Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Аржылық бақылауда қолданылатын әдістер



Қаржылық бақылаудың әр түрлі әдістермен (тәсілдермен немесе амалдармен, оны жүзеге асыру құралдармен) жүргізіледі. Нақтылы әдісті қолдану қаржылық бақылауды жүзеге асырушы органдар қызметінің нысандарының ерекшеліктері, бақылаудың объектісі мен мақсаты, бақылаудың іс-қимылының пайда болуының негізі сияқты бірқатар факторларға байланысты болады.

Қазіргі кезде қаржылық бақылаудың мынандай әдістері пайдаланылады: тексеріс, тексеру (құжаттаманы, есепке алу мен есептемені, шоттық тексеру), қарап шығу, қаржы жоспарларының жобаларын, өтінімдерді, қаржы-шаруашылық қызметі туралы есептерді қарау, баяндамаларды тыңдау, лауазымды адамдардың ақпараттары және басқалары. Бұл әдістердің әрқайсысы аралық міндеттерді шешуге жағдай жасайтын тым көп жекелеген әдістерге бөлінеді. Мысалы, құжаттық тексерісте құжаттарды ыңғайласпа тексеру, ақша қаражаттары мен материалдық құндылықтарды түгендеу, сандық есепке алуды қалпына келтіру, бақылау мақсатында салыстыру және басқалары.

Қаржылық бақылаудың нысандары мен әдістері үнемі жетілдіріп отырады, оларға есептеу техникасы негізіндегі ақпарат жүйесі белгілі түрде әсер етеді.

Аталынған жалпы әдістер түрлі объектілерге бақылау жүргізудің әдістемелерінде, ережелерінде нақтыланады.

Алдын ала және ағымдағы бақылауды жүзеге асырудың негізгі әдісі көзбен шолып (визуалды) тексеру болып табылады. Мұндай тексерулерге актілер, анықтамалар жасалынбайды. Бүкіл іс тиым салу және тоқтату туралы жазбаша немесе ауызша жарлық, бұйрық беруге саяды.

Кейінгі қаржылық бақылау бірнеше әдіспен жүзеге асырылады. Оларға жататындары: тексеру, экономикалық талдау, тексеріс (ревизия). Тексеру шоттық немесе тақырыптық болуы мүмкін.

Шоттық тексеру – бұл бухгалтерлік есептердің, баланстардың, салық есеп-қисаптарының ақиқаттығын тексеру.

Тақырыптық тексеру – бұл бақылауға жататын объектінің шаруашылық-қаржы жұмысының жеке жақтары мен учаскелерін зерделеу, мысалы, жалақыдан ұстап қалудың дұрыстығын тексеру; шығындарды өнімнің өзіндік құнына жатқызудың дұрыстығын тексеру және тағы басқа.

Экономикалық талдау – бұл объектінің шаруашылық-қаржы қызметіне баға беру; қызметтің түрлі нәтижелерін анықтау және осының негізінде экономикалық жағдайды жақсартудың жолдары мен факторларын негіздеу.

Экономикалық талдауды шаруашылық органдардың өздері де, сонымен бірге бақылаудың сыртқы органдары – банктер, қаржы, аудит фирмалары да жүргізеді.

Тексерулер мен қарап шығуды бақылау органдары шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржы-шаруашылық қызметінің белгілі бір мәселелері бойынша немесе жұмыс орнында қаржылық қызметтің жеке жағымен (учаскесімен) танысу жолымен бір мәселе (тақырып) бойынша жүргізеді. Сондықтан тексерулер негізінен тақырыптық болып келеді.

Қаржылық бақылаудың негізгі әдісі – тексеріс – келесі бақылаудың кешенді әдісі және өткен белгілі бір кезеңдегі шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржы-шаруашылық қызметінің барлық жақтары мен учаскелерін мұқият зерделеу, терең тексеру, оны неғұрлым толық қарап шығу. Тексерісті әр түрлі органдар жүргізеді. Тексеріс бұл органдардың жоспары бойынша да, сондай-ақ басқа құзырлы органдар – жоғарғы, тергеу органдарының нұсқауы бойынша да жүргізілуі мүмкін.

Тексеру объектісі бойынша құжаттық, нақтылы, толық (жаппай), іріктемелі (ішінара) тексеріс болып ажыратылады. Ұйымдық белгісі бойынша олар жоспарлы және жоспардан тыс, кешенді болуы мүмкін.

Мемлекеттік қаржылық бақылау органдары өзінің жұмысын жоспарлар бойынша жүргізеді. Жоспарлар тексерулер мен тексерістердің белгіленген мезгілділігін ескере отырып құрылады. Жоспарларда бақылаудың объектілері, тексерудің немесе тексерістің тақырыбы, бастау мен аяқтаудың уақыты, атқарушылардың саны мен олардың құрамы және тағы басқалар белгіленеді. Аудит органдары өзінің жұмысын келісімшарттар негізінде жүргізіледі.

Құжаттық тексерісті жүргізген кезде есептер, сметалар ғана емес, сондай-ақ құжаттар, әсіресе бастапқы ақша құжаттары (шоттар, төлем тізімдемелері, ордерлер, чектер, бағалы қағаздар) тексеріледі.

Нақтылы тексеріс құжаттарды ғана емес, сонымен бірге қолда бар ақшаны, материалдық құндылықтарды да тексереді.

Толық тексеріс деп белгілі бір кезеңдегі шаруашылық жүргізуші субъектілердің бүкіл қызметін тексеруді айтады.

Іріктемелі тексеріс кезінде бақылау қаржы-шаруашылық қызметінің әйтеуір бір жағына (мысалы, іс-сапардың шығындарын, әр түрлі нысаналы шығындар мен шығыстарды тексеру) бағытталады.

Тақырыптық тексерістер бір үлгідегі бірнеше кәсіпорындарда, мекемелерде немесе бірнеше министрліктер мен ведомстволарда қаржы-шаруашылық қызметінің жеке мәселелері бойынша жүргізіледі. Олар сонымен бірге шаруашылық жүргізуші субъектілердің белгілі бір учаскелерінің мән-жайын тексеруге және бұл мәселе бойынша көлемді материал алуға, оны талдауға, тұжырым жасауға, жұмысты жақсарту жөнінде ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Тексерістердің тәсілдері: материалдық құндылықтарды түгендеу, кассадағы нақты ақша қаражаттарын тексеру, тексерілетін объект қызметінің жоспарлы, нормативтік және есептік көрсеткіштерін салыстыру, құжаттық және ыңғайласпа тексерулер.

Әрбір тексеріс пен тексеру мұқият әзірленуі тиіс, өйткені олардың сапасы осыған байланысты болады. Бұл үшін қажетті заңдарды, қаулыларды, жарлықтарды оқып біліп, зерделейді; бұларға тексеріс пен тексерудің материалдарымен, анықталған бұзушылықты жоюдың нәтижелерімен танысады; ақпарат органдарының сын материалдарын, өндірістік қызметтердің ерекшеліктерін зерделейді және тағы басқа.

Әзірлік жұмысының негізінде тексеріс немесе тексерудің бағдарламасы, оның негізінде тексеріс пен тексерудің жұмыс жоспары жасалады.

Тексеріс немесе тексеруді жүргізудің бүкіл процесі бірнеше кезеңдерден тұрады:

· өкілділіктерді көрсету;

· тексерілетін объектінің жауапты қызметкерлерімен ұйымдық кеңес өткізу;

· түгендеуді жүргізу;

· тексерілетін объектімен, оның қызметінің технологиясымен жеке өзінің танысуы;

· шаруашылық қызметті алдын ала талдау;

· тікелей құжаттық тексеріс немесе тексеру;

· тексеріс немесе тексерудің материалдарын жүйеге келтіру;

· акт немесе анықтама жасау;

· ашылған кемшіліктердің жойылуын тексеру.

Тексеріс немесе тексеруді жүргізудің нәтижелігі көбінесе жасалынған актінің сапасына байланысты болады. Тексеріс актісі (анықтамасы) – бұл қаржы-шаруашылық қызметінде жіберілген бұзушылықтың жай тізбесі емес, бұл тексерілетін объекті жұмысының сапасы, заңдылығы, мақсаты, сәйкестігі туралы дұрыс түйіндердің жинағы болып табылатын құжат. Оның негізінде ашылған бұзушылықты жою мақсатында нақтылы ұсыныстар, ұйғарымдар жасалынады, кінәлі адамдарға шара қолданылады.





Дата публикования: 2014-12-25; Прочитано: 738 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.009 с)...