Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Акселерация



Қазіргі дәуірде жас топтары арасындағы шектерді қайта қарастыруға себепші болатын және бір құбылыс педагогтарды толғандыруда. Бұл акселерация (лат. сөзі – жеделдеу), - яғни балалық және жас өспірімдік шақта тән-дене, кей жағдайда психикалық дамудың ерекше жедел алуы.

Акселерацияны биологтар ағзаның физиологиялық жетілуімен, психологтар – психикалық қызметтердің іске қосылуымен байланыстырады, ал педагогтар тұлғаның рухани дамуы мен әлеуметтенуінен деп түсіндіреді. Педагогтардың пікірінше, акселерация физикалық дамудың салдары емес, ол ағзада жүріп жатқан физиологиялық жетілу үдерістері мен тұлғаның әлеуметтенуі арасындағы қайшылықтардан.

Өткен ғасырдың 60-70 жылдарына дейін балалар мен жасөспірімдердің тән-дене және рухани даму тапе-теңдігі бар қалыпта болды. Ал бұдан кейінгі дәуірде пайда болған акселерация нәтижесінде ағзаның физиологиялық жетілуі ақыл-ес, психикалық, әлеуметтік дамудан әлдеқайда қарқынды болды. Даму сәйкессіздігі қылаң берді. Адамның ақыл, әлеуметтік, ізгілік сапаларының негізі болған психикалық қызметтерден гөрі тән-дене, сүйек құрылымдарының өсуі жылдамдады. Осыдан, баланы артық психологиялық жүктемеге түсіретін жағдайлар пайда болды, яғни бала өзінің ақыл-есі жетпейтін істерге асылатынды шығарды. Акселерация үдерісі балалардың өздеріне ғана әр түрлі қиындықтар тудырып қоймастан, мұғалімдер мен ата-аналардың тәрбиеге байланысты материалдық және рухани мәселелерін туындатты.

Акселерацияның негізгі себептері - өмірдің қарқынды дамуы, материалдық жағдайлардың, тамақ және медициналық қызмет сапаларының көтерілуі, ерте жастан балалар күтімінің оң сипат алуы, көптеген бала сырқаттарының жойылуы. Бұл құбылыстың және де бір себептері бар: адамның тіршілік ету ортасының радиоактив ластануы алғашқы да бойды өсіріп, ал уақыт өтумен, тәжірибелер көрсеткендей, адамзаттың, жалпы тіршіліктің тектік қорын (генофонд) әлсіретеді, атмосферадағы оттегі көлемін азайтады, ал бұның ізімен адамның көкірек клеткасы шектен тыс кеңейіп, осыған сәйкес бүкіл ағза ұлғаяды. Дегенмен, шынына жүгінсек, акселерация көптеген жағдаяттардың тоғысынан келіп шығатын табиғи құбылыс.

80-жылдардың ортасынан бүкіл әлемде акселерация біршама кеміп, физиологиялық даму қарқыны айтарлықтай төмендеді.

Акселерациямен бірқатарда көрінетін құбылыс – ретрация, яғни баладағы тән-дене және ақыл-ес дамуының кешеуілдеуі. Мұндай кешеуілдеуге себепші - нәсілдіктен болған генетикалық тетікдердің бұзылысы, даму үдерісіне кері ықпал жасаушы экологиялық орта, бір жағынан, радиациялық жағдай, екінші жағынан. Ретрация әсіресе балалардың психикалық дамуында елеулі келеңсіз көрініс береді. Мұндайға ұшыраған балалар тәлім, тәрбие үдерісіне икемдесіп, қатарларымен бірге жасай алмайды.

Сонымен, әрбір жас кезеңіне сәйкес баланың тән-дене, психикалық және әлеуметтік өз дамуы болады. Педагогтар үшін балалар мүмкіндіктерін, оларды жас кезеңдерімен сәйкестендіруді жеңілдету үшін жастық кезеңдестіру сұлбасы жасалған. Ол сұлба жас ерекшеліктерін ажырата білуге негізделген. Жас ерекшеліктері – бұл нақты өмір жасына тән анатомиялық – физиологиялық және психикалық сапа-қасиеттер. Саналы ұйымдастырылған тәрбие балалардың жас ерекшеліктеріне икемдестіріліп, оларға негізделуі тиіс.





Дата публикования: 2015-03-29; Прочитано: 3297 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...