

Алдау дегеніміз мәміле жасауға мәжбүрлеу құралы ретінде оның қатысушысында мәміленің сипаты, субъектілері, нысанасы немесе өзге де жағдайлары туралы саналы түрде теріс түсінік қалыптастыру болып табылады. Мысалы, мәмілеге қатысушылардың біреуі өзінің көшірмені ұсынатынын жақсы біле тұра, екінші қатысушыны оған түпнұсқа картинаны сататынына иландырады.

Зорлық-зомбылық жасау адамды оның өзі үшін тиімсіз мәміле жасауға мәжбүрлеу құралы ретінде оған күш көрсетуден (ұрып-соғу, жақын адамдарымен қатынас мүмкіндігінен айыру, бостандығын шектеу және т.с.с.) тұрады. Зорлық-зомбылық көрсету мәміле жасасатын адамға ғана емес, сондай-ақ оның жақын адамдарына да қолданылуы мүмкін. Зорлық-зомбылық көрсетуден өзгеше, қорқыту дегеніміз қорқытушы адам мүдделі болып отырған мәмілені жасау үшін психикалық ықпал ету шарасы. Қорқыту, әдетте, адам қорқытушының талаптарына бағынбайтын жағдайда күш қолдануды білдіреді. Қорқыту зорлық-зомбылық көрсетумен ұштаса жүргізілуі де мүмкін.

Мүлікті бүлдіруге, мәміле жасасатын азаматты, оның жақындарын қаралайтын мәліметтерді жария етуге және т.с.с. бағытталған қорқыту жағдайлары (бопсалау) да ұшырасады. Мәселен, Т. өзінің сіңлісінен Т.-ның пайдасына мұрадан бас тартуды талап етеді, бұл талапқа келіспесе, сіңлісінің күйеуіне әйелінің жеке өмірінің кейбір құпия мән-жайларын хабарлайтынын айтып қорқытады. Сот бұлайша қорқытуды мұрадан бас тартуды жарамсыз деп тануға жеткілікті негіз болады деп есептеді.

Заңды қорқыту, яғни заңда тыйым салынбаған әрекеттер жасау арқылы қорқыту да мәміленің жарамсыздығына негіз болуы мүмкін. Мысалы, мәмілеге қатысушы оны жасаудан бас тартатын жағдайда оның жасыруға тырысатын соттылығы туралы жұмыс орнына хабарлау. Қорқытушының қорқытатын адам жөнінде білетін құқықтарды жүзеге асыру мақсатындағы қорқытуы ғана назарға алынбайды (мысалы, алимент төлеуді, мүлікті бөлуді және т.с.с. талап ету).

Негізсіз немесе жалған қорқыту кезінде заңның бабы қолданылмауға тиіс. Мысалы негізсіз қорқытуды (хат алысудың тоқтап қалуы) немесе жалған қорқытуды (әзәзіл күшке қайырылу) мәміленің жарамсыздығына негіз ретінде тануға болмайды.

Қорқытуды пайдакүнемдік мақсатта қолдану қылмыстық әрекетке - қорқытып алушылыққа ұласуы мүмкін.

АК-ның 159-бабының 9-тармағында сондай-ақ басқа тарап пайдаланған жағдайларға қарағанда адам өзі үшін мүлде тиімсіз ауыр мән-жайлардың салдарынан жасауға мәжбүр болған мәмілені (кіріптарлық мәміле) сот жәбірленушінің талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін деп көрсетілген.

Бір мезгілде бірнеше мән-жай қатар кездесетін реттерде кіріптарлық мәмілені жарамсыз деп тануға негіз болуы мүмкін: а) мәміленің шарттары тараптардың біреуі үшін өте тиімсіз болғанда (жақсы үй бірнеше мың теңгеге, бағалы кітапхана - 1200 теңгеге сатылған және т.с.с. жағдайлар болған); б) тарап ауыр мән-жайлардың қысымымен ғана мәміле жасағанда (мысалы, аштық, тез арада қымбат тұратын ем қабылдау қажеттігінде); в) осындай мән-жайларды біле тұра, басқа тарап оны пайдаланатын жағдайда.

Кіріптарлық мәміле тек азаматтардың мүдделерін қорғауға бағытталған деп есептеу қабылданған. Бірақ АК-ның 159-бабының мәтінінде мұндай пікір жоқ.

АК-ның 159-бабының 10-тармағына сәйкес, бір тарап өкілінің екінші тараппен зұлымдық ниетте келісуі нәтижесінде жасалған мәмілені сот жәбірленуші тараптын талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін. Жәбірленуші тарап шеккен залалды жәрдем беру тәртібімен өтеу теріс пиғылды өкілге жүктелуі мүмкін.

Бір тараптың өкілі өзіне мәміле жасауды тапсырған тараптың мүдделерін елеместен, басқа тараппен өзі өкілдік ететін тараптың есебінен пайда табу жөнінде уағдаласатын жағдайларда зұлым ниетті келісім пайда болады. Мысалы, басқа қалаға кетіп бара жатқан азамат танысына өзінің үйін сатуды тапсырады, яғни оған өкілдік береді (АК-ның 163-бабы). Өкіл үй үшін 190 мың теңге төлеуге даяр сатып алушыны табады да, одан 170 мың теңге алатын болып, ал шарттың мәтінінде 150 мың теңгені көрсетуге уағдаласады. Сөйтіп, сатып алушы да, өкіл де сатушының есебінен 20 мың теңгеден пайда табады.

4. Мәмілелердің жарамсыздығының салдары. Мәмілелердің жарамсыздығының салдарын айқындайтын негізгі ережелер АК-ның 157-бабында белгіленген.

АК-ның 157-бабының 3-тармағына сәйкес, екі жакты реституция, яғни мәміле жарамсыз деп танылған жағдайда тараптардың әрқайсысы екінші тарапқа мәміле бойынша алынғанның бәрін қайтарып беруге, ал заттай қайтарып беру мүмкін болмаған жағдайда құнын ақшалай өтеуге міндетті.

Егер мәміле ол орындала бастаудан бұрын жарамсыз деп танылса, онда ол орындалмауға тиіс. Егер мәміле орындала бастаса не толығымен орындалған болса, онда әрбір тарап өзінің мәміле кезінде алғандарын келесі жаққа қайтарып береді. Қайтарып беру мүмкін болмаса, оның өтеуі ақшамен толықтырылады.

АК-ның 160-бабы жалған және қулықпен жасалған мәміле ұғымын анықтап, олардың салдарын көрсетеді.

Зандық салдар туғызу ниетін көздемей, тек көз алдау үшін жасалған мәміле жалған мәміле деп аталады. Айналадағылар жаңылыстырылуы мүмкін. Ал тараптардың өздері ешқандай мәміленің болмағанын және оның бұларға ешқандай міндеттер жүктей алмайтынын ұғынады. Мысалы, өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалған адам мүлкінің тәркіленуінен қауіптеніп, үйіндегі бағалы заттарын туысына «сатады» да, одан ақша алмай, заттарымды алғашқы тілегім бойынша қайтарасың деп уағдаласады. Жалған мәміле кейде өтірік мәміле деп те аталады.

Жалған мәміле, сондай-ақ одан пайда табуды көздеген тараптың талап етуі бойынша орындалмауға тиіс. Мысалы, сый алушы өтірік сыйға тарту шарты бойынша өзіне мүлікті беруді талап ете алмайды.

Жалған мәміледен өзгеше, қулықпен жасалатын мәміледе тараптардың еркі айналадағылар үшін сырттай көрінетін емес, өзге тараптардың ойындағы азаматтық құқықтар мен міндеттерді анықтауға бағытталады. Кулықпен жасалатын мәміледе: а) басқа мәмілені бүркеп тұратын сыртқы, қулықпен жасалатын мәмілені; б) мәмілені бүркеп тұратын, ішкі, қулықпен жасалатын мәмілені ажырату керек.

Әдебиет: 1, 2, 3, 4, 11, 13, 16, 17

Бақылау сұрақтары:

1. Мәміле үғымы.

2. Мәміленің түрлері.

3. Мәміленің жазбаша түрі.





Дата публикования: 2014-12-11; Прочитано: 7632 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.016 с)...