Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

азақстан Республикасында шағын және орта бизнесті дамытудың қаржылық аспектілері



Шағын кәсіпкерлік — ешқандай монополистік бірлестікке кірмейтін және экономикада монополияға қатысты бағынышты рөл атқаратын жеке меншіктегі ұсақ және орта кәсіпорындардың қабылданған жиынтық атауы. Дамыған елдерде сыртқы экономикалық байланыстардың негізгі бөлігі Шағын бизнестің үлесіне тиеді. Елімізде 20 ғасырдың 90-жылдары белсенді түрде жүргізілген жекешелендіру үдерістері шағын кәсіпкерліктің қалыптасып дамуына жол ашты. Республикада Шағын бизнестің дамуы экономиканың ойдағыдай реформалануы көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Шағын кәсіпкерлік секторы бірқатар әлеуметтік атқарымдарды орындайды, олардың қатарына жұмыспен қамтылу, әлеуметтік шиеленісті бәсеңдету және нарықтық қатынастарды демократияландыру жатады. Республикада шағын кәсіпкерлік тиімді нарықтық экономиканың дамуы үшін құрылымдық түзуші фактор ретінде маңызды рөл атқарып отыр. Ол бәсекелі ортаның дамуына жол ашты, нарықты тауарлармен және көрсетілетін қызметтермен молықтырды, халықтық кәсіпшілікті жаңғыртты, жергілікті билік органдарының экономикалық базасын нығайтты, ауылдардың, шағын және орта қалалардың дамуына септігін тигізді. Шағын кәсіпкерліктің артықшылығы — жұмсалған күрделі қаржының тез өтелуі, өндірушілердің аймақтық нарыққа бағдарлануы, сұранымның өзгеруіне жедел икемделу, жұмыспен қамтылудың өсуі. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы жүргізіп отырған әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттарының бірі — Шағын бизнесті дамыту. Елімізде бизнесті, соның ішінде шағын және орта бизнесті, әсіресе инновациялық бизнес пен венчурлік бизнесті дамытуға мемлекеттік даму институттарының қызметін ұтымды пайдалану және үйлестіру едәуір ықпал етеді. Олар жеке бизнес субъектілерінің қалыптасуы мен экономикалық өсуін ынталандыру, сондай-ақ елдегі жалпы инновациялық және инвестициялық белсенділікті арттыру, оның ішінде жоғары технологиялық, ғылыми сиымдылықты өндірістерді, өндірістік инфрақұрлымды және өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға жәрдемдесу, ел экономикасына ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту мақсатында құрылады.

Шағын кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бағыттарының бірі – мемлекеттің қаржы-несиелік және инвестициялық климат жасау және несиелеу жүйесін жетілдіру басты мәселелер болып саналады. Шағын кәсіпкерлікті қаржы-несиелік және инвестициялық тұрғыдан қолдау мынадай жолдармен жүзеге асырылады:

- Екінші деңгейдегі банктердің шағын кәсіпкерліктің өндірістік секторына жергілікті және республикалық бюджеттің, сондай-ақ мемлекет кепілдік берген, мемлекеттік емес сыртқы қарыздардың есебінен, заңдарда белгіленген тәртіппен несие беруі;

- Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне несие беруді, сондай-ақ несие алған

кәсіпкерлердің міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету үшін, аймақтарда қалыптасатын кепілдік қорлар есебінен екінші деңгейдегі банктерді ынталандыру тетігін әзірлеу;

- Тиісті жылдарға арналған республикалық бюджетте аталған мақсатқа қаражат көзделген жағдайда жобаларды екінші деңгейдегі банктермен қоса, бюджеттен қаржыландыру;

- Қоғамдардың өзара несие беру және өзара сақтандыру қызметін ұйымдастыру тетіктерін әзірлеу.

Қазақстан Республикасында бизнесті қолдау мен дамытудың бірнеше мемлекеттік бағдарламалары қабылданды. Атап айтсақ, қазіргі кезге дейін шағын бизнесті қолдау мен дамытудың 7 мемлекеттік бағдарламасы (1992-1994жж. 1996-1998жж. 1999-2000жж. 2001-2002жж. 2004-2006жж. 2005-2007жж. 2007-2010жж.) қабылданып, жүзеге асырылды.Соңғы бағдарлама экономикалық дамудың нақты жағдайына, елдегі шағын және орта бизнестің даму тенденциясын, шетелдік озық тәжірибелерді зерттей отырып, жан-жақты зерттеулер негізінде қабылданды. Үкіметтің, қазақстандық заңи тұлғалар мен кәсіпкерлердің, халықаралық қаржы ұйымдарының, шетелдік үкіметтік және үкіметтік емес құрылымдардың қатысуымен «Шағын кәсіпкерлікті дамытуды мемлекеттік қолдауды күшейту және жандандыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы мамырдың 6-сындағы Жарлығын атқару үшін Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры құрылды. Аталған Қордың негізгі қызметі шағын бизнес жобалары бойынша дербес, сондай-ақ екінші деңгей банктерінде конкурстық негізде Қор қаражаттарын шарттасымды орналастыру арқылы кредиттер беруге бағытталған. Қорды құру туралы Үкіметтің қаулысында Қаржы министірлігінің Мемлекеттік мүлік пен активтерді басқару департаментіне 1997 жылдың Імаусымына дейін банктік емес қаржы мекемесі ретінде жабық тұрпаттағы акционерлік қоғам нысанында Шағын кәсіпкерлікті дамыту қорын құру табысталынған болатын.2012 жылы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілген несиенің жалпы сомасы 86,1%-ға көбейіп, 74,2 млрд. теңгені құрады. Соңғы 7 жылда республикада Шағын бизнес кәсіпорындарының саны 2 еседен астамға көбейді. Бұл орайда қызметтің мына түрлерінде шағын кәсіпкерліктің өсу қарқыны жоғары болып отыр: “құрылыс” 3 есе, “сауда, автомобиль, тұрмыстық бұйымдарды, жеке тұтыну заттарын жөндеу”, “кен қазу өнеркәсібі” 2,3 есе, “көлік пен байланыс” 2,2 есе. Шағын бизнес кәсіпорындары санының жедел қарқынмен өсуі жалпы алғанда өнеркәсіпте (174,8%), балық аулау мен балық өсіруде (181,9%), мейманхана және мейрамхана бизнесінде (168,9%), білім беруде (182,2%), денсаулық сақтауда және әлеуметтік қызметтер көрсетуде (180,2%) байқалып отыр. Аймақтық тұрғыда өнім шығару көлемінің жартысына жуығы дерлік Алматы мен Астана қалаларының үлесіне тиеді: 47,1%. Астана қаласының үлесі соңғы 5 жылда 9%-дан 15,8%-ға дейін көбейді. Мұндай өсім Атырау (4,3%-дан 7,2%-ға), Қызылорда (3,1%-дан 4,0%-ға) облыстарында да байқалды. Шағын бизнес кәсіпорындарында істейтін жұмыскерлердің саны 1,5 еседей көбейіп, 538,7 мың адамға жетті. Олардағы жұмыскерлердің жалақысы 2,1 есе көбейіп, 16662 теңге болды.

Қазіргі таңда Қор тарапынан бірнеше бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мысалы: Қаражатты шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін кейіннен кредиттеу үшін екінші деңгейлі банктерге келісіп орналастыру бағдарламасы

Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдар Жоспарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 6 қарашадағы № 1039 қаулысына сәйкес, Қор 2008 жылдың басынан бастап, кейіннен шағын және орта бизнес субъектілеріне кредит ретінде берілетін қаражатты екінші деңгейдегі банктерге келісіп орналастыру Бағдарламасы бойынша мемлекет қаражатын басқару операторы болып табылады.

Қаражатты келісіп орналастыру Бағдарламасы Қазақстан Респуб-ликасындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржылай қолдау жөніндегі мемлекет саясатын іске асырудағы бірден-бір құрал болып табылады.

Бағдарлама Қордың қаржы ресурстарын (қорландыру) кейіннен ШОК субъектілеріне кредит ретінде берілетін қаражатты белгілі бір шарттармен (мақсатты және шектеуші) екінші деңгейдегі банктерге ұсынуы арқылы жүзеге асырылады. Әріптес-банктермен жұмыс істеудің негізгі қағидаттарының бірі Қордың олардың ішкі рәсімдеріне және кредит үдерісіне араласпау саясаты, сонымен қатар олардың қабылданған шешімдерінің тәуекелдігіне толық жауапкершілігі болып табылады.

Бағдарлама ШОК қаржылай қолдау жөніндегі мемлекет шараларының тиімділігін арттыру мақсатында әзірленген.

Әріптес-банктердің осы Бағдарлама бойынша ШОК субъектілерін қаржыландруы Қазақстан Республикасының заңымен тыйым салынбаған қызмет түрлерін қоспағанда, қызмет түрін шектеусіз жүзеге асырылады.

«ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ қаражатын кейіннен микрокредиттік ұйымдарға несие беру үшін екінші деңгейдегі банктерге келісіп орналастыру бағдарламасы.

Бағдарлама Қор әзірлеп, бекіткен ҚР микрокредиттік ұйымдарды (одан әрі – МКҰ) 2008-2012 жылдарға дамыту жөніндегі шаралар бағдарламасына сәйкес іске асырылады. Бағдарламаның мақсаты елдің кредит жүйесінің үшінші деңгейі ретінде микрокредит секторының сапалы дамуына МКҰ ресурстық қолдау көрсету арқылы жәрдемдесу болып табылады.

Тіркелген және өз қызметін ҚР заңына сәйкес жүзеге асырып отырған МКҰ Бағдарлама аясында екінші деңгейдегі банктер арқылы қаржыландырылады. Бағдарлама қаражатының жалпы сомасы 1 800 млн. теңгені құрайды.

«Даму-Өндіріс» өңдеуші өнеркәсіп саласындағы жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау бағдарламасы

Бағдарлама Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қарашадағы № 1085 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады, Қор Бағдарламаны іске асыру операторы болып табылады.

Бағдарлама шеңберінде «Стрессті активтер қоры» АҚ 20 млрд. тенге соманы кейіннен өңдеуші өнеркәсіп саласындағы жеке кәсіпкерлік субъектілерін (одан әрі – ЖКС)қаржыландыруға/қайтақаржыландыруға екінші деңгейдегі банктерге депозитке орналастырады. Әріптес банктер қаржыландыруға 70:30 арасалмақта (70 % - «Стрессті активтер қоры» АҚ қаражаты, 30 % - Әріптес банктер.

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін Азия Даму Банкі қарызы есебінен қаржыландыру бағдарламасы

Бағдарлама Қазақстан Республикасындағы шағын және орта кәсіпкерлікті халықаралық қаржы институты – Азия Даму Банкі қарызы есебінен дамыту мақсатында әзірленген.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2010 жылдың 29 қаңтарында «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан Халқына Жолдауы Бағдарламаны әзірлеуге негіз болды.

АДБ қаражаты есеінен несиелендіру Қазақстанның барлық аймақтарында жүзеге асырылатын болады, осы ретте Әріптес банктердің ШОКС беретін барлық қарызының қалай болғанда да 40% Алматы және Астана қалаларынан тыс жерлерге орналастырылуы тиіс.

Экономика салалары бойынша шектеулер жоқ, дегенмен қызметін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 13 сәуірдегі №301 қаулысымен бекітілген «Бизнестің жол картасыа 2020» Бағдарламасының басымдықтарына сәйкес жүзеге асырып жүрген ШОКС-қа басымдық беріледі деп болжамданады.

Бағдарлама Қордың ақшалай қаражатты кейіннен ШОКС несиелеу үшін белгілі бір талаптармен Әріптес банктерге орналастыру жолымен іске асырылады.

Бағдарлама бойынша жалпы қаржыландыру көлемі 500 млн. АҚШ доллар ын құрайды (эквивалент - 74 млрд. теңге). Қаржыландыру транш тармен ұлттық валют ада ұсынылатын болады, АДБ транш тар саны мен мөлшерін өзгертуі мүмкін. қаражаты) өз қаражатымен қатысады.

Қорытындылай келе, Қазіргі таңда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Ел басшылығы ол істі табысты жүзеге асырудың мемлекеттің одан әрі экономикалық және саяси дамуын айқындайтынын жақсы түсінеді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 14 желтоқсан айындағы «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Қазақстан халқына Жолдауында атап өтілгендей шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің жүйелі іс-қимылдары баяндала отырып, кәсіпкерлік ортаны одан әрі нығайтуға айрықша көңіл бөлінген. Шағын және орта бизнестің дамуының бірден-бір шешу жолы болып оларды қаржылық ресурстармен, яғни, несиемен қамтамасыз ету болып табылса, оларды несиелейтін екінші деңгейдегі коммерциялық банктердің жағдайына да тоқталған дұрыс. Бүгінгі күні отандық банктеріміздің барлық капиталының мөлшері әлемдегі ірі банктердің капиталынан жүз есе кем екендігін ескеретін болсақ, онда банктерге ең алғашқы кезекте өздерінің ресурстарын нығайту қажеттілігі туып отыр. Әрине,қазіргі уақытта қатаң нарықтық экономика аясында өзін-өзі сақтандыру, өзін-өзі көрсете білу, бәсекелестікке төтеп беру үшін банктер тарапынан біраз жұмыстар жасалуы қажет. Ал, коммерциялық банктердің шағын бизнесті несиелеу механизімі мәселелеріне әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын әдістемелік нұсқауларды ендіру керек. Ал коммерциялық банктер экономиканың нақты секторын несиелеуі ұлттық экономиканың өсуіне қосқан үлесі болмақ. Олардың дамуы мемлекеттің, экономика агенттіктерінің шаруашылық өмірі үшін әрі тиімді де пайдалы.





Дата публикования: 2015-04-08; Прочитано: 915 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.009 с)...