Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Дәріс. Адамзат дамуының ерте кезеңінде тәрбиені ұйымдастыру формаларының туындауы. 5 страница



Ұстаз алдында тұрған маңызды мақсаттың бiрi оқу құралдырын таңдай бiлу керек дейдi. Кейбiр авторлар өз оқулықтарына барлық ақпараттарды кiргiзуге талаптанып, балалардың түсiнуiне кесiрiн тигiзедi. Яғни, көлемi шағын, қысқа жазылған оқу құралында ғылымның соңғы жетiстiктерiнiң бәрiнен мәлiмет беруге тырысу медресе оқушысының бiлiмге деген ынтасын қайтарады.

Ибн Халдун бойынша оқыту үрдiсi әр уақытта оқуды қабылдаудың жалпы заңдылықтарымен қатар жүргiзiлiп, ешқашанда пәндi түсiндiрген кезде қиын жағынан бастамау керек дейдi. Мысалы, алғашқыда пән жайлы жалпы мәлiмет, екiншiсiнде пән мазмұндарына жалпы сипаттама берiп, содан кейiн оқу материалының түсiнiксiз пiкiр-талас туғызатын бөлiмдерiн оқушылармен бiрге отырып қарастыру, оқушылардың қисынды ойлау ерекшелiктерiн дамытуға болады деп есептейдi.

Жоғары басқыштағы бiлiм берудегi ең нәтижелi оқыту әдiсi – ғылыми мәселелердi талдау, олар бойынша пiкiрсайыстарын ұйымдастыру қажет деген пiкiрдi ұсынды. Оқушы тек тыңдаумен шектелiп, оқу сайысына қатыспайтын болса, оның жүйелi логикалық ойлау қабiлетi ұшталмайды. Сондықтан оқытушы пiкiр алмасуға қатыспаған шәкiрттердi әңгiмелесу сайысына қатысуға дайындауы керек.

Ибн Халдун ертедегi араб елдерiндегi қалыптасқан бiлiм iздеу салтын мойындаған. Әр ел ұстаздарының ғылыми ой-тұжырымдарымен танысу, олардың оқыту әдiстемелерiне көңiл қою, ғылымның мән-мағынасын, амал-тәсiлдерiн үйренуге жағдай туғызады деген пiкiр айтады.

Бұл кезде Араб халифатында IX-XIII ғ.ғ. ғылымның шарықтап дамыған кезi болды, адам және оны тәрбиелеу мәселесi, тәрбиенiң мақсаты мен құралдары, оның мазмұны мен жеке тұлғаны қалыптастырудағы рөлi – ғылыми бiлiм әдiстерi, оқытудың ұстанымдары мен амал-тәсiлдерi, оқытушы мен оқушылардың қарым-қатынастары жайлы жалпы педагогикалық және дидактикалық идеялардың мән-маңызы мен әдiс-тәсiлдерi туралы осы құнды тұжырымдамалар жасалды. Таяу және Орта Шығыста IX-XIII ғ.ғ. ислам дiнiнiң және оның дiни догмалары мен мұсылмандық құқығы үстемдiк құрып тұрғанның өзiнде ғалымдар тәрбиенiң гумандық тұжырымдамаларын ұсынып оларды бiлiм және тәрбие беру iсiнде жүзеге асыруға ұмтылды.

XVI ғасырдың басында Таяу Шығысты түрiктер жаулап алып, Осман империясының қол астына кiргіздi. Араб елдерiнiң төрт жүз жыл бойы түрiк иелегiнде болуы, бiлiм берудiң құрылымы мен мазмұнына айтарлықтай өзгерiс әкелген жоқ. Бастауыш мектеп, орта және жоғарғы медреселерде Құран, мұсылмандық құқық, түрiк, парсы, араб тiлдерi мен әдебиеттерiн оқытумен бiрге математикадан қысқартылған бағдарламалар бойынша бiлiм беру сабақтары бұрынғысынша жүргiзiлдi.

Медреселер арасындағы жоғарғы деңгейдегi мамандар (әкiмшiлiк) даярлау Стамбулдағы сегiз медресенiң құзырына берiлдi, ал қалған медреселер хатшы және сот қызметкерлерiн дайындады.

Араб халифатындағы ағарту саласының төмендеуiне IX ғасырдың соңы мен XIII ғасырдың аяғында христиан дiнiн уағыздаушылардың жорықтары және XIII ғасырдағы монғолдардың шабуылы бүкiл Орта Азия, Иран, Ирак және Сирияны талан-таражға салуы тiкелей әсер еттi. XIV ғасырдың соңында Ақсақ Темiрдiң жорығынан кейiн аттары аталған елдердiң қалалары бос қалып, сауда-саттық және мәдени байланыстар үзiлiп мемлекеттердiң мәдени деңгейлерi төмендеп кеттi. Сонымен, XIV- XV ғасырларда шығыс мұсылман елдерiнiң Батыс Еуропа елдерiне қарағанда әлдеқайда әлеуметтiк-экономикалық және тұрмыстық-шаруашылық жағынан артта қалуы тәрбие жүйесiне де керi әсер еттi. Бiрақ, Араб халифатының мәдениетi, ғылым және бiлiм саласындағы мұның алдындағы мол табыстары Батыс Еуропаның тәрбие мен бiлiм саласына игi ықпал жасады.

Үндістанда ортағасырлық мәдениет пен бiлiм беру Гуптi империясы (V ғ.) құлағаннан кейiн қайтадан жандана бастады. Бiрақ, қоғамдағы касталық жүйе сақталып, халықтың кейбiр жоғары касталық топтары ғана бiлiм алуға мүмкiндiк алды. Брахман балалары дiни қызметкер лауазымына дайындалса, кшатр (әскерилер) мен вайшы (саудагер, дихандар) балаларын практикалық iс-әрекеттерге оқытуға бағытталды. Мысалы, вайшы балалары егiн егу, жердiң құнарлығын, көлемiн анықтау, суландыру, т.б. әрекеттерге үйретiлуімен қатар, мектептерде жағрапия, шетел тiлдерiн бiлу, сауда-саттық операцияларын үйренумен шұғылданды.

Буддистiк бiлiм беру жүйесi демократиялық негiзде болғандықтан касталық бөлiнудi мойындамады. Буддистер үйде оқытудан бас тартып, бiлiм берудi монахтарға тапсырғандықтан, монастрларда балалар мен жеткiншектер 10-12 жыл оқыды. Оқыту дiни-философиялық негiзде жүргiзiлiп, оқыту бағдарламаларына грамматика, лексика, медицина, философия, логика пәндерi енгiзiлдi.

Бiртiндеп брахман және буддистiк педагогикалық дәстүрлер жақындап, бiркелкi мәдени бiлiм беру жүйесi қалыптасты. Бұл жүйе ХI-ХII ғ.ғ. Үндістанды мұсылмандар жаулап алғаннан кейiн төмендеп кеттi.

Мұсылмандарды оқыту мен тәрбиелеудiң басты шарты – араб тiлiнде Құранды оқу. XVI-XVII ғ.ғ. көптеген мектептерде оқыту парсы тiлiнде жүргiзiлiп, мемлекеттiк шенеунiктер мен ғалымдар осы тiлді жұмыстарында пайдаланады.

Мұсылмандардың бiлiм беру жүйесi орта ғасырдағы Үндістанда бүкiл мұсылман дүниесiндегi оқыту жүйесiмен ұқсас болған.

Оқушылар бiлiмдi үй мұғалiмдерiнен және мектептерден алған, ал мектептер болса мешiттердің қарамағында болды. Оқытуды көп жағдайларда жеке оқу орындары мен жалданған мұғалiмдер жүргiздi.

Мұсылмандар мектептерiнiң төрт түрi: бастауыш және жоғарылау бастауыш бiлiм, Құран мектебi (Қасиеттi кiтапты оқу, жазу және есептеу); парсы мектебi (есеп, парсы тiлiндегi Саади, Хафиз поэзия үлгiлерiн оқу және жазу); парсы тiлi және Құран мектебi (алдыңғы екi мектептер бағдарламасы бойынша); ересектерге арналған араб мектептерi (Құранды талдау және оқу, парсы дәстүрiндегi әдеби бiлiм оқушыларға жүйелi исламдық бiлiмдер берген).

Мұсылмандар жоғары бiлiмдi медреседе және монастырлық оқу орындарында - даргабахта алатын. Ең iрi даргаб Делиде, медреселер Хайрабадта, Жампурада, Фирозабадта болып, XVI-XVII ғ.ғ. бұл оқу мекемелер ағарту орталықтарына айналып, атақтары көршiлес мемлекеттерге кең тараған.

Медреселерде оқу парсы тiлiнде жүргiзiлiп, мұсылман-студенттер араб тiлiн оқыды. Оқу бағдарламаларына грамматика, риторика, логика, дiнтану, метафизика, әдебиет, заң негiздерi кiредi.

Оқыту көпшiлiгiнде ауызша жүргiзiлгенiмен, кейiн келе оқу әдебиеттерiнiң көбеюiне байланысты студенттер өздiгiнен бiлiмдерін толықтырып отырды.

Үндістандағы ортағасырлық мұсылмандардың бiлiм берудi реформалауы XVI ғасырға жатады. Оның басы-қасында ұлы Могол әулетiн құрған Бабыр (1483-1530 ж.ж.) мектептерінің алдына қойған басты мақсаты – мемлекетке шын берiлген қызметкерлер даярлау едi. Бұл ұстанымды император Акбар (1542-1605 ж.ж.) және оның сенiмдi кеңесшiсi Абдул Фазл Аллами (1551-1602 ж.ж.) бiлiм беруде және тәрбие жүйесiнде одан әрi жетiлдiрiп отырды.

Император Акбар зайырлы ғылым оқу жоспарларына арифметика, алгебра, геометрия, медицина, агрономия, басқару негiздерi, астрономия пәндерiн енгізіп, мiндеттi түрде оқытуға тапсырма берген.

Акбар мен Алламидың жоспарлары бойынша кастылары мен дiни сенiмдерiне қарамай оқушылардың бiркелкi зайырлы бiлiм алуларына жағдайлар жасауға талпынды. Бiрақ, материалдық-педагогикалық алғышарттардың болмауы, нақты бақылау жүргiзiлетiн бiлiмдi адамдардың аздығы белгiленген жоспарларды iске асыруға мүмкiндiк бермеді.

Қытай тарихында ортағасырлық дәуiр б.з.д. бiрiншi мыңжылдықтан XIX ғасырдың аяғына дейiнгi кең мағыналы кезеңдi алады. Бұл дәуiр бiрнеше кезеңдерге бөлiнiп, педагогикалық ойлар мен мектеп iстерiне байланысты біраз жетістіктерге қол жеткізді.

Мәселен, Цинь патшалығы (б.з.д. II ғасыр) кезiнде жазу таңбалары азайтылып, хат тануды, оқытуды жеңiлдеттi. Орталықталынған бiлiм беру жүйесi жасалынып, үкiметтiк және жеке меншiктi мектептерде бiлiм берiлдi. Бұл жүйе ХХ ғасырдың басына дейiн жұмыс жасады.

Хань патшалығы (б.з.д. II ғасырдан ж. з. II ғасыр аралығы) кезеңiнде қағаз шығып, оқу құралдарының дайындалуы оқу сапасын көтердi. Бұл кезеңде үш сатыдан тұратын бiлiм беру жүйесi – бастауыш, орта және жоғары мектептердiң бет-бейнесi айқындалып, оқытуда үлкен жетiстiктерге жеткен. Iрi қалаларда бiрiншi жоғары оқу орны мемлекеттiк мекеме деп есептелiп, ауқатты отбасылардың балалары оқып, осындай мектептерде 300-ге жуық студенттер бiлiм алды.

Хань дәуiрiндегi тәрбие мен бiлiм берудiң идеологиясы – Конфуцийдiң саяси-әлеуметтiк iлiмi болды. Мектептерде классикалық Конфуций трактаттары басты пәндер ретiнде жүргiзiлдi. Бұл пәндердің толық оқу курсы Конфуций қағидаларын ұғынып, түсiнуді қамтамасыз етті. Курсты бiтiргеннен кейiн білім алушылар емтихан тапсырып оларға ғылыми дәрежелер берiлетiн. Бұл мектептi бiтiрген жастар мемлекет аппаратына қызметке қабылданатын.

Біздің дәуіріміздің III-Х ғ.ғ. ортағасырлық Қытайда мәдениет пен бiлiм беру деңгейi көтерiлiп, “алтын ғасыры” аталып, онда оқу мекемелерiнiң саны өстi. Университет типтес алғашқы оқу орны ашылып, мемлекеттiк емтиханға әлеуметтiк жағдайларына қарамай тiлек бiлдiрген әрбiр адамдар жiберiлдi.

Жоғары оқу орындарында ғылыми атақтар Конфуцийдiң бес классикалық трактаттары бойынша: “Өзгерiс кiтабы”, “Этикет”, “Көктем және күз”, “Поэзия кiтабы”, “Тарих кiтабы” берiлдi.

“Алтын ғасырдың” аяғында бiлiм беру жүйесi практикалық қажеттiлiктi өтей алмайтын күй кештi. Конфуций идеологиясы догмаға, схоластикаға айналды, сондықтан бiлiм берудегi дағдарыстарды жою қажеттiлiгi туды.

Қытайдағы тәрбие мен бiлiм берудегi дағдарысты шешуде философ және педагог Чжу Си (1130-1200 ж.ж.) Конфуций идеясын жетілдіруді көздеді.

Монғол әулетi Юань (1279-1368 ж.ж.) кезiнде дәстүрлi қытайлық тәрбие және оқыту жүйесiмен қатар моңғол мектептерi мен жазулары жаппай тарай бастады. Жаратылыс және математикалық ғылымдардың дамуы арқасында математикалық, медициналық, астрономиялық және басқа арнайы мектептер ашылды.

Қытайдың ортағасырлық бiлiм беру тарихында, әсiресе, Мин әулетi (1368-1644 ж.ж.) басқару кезеңiнде жалпыға бiрдей бастауыш бiлiм беру мәселесi көтерiлiп, элементарлық оқу орындарының саны өстi. Пекин мен Нанкинде жоғары әкiмшiлiкке кадрларды даярлау мақсатында жоғары оқу орындары жұмыс жасай бастады.

Манчжурлық Цин әулетi (1644-1911 ж.ж.) кезiнде бiлiм беру саласында өзгерiстер болмай, тәрбие мен бiлiм беру тоқырауға ұшырады. Бiлiм гуманитарлық бағдар алып, сырт өмiрмен қатынасын үзiп, көршiлес және алыс елдер жайлы оқушылар ешқандай ақпараттар алмады. Балалардың санасына “Қытайдан басқа дүние жоқ” деген сенiмдердi қалыптастырды.

Ұл балаларды сауаттануға оқыту 6-7 жастан басталып, мемлекеттiк мектептерде аздаған қаражатқа оқыды, оқу 7-8 жылдарға созылды. Қыз балалар үйлерiнде тәрбиелендi, ал ауқатты отбасыларында мұғалiмдердi жалдап оқытса, кейбiреулерi жеке меншiктi мектептерге балаларын оқуға бердi.

Оқытудың алғашқы кезеңдерiнде 2-3 мың иероглифтердi (әрiптердi) жаттап алулары тиiс едi. Бастауыш мектепте емтихан тапсырғаннан кейiн, мектептің келесi сатысында бiлiмдерiн жалғастырады. Оқу бағдарламаларына философия, әдебиет, тарих, стилистика енгізiлдi. Оқу құралдары ретiнде Конфуцийдiң “Төрт кiтапшасы” мен “Бес кiтапшасын” пайдаланды.

Дәріс. Таяу Шығыста, Орталық Азиялық Ренессанс және Алтын Орда дәуірінде білім беру мен педагогикалық идеялардың дамуы (VI-XVғ.ғ.).

Жоспары:

1. Мұсылман әлеміндегі мәдениеттің, білім берудің және педагогикалық ойдың дамуы.

2. Орталық Азия мен Қазақстан территориясындағы Ренессанс. Реснессанстық құбылыстардың алғышарттары: Орхон-Енисей жазуы.

3. Сырдария жеріндегі прогрессивті тәрбиелік идеялардың пайда болуы. Қорқыт Атаның (IX ғ.) ізгілік сипаттағы көзқарастары.

4. Жүсіп Баласағұн, Махмуд Қашғари, Қожа Ахмет Йасауи Хазрет Сұлтанның педагогикалық көзқарастар жүйесі.

5. Ислам әлеміндегі білім беру жүйесі: китаб мектебі, мешіттердің рөлі, ағартушылық кружка-фикха және қалам, мектептер мен медреселердің дамушылық маңызы.

Негізгі әдебиеттер:

1. История педагогики. Часть І. От зарождения воспитания в первобытном обществе до середины ХVІІ века: Учебное пособие для педагогических университетов. /Под ред. А.И.Пискунова. – М.: ТЦ «Сфера», 1997. – 192 с.

2. Джуринский А.Н. История педагогики: Учеб. пособие для студентов педвузов. М.: ВЛАДОС, 1999. – 432 с.

3. Латышина Д.И. История педагогики: история образования и педагогической мысли: Учеб. пособие. М.: Гардарики, 2002.– 603 с.

4. Под редакцией академика РАО А.И.Пискунова. История педагогики и образования. – 2-е изд., испр. и дополн. – М.: ТЦ “Сфера”, 2001. – 512 с.

Қосымша әдебиеттер:

1. Ильясова А.Н. Становление и развитие педагогической теории Казахстана. (1900-1960жж.) Алматы. РИК. - 1997. 282 б.

2. Бержанов Қ., Мусин С. Педагогика тарихы. А.: Мектеп, 1974. – 243 б.

3. Әбиев Ж. Педагогика тарихы: Оқу құралы. - Алматы, Дарын,- 2006, - 480 бет.

Орта ғасырларда Батыс елдері мен Шығыс елдерінің арасында едәуір айырмашылықтар болды. Орта Азия мен Иран жерлерінде Х-ХІІ ғасырларда мұсылмандық ренессанс құбылысы өтті. ІХ-Х ғасырларды мұсылман мәдениетінің “алтын дәуірі” деп атайды. “Мұсылман ренессансы” деген ұғымды шығыс тілі мен мәдениетін зерттеу ғылымына енгізген швейцарлық ғалым Адам Мец бұл құбылыстың тек антика мәдениетінің қайта өрлеуі ғана емес, сондай-ақ араб, парсы, түркі, сирия мәдениетін жаңғырту екенін тілге тиек етеді. Осы өрлеуге ықпалын тигізген жағдайлардың қатарына сауаттылықтың біршама өріс алғанын, қолжазба жинау, аударма ісінің жолға қойылғанын, жеке меншік және қоғамдық кітапханалардың құрылғанын атап өтуге болады. Орта Азия ортағасырлық өркениеттің бір ошағы болған. Бұл жерді атақты Жібек жолы басып өткен.

ІХ ғасырда атақты ғалымдардың бірі Әл-Хорезми өмір сүрді. Ислам діні ғылымның дамуына тосқауыл қойған жоқ. Құран кітапта білім мен ғылымның маңызы жоғарғы орынға қойылған. Ғылымның дамуына Әл-Фараби (870-950жж), Әл-Бируни (973-1037), Ибн-Сина (980-1037) сияқты ғұламалар әсерін тигізді. Көрнекті математик, астроном, ақын әрі ойшыл Омар Хайям (1040-1123) мұсылмандық теологияның схоластикалық қағидаларын сынға алған.

Орта ғасырларда мұсылман елдерінде еңбектерін араб тілінде жазған ойшылдар тобы көбейе түсті.

Әл-Фарабидің эманациялық теориясы мұсылман философиясының бүкіл тарихымен екі жақты байланысты: ол теологиялық және философиялық ойдың алдыңғы бағыттарында орын алған ілімдерді өзінде біріктіреді, және өз кезегінде Әбу Насырдың соңынан ерген көптеген ғалымдар үшін теориялық түзілімдердің бастауы қызметін өзі атқарады. Өз ілімінде Әл-Фараби аспан мен ай асты мәселелерін біртұтас етіп біріктіреді. Негізінен ақылмен танылатын және өзгермейтін болмыстармен айналыса отырып, ол, сондай-ақ, денелік және өзгермелі болмыстарды да назардан тыс қалдырған жоқ. Философ мәңгілік әлемді өзгермелі әлемнен бөліп қарайды, дегенмен Бүтін және көптік арасына байланыс орнатады. Әл-Фарабидің эманация теориясы өзінде теология мен космология мәселелерін біріктіреді. Ақыл барлық затты жасампаз ете отырып, жалғыздан тарайды. Бұлай болу себебі, құдай өз субстанциясын біледі, барлық игіліктің бастауы өзі екенін біледі, - деп есептейді Әл-Фараби. Құдайдың әрекеті мен жасапмаздығы ойлау процесінде, интеллектуалдық процесте жүзеге асады. Ойлау мен болмыстың өзара қатынасы Әл-Фараби философиясында жаратылыстың ұлы да сымбатты көрінісімен берілген.

Адамзат ақыл-ойының эволюциясын Әл-Фараби таным процесіне қатысатын адам жанының (душа) қабілеті мен бөлшектеріне байланысты зерттейді. Адам интеллекті – бұл туа біткен қабілет, - деп көрсетеді Әл-Фараби. Бұл алғашқы интеллектіні философ потенциалдық және алғашқы материалдық интеллект деп атайды. Ол тәжірибеге дейін болады, яғни адамзат ие болғанға дейін болады. Тәжірибе пайда болып, сақталғаннан кейін потенциалдық ақыл актуалды ақылға айналады. Таным процесінің екі жақты сипаты бар: ол потенциалды ақыл-оймен қатар потенциалды ақыл жететін нәрселерді де жүзеге асыруды көздейді. Материалдық болып табылатын заттардың субстанциясында өзбетінше актуалды интеллект болу қабілеті жоқ. Бұл объектілердің мүмкін, яғни потенциалды танылудан актуалды танылуға өтуі үшін материядан да асқан субстанциялы мән қажет.

Өзінің “Ақыл (деген сөздің) мағынасы жайындағы пайымдама” деп аталатын шығармасында Әл-Фараби интеллект деген сөздің түрлі мағынада пайдалануы туралы жазады. Бірінші - қарапайым сөзде, парасатты адам жөнінде айтқан кезде қолданылады. Екінші – мутакаллимдердің түсінігінде, парасат теріске шығарылған кезде айтылады. Үшінші – Аристотельдің “Екінші Аналитика” атты шығармасында берілген мағынада, интеллект жанның қабілеті болып табылады. Туа біткен қасиеті арқылы әмбебап, ақиқат және қажетті шарттар жөнінде анық мағлұмат алу үшін адамға жағдай жасайтын жан қабілеті деп қарастырылады. Төртінші мағынасы – тағы да Аристотельдің “Этика” деген еңбегінің алтыншы кітабында айтылған. Мұнда Аристотель интеллект деп өзіне сәйкес келетін тектегі объектілерге ұдайы қолданудан келіп туатын сол жанның бір бөлігін айтады. Бұл өзі жүре келе тәжірибеден туады, жан бұл тәжірибені объектідегі әрбір дара нәрседен алады. Пікірлер мен шарттардың анықтығы ерік істерінен туады; оның қабылданатыны немесе қабылданбайтыны ерік істерінің табиғатында болады. Жанның нақ осы бөлігін Аристотель “Этиканың” алтыншы кітабында интеллект деп атаған, - дейді Әл-Фараби. Интеллект сөзінің бесінші мағынасы Аристотельдің “Жан туралы” трактатынан алынады. Мұнда Аристотель интеллектті төрт түрге бөледі: а) потенциалды; б) актуальды; в) жүре келе дарыған және г) әрекетшіл интелект. Потенциалды интеллект дегеніміз формаларды жүзеге асыратын субстанция болып табылады. Форма деген ұғым Аристотельде, Әл-Фарабиде мән (сущность) деп алынады. “*Акл би л фи*л” – “актуальды интеллект”. Бұл мағынаға Аристотельдің “ойлауды-ойлау” деген ұғымы сай келеді. Мұнда Әл-Фараби ойлау мен болмыстың ұқсастығы қатынасын дамытады. Таным әрекетіне жеткенге дейін интеллект екі жағынан потенциалды. Субъект жағынан интеллект, әлі өзі дамытпаған пайымдау қабілеті ретінде потенциалды. Объект жағынан, оның потенциалды болатын себебі затқа ой жүгіртуге, оны ақылмен пайымдауға болады, оған мүмкіндік бар. Ақылмен пайымдауға болатын парықтарды – “интеллекция объектілерін” пайымдау, оларды потенциалдылықтан нақтылыққа айналдыру арқылы потенциалды интеллект актуалды интеллектке, яғни шын интеллектке айналады. Егер субстанциядан абстракцияланған интеллекцияның пайымдағыш объектілері осы парықта жүзеге асатын болса, онда бұл объектілері интеллекцияның актуальды объектілеріне айналады. Субстанциядан абстракцияланудан бұрын бұлар интеллекцияның потенциалды объектілері болып еді, ал субстанциясынан айрылып, олар актуальды объектілерге айналды. Актуальды интеллект, бұлар актуальды пайымдалғыш болғандықтан интеллектінің формалары болып табылатын интеллекцияның пайымдағыш объектілерін пайымдағанда, бұған дейін актуальды деп саналып келген интеллект жүре келе дарыған интеллектіге айналады. Болмыста пайымдалғыш парықтар пайда болады. Заттың формалары, ақылмен пайымдалатын интеллекция объектілері ретінде, тек жан дүниесінде өмір сүреді.

“Жан туралы” трактатының үшінші кітабында Аристотель айтқан әрекетшіл интеллект дегеніміз ешуақытта да материяда болмаған және онымен мүлдем байланысы жоқ абстракцияланған форма, - деп түйіндейді Әл-Фараби. Әрекетшіл интеллект дүниеде бар нәрселердің ішінен алдымен ең жетілгендерін таниды, ал материалдық формалар әрекетшіл интеллектіде материядан абстракцияланған болып табылады. Әрекетшіл интеллект материяға өзінің парқында бар қасиетті береді, бірақ материя оларды түрліше қабылдайды.

Әл-Фараби философиясында онтология мен гносеология өзара байланысты, олардың тамыры бір, олар Мән туралы бірегей іліммен біріктірілген. Аристотельдің ізімен Әл-Фараби бастапқы бастаулар туралы мәселе қояды, бірақ ай асты әлемінің табиғатын қарастырумен шектеліп қоймайды, нақтылықты табиғи жолмен Бастапқы Мәнмен байланыстырып тұрған ғарыш қабатына көз тігеді. Бастапқы Мән Әл-Фараби үшін Аристотельдің әрекетсіз алғашқы қозғаушысынан айтарлықтай ерекшеленеді. Ол барлық болмыс пен ойлаудың жанды бастауы болып табылады.

Әбу-Насыр Алғашқы Мән анықтамасына жанды және Өмір тәрізді дәстүрлі емес ұғымдарды қосады. Әл-Фарабидің көзқарасымен алғанда жанды деп Алғашқы Мәннің бөлінбес сипаты болып табылатын барлық белгілінің ішіндегі ең үздік білім иелерін атайды; адам туралы бұлай айту, оны үздік түсінікпен қабылдаушы ретінде қарастыруды білдіреді. Жансыз болмыс түрлеріне қатысты алғанда, жанды ұғымы даму барысында Алғашқы мәннің табиғатының нәтижесі болып табылатын және оның өз табиғатынан бөлінуін қайталайтын құбылыстарды бейнелейді.

Адами қасиеттерге қатыстыра отырып, Әл-Фараби Алла-Тағаланың ұлылық, кереметтік және даңқ тәрізді сипаттамаларын қарастырады. Бұл мәселелер туралы мағлұматтарды Әл-Фарабидің “Азаматтық саясат”, “Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары” атты шығармаларында кездестіре аламыз.

“Ізгілік қаласында” философ “Бірінші себептер” ұғымын енгізеді және оны ең алдымен, материяны қажетсінбейтін болмыс ретінде қарастырады.

Әл-Фараби денелер болмысы мен акциденциялардың шарты болып табылатын бастаулардың алты үлкен сатыларын көрсетеді: бірінші сатыда – бірінші себеп, екіншісінде – екінші себеп, үшіншісінде – харакетшіл ақыл, төртіншісі – жан, бесіншісі – форма, алтыншы – материя. Алғашқы үш себеп денелер болып табылмайды және денелерден тұрмайды. Соңғы үш себеп денелерде орналасқан, бірақ денелер болып табылмайды. Әл-Фараби денелердің алты тегін бөліп көрсетеді: 1) аспан денелері; 2) ақылды тіршілік иелері; 3) ақылсыз тіршілік иелері; 4) өсімдіктер; 5) минералдар; 6) төрт элемент (от, ауа, су, топырақ).





Дата публикования: 2015-03-29; Прочитано: 2273 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.019 с)...